Солақай оқушылармен түсінісе білесіз бе?

0
3211

Зерттеушілердің айтуынша, қазір әлемде сол қолмен жазатындар саны 15 %-ды құрайды. Солай бола тұрса да, ықылым заманнан бері солақайларға қатысты ел арасында тараған түрлі пікірлер мен аңыздар ондай жандар тағдырының ерекше, мінез-құлықтарының өзгеше екендігін алға тартады. Соңғы жарты ғасырда ғалымдардың солақайларға деген көзқарасы толассыз өзгеріп отырғаны да бұл феноменнің жұмбағының мол екенін аңғартса керек. Ғылымда адамдарды солақай және оңқай деп бөлуге қатысты көптеген болжамдар мен жорамалдар бар, олар көбінесе: генетикалық бұйрықтан бастап солақайлық пен оңқайлықтың пайда болуының әлеуметтік факторларына дейін қарама-қарсы дәлелдермен дәйектеледі. Бас миының қалыптасуы барысында бірте-бірте оң және сол жартышарлар арасында функцияларды өзіндік бөлісу жүзеге асырылды. Заманауи адамда бас миының оң жартышары заттарды түсі, дәмі, иісі бойынша жіктеуді, сонымен қатар көру қабылдауын бақылауға алған және де ең бастысы – ол түйсікке, образды және кеңістікті ойлауға жауап береді. Сол жартышардың міндеті сөйлеу, оқу, жазу функцияларын, сонымен қатар қисындық, математикалық және талдамалық ойлауды бақылау болып табылады. Сондықтан да өздерін өнерге арнаған дарынды адамдардың арасында әлемді ең алдымен сезім ағзаларымен қабылдайтын солақайлар өте көп. Солақайлық пен оңқайлық сонымен бірге көріну дәрежесімен де сипатталады. Айқын көрінетін солақай адамдар болады, олар оң қолдарымен ешнәрсе істей алмайды десе де болады, оларды қайта үйретпеген дұрыс. Екі қолдарын бірдей меңгере алатын неғұрлым бірқалыпты жеке адамдар бар. 
Ерте, орта ғасырдың өкілдері солақайлықты кемістік санағанымен психологтар солақай жандардың шығармашылық жұмысқа аса қабілетті болатындығын айтады. Мұнымен келіспеске шара жоқ. Өйткені, тарихқа аздап шегініс жасасақ, есімдері жалпақ әлемге танымал тұлғалардың көбісі солақайлар екен. Әйгілі солақайлар дегенде Аристотель, Юлий Цезарь, Напалеон, Уинстон Черчилль, Пушкин, Толстой, Шопен, Чарли Чаплин, Леонардо да Винчи, Исаак Ньютон, Марк Твен, Елизавета патшайым, сондай-ақ, Американың төрт президенті Рональд Рейган, Джордж Буш (үлкені), Билл Клинтон, Барак Обама әлемнің ең бай адамының бірі Билл Гейтс, киножұлдыздар Мерилин Монро, Джулия Робертс, Пол Маккартни, Сильвестр Сталлоне, Том Круз, Николь Кидман, тағы басқалар ойымызға оралады.
Қазақ халқында да солақай талантты, асыл азаматтар жетерлік. Қазақтың бір туар сазгер-күйшісі Нұрғиса Тілендиев сол қолымен домбыраны тартқанда тамсанбаған жан болмаған. Қазақтан шыққан дарынды суретші қыз Гүлфайрус Исмаилова да солақай болған. Ол Ресейде оқып жүргенде сол қолымен сурет салудан ұялып жүргенде, оның жанына келген ұстазы «сен ұялма, қай қолыңмен суретке ыңғайлы солай сала бер» деп әлемнің әйгілі суретшісі  Леонардо да Винчи, Микеланджелоның да сол қолмен сурет салғанын айтып, дем берген көрінеді. Ал, мектепке алғаш оң аяғымен қадам басып, сол қолымен параққа қалам тербеген оқушылардың саны күн сайын  артып барады. Бүгіннің солақай балаларының  басты мәселелері қандай?
1. Алғаш рет мектеп табалдырығын аттаған солақай бала үшін оң қолмен жазып үйрену қиынның қиыны. Әсіресе, солақай мен оңақай оқушы бір партада отырса, олар бір-біріне жазу жазуға, сабақ оқуға кедергі жасайды. Содан барып екі баланың да жазу қолтаңбасы бұзылып, грамматикалық қателіктері көп болып жатады.
2. Солақай балалар жақсы сурет салады. Әрі музыкалық қабілеттері де жоғары болады. Тек кітап оқу жағынан 9 жасына дейін мәселелер туындауы мүмкін…
3. Солақай балалардың тілі кеш шығып, сөйлегенде кейбір дыбысты қате айтуы мүмкін. Бірақ бұл уақыт өте келе басылады.
4. Солақайлар нақты ғылымдарды ұнатпайды. Мұның басты себебі, аталған ғылымның қиын немесе қызықсыз болуында емес. Мәселе, солақай оқушылар оқу материалдарын оңақайларға қарағанда «өзгеше» қабылдайды.
5. Мұндай балалардың интуициялық ойлау қабілеті жоғары болғанымен, логикалық ойлау жағынан «төмен».
6. Егер балаңыз солақай болса, оны оңақай болуға үйретпеңіз! Әрі балаңызды оңақайлыққа үйретуге басқаларға да жол бермеңіз.
Ескерту: Солақай баланы оңақай болуға итермелесеңіз, оның мінез-құлқы өзгеріп, неврозға ұшырайды:
• Ұйқысы бұзылады
• Тәбеті жоғалады
• Басы ауырады
• Іші ауырады
• Қорқыныш билейді бойын кез-келген нәрседен
• Ашуланшақ
• Қапырыққа, ауа-райы күрт ысып кеткенде шектен тыс сезімталдық пайда болады
• Алаңдаушылық
• Жүзі солғын тартып, жанындағы адамның айтқанын «нашар» қабылдайды
• Көз көруінің төмендеуі
• Аллергиялық белгілер
Мектеп жасындағы солақай балалар арасында кең тараған ауру түрі бұл – астениялық невроз. Оның белгілері: шаршау, сабақ оқу қабілетінің төмендеуі, бастапқы 1-2 сабақтарда үлгерімі жақсы болып, содан кейінгі 3-4 сабақтарда шаршай бастайды. Сол қолдың икемділігі жоғары болғандықтан, оның оң қолы тез талып қалады.
Невроз өздігінен пайда болатын ауру түрі емес. Сондықтан балаңыз аталмыш ауруға шалдықса арнайы маманның көмегіне жүгінгеніңіз абзал. Ұстаз үшін ең басты міндет — солақай баланың психологиялық принциптерін зерттеп, оқушының дарынына қарай түрлі тапсырмалар беру. Алғашқы сабақта мектеп оқушыларымен танысып болғаннан соң, олардың оңқай не солақай екендігін сұрап алғандығыңыз да артық етпейді. Ең ескерерлігі, солақай оқушылардың бейімдік қабілетін ұстаз жылдам бағамдап, оны оята білуі керек. Себебі, музыкаға бейімі бар солақай оқушыларды сурет өнеріне баулу — ғаламдық тәжірибиеде еш нәтиже бермеген.
Солақайлар — ерекше дарын иелері. Оларды қабілетіне қарай бағалап, орта кемсітуінен сақтаған қажет. 


ПІКІР ҚАЛДЫРУ