«Шыдай алар емеспін»: қатігез анаға өкпе

0
797

Бас прокуратураның мәліметі бойынша 2017 жылдан бері тоқтаусыз өсіп келе жатқан тұрмыстық зорлық-зомбылық көрсеткіші карантин уақытында бірден 20-25%-ға өскен. Бұл туралы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева хабарлады. Отбасындағы әлімжеттік бала психологиясына қалай әсер етеді? Мұндай әрекеттердің себебі қандай?

         «Есімді білгелі анам ащы суға сылқия тойып жүретін»

Ішімдіктің адамды небір істерге итермелейтіні бәріне мәлім. Бармайтын жерге жетелеп апарып, істемеймін деген істі істетеді. Ішімдікке құмар адамдардың өз-өзіне есеп беруі екіталай. Аружан да (есімі өзгертілді) туған анасының жадырап, сау болып жүрген кезін сағынады.

«Бала күнімде анам екеуіміз өте жақын болатынбыз: кез-келген жерге әкем екеуімен бірге баратынмын. Менің есеюіммен бірге анамның ішімдікке деген құмарлығы да арта бастады. Сол уақыттардан бері мен оны тек мас күйінде көретін болдым»-дейді Аружан.

Елімізде жыл сайын тұрмыстық зорлық-зомбылықтан 400 әйел көз жұмады. Бұл тек ресми деректер. Бұл өлімдерден басқа тіркелмеген, ешкім білмейтін өлім қаншама? Ресми және бейресми деректерді жалпылайтын болсақ, бұл санның нағыз шындықтан әлдеқайда алыс екендігіне көзіміз жетер еді.

         «Қолдаудың орынына қарғыс алдым»

Аружан 2020 жылы мектептің түлегі атанды. Бала өмірден үлкен өмірге аяқ басты. Бірақ осы үлкен өмірге жасаған қадамын қолдауы керек анасының әрекеті Аружанды депрессияға әкеліп соқтыра жаздады.

«Былтыр мектепті бітіріп, анама өзімнің жетістігімді, қолымнан не келетінін көрсетемін деп ойладым. ҰБТ-ге бар күшімді салып дайындалдым. Күйзелістен 10 келі салмақ тастадым. Бірақ тестілеуде білімімді көрсете алмай, бар болғаны 94 балл жинадым. Анам мені сол күннен бастап екі еселеп қарғай бастады. Жатсам-тұрсам өзімнің пайдасыз екенімді есту маған қиынға соқты. Ұрып-соғу, психологиялық шабуылдарға төтеп бере алмадым. Депрессияның аз-ақ алдында болдым».

Отбасыдағы психологиялық зорлық-зомбылықтың бірнеше салдары бар. Солардың ішіндегі ең негізгілері – өз өмірінің мәнін жоғалту және сенімсіздік. Біріншісі ата-ана үнемі баланың түкке тұрмайтынын, оның еш күші, билігі жоқ екенін айтып, бар талпынысын басып отырғанда туындайды. Екіншісі «эмоционалдық әткеншекке» (зорлық көрсетушінің көңіл-күйі мен қарым-қатынасының жиі өзгеруі) байланысты туындайды.

«Үйде мен үнемі аяғымның ұшымен жүруге тырысамын. Анамның көңіл-күйіне деген сенімділігім баяғыда жоғалған. Оны бірде көңілді, бірде ашулы көруге етім үйренген. Сол себепті басқа адамдармен қарым-қатынаста да өзімді сенімсіз сезінемін. Өз-өзіме деген сенімділігім және өзге адамдарға деген сенімім жоқ. Өз эмоцияларымды шынайы көрсету мүлдем қиынға түседі»-дейді Аружан.

         «Кейде бәрін тастап кетіп қалғым келеді»

Неге қысым көрушілер сол қысымның ортасында қалады, кетуге талпынбайды? Бұл жерде экономикалық тәуелділік, эмоционалдық тәуелділік, жанашырлық және басқа адамдардан итермелеу сияқты себептер бар. Бала ата-анаға тәуелді болғандықтан, тұрақты тұратын жері болмағандықтан немесе ата-ананың біреуіне жаны ашып, қамқор болғысы келгендіктен және жақын туыстары жағынан қыстау болғаны үшін үйден кете алмайды. Мысалы Аружан да әкесінің қамын жасау үшін анасының қылықтарына шыдауға дайын.

«Кейде алысқа кетіп қалғым келеді. Шыдай алар емеспін. Анамнан бас тартып, танымайтын адам сияқты өмір сүргім келеді. Бірақ әкем және сіңілім үшін шыдап келемін. Сіңілім де мен сияқты тасжүрек, шынайы сезімін жасырып қалатын адам болғанын қаламаймын» деп Аружан ішкі сезімімен бөлісті.

Зорлық-зомбылықтың қандай түрі болса да ол қоғам тарапынан сөгіске лайық әрекет болып есептелуі керек. Біздің қазіргі қоғамда отбасы мүшелеріне агрессияны көрсету қалыпты көрініс ретінде қабылданып жүр. Бұл дұрыс емес. Егер қоғам болып жұмылып, осы бір құбылысқа қарсы шықсақ, Аружан сияқты қаншама жеткіншектің психологиясы мен өмірін сақтап қалатын едік.


ПІКІР ҚАЛДЫРУ