Тұрақты даму туралы жалпы түсінік

0
10295
Әбіш Кекілбаев

Жоспар:

І.Кіріспе

ІІ.Негізгі бөлім

2.1Тұрақты даму туралы жалпы түсінік

2.2 Қазақстан Республикасының өзекті экологиялық проблемалары

2.2.1 Арал теңізі

2.2.2 Балхаш көлі

2.2.3 Каспий теңізі

2.3 Тұрақты даму консепциясының экологиялық мәселелерді шешу жолдары

2.4 2004-2015 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының экологиялық қауіпсіздігінің Концепциясы

2.5 Экологиялық қауiпсiздiк проблемалары және оларды шешу жолдары

ІІІ.Қорытынды

Кіріспе

Адамзат қоғамының алдында тұрған экологиялық мәселелер оның дамуының барлық тарихи кезеңдерінде орын алып отырды. Бірақ, өндірістік қоғам мен демографиялық жарылыс кезеңінде адамзаттың табиғатқа теріс әсерінің нәтижелері ғаламдық сипатқа ие болды. Экологиялық мәселенің мәні – табиғаттағы қалыптасқан тепе-теңдікті бұзбай, миллиардтаған адамдарды жерде қоныстандыру және олардың барлық қажеттіліктерін қамтамасыз ету. Қазіргі Жердегі тіршілік адам қызметінің сипатына тәуелді.

Қазіргі кезең адамның ерекше биосфералық қызметі – биосфераны қорғау мен сақтап қалу қызметімен анықталып отыр. Экологиялық мәселелердің алдын алу үшін адам ретсіз дамудан тиімді, реттелген, табиғат пен қоғамның даму заңдарына негізделген дамуға өтуі тиіс. Тек осы кезде ғана адамзат қоғамының дамуы үздіксіз, ұзақ уақыттық, бірқалыпты жағдайда, табиғи және әлеуметтік дағдарыссыз дамиды. Мұндай дамуды – тұрақты даму деп атайды. Бірақ бұл үшін адамдардың сана-сезімі, олардың мақсаты мен адамгершілік бағыттылығы өзгеруі тиіс.

Негізгі бөлім

2.1Тұрақты даму туралы жалпы түсінік

Экологияның күрт нашарлап кетуі адамдардың табиғатқа антропогендек әсерінен болып отыр. Атмосферадағы көмірқышқыл газдардың концентрациясының артуына байланысты климат өзгеріп, температураның жоғарлауына әкеліп соғады.

Энергия көзі ретінде көмір, мұнай, табиғи газды пайдалану нәтижесінде және машиналардың көбейіп индустриялық революциясының өркендеуіне байланысты бұл процесс тезірек жүреді.

Жер планетасындағы атмосфераның температурасы артатын болса, планетаның көптеген бөліктерінде құрғақшылық болады, басқа жерлерде жаңбыр көп жауып, жерді топан су қаптайды. Полюстегі мәңгі мұздар еріп аралдар мен жағалауларды, мұхиттар мен теңіз сулары басып кетеді. Ауыл шаруашылығының өнімі нашарлап, халықтар мекенін тастап, күн көрістің қамымен басқа жерлерге көшеді.

Планетадағы тіршілікті қорғау бүкіл адамзаттың бірігуін талап етеді.

1987жылы БҰҰ-ның Дүниежүзілік қоршаған орта мен даму комиссиясы «Біздің жалпы болашағымыз» атты есебінде «қоршаған орта үшін қауіпсіз, жолда экономикалық дәуірге» аяқ басуға шақырды.

Алғаш рет «тұрақты даму» концепциясы ұсынылды.

«Тұрақты даму» дегенде қазіргі уақыттың қажеттілігін қамтамасыз ете отырып, болашақ ұрпақтардың өзінің қажеттіліктерін қамтамасыз етуіне қауіп туғызбайтын даму деп түсіну керек. «Біз ата-бабаларымыздың Жерін мұраға алған жоқпыз. Біз оны өзіміздің балаларымыздан қарызға алдық» (БҰҰ материалынан).

1992 жылдың маусым айында Рио-де-Жанейро қаласында өткен БҰҰ-ның қоршаған орта мен даму бойынша өткен конференциясы «Тұрақты даму» концепциясын және «ХХІ ғасырдың күн тәртібіне» атты ауқымды бағдарламасын қабылдады. Бұл бағдарламада шешілуі болашақта тұрақты дамуды қамтамасыз ететін жалпы мәселелер қарастырылған. Оның нәтижесі төмендегі кестеде көрсетілген.

Мәселе Мәселенің қысқаша мәні
1 2
Кедейлікпен күрес Дүние жүзінде 157 миллиардер, шамамен 2 мың миллионерлер және 1,1 миллиардтан астам күндік табысы 1 АҚШ долларынан кем адамдар бар. Кедейлікті болдырмау жолдары: еңбек ақыны қамтамасыз ету; кедейлердің өзін-өзі қамтамасыз етуі мен бай елдерден тәуелділігін кеміту; еңбекке жарамды халықтың санын арттыру; табиғат ресурстарын сақтау мен тұрақты даму; білім беру жүйесін жетілдіру; отбасын жоспарлау; қаржылық демеу.
Тұтынудың құрылымын өзгерту Адамзаттың бай бөлігінің шектен тыс ысырап етуі – қоршаған ортаның бұзылуы мен табиғат ресурстарының сарқылуының себептері болып табылады. Сонымен қатар кедей адамдар өмірге қажетті минималды мөлшерімен қамтамасыз етілмейді. Энергетикалық және шикізаттық пайдалануды қысқарту, экологиялық таза технологияларды дамыту.
Халық және тұрақтылық 1993 жылы дүниежүзіндегі халық саны шамамен 5,5 миллиардтан астам болды. Ғалымдардың болжамы бойынша 2020 жылы адам саны 8 миллиардқа жетеді.
Адамдардың денсаулығын сақтау мен жақсарту Халықтың денсаулығы қоршаған ортаның жағдайына байланысты болады. 2000 жылға қарай денсаулық сақтау саласындағы стратегиялық міндеттер:

— СПИД-пен күреске жұмылдыру;

— туберкулезбен және басқа зілді аурулармен күрес;

— бала өлімін кеміту;

— халық денсаулығын бақылайтын тиімді ұйымдар құру;

— еркектер мен әйелдердің өздерінің балалрының саны мен туылу уақытын анықтауға құқығын қамтамасыз ету;

— халықты ауыз су және таза азық-түлікпен қамтамасыз ету;

— балалардың денсаулығын қорғау;

— қоршаған ортаны денсаулыққа зиян қалдықтардан тазарту және оның алдын алу.

