Ұстаз ұлы есім

0
994
Jennie Kim: кәріс айдолының Голливудтық дебюты

Заманында кең байтақ Маңғыстаудың Қараойын және Қаратаудың жиегіндегі Жыңғылды, Ұланақ, Таушық өңірлерін ата-қоныс еткен ұлағатты ұстаз — Алдашев Көміршенің кіндік қаны тамған өңірі. Бұл өңірдің әрбір бұрышы, тау-тасы тұнып тұрған тарих. Көмірше сол өңірдің тарихын, мәдениетін зерттеп, ғұмырының барлығын бала тәрбиелеуге арнады.

Алдашев Көмірше 1933 жылдың 16-шы қарашасында Маңғыстау облысы, Таушық ауылында қарапайым отбасында дүниеге келген. Жастайынан әкеден айырылған, Көмірше анасының тәрбиесін көріп өскен. Отбасында асыраушысы болмағандықтан белі ерте қатайды. Анасы 6 құрсақ көтерген, Көмірше отбасындағы 4-ші бала. Көміршенің өмірі бозбалашағы түгелдей апаларына көмектесумен өткен. 9 жасында әкесі қайтыс болып, жанұяда жұмыс жасайтын ересек адам болмағандықтан жастайынан еңбекке араласты.

Анасы Алдашева Жанбибі І-ші орыс ревалюциясы тұсында дүниеге келген. Әкесі Шабайұлы Алдаш қарапайым отбасында тәрбие алған, кейін жұбайымен Таушық шахтасында бірге қызмет атқарған.

Көміршенің тылдағы елдің тынысы жайлы әңгімесінен:

Суық хабар, Ұлы Отан соғысының қайнаған тұсы. Ел іші абыр-сабырға түсті. Қабырға қайыстырар қолайсыз хабардан құлағымыз бітіп, басымыз мәңгірген күн кештік. Келесі жылдың 1942 жылы қақаған қаңтары мен ақтүтек ақпаны, Маңғыстау ауданынан 18-40 жас аралығындағы ер азаматтарды алғаш соғысқа алынды. Барлық жерде әскери тәртіп орнады. Таушықта 300 грамм нанды әр жұмысшы қанағат тұтты. Майданға кеткен аға-әкелеріміздің орнын жоқтатпай, көмір өндіру үшін бір топ бала шахта жұмысына кірісіп, шой балғаны қолға ұстадық. Қабырғамыз қатпай, бұғанамыз бекімей қараңғы забойға түстік. Осыдан бастап әкеме қолғанат болып жүрдім. Әкем, Ескелдиев Алдаш забойда озаттар қатарында болып, броньмен елде қалған болатын.

«Отпан деген биік тау,

Неміс деген жаман жау.

Кеше кеткен бауырлар

Келер ме екен аман-сау?!»- жырлаған ауыл тұрғындары, шаршағандарына қарамай еңбек етіп, майдандағы жарларын, туысқандарын сағынып өлең айтатын қыз-келіншектердің дауысы әлі құлаққа келеді деп көзіне жас алды.

Азапты жұмыс кейде ажалды оқиғаға әкеліп соқтырды. Бұл оқиға 1942 жылдың шілде не тамыз айы болуы керек. Төбесі құлаған лава ішінде рекордшы, стахановшы Ескелдиев Алдашты қалың кебір басып қалыпты. Шахтерлер жиналып Алдаштың денесін аршып алды. Бақырып жылап жібердім, әкемнің өлгенін естігенде үстіме суық су құйғандай болды. Сол кезден бастап, өмірдің ауыр сынағы басталды. Бәріне анам мен туыстарым үшін шыдап, апам Алдашева Ақұштаптың қасында майданға кеткен жерлестерімізге түнімен қолғап тоқып, тігіп еңбек еттім. Көмірше апасы Ақұштапты өзінің алғашқы өмірдегі ұстазы, әрі тірекшісі ретінде қатты сыйлап өскен. Ақұштап жас Көміршені алғаш мектепке иығына салып көтеріп апаратын болған. Ауыр жылдарды бастан өткерседе апасының аялы алақанының арқасында бас тік ұстай алған. Көміршенің көзі тірі қазіргі таңда 97 жасына қадам басқан апасын өзінің балалары мен жиендеріне көздің қарашығындай қарауларын тапсырған. Қиын кездер болсада елде тәуелсіздік орнап, бейбітшілік заманның келетінін асыға күткен. Жастарға өскелең ұрпаққа бұл заманның көлеңкесін көрсетпеуді тілеп жүрген.

Соғыс кезінде есіл азаматтар мен қайран арыстардың қатары мүлдем сиреді. Келісім бойынша жұмысшыларға сөктен жасалған көже берілді. Ыдыстың жетіспеуіне байланысты кейде тіпті аш қайтатын кездерде болды. Ғұмырымыздың нағыз гүлденген жастық шығы соғыс салған өртке шалдықты. Қанша ауыртпалдық кездер болсада адамдар ұрлыққа бармады, өтірік айтпады, жалған сөйлемеді. Адамдардың сана-сезімі жоғары ма, пейілі кең, заң қатал жұмыс жоспармен орындалып отырды. Еркін тыныс алатын Ұлы жеңісті халық асыға күтті. Халықтың арманы орындалды. 1945 жылы жеңіске қол жеткізді.

