SMM маманы Жібек Өтеп: Инстаграмды сауатты жүргізу жолдары

0
1384

Жібек Өтеп бүгінде «Chocofood.kz» парақшасының SMM маманы. Жасы 21-де, негізгі мамандығы журналист. Жұмысы мен оқуын қатар алып жүрген Жібектің пайымдауынша, екі адамның бірі  SMM маманы болып кетпесе де, өз инстаграмын сауатты жүргізу арқылы мол қаражат таба алады. Ол үшін не істеу керек? SMM маманының міндеттеріне не кіреді? Бұл мамандықтың артықшылығы қандай?

—  SMM маманы болып, жұмыс істеп жүргеніме 2 жылға жуық уақыт болды. Ең алдымен, көптің көкейінде жүрген сауалға жауап бергім келеді. Менің міндеттерім: негізгі аудиторияны анықтау, оларды қалай қызықтыруға болатыны жайлы жоспар құру, күтілетін нәтижені болжау, желіде таргетинг арқылы жарнама жасау, жарнама шығындарын сараптау, конкурстар, ойындар өткізу, постқа дұрыс сурет таңдай білу, сауатты мәтін жазу,  сұрақтарға және хаттарға жауап беру. Жалпы айтқанда, әлеуметтік желінің барлық мүмкіндіктерін және қызметтерін қолдана алуымыз қажет. Жасырмаймын, бастапқыда жұмысым өзіме қиын болып көрінді. Уақыт өте келе, көп қателіктер жіберу арқылы дұрыс бағытта жұмыс жасауға машықтандым. Құрметті жас мамандар, қолымнан келмейді деп бірден беріле салуға болмайды!

Инстаграм беттерін ашып қалсаң, біршама адамдар өздерін жарнамалап, қызметтерін ұсынып жатады. Онлайн бизнестің көмегімен миллионер атанғандар қаншама…  Инстаграмды сауатты жүргізудің қандай ережелері бар?   

— Оқырмандарға бірнеше кеңес бергім келеді. Аз да болса, көмегім тисе қуанышты болар едім. Инстаграмдағы логинге көп адамдар қолданатын ұзақ атаулар жазуға болмайды. Өз аты-жөніңізді жазбау, ол да қателікке жатады. Символдарды көп қолданбауға тырысыңыз. Жиі қолданған жағдайда, адамдар мәтінді оқығанда қиналады. Инстаграмдағы аватарға алыстан, анық емес, әртүрлі фонда түскен фотоны қоймаңыз. Өзге адамның фотосын қою да дұрыс емес. Өзіңіз жайлы айтқанда «екі баланың анасы» деген сиякты шаблонды сөздерді қолданудың орнына, қандай қызмет көрсете алатыныңыз жайлы мәлімет беріңіз. Пост жариялау үшін тұрақты рубрикаларыңыз қандай болатынын анықтап алыңыз. Тікелей эфирге шығатын болсаңыз, алдын-ала тақырып белгілеп, уақытын stories-ке жариялаңыз. Қысқа да нұсқа, сауатты мәтін жазыңыз. Егер осы қарапайым ережелерге бағынсаңыз, жазылушыларыңыз көбеймесе, азаймайды.

Бір немесе екі онлайн сабаққа қатысқан соң, өзін SMM маманымын деп жариялайтындарға көзқарасыңыз?

— Менің көзқарасым нейтралды. Алайда, мол тәжірибенің болуы – артықшылық. Болашақ SMM маманы талғамының жоғары екенін көрсетсе, белгілі бір стилін қалыптастырып үлгерсе, мамандыққа деген ерекше махаббаты болса, жұмысқа қабылдануы мүмкін.

Жібек ханымның болашағына сәттілік тілеп, сұхбат бергені үшін редакциямыздың атынан алғыс білдіреміз! 

САЯНА СЕЙТҚОЖА


ПІКІР ҚАЛДЫРУ