Тұрақты тұрғын жерлер (урбанизация) 2000жылға қарай дүниежүзінің халқының жартысы қалаларда тұруы тиіс. Қоғамның урбанизациясы экономикалық малу процесінің бір бөлігі болып табылады. Қалаларда жалпы ұлттық өнімнің 60%-ы өндіріледі. Қала халқының санының артуы дамыған және дамушы елдерде бірдей.
Атмосфераны қорғау Атмосфераға қалдықтарды шығарудың негізгі көзі – энергияны тұтыну мен өндіру.
Жер ресурстарын тиімді пайдалану Топырақтардың құнарлылығы су және жел эрозиясы мен химиялық, физикалық деградация нәтижесінде төмендейді. Топырақтың деградациясының себептері шектен тыс мал жаю; ормандардың кемуі; ауылшаруашылық қызметі; жерді шектен тыс пайдалану және т.б.
Ормандарды жоюмен күрес Ормандар топырақ пен суды, атмосфераны қорғауда, өсімдіктер мен жануарлардың биологиялық алуантүрлілігін сақтауда маңызды рөл атқарады. Үкімет орман шаруашылығының тұрақты дамуына арналған ұлттық бағдарламаларды жасап, оларды жүзеге асыру керек.
Шөлденумен және құрғақшылықпен күрес Шөлдену – бұл ауа райының өзгеруі мен адам қызметінің нәтижесінде топырақтың деградациялану процесі. Бұл процеске көбіне құрғақ жерлер ұшырайды. Шөлдену мал жайылымдарының деградациясы мен азық-түлік өнімдерінің кемуіне әкеліп соқтырады. Құрғақшылық пен шөлдену кедейлік пен аштықтың да себебі болып табылады.
Мұхиттарды қорғау мен тиімді пайдалану Теңіз суының ластануының шамамен 70%-ын құрлықтағы үлкен және кіші қалалар, өнеркәсіп, құрылыс, ауыл шаруашылығы мен туризм құрайды. Мұхиттар шектен тыс балықтар мен былқылдақденелілерді (жылына 90 млн. тоннаға дейін) аулаудан, жағалаулар мен маржан рифтерінің жағдайының нашарлауынан зардап шегеді.
Тұщы суды қорғау мен тиімді пайдалану Бүгін тұщы су мәселесі маңызды экологиялық мәселелердің бірі болып табылады. 2000 жылға қарай төмендегі міндеттер шешілуі тиіс:

— қалалардың әрбір тұрғынын бір адамға шаққанда ең кемінде күніне 40литр ауыз сумен қамтамасыз ету;

— өнеркәсіптік, тұрмыстық шайынды суларды залалсыздандыру ережелерін анықтап, жүзеге асыру;

— барлық ауылдық аудандардың тұрғындарын экологиялық қауіпсіз сумен қамтамасыз ету.

Улы химиялық заттарды қолданудың қауіпсіздігін арттыру Химиялық заттар бүкіл дүние жүзінде қолданылады. 10000-нан астам химиялық заттар бар. Олардың 1500-інің үлесіне дүниежүзілік өндірістің 95% келеді. Қазіргі уақытқа дейін әлі улы және қауіпті өнімдермен сауда жасау туралы жалпы келісім жоқ.
Қатты қалдықтар мен шайынды суларды жою. Тұрмыстық қалдықтар мен шайынды сулардың мөлшерінің жылдам артуы қала халқының денсаулығы мен қоршаған ортаға қауіп тудырады. Жыл сайын 5,2 млн адам, оның ішінде 4млн балалар шайынды сулар мен қатты қалдықтарды дұрыс тазартпау нәтижесінде ауырып, қайтыс болады. 2025 жылға қарай қалдықтардың мөлшері 4-5 есе артуы мүмкін.
Радиоактивті қалдықтарды жою Радиоактивті қалдықтар туғызатын қауіп оларды өсіру мөлшерін кемітуді, қауіпсіз тасымалдау мен жоюды талап етеді. Жыл сайын АЭС-тің жұмысы нәтижесінде 200-мың м төмен, ал 10 мың м жоғары радиоактивті қалдықтар түзіледі.
Балалар мен жастардың тұрақты дамуды қамтамасыз етудегі рөлі Даму бағдарламалары жастарға қауіпсіз болашақты және оның ішінде денсаулыққа қолайлы қоршаған ортаға жоғары өмір сүру жағдайына, білім алу мен жұмысқа кепілдік беруі керек. Жастар планета халқының 1/3-не жақын бөлігін, ал көптеген дамушы елдерде — жартысын құрайды. Білім беру дәрежесін арттыру қажет. Жастарға білім беруде қоршаған ортаны қорғау мен даму мәселелеріне көп көңіл бөлінуі қажет.
Тұрақты даму мақсатындағы ғылым мен білім беру Қазіргі кездегі ғылыми зерттеулер адамзаттың тіршілігін сақтау мақсатында жұмыс істейді. ХХІ ғасырда биосферада қауіпті өзгерістер болуы мүмкін. Ғалымдар төмендегі мәселелерді зерттеуде: ауа райының өзгеруі, ресурстарды тұтынудың артуы, демографиялық тенденциялар, ортаның деградациясы, энергия мен ресурстарды пайдалану, биосфераның космостық зерттеулері, ортаның адам денсаулығына әсері және т.б. Бағдарлама әр түрлі жастағы адамдардың қоршаған ортаны қорғау мен даму мәселелері бойынша білім алуын қамтамасыз етуі керек. Экологиялық білім беру – адамзаттың тұрақты дамуының қажетті шарты.

Сонымен қатар конференцияда Мәлімдеме мен екі концепция:

  • климаттың өзгеруінің алдын алу,
  • ормандарды қорғау мен биологиялық алуантүрлілікті сақтау мәселелері бойынша қабылданды.

Бұл мәселелерді кешенді ғылыми тұрғыдан шешуге болады. Бұл үшін экология, экономика және әлуметтік дамудың барлық негізгі топтарын біртұтас кешен түрінде қарастыру қажет.

БҰҰ-ның конференциясы барлық елдердің үкіметтерін тұрақты дамудың ұлттық концепцияларын қабылдауға шақырады.

Қазақстан Республикасының Үкіметі ұсынған «Қазақстан Республикасының тұрақты дамуға көшу концепциясы» бекітілді. Республиканың экологиялық саясаты оның экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Республика Президенті Н.Ә.Назарбаевтің БҰҰ Бас Ассамблеясында жасаған баяндамасында тұрақты дамуға жетудің түйінді мәселелерін шешудегі еліміздің белсенді қызметін дәлелдейтін нақты мысалдар келтірді. 1992-1998 жылдар аралығында Қазақстан тарихта бірінші болып ядролық полигонын жауып, ядролық қарудан бас тартты, Аралды сақтап қалуға арналған интеграциялық процестердің ұйтқысы болды.

2.2 Қазақстан Республикасының өзекті экологиялық проблемалары

2.2.1 Арал теңізі

Табиғатты қорғау мәселесі бүкіл дүниежүзілік проблемаға айналуда. Экологиялық проблема дегенде ең алдымен Арал, Балқаш, Каспий, Семей қасіреттері еске түседі.

Арал теңізі — Қазақстанның інжу-маржаны. Арал теңізі ірі экологиялық апатқа ұшырыағанға дейінгі көлемі — 1066 км2, тереңдігі — 30-60 м, тұздылығы — 10-12% болған. Қойнауы кәсіптік бағалы балықтарға бай, жағасы қоға мен қамысты теңіз еді. Сол кездерде жылына 50-150 мың балық ауланса, теңіз жағасынан едәуір мөлшерде бұлғын терісі игерілген.

