Шешендік сөз шешендікке үйретеді

0
5622

Шешендік сөздер – ел құралып, халық қалыптаса бастағаннан бері халықтың өнеге тұтып, өмір тәжірибесіне пайдаланып келе жатқан ұлағатты сөздер. Билер мен хандардың, ақындар мен шешендердің, ел ағасы болған данышпандардың, жастайынан жалындап өскен өткір ойшылдардың аузынан шыққан дуалы, өнегелі, қисынды, қасиетті сөздер.

Тарихта Тәуке хан, Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би, Сырым батыр тағы басқа белгілі адамдармен қатар, Жиренше шешен аңыздары Досбол, Жидебай, Сауытбек, Қылышбай, т.б. шешендердің аты белгілі. Халық шешендік сөздерді заман өткен сайын әрлеп, әсерлі етіп, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуде.

Қазақ ауыз әдебиетіндегі шешендік сөздерді мазмұнына қарай: шешендік арнау, шешендік толғау, шешендік дау деп үш топқа бөлуге болады, өлеңмен айтылған шешендік сөздер – термелі, қара сөзбен айтылғанда пернелі деп аталынады.

Арнау шешендік сөздері: әзіл, сықақ, сын, бата, алғыс, естірту, көңіл айту. Шешендік толғау: өсиет, насихат. Шешендік дау: жер дауы, жесір дауы, мал дауы, ар дауы.

Жиын-тойда, мәжілістерде, бас қосу рәсімдерінде сөз жүйесіне шешендік сөздерді арқау етіп сөйлеу – қазақ халқының дәстүріне айналған құбылыс.

Мектепте шешендіктің мәнін жан-жақты ұғындыратын алуан түрлі әдеби жұмыстарды ұйымдастыруға болады. Мәселен пікірталас, пікірсайыс, білім жарыстыру, сахналық қойылымдарды ұйымдастыру, т.б. Мысалы, қазақ халқының шешен билері Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би – халықтың ұлттық бірлігін нығайтып, халықтығын сақтауға зор әсерін тигізген данышпан ақын, шешен, ойшыл, гуманист көсемдер. Солардың бейнелерін сахнада көрсетіп, сөздерін өнеге етіп, қастерлі қойылымды былай ұйымдастыруға болады:

Тақырыбы: «Үш арыстың үлгілері» (қойылым)

Қатысушылары: Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би.

Сахна XVII-XVIII ғасыр өрнектерімен безендірілген. Тәттімбеттің мұңды күйлері тартылады. Сахна ашылғанда үш биді көреміз.

Төле би:  Уа, халқым, сөз қадірін білесің:

Жаңбыр жаумаса жер жетім,

Басшы болмаса, ел жетім.

Ұқпасқа айтқан сөз жетім…

Атың жақы болса,

Ер жігіттің пырағы.

Балаң жақсы болса,

Жан мен тәннің шырағы.

 

Қазыбек би: Аты жаманның арманы кетер,

Баласы жаманның дәрмені кетер.

Әйтеке би: Биікке шықсаң көзің ашылады,

Жақсымен жолдас болсаң, көңілің ашылады.

 

Төле би: Сөз танығыш жастарға айтатын он түрлі жұмбағым бар.

Әйтеке би: Айтыңыз, ұлы аға.

Төле би: Айтсам, он түрлі жұмбағым мынау: бір, екі, үш, төрт, бес, алты, жеті, сегіз, тоғыз, он.

Дауыс: Бұл не деген жұмбақ! Осындай да жұмбақ бола ма?

Қазыбек би: Ұлы аға! Бұл жұмбақты мен шешейін, рұқсат етіңіз.

Төле би: Рұқсат, қаз дауысты Қазбегім, рұқсат!

Қазыбек би: Бір дегеніңіз – бірлігі кеткен ел жаман,

Екі дегеніңіз –  егесіп өткен ер жаман.

Үш дегеніңіз – үш бұтаққа бөлінген ағайын жаман.

Төрт дегеніңіз – төсектен безген жас жаман.

Бес дегеніңіз –  белсеніп шапқан жау жаман.

Алты дегеніңіз –  асқынып кеткен дерт жаман.

Жеті дегеніңіз –  жесір қалған жас жаман.

Сегіз дегеніңіз –  серпілмеген қайғы жаман.

Тоғыз дегеніңіз –  торқалы той, топырақты өлімге бас көрсетпесе, сол жаман.

Он дегеніңіз –  оңалмас кәрілікке дауа болмас деген сөзіңіз, ұлы аға!

 

Төле би: Рақмет дәл тауып шештің, ойы да, тілі де жүйрік тұлпарым менің…

Әйтеке би: Суалмайтын суат жоқ,

Тартылмайтын бұлақ жоқ

Тамыры суда тұрса да,

Уақытысы жеткенде,

Қурамайтын құрақ жоқ…

Тек жақсыдан өлмейтін сөз қалады.

 

Төле би: Дұрыс айтасың, Әйтеке. Ал,  қаз дауысты Қазыбек би, мынау жиналған халайыққа не айтасың?

Қазыбек: Өркенім өссің десең,

Кекшіл болма –

Кесепаты тиер еліңе.

Өршіл болма –

Өшкеніңді өшірерсің.

Басына іс түскен пақырға

Қастық қылма –

Қайғысы көшер басыңа.

Жанашыры жоқ жарлыға

Жәрдемші бол асыға.

Қиын-қыстау күндерде

Өзі келер қасыңа

Бүгін сағы сынды деп,

Жақыныңды басынба.

 

Төле би: Сөзің – асыл, қаз дауысты Қазыбек!

Уа, халайық!

Көсіле шабар жерің бар,

Тау көтерген ерің бар,

Қол боларлық  елің бар,

Атадан қалған сара жолың бар

Сөз қадірін біліңдер!

 

 

Қазіргі кезде ел аузында көбірек айтылып жүрген «қанатты сөздер» де шешендік сөздердің бір түрі болып табылады. Сондықтан халықтың шешендік үлгілерін тәрбие ісіне пайдалана білудің маңызы ерекше.

Шешендік сөз шешендікке үйретеді, адамгершілікке тәрбиелейді, ұлттық мақтаныш сезімді оятады. Ұрпақтың тілді, асыл сөздерді қадірлеу борышын баянды етеді.

 

Әділбай Табылдиев

«Халық тағылымы» Алматы, 1992 ж.


ПІКІР ҚАЛДЫРУ