СЫРЛЫ СӨЗ ҺӘМ ЫРЫМ- ТӘРБИЕ ҚҰРАЛЫ

1
3014

Қазақ «Қыздың қабағында құт бар. Қыз қабағы-күрең тартса- ел жұтқа шалдығады. Қыздың қабағы күлімдесі – құт қонады» дейді. Бұл елдің көркі саналған қыз баланы құрметтеуден туған ізгі ой. Оның емен-жарқын жүргенін, жылы жүзді , мейрімді болғанын қалауы. Болашақ келіннің ата-енесіне күліп ас бергенін, қабақ шытпай қонақ қабылдауына даярлығы іспетті дүние. Сондай-ақ «Қызда қырық көліктік бақыт бар. Төрде отырса, сол бақыттың жұғыны қыз отырған төрде қалады. Қызда қырық қырсық та бар. Босағада отырса – сол қырсық сол үйде қалады» дейді. Бұл да қазақ аруын әспеттеп, қадірлегені, аялағаны, ерекше ілтипат білдіргені. Төрге шығарып, құрмет көрсеткені, мұның астарында қыз балаға деген ықылас-пейіл, сыйластыққа тәрбиелеудің тамаша мәні бар мағынасы жатыр. Қазақ қыз баланы болашақ ана, елдің ұйытқысы, ердің серігі деп қараған. Сондықтан төрін ұсынып еркелеткен.

Қазақ үйінде ыдыс- аяқты шақылдатпайды. Онда ырыс үркеді. Дәм шамданады, бақ жоламайды деп ырымдайды. Салдырату – қолапайсыздықтың белгісі, ұрыс-керістің басы. «Ыдыс-аяқ салдырамаған» деген тұрақты тіркес татулықты білдіреді, ал оны салдырату береке-бірлікке, отбасы сыйластығына сызат түскенді білдіреді.

«Жаңа түскен келін күйеуі бір жаққа кеткенде орын ауыстырып жатуға тура келсе, өзінің некелі төсегін құр тастамайды. Жастық астына балта, пышақ секілді заттарды қойып қояды». Онысы- иен қалған төсекте жын-шайтан ойнамасын дегені. Екіншіден, жұбайына адалдығын сақтауына тәрбиелесе, арам пиғылмен төсегіне жақындағандар балта, пышақты көріп, жүзі шайлықсын, қорықсын, орынсыз өңмеңдемесін дегені.

Қазақ алыстан келген жолаушыны, қонақты, ағайындарын, қоныс бауырларын, қандас бауырларын «Қырықтың бірі Қыдыр, Мыңның бірі Уәлі» деп ырымдап, төрге отырғызады. Дастарқанға бата жасатады. Бұл арқылы жолда жүрген жолаушының жалғызсырамағанын, елеусіз қалмағанын, ас-сусыз мүсәпір күйге түспегенін қалайды. Елсіз, жолсыз жүрген жолаушыны көрген жанның дұрыс ықылас-пейіл танытқанын жөн көруі деп түсінуге болады.

Киіз үйдің есігін үстіне қарай лақтыруға болмайды. Есіктен Бақ пен Бақыт та , Сор мен Қайғы да кіреді. Есікте кие болады. Лақтырғанда сол кие шамырқанады. Жау шапқанда ғана есікті үйдің үстіне түре лақтырып, жауға құқай көрсетіледі. Жайшылықта есікті лақтырмау – сондай жаман әрекет болмасын дегені. Шындығында жақсылық та, жамандық та есіктен кіреді. Ал оған мән бере қарауынан жайбарақаттылықты, асығып-аптықпауды көруге болады.

Қонақ келгенде есікті үй иесінің өзі ашады. Ал қонақ шығарғанда үй иесі өзі ашпайды, қонақтың өзі ашып шығады. Қонақ үйге келгенде құт бірге кіреді деп жориды. Қонақ кетерде үй иесі есік ашып берсе, құт да әлгі кісімен ілесіп кетеді деп ырымдалады. Бұл қазақтың әдептілік нормасы. Қазақтың жазылмаған заңы. Қонақ қабылдау рәсімі. Қонаққа көрсетер құрметі, қазақи мәдениеттің белгісі. Келген қонақты қарсы алу әдебі болып есептелген.