1966 жылдардан бастап Арал өңірін игеру қолға алынды. Осы аймақтағы игерілетін жер көлемі бұрынғыдан Өзбекстан мен Тәжікстан 1,5, Түрікменстанда 2,4, Қазақстанда 1,7 есеге өсті. Ал Амудария мен Сырдария бойындағы халықтың саны 1960-1987 жылдар аралығында 2,2 есеге артты. Халық санының өсуіне орай суға деген қажеттілік те артты. Осыған орай 1970-1980 жылдар аралығында аралға құйылатын су мөлшері азайды. Оның негізгі себептері — антропогендік факторлар еді. Екі өзен бойындағы суды мол қажет ететін күріш пен мақта өсіру ісі қарқында дамыды (Шардара).

Оның үстіне ауылшаруашылығының басқа да салалары барынша дамыды. Өзен бойлары игеріліп, суды ысырапсыз пайдалану жүзеге асты. Мәселен, Аралға 1960-1965 жылдар арасында 44 мың м3, ал 1990 жылдары екі есеге қысқарды. Нәтижесінде, Арал теңізінің деңгейі 23 м-ге дейін төмендеп, оның су айдыны 30-200 км-ге дейін қусырылды. Судың тұздылығы 40 %-ға дейін артты. Оның үстіне екі өзен бойындағы шаруашылықтарда тыңайтқыштар мен химиялық препараттарды қолдану бұрын-соңды болмаған көрсеткішке жетті. Тыңайтқыштарды қолдану 10-15 есеге өсен. Осындай антропогендік факторлар Арал өңірін экологиялық апатқа ұшыратты. Құрғап қалған теңіз түбінен жыл сайын айналаға зияндылығы өте жоғары 2 млн. тонна тұзды шаңдар көтеріліп, желмен тарай бастады. Сонымен, Арал апатына себеп болған факторларға:

  • жергілікті жердің тарихи-табиғи ерекшеліктерін ескермеу;
  • ауылшаруашылығын дұрыс жоспарламау, судың қорын есепке алмау;
  • суды өте көп қажает ететін күріш, мақта дақылдарын барныша көбейтіп жіберу;
  • жерді игерудің агротехникалық шараларын сақтамау және суды үнемді пайдалнбау;
  • табиғат ресурстарын пайдаланудағы жіберілген қателіктер мен оны меңгерудің ғылыми тұрғыдан негізделмеуі болып табылады.

Осы аталған факторлар Арал теңізі экожүйесіндегі тіршілік атаулының экологиялық дағдарысқа әкелді. Бұл жағдайлар адам баласының қолдан істеген қателігі ретінде дүниежүзіне белгілі болды.

Арал өңірінде туындап отырған қазіргі экологиялық апаттар нышаны жыл өткен сайын теңіз суын таратуда. Оның фаунасы мен флорасы жойылып бітуге жақын. Топырақтың тұздануы өте жылдам жүруде. Арал теңізінде балық өсіру шаруашылығы тоқталып, соңғы 1-2 жылда ғана қайта қолға алынды. Ондағы тұрғындардың әлеуметтік жағдайы төмендеп кетті. Теңіз түбінен көтерілген улы тұздардың мөлшері жылына 13-20 млн. тонна деп есептеледі. Тіптен, тұзды шаңдар әсері сонау Орта Азия республикалары аумағына жетіп, ауылшаруашылығына зардабын тигізуде. Арал өңіріндегі климаттың өзгеріуі шөл белдеменің табиғи ландшафтарын бірте-бірте күрделі әрі қайтымсыз атропогендік экожүйелерге қарай ығыстыруда.

Арал өңіріндегі антропогендік факторлар ондағы тұрғындардың салт-дәстүрлеріне, экономикалық-әлеуметтік жағдайына тікелей әсер етуде. Жұмыссыз қалған балықшылар әлеуметтік жағынан қорғаусыз қалып, басқа аймақтарға еріксіз қоныс аударуда.

Қазіргі Арал өңірінде адамдардың денсаулығы күрт төмендеп кетті. Бұл өңірде соңғы мәліметтер бойынша туберкулез, бүйрекке тас байлану, сары су, өкпе-тыныс жолдарының қабынуы, жұқпалы ауралар республиканың басқа өңірімен салыстырғанда жоғары көрсеткішті беріп отыр.

Арал теңізінің болашағы дүниежүзі халықтарының толғандыруда. Оның біржола жойылып кетуі Орта Азия мен Қазақстанды ғана емес көптеген Шығыс елдерінің тыныс-тіршілігіне өзгерістер әкелмек. Ал ауытқушылықтар антропогендік экожүйелердің тұрақсыздығын тудырады. Арал мәселесі соңғы 10 шақты жылда географ және эколог ғалымдар арасында жиі-жиі пікір таластар туғызады. Арал мәселесі туралы халықаралық конференциялар ұйымдастырылды. Өркениетті елдер қаржылай көмек көрсетуде. Олар негізінен Орта Азия республикалар, Ресей, АҚШ, Жапония, т.б. мемлекеттер.

Арал теңізін құтқару жөнінде бірнеше ғылыми болжамдар мен жобалар бар. Олар:

  1. Сібір өзендерін Қазақстанға бұру.
  2. Амудария мен Сырдария өзендерінің суын реттеу арқылы суды молайту.
  3. Арал теңізін жартылай сақтап қалу.
  4. Каспий теңізінің суын жасанды канал арқылы әкелу.
  5. Жер асты суларын пайдалану.
  6. Арал теңізінің өздігінен табиғи реттелуін немесе толысуын күту.

Әрине, бұл жобалар болашақтың ісі болғанымен, уақыт талабы оны күттірмейді. Бәріде қаражатқа тірелуі мүмкін. Ал оның іске асуы адамзат қауымының білімі мен біліктілігіне байланысты екені анық.

Қазіргі кезде Аралды құтқару бағытында батыл да жоспарлы түрде ғылыми негізде жұмыстар жасалуда. «Арал тағдыры — адам тағдыры» болғандықтан оны сақтап қалу аға ұрпақтың болашақ алдындағы борышы.

2.2.2 Балхаш көлі

Балқаш көлі — Қазақстандағы ең ірі экожүйелердің бірі. Көл Балқаш — Алакөл ойысында орналасқан. Көлемі — 501мың км2, ұзындығы — 605 км, ені — 9-74 км аралығында. Ал ең терең жері — 26 м. Бұл көлдің 1970 жылдарындағы сипаты болса, қазір мүлдем басқаша. Жетісу өзендерінің ішінде Іле, Қаратал, Ақсу және Лепсі өзендерін Балқашқа құяды.

Балқаш көлі шөлейт және шөл табиғат белдемдерінде орналасқандықтан, оның климаты шұғыл континентті болып келеді. Су айдынының булануы өте жоғары. Осыған байланысты судың деңгейі тез өзгеріп отырады.