Алдашұлы Көміршенің балалық және жастық шағы ашаршылық, сұрапыл Ұлы Отан соғысы және соғыстан кейінгі шаруашылықты қалпына келтіру жылдарын тап келіп, баланың ерте еңбек бастауына тура келді. Көмірше үлкендермен бірдей қызмет жасады. Осы еңбегі еленіп, «Тыл ардагері» құрмет атағы берілді.

Сұрапыл соғыс жылдары болсада, 1940 жылы Көмірше алғаш Шахта орта мектебінің табалдырығын аттады. 1950 жылы сол мектепті үздік аттестатпен аяқтады.

Қаншама дана-данышпан, ғұлама-ғалым, ақын, ойшылдар анадан туып, ұстаздан дәріс, тәлім-тәрбие алған. Сондай ұстаздардың бірі, бірегейі аудан, облыс, республика деңгейіне танымал Алдашев Көмірше еді.

«Ұстаздық еткен жалықпас,

Үйретуден балаға» — дегендей, алғаш мұғалімдік қызметін 28.08.1950ж қазіргі Форт-Шевченко қаласында бастауыш сынып мұғалімінен бастады. Кейін, 1951 жылы Сенек ауылына мұғалімдік қызметіне ауыстырылды.

1953 жылы мамандығы өзіне сай келмей, сол жылы Гурьев қазіргі Атырау қаласындағы педагогикалық институтының физика-математика факультетіне оқуға түсіп, 1958 жылы оқуды алтын төс белгісімен аяқтады. Міне, осы жылдан бастап өзінің барлық саналы ғұмырын жас ұрпақ тәрбиелеуге арнады.

13.02.1958жылы Форт-Шевченко қаласына қайтып келіп, Шевченко атындағы орта мектепте мұғалімдік қызметін атқарды.

13.09.1962 жылы Форт-Шевченко қалалық білім бөлімінің бұйрығымен Жетібайда 8 жылдық мектеп ашылып, кадрлардың жетіспеуіне байланысты сонда ауысты. Жетібайдағы №3 және №8 орта мектептерінде мұғалім, мектеп директорының орынбасары қызметтерінде жұмыс жасап, 1993 жылы зейнет демалысына шықаныменде өскелең ұрпақты тәрбиелеу жолында абыройлы қызмет етті.

Ұстаздың еңбегін бағалау мүмкін емес. Өйткені әр уақытта мұғалім көмек көрсетуден, ақыл-кеңес беруден аянған емес. Көмірше жаңарған Қазақстанның өскелең ұрпағын тәрбиелеу жолында кездескен қиыншылықтарға мойымай, берекелі ісінің арқасында үлкен жетістіктерге жетті. Көмірше өзінің кәсіби талантының арқасында оқушы мен оқытушының арасынан жүректеріне әсерлі із қалдыра білді. Қажарлы еңбегі мен тәжірибесінің арқасында жаңа буын мұғалімдеріне жоғары білімдік және рухани қазына үлгісін көрсете білді.

Алдашев Көміршенің қызметтері елеусіз қалған жоқ:

«Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі»

2013 жылы Өрлеу Біліктілік арттыру жүйесіндегі ынталы, сапалы қызметі үшін «Құрмет қызметкер» төсбелгісі;

«Халық ағарту ісінің озық қызмтекері КазССР» төсбелгісі;

1941-45жж Ұлы Отан соғысына 65 жыл төсбелгісі;

«Маңғыстау облысына 35 жыл» төсбелісі;

1981жылы Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері төсбелгісі;

«Қарақия ауданына – 40 жыл» төсбелгісі;

«Еңбек ері» төсбелгісі;

«В.И.Лениннің 100 жылдық мерей тойы» төсбелісі;

2007 жылы Қарақия аудан әкімдігінің алғыс хаттары;

«Ы.Алтынсарин атындағы» төсбелісі мен және бірнеше рет білім және ғылым министрлігінің, облыстық, аудандық білім бөлімдерінің мақтау грамоталары, аудан әкімдерінің алғыс хаттарымен марапатталды.

Ұлағатты ұстаздың өнегесі мен үлгісін көріп, оны бойына сіңіріп өскен шәкірттері – еліміздің сан тараптарында отанына адал қызмет жасап, еңбек сіңіріп жүрген азаматтар.

Алдашұлы Көмірше анамыз Сатыбалдиева Үмітпен ұзақ жылдар бойы бірге тұрып, бір шаңырақтың түтінін түтетіп, өнегелі ұрпақ тәрбиелеп өсірген отбасылардың бірі болды. 58 жыл жұптасқан ғұмырында үлкен асулар мен биік белестерден өтті. Анамыз 8 құрсақ көтеріп, 5 ұл, 3 қыз тәрбиелеген үлкен өнегелі отбасы болды. Оларда бүгін өнегелі бір-бір отбасына айналды.

Көміршенің қанатты сөздерін еске алсақ

  • «Қатарларыңнан кем болмаңдар»
  • «Адамның өмір бойы жинаған байлығы бұл — балалары »
  • «Білімнің ерте кеші болмайды, тек түсіну керек»
  • «Ұстаздың қадірін – ұстаз болғанда білесің»
  • «Үлкенге не істесең алдыңнан сол шығады» — деп жастарға ақыл-кеңесін айтып, жөн сілтеп отырған.

2014 жылдың тамызы Алдашұлы Көміршені мағыналы өмірінің соңғы сапарына шығарып салуға жиналған қауымының шеті көрінбеді. Бұл жерде ағамызды қалай халық құрметтегенін көрсетті.

Алдашева Айжан

Ақтау қаласы


ПІКІР ҚАЛДЫРУ