Баланы сыпыртқымен көсеумен ұрмайды. Бұлай істегенде балаға пәле жабысады, қырсық шалады деп ырымдалады. Себебі сыпыртқы лас-қоқысты жинаушы. Ол балаға теріс әсер етуі мүмкін. Оның үстіне сыпыртқыда тек кір-қоқыс қана болады. Лас нәрседен жақсы нәрсе тарамайтыны белгілі. Көсеу қате тисе, баланың өмірін түбегейлі өзгертіп, абайсызда зақым алуы мүмкін. Мұны қолайсыздықтан сақтандырғаны деп түсінуге болады.

Қазақтар жайбарақат кезде бас бармақты тістемейді. Қаралы күн, құсалы түн өткізіп, өзегі талған адамдар ғана солай істейді. Ешбір себепсіз бұлай істеу-жамандық нышаны деп жорылады, оған қатаң тыйым салынады. Қатты өкінгенде ғана бармақ тістейді. «Бармағын тістеп қалды» деген тұрақты сөз тіркесі осы ырымнан шыққан секілді. Екіншіден, бармақ тістеген адамның ішіне тырнақ кетуі мүмкін. Тырнақта түрлі лас нәрселер болатыны өзінен-өзі түсінікті. Өмір өкіндірмесін, тағдыр опындырмасын деген игі тілек те жатыр.

Қазақ асқан еттің көбігін екі рет алады. Алдыңғысы- қанды көбік, екіншісі-ашты көбік деп аталады. Көбігін алмай жеген ет мәкірүк болады, ауру жабысады деп жориды. Себебі пісіргенде ет 40 пайыз салмағын жояды, одан экстрактивті заттар, минералды тұздар бөлініп, ерітіндіге айналып, сорпаға шығады. Сорпаның көбігінде пайдалы заттардан гөрі зиянды қалдықтар, зат алмасу өнімдері мол болады. Сондықтан көбікті қалқып алып тастайды.

«Кір суды баспа, кесірі тиеді»- адам сумен жуынғанда, «Аллам жанымды, су тәнімді тазарта гөр» деп жуынады. Кейінгі зерттеулер бойынша су-ақпарат қабылдаушы және өзіне жуық кез келген нәрсені бойына таңбалап алады екен. Су -айналасында болып жатқан құбылыстың бәрін есте сақтайтын көрінеді. Ал күнделікті тұрмыста қолданып жүрген ыдыс және кір жуатын тауардың құрамында 55 мыңнан астам біздің ағзамызға қауіпті химиялық қоспалар бар. Кір судың құрамында түрлі адам ағзасына зиянды заттар бар. Булану процесінде ол зиянды заттар бірден жойылып кетпейтіні хақ. Ауада, топырақтың құрамында қалып қояды.Адам сол жерден жүргенде денесіне, киіміне жұғуы мүмкін. Сол себепті лас, кір су төгілген жерді айналып өтуге тырысқан. Мұның астарында экологиялық тазалықты, тепе-теңдікті сақтау мәселесі де жатыр.

Дастарқан басында, кісі көп жерде керілмейді және адамға қарсы қарап тұрып керілуге болмайды. Бұл қылық тосаттан болатын өлімнің елесі саналады. Бұл-әдепсіздік саналған. Керілу кезінде адамның бұлшық еттері дене мүшесі қимыл-қозғалысқа түседі. Ертеректе адамды керіп қою арқылы жазалаған. Сол жазаны шақырғандай әсер қалдырмау, екіншіден, керілген кезде киімнің олпы-солпы тұстары көрінеді, ілгегі үзіліп кетуі мүмкін немесе тағы бір қолайсыздыққа ұшырауы мүмкін. Сондықтан көпшілік жерде керілуді аса жақсы көрмеген.

Эльмира СМАТУЛЛАЕВА

Қызылорда облысы


1 ПІКІР

  1. Түсіне білгенге керемет пайдалы кеңестер!!! Оқи отыра тереңге сүңгіп кетерің хақ. Осындай тəрбие, өнеге берер дəстүрімізді насихаттай беріңіздер. Біріншіден жастарымызға əсер бергей!!!

ПІКІР ҚАЛДЫРУ