Ұзақ жылдар тіршілігі тұрақты болып келген су айдынының қалыпты жағдайы өзгере бастады. Балқаш көлінің экологиялық жағдайының нашарлауц себебі Қаратал, Лепсі, Ақсу өзендерінің мол суының Балқаш көліне жетпей суармалы егістерге жұмсалуынан. Оның үстіне бұрынғы кездерде Аягөз, Биен, Сарханд және Басқан өзендері Балқашқа құйып, оның табиғи су деңгейін сақтап отырған.

Аталған антропогендік жағдайлар Балқаш көлінің жағдайын шиеленістіріп жіберді. Балқаш экожүйесінің одан әрі нашарлауына Іле өзені бойына салынған Қапшағай суқоймасы да әсер етеді. 1970 жылы Қапшағай суқоймасындағы Іле өзенінің суын бөгейтін Қапшағай бөгеті салынды. Оған қосымша Іле өзенін қоректендіріп отырған Шелек өзені Бартоғай бөгетімен бөгеліп, онда көлемі 300 мың м3 су жинақталды. Осылайша Үлкен Алматы каналы (БАК) салынды. Каналдың салынуына байланысты Шелек өзені Ілеге құюын тоқтатты.

Іле – Балқаш алабының ауыл шаруашылығында барынша пайдалануымен 1965-1990 жылдар аралығында Балқашқа құятын судың көлемі 25 %-ға азайды. Іленің орта ағысы мен төменгі сағасында Шарын күріш, Шеңгелді көкөніс, Ақдала күріш алқаптары пайда болды. Осының бәрі Іле – Балқаш су алабының табиғи жүйесінде қалыптасқан тепе-теңдік заңын бұзды.

Балқаш экожүйесінің бұзылуының зардаптары. Іле – Балқаш экожүйесіндегі өзгерістер (әсіресе Қапшағайдан төменгі бөлігі) өте сирек кездесетін Іле тоғайын, өзен жағасындағы шұрайлы жайылымдар мен оның сағасындағы қамыс-қоғаның жойылуына себепші болды. Көлдің жағалаулары кеуіп, тұзды шаң жиі көтерілді. Ауа райы өзгеріп, қуаңшылық пен аңызақ желдер үдеді.

Балқаш көлі соңғы жылдары 2 метрге жуық төмендеп отыр. Сонымен көл жағалаулары батпақтанып, сорланып, тақырлар мен шөлдерге айналуда.

Іле – Балқаш экожүйесінің фаунасы мен флорасы зардап шегуде. Балық аулау соңғы жылдары 5 есе төмендесе, уылдырық шашу (Қапшағай су қоймасы) тіпті азайды. Сонымен қатар балықтардың Іле бойындағы егіс, көкөніс алқаптарына пайдаланылған пестицидтер, тербицидтер және минералды тыңайтқыштар қалдықтарымен улануы жиі байқалуда.

Іле – Балқаш алабы ит тұмсығы батпайтын тоғайлар, кішігірім көлдер, аралдар, аңдар мен құстар мекені болатын. Әсіресе 1960 жылдары жылына 1,5 млн-ға жуық бұлғын терісі дайындалатын болса, қазір бұл шаруашылық жойылған.

Іле бойында және көл жағасындағы тіршілік ететін құстардың түрлері де азайып кеткен. «Қызыл кітапқа» енген аққу, бірқазан, көкқұтан, т.б. құстар қазір өте сирек кездеседі.

Іле – Балқаш алабы Қазақстандағы тарихи-табиғи ескерткіштерге бай өлке. Бұл өңірде Шарын тау өзені мен оның бойындағы Шарын тауларындағы тастағы таңбалар мен тас мүсіндер және көне қорғандар жүйесі, Әнші құм атты табиғат туындысы, Алтынемел ұлттық саябағы, Кербұлақ сияқты қорыққорлар бар. Жетісу деп аталатын бұл аймақта 3 млн. астам халық тұрады. Ең ірі қалалары – Алматы, Талдықорған, Жаркент.

Бұл өңірдегі экологиялық ірі мәселелер қатарына Балқаш көлі бойындағы Балқашмыс комбинаты, Приозер, Ақсүйек кен рудаларын байыту кешендері, Сарышаған полигоны және Текелі қорғасын-мырыш комбинаттары осы аймақта тұратын тұрғындарға өз зардабын тигізіп отыр. 1999 жылы «Балқаш көлін құтқару, оның бүгінгісі мен болашағы» атты халықаралық деңгейде экологиялық форум өтті. Онда Балқаш көлін құтқару мәселелері қаралып, нақты шешімдер қабылданды. Оның негізгілері:

1. Іле өзені бойындағы өндіріс орындарында суды тиімді пайдалануды реттеу.

2. Қапшағай суқоймасынан Балқашқа жіберілетін судың үлесін тұрақтандыру.

3. Ақдала және Шарын массивтеріндегі күріш алқаптарын азайту.

4. Жер асты суларын пайдалануды жүзеге асыру.

5. Суармалы жерлердің көлемін шектеу.

Балқаш көлін құтқару бүгінгі күннің талабы. Арал мен Балқаш сияқты су экожүйелерінен айырылу Қазақстанды ғана емес Еуразияны да бұрын-соңды болмаған экологиялық анаттың ошағына айналдыруы мүмкін. Сондықтан әрбір табиғи экожүйені көздің қарашығындай сақтау мен қорғау адамзат баласының парызы.

2.2.3 Каспий теңізі

Каспий теңізі – жер шарындағы бірден-бір тұйық су айдыны. Оның көлемі – 380 мың км 2. Каспий теңізі солтүстіктен оңтүстікке дейін 1030 км, батыстан шығысқа дейін 196-435 км аралықты қамтиды. Солтүстік-шығыс бөлігінің климаты континенталды, ал оңтүстік-батысты субтропикалық климатты құрайды. Каспийдің солтүстік жағалауы таяз, көбіне қайраңдардан тұрады.

Каспий теңізі Еуропа және Азия континенттерінің түйіскен жерінде орналасқан. Каспий қайраңы өте ерекше табиғат туындысы әрі өсімдіктер мен жануарлардың қолайлы ортасы. Мұнда «Қызыл кітапқа» енген өсімдіктер мен жануарлар көптеп кездеседі. Тұйық су айдыны болғандықтан мұндағы организмдердің басымы эндемиктер. Теңіздің құнды байлықтарының бірі – бекіре тұқымдас балықтар. Олардың 5 түрі тіршілік етеді. Бекіре тұқымдастардың дүниежүзілік қорының 70 %-ы осы теңіздің үлесіне тиетінін мақтанышпен айтуға болады. Каспий ойпаты өзінің табиғат ескерткіштерімен, фаунасы және флорасының көптүрлігімен ерекшеленеді. Мұнда өсімдіктердің 945, балдырлардың 64, фитопланктондардың 414, зоопланктондардың 100-ден астам түрі тіршілік етеді.

Каспий теңізі кәсіптік балықтарға да бай. Теңізде балықтың 76 түрі кездеседі. Каспий теңізі жыл құстарының да сүйікті мекені. Теңіз жағалауларында 3-3,5 млн. құстар қыстан қалса, ал жыл құстарының саны 10-12 млн-ға жетеді.

Қазіргі кезде бізді қоршаған ортаның ластаушы көздерін төмендегідей топқа бөлеміз:

1. Физикалық ластану – радиактивті заттар, электрмагнитті толқындар, жылу, шулар және тербелістер.

2. Химиялық ластану – көміртегі өнімдері, күкірт, көмірсулар, шайынды сулар, пестицидтер, гербицидтер, фторлы қосылыстар, ауыр металдар, аэрозолдар.

3. Биологиялық ластану – ауру қоздырғыш бактериялар мен вирустар, құрттар, қарапайымдылар, шектен тыс көбейіп зиян келтіретін жәндіктер.

4. Эстетикалық зиян – табиғаттың қайталанбас сұлу ландшафтарының бүлінуі, орман-тоғайлардың жойылуы, т.б.

2.4 2004-2015 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының экологиялық қауіпсіздігінің Концепциясы

Қазақстанның 2030 жылға дейінгі даму старатегиясында мемлекеттің негізгі саяси экологиялық мақсаты – қоғам мен қоршаған ортаның үйлесімі, сондай-ақ экологиялық қолайлы өмір сүру ортасын құру анықталған. Мемлекеттік стратегиялық дамуды іске асыру, заңнамалық-құқықтық базаны нығайту үшін «Қоршаған ортаны қорғау туралы», «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы», «Экологиялық сараптама туралы», «Радиациялық қауіпсіздік туралы», «Атмосфера ауасын қорғау туралы» заңдары қабылданды. Табиғатты ұтымды пайдалану саласында – Президенттің жарлықтары, заңдық күші бар «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы», Орман, Су және Жер кодекстері, 2004-2015 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының экологиялық қауіпсіздігінің Концепциясы қабылданды.

Максаты:

Экологиялық қауiпсiздiк саласындағы мемлекеттiк саясаттың мақсаты табиғи жүйелердiң, қоғамның өмiрлiк маңызды мүдделерi мен жеке тұлға құқығының қоршаған ортаға антропогендiк және табиғи әсерлердiң нәтижесiнде туындайтын қатерлерден қорғалуын қамтамасыз ету болып табылады

Міндеттері:

  • климаттың өзгеруi мен Жердiң озон қабатының бұзылуына душар ететiн антропогендiк әсердi азайту;
  • биоәртүрлiлiктi сақтау және жердiң шөлейттенуi мен тозуының алдын алу;
    экологиялық апат аймақтарын, әскери-ғарыш полигондары мен сынақ кешендерiн оңалту;
  • Каспий теңiзi қайраңының ластануының алдын алу;
  • су ресурстарының тозуының және ластануының алдын алу;
  • табиғи ластануларды, әуе бассейнiнiң ластануын, радиоактивтi, бактериологиялық және химиялық, оның iшiнде трансшекаралық ластануларды жою және олардың алдын алу;
  • өнеркәсiптiк және тұрмыстық қалдықтардың жинақталу көлемдерiн қысқарту;
    табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу.

Қойылған мiндеттердi шешуге:

  • Қазақстан Республикасының заңдарын, табиғат пайдаланудың, мемлекеттiк экологиялық бақылаудың және экологиялық мониторингтiң экономикалық тетiктерiн жетiлдiру және жүйеге келтiру;
  • табиғат пайдаланудың және экологиялық сараптаманың рұқсат ету жүйесiн оңтайландыру;
  • қоршаған ортаны қорғау, экологиялық статистика, экологиялық бiлiм беру, экологиялық үгiт-насихат және жұртшылықтың қатысуы саласындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарын дамыту;
  • халықаралық ынтымақтастықты кеңейту жолымен қол жеткiзiледi.

Мемлекеттiң экологиялық қауiпсiз дамуы мынадай қағидаттарға негiзделедi:

табиғи ресурстарды пайдаланудың экологиялық мүмкiндi шектерiн айқындайтын және қоршаған ортаны сапалы теңгермелi басқаруды қамтамасыз ететiн шектеулердiң, нормативтердiң және шаруашылық әрi өзге де қызмет жүргiзу ережелерiнiң ғылыми-негiзделген кешенiн енгiзу жолымен мемлекеттiң тұрақты дамуы үшiн барлық қоғамдық қатынастарды реттеуге экожүйелiк тәсiл;
экологиялық қауiпсiздiктiң өңiрлiк және жергiлiктi мiндеттерiнiң экологиялық қатерлердiң алдын алудың жаhандық және ұлттық мақсаттарына бағыныштылығы;
қоршаған орта мен адамның денсаулығына келтiрiлген залалды өтеудiң мiндеттiлiгi (табиғат пайдаланушылар мен ластаушылар төлейдi);
өндiрiстiк күштердi дамыту мен орналастырудың экологиялық-экономикалық теңгермелiгi (экологиялық сыйымдылық пен аумақтық жоспарлау қағидаттары);
шаруашылық және өзге де қызметiнiң қоршаған ортаға әсерiн одан кейiнгi экологиялық және санитарлық-эпидемиологиялық сараптамалармен бағалаудың мiндеттiлiгi;
халықтың экологиялық ақпаратқа қол жетiмдiлiгiн қамтамасыз ету және оның экологиялық проблемаларды шешуге қатысуы;
халықаралық ынтымақтастықтағы әрiптестiк және халықаралық құқық нормаларын сақтау.

3.5 Экологиялық қауiпсiздiк проблемалары және оларды шешу жолдары

Қоршаған орта және даму жөнiндегi Рио-де-Жанейро декларациясының қағидаттарын ескере отырып, Қазақстанның экологиялық қауiпсiздiк проблемалары оларды жаhандық ұлттық және жергiлiктi ретiнде шешудiң маңыздылығы мен деңгейiне байланысты қаралады.

Жаhандық экологиялық проблемалар .

Озон қабатының бұзылуы

Жердiң озон қабатының бұзылуы адам, жануарлар, өсiмдiктер мен микроорганизмдер тiршiлiгi үшiн ықтимал қатер болып табылады.1973 жылдан бергi байқаулар Қазақстанның үстiндегi озон қабатының қалыңдығы 5-7%-кe азайғанын көрсеттi.

Монреаль хаттамасына сәйкес қабылданған, озон қабатын бұзатын заттарды пайдалануды реттеу жөнiндегi шаралар әлемде 1986 жылдың деңгейiмен салыстырғанда оның 10 eceгe азаюына ықпал еттi.

Бiздiң ел озон қабатын сақтау туралы халықаралық келiсiмдерге 1998 жылы қосылды. Қазiргi уақытта Қазақстанда озон бұзғыш заттарды (ОБЗ) пайдалануды қысқарту және оларды айналымнан алып қою, озон қабатын бұзбайтын заттарды қолданумен жаңа технологияларды енгiзу жөнiндегi жұмыстар жүргiзiлуде.

Озон қабатын бұзу қатерiн жоюдың негiзгi жолдары мыналар болып табылады: ОБЗ пайдаланудан жедел бас тартуды және оларды қауiпсiз жоюды қамтамасыз ету, ОБЗ-дың заңсыз айналымының алдын алу және қолға алынған күш-жiгердiң табыстылығына көз жеткiзу үшiн тропосферада оның жиналуының тұрақты мониторингiн жүргiзу.

Сондай-ақ 2004 жылдың барысында ОБЗ пайдаланатын кәсiпорындардың қызметiн лицензиялау жөнiндегi қажеттi нормативтiк құқықтық актiлердi қабылдау, ОБЗ пайдалану қызметiмен айналысатын мамандарды оқытуды және Қазақстанның үстiндегi озон қабатының жай-күйiн зерделеу жөнiнде iргелi ғылыми зерттеулер жүргiзудi бастау, сондай-ақ жаңа технологияларды енгiзу жолымен ОБЗ пайдалануды қысқарту және қолданыстан алу жөнiндегi жұмыстарды жалғастыру қажет болады.

Биоәртүрлiлiктi сақтау

Қазақстанның экожүйесi Орталық Азияда және тұтастай алғанда континентте биологиялық әртүрлiлiк бiрегейлiгiмен ерекшелiнедi.

Өсiмдiктер мен жануарлар түрлерiнiң жоғалуы генетикалық деңгейдегi әртүрлiлiктi жоғалтуға және экожүйелердегi тиiстi өзгерiстерге әкеледi. Биоәртүрлiлiктi ic жүзiнде жоғалтудың негiзгi себебi өмiр сүру ортасының жойылуы және тозуы, ең бастысы, ормандарды жою, топырақтың эрозиясы, iшкi және теңiз су айдындарының ластануы, өсiмдiктер мен жануарлар түрлерiн тым көп тұтыну болып табылады. Таяуда ғана өсiмдiктер мен жануарлардың бөгде түрлердiң жерсiнуi де биоәртүрлiлiктi жоғалтудың алаңдатар жәйi деп танылды.

Биоәртүрлiлiктi сақтау үшiн Қазақстан Республикасы 1994 жылы Биоәртүрлiлiк жөнiндегi конвенцияны бекiттi, биологиялық әртүрлiлiктi сақтау және теңгермелi пайдалану жөнiндегi ұлттық стратегия мен iс-қимыл жоспарын әзiрледi.

Биоәртүрлiлiктi сақтаудың неғұрлым тиiмдi шарасы ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құру болып табылады. Республиканың ерекше қорғалатын табиғи аумақтарының ауданы 13,5 млн. гектарды немесе барлық аумақтың 4,9%-iн құрайды, бұл биологиялық әртүрлiлiктiң экологиялық теңгерiмiн сақтау үшiн тым жеткiлiксiз және 10%-тi құрайтын әлемдiк стандарттардан төмен.

Қазақстан Республикасының ерекше қорғалатын табиғи аумақтарын дамыту мен орналастыру тұжырымдамасына сәйкес 2030 жылға дейiн олардың алаңын 17,5 млн. гектарға дейiн ұлғайту көзделген, бұл республика аумағының 6,4%-iн құрайды.

Қазақстанда биологиялық әртүрлiлiктi сақтау мақсатында биоәртүрлiлiк объектiлерiнiң жай-күйiн бағалау және түгендеу, ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың желiсiн ұлғайту және қазiргi табиғи және антропогендiк процестердi ескере отырып, оларды жасанды молықтыру және бұзылған аумақтарда қалпына келтiру жолымен табиғи популяциялардың сирек түрлерiн сақтау, елдiң ерекше қорғалатын табиғи аумақтарын ЮНЕСКО-ның Дүниежүзiлiк табиғи және мәдени мұрасы және «Адам және биосфера» бағдарламасы шеңберiндегi биосфералық аумақтар тiзiмiне енгiзу жөнiндегi шараларды iске асыру қажет.

Республика аумағының небәрi 4,2%-iн алатын Қазақстанның барлық ормандарының ерекше экологиялық, ғылыми, рекреациялық, эстетикалық және мәдени мәнiн, сондай-ақ биологиялық әртүрлiлiктiң табиғи резерваттары ретiндегi олардың орасан рөлiн ескере отырып, оларды ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жүйесiне көшiру жөнiндегi шұғыл шаралар қабылдау қажет. Бұл үшiн 2006 жылға дейiн мемлекеттiк биосфералық резерваттардың желiсiн қалыптастыру бағдарламасын әзiрлеу қажет.

Соңғы уақытта, әлемде кең таралған генетикалық өзгерген организмдер мен өнiмдердi әкелу Қазақстан үшiн елеулi сыртқы қатер болып отыр. Бүкiл әлем бойынша генетикалық өзгерген организмдер мен өнiмдердiң кең таралу қауiптiлiгiн ескере отырып, Биоәртүрлiлiк жөнiндегi конвенцияның Биоқауiпсiздiк жөнiндегi Картахена хаттамасы қол қоюға алынды. Қазақстанның Картахена хаттамасына қол қоюы өзге елдердiң бiздiң елiмiздiң аумағында генетикалық өзгерген организмдер мен өнiмдердi трансшекаралық өткiзуiмен байланысты қызметтi жүзеге асырудағы жауапкершiлiктерiн арттыруға, оларды елге әкелуге жол бермеу жөнiнде шаралар қабылдауға, зерттеулер мен ғылыми-техникалық әзiрлемелер iсiнде өзара көмектi, сондай-ақ биотехнологиялар саласындағы ақпарат алмасуды қоса, халықаралық тығыз ынтымақтастықты қамтамасыз етуге мүмкiндiк бередi.

Осы Тұжырымдаманың айтылған ережелерiн iске асыру қоршаған орта объектiлерiн сақтауды, оны белгiлi бiр тұрақтылық деңгейiнде ұстап тұруды, өзiн-өзi реттеу қабiлетi мен жанды және жансыз табиғат түрлерiнiң, оның iшiнде жойылу қаупi төнген тipi организмдер геноқорының көптүрлiлiгiн сақтауды қамтамасыз етуге мүмкiндiк бередi.

Жердiң шөлейттенуi және тозуы

Қазақстанның көп бөлiгi қуаң аймақта орналасқан және оның аумағының шамамен 66%-i түрлi деңгейде шөлейттену процестерiне бейiм. Алдын ала есептер бойынша жайылымның тозуынан залал, егiстiк эрозиясынан, қайталама тұзданудан және басқа да себептен алынбаған кiрiс шамамен 300 миллиард теңгенi құрайды.

Қазақстан үшiн елеулi iшкi қатердi бiлдiретiн жердiң шөлейттенуi мен тозу проблемасы шаң-тұз дауылының пайда болуы және ауа массаларының ластаушы заттарды алыс қашықтыққа жеткiзуi нәтижесiнде бiртiндеп трансшекаралық проблемаға айналуы мүмкiн.

2004 жылдың барысында шөлейттенудiң көлемi мен құрғақшылықтың терiс әсерiнiң алдын алуға және қысқартуға, тозған жерлердi және топырақтың құнарлылығын қалпына келтiруге, ресурстық базаны сақтауды және/немесе қалпына келтiрудi қамтамасыз ететiн, халықтың экологиялық қауiпсiздiгiн нығайтатын тұрақты жер пайдаланудың экономикалық тетiктерiн әзiрлеу мен енгiзуге, сондай-ақ шөлейттенумен күрес процесiнде халықтың кең қауымының хабардар болуы мен қатысуын қамтамасыз етуге бағытталған шөлейттенумен күрес жөнiнде бағдарлама әзiрлеу және бекiту қажет.

Бағдарламаның негiзгi нәтижелерi шөлейттену процестерiн болдырмау және жердiң тозу ауқымын қысқарту, шөлейттенумен күрестiң экономикалық тетiктерiн енгiзу, ауыл шаруашылығы жерлерiнiң өнiмдiлiгiн арттыру болмақ.

Ұлттық экологиялық проблемалар

Су ресурстарының сарқылуы және ластануы

Қазақстан су ресурстарының үлкен жетiспеушiлiгi елдерiнiң санатына жатады. Қазiргi уақытта су объектiлерiн тау-кен өндiру, металлургия және химия өнеркәсiбi кәсiпорындары, қалалардың коммуналдық қызметтерi қарқынды ластауда және ол нақты экологиялық қатер төндiредi. Ертiс, Нұра, Сырдария, Iле өзендерi, Балқаш көлi неғұрлым ластанған. Халықты ауыз сумен қамтамасыз етудiң негiзгi көзi болып табылатын жер асты сулары да ластануға ұшыраған.

Су объектiлерiне антропогендiк салмақ пен олардың қалпына келу қабiлетiнiң арасындағы теңгерiмсiздiк экологиялық қолайсыздықты iс-жүзiнде барлық iрi өзен бассейндерiне тән еттi, ал су шаруашылығының мұқтаждарын жеткiлiктi қаржыландырмау су шаруашылық объектiлерiнiң барынша қанағаттанғысыз (кей жерде апаттық) техникалық жай-күйiне және халықты ауыз сумен қамтамасыз ету проблемаларының тым шиеленiсуiне себеп болды.

Бұл проблемаларды шешу үшiн Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң 2002 жылғы 21 қаңтардағы N 71 қаулысымен су ресурстарын сақтау және ұтымды пайдалану проблемаларын шешудiң негiзгi жолдары айқындалған Экономиканың су секторын дамытудың және Қазақстан Республикасы су шаруашылығы саясатының 2010 жылға дейiнгi тұжырымдамасы қабылданды. Сондай-ақ халықты жеткiлiктi көлемде және кепiлдi сападағы ауыз сумен тұрақты қамтамасыз ету үшiн Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2002 жылғы 23 қаңтардағы N 93 қаулысымен «Ауыз су» салалық бағдарламасы бекiтiлдi, Қазақстан Республикасының Су кодексi және «Cу пайдаланушылардың ауылдық тұтыну кооперативтерi туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды, 2005 — 2010 жылдары негiзгi су бассейндерiнiң су ресурстарын кешендi пайдалану мен қорғаудың схемаларын әзiрлеу жөнiндегi жұмыстар жүргiзiлетiн болады.

Қабылданған бағдарламалық құжаттардың щеңберiнде 2005 жылы iске асырылуы суды қажет ететiн өндiрiстер дамуының қарқыны мен көлемiн шектeугe, су үнемдейтiн технологияларды, су пайдаланудың айналымды және тұйық жүйелерiн жаппай енгiзуге, өнiм бiрлiгiне және пайдалану шығындарына жекелей су пайдалануды азайтуға, су шаруашылық жүйелерiн есепке алу мен реттеудiң қазiргi заманғы құралдарымен жарақтандыруға мүмкiндiк беретiн сумен қамтамасыз ету жөнiндегi республикалық мақсатты бағдарлама әзiрлеу қажет. Бағдарлама су ресурстарын пайдаланғаны үшiн төлемнiң қолданыстағы ставкаларын саралау, су шаруашылық объектiлерiн ұстау мен жөндеу жөнiндегi шығыстарды өзiн-өзi ақтауға кезең-кезеңмен көшiре отырып, су пайдаланушыларға су жеткiзу жөнiндегi қызмет үшiн баға белгiлеудi оңтайландыру жөнiндегi iс-шараларды да қамтуы тиiс.

Өзен экожүйелерiне ауыртпалықты азайту мақсатында және олардың ластануы мен қоқыстануының алдын алу үшiн 2005 — 2010 жылдар барысында пайдаланылатын барлық су объектiлерi үшiн су қорғау аймақтары мен жолақтарының жобалары әзiрленетiн болады, 2005 — 2006 зиянды әсердiң мүмкiн болатын шектi нормативтерiн және судың жай-күйiнiң мақсатты көрсеткiштерiн әзiрлеу жөнiндегi ғылыми-қолданбалы зерттеулердiң кешенi жүргiзiледi, ол су объектiлерiне ластаушы заттар төгiндiлерiн таңбалыдан жиынтық нормалауға кезең-кезеңмен көшiрудi жүзеге асыруға мүмкiндiк бередi. Осының бәрi ағынды суларды тазартатын құрылыстарды салу мен қайта жаңғырту кезiнде жаңа технологияларды енгiзудi жеделдетедi.

Қолда бар су ресурстарының санын ұлғайту мен сапасын жақсарту үшiн су жетiспеушiлiгiн тартып отырған өңiрлерде өзен ағынын реттеу жөнiндегi, оның iшiнде бассейн аралық қайта бөлу, сондай-ақ жер асты ауыз суларын пайдалануды жеделдету жөнiндегi жұмыстарды жалғастыру қажет.

Байырғы ластанулар

Ластанудың «байырғы» көздерiне қазiргi кезде иесiз тұрған объектiлер: мұнайгаз және гидрогеологиялық ұңғымалар, шахталар, кенiштер (оның iшiнде радиоактивтiк қалдықты), елдiң экологиялық қауiпсiздiгiне нақты қатер болып табылатын қалдықсақтағыштар мен ағынды сулар жинақтауыштар жатады.

Қазiргi кезде Уран өндiру өнеркәсiбiнiң радиоактивтiк үйiндiлерiн жою жөнiндегi бағдарлама мен Иесiз мұнай ұңғымалары мен өздiгiнен төгiлетiн гидрогеологиялық ұңғымаларды жою жөнiндегi бағдарлама iске асырылуда. Алайда, бұл бағдарламалар байырғы ластанулардың барлық түрлерiн толық қамтымайды. Сондықтан, байырғы ластануларды жою жөнiнде бағдарлама әзiрлеудiң қажеттiлiгi тұр. Бұл бағдарламада 2006 жылға дейiн қоршаған ортаға олардың әсерiн бағалай отырып, кезең-кезеңмен байырғы ластанулардың барлық объектiлерiне толық түгендеу жүргiзу, ал 2010 жылдан бастап мұндай объектiлердi жою жөнiндегi жұмысты бастау көзделуде.

Жаңа ластанулардың туындауына жол бермеу мақсатында олардың пайда болуын болдырмайтын құқықтық, экономикалық және өзге де тетiктердi әзiрлеу және енгiзу қажет.

 

Әскери-ғарыш және сынақ кешендерi полигондарының әсерi

Қазiргi уақытта Қазақстан Республикасының аумағында төрт әскери сынақ полигоны және «Байқоңыр» кешенi жұмыс iстейдi. Зымырандардың жерге түскен және құлайтын бөлiктерi, аса улы отынның төгiлуi және қоршаған орта мен тiкелей жақын жерде тұратын халыққа қолайсыз әсер ететiн басқа да факторлар нақты экологиялық қауiп төндiредi.

«Байқоңыр» ғарыш айлағынан зымыран тасығыштарды ұшыру бөлiнетiн бөлшектер құлайтын жалпы ауданы 12,24 млн. гектар аудандармен қамтамасыз етiлген. Осы жағдайларда қоршаған ортаның жай-күйiн бағалау ғарыш құралдарын, әскери техниканы және әскери объектiлердi шығару, сынау, сақтау және пайдалану орындарында, сондай-ақ өнеркәсiп ұйымдары орналасқан, зымыран-ғарыш қызметiн жүзеге асыратын әскери бөлiмшелер мен құрылымдар тұрған орындарда техногендiк ықпалдың алдын алу мен оны жою проблемасын шешуде маңызды орын алады.

Қазiргi уақытта «Қазақстан Республикасы аумағының зымыран-ғарыш қызметiмен байланысты учаскелерiнiң экологиялық жай-күйiнiң мониторингi» бюджеттiк бағдарламасы бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргiзiлуде.

Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң 2002 жылғы 29 желтоқсандағы N 1449 қаулысымен бекiтiлген Елдiң минеральдық-шикiзаттық кешенi ресурстық базасын дамытудың 2003-2010 жылдарға арналған бағдарламасы шеңберiнде әскери-сынақ полигондарының аумақтарын кешендi гидрогеологиялық және геоэкологиялық зерттеулер басталды.

Бiрқатар мiндеттердi шешуде ғарыш құралдарына балама жоқ болғандықтан, зымыран-ғарыш қызметiнiң қоршаған орта мен халықтың денсаулығына әсерiн азайту, зымыран-ғарыш кешендерiнiң экологиялық қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету барған сайын өзектi болуда.

Осыған байланысты 2005 жылы полигон аумақтарының экологиялық жай-күйiнiң мониторингi жөнiнде бағдарлама әзiрлеу қажет.

Жергiлiктi экологиялық проблемалар

Әуе бассейнiнiң ластануы

Атмосфераның негiзгi ластануы түстi металлургия, жылу энергетикасы, қара металлургия, мұнай-газ кешенi кәсiпорындары мен көлiк шығарындыларымен байланысты. Атмосфералық ауаның ластануынан қатердiң нақтылығы халық денсаулығының нашарлауына да және қоршаған ортаның тозуына әсер етедi.

Атмосфералық ауаның ластану проблемасы негiзiнен республика халқының жартысына жуығы өмiр сүретiн iрi қалалар мен өнеркәсiптiк агломераттарға тән.

Барынша ластанғандар қатарына 10 қала, оның iшiнде 8 қала — ауасы жоғары деңгейде ластанған қалаға жатқызылады. Қалаларда ауа ластануының жоғары деңгейiнiң себебi — өндiрiстiң ескiрген технологиялары, тиiмсiз тазартқыш құрылыстар, қолданылатын отынның төмен сапасы, қуаттың жаңғыртылатын және дәстүрлi емес көздерiнiң аз пайдаланылуы болып табылады. Кәсiпорындардың 20%-тен астамының нормативтiк санитарлық-қорғау аймағының болмауы себептi өндiрiс орталықтары халқының басым бөлiгi зиянды шығарындылардың әсерi жоғары аймақта тұрып жатыр.

Автомобиль санының күрт көбеюi iрi қалаларда (Алматы, Өскемен, Шымкент) көмiртегi оксидi мен азот диоксидi жиналуын ұлғайтады, мұндай заттардың орташа жылдық шоғырлануы бұл қалаларда шектi мөлшерден асып түседi.

Ауа бассейнiнiң ластануы, сондай-ақ көмiрсутегi шикiзатының бұрынғы кен орындарын дамытумен және жаңа кен орындарын игерумен де байланысты, бұл атмосфераның күкiртсутегiмен, меркаптандармен ластануын ұлғайта түседi. Алауларда iлеспе газдың жағылуы қызған газдардың, күкiрт пен азот оксидтердiң едәуiр көлемiн атмосфераға шығарумен қатар жүредi, кен орындарының төңiрегiнде жоғары жылу аясы қалыптасады.

1993 жылдан 2000 жылға дейiн зиянды заттардың атмосфераға шығарылуы негiзiнен өндiрiс құлдырауының есебiнен 5,1 млн. тоннадан 3,2 млн. тоннаға дейiн кемiдi. Соңғы жылдары экономиканың өрлеу жағдайларының өзiнде атмосфераға зиянды заттардың шығарылуын 3,2 — 3,4 млн. тонна деңгейiнде тұрақтандыруға мiндеттi мемлекеттiк экологиялық сараптаманың жаппай енгiзудiң және қоршаған ортаны қорғау саласындағы мемлекеттiк бақылау жүргiзудiң нәтижесiнде қол жеткiзiлдi. Мұндай тетiктердi одан әрi жетiлдiру 2010 жылдан кейiн қоршаған ортаны мөлшерден тыс ластайтын кәсiпорындарға қойылатын экологиялық талаптарды күшейту арқылы шығарындыларды жоспарлы түрде төмендетуге кiрiсуге мүмкiндiк бередi.

Aуa бассейнi ластануының жоғарылау қаупiн болдырмау жөнiндегi қажеттi шаралар қоршаған ортаны қорғау жөнiндегi қысқа мерзiмдi бағдарламаларда көзделетiн болады.

Радиоактивтi ластану

Радиоактивтi ластану Қазақстанның экологиялық қауiпсiздiгiне елеулi нақтылы қатер төндiредi, олардың көздерi мынадай негiзгi төрт топқа бөлiнедi:

жұмыс iстемей тұрған уран өндiрушi және уран өңдеушi кәсiпорындардың қалдықтары (уран кен орындардың үйiндiлерi, өздiгiнен төгiлетiн ұңғымалар, қалдық қоймалары, технологиялық желiлердiң бөлшектелген жабдығы);

ядролық қаруды сынау нәтижесiнде ластанған аумақтар;

мұнай өндiру өнеркәсiбi мен мұнай жабдығының қалдықтары;

ядролық реакторлардың жұмыс iстеуi нәтижесiнде пайда болған қалдықтар мен радиоизотоптық өнiм (иондаушы сәулеленудiң пайдаланудан шыққан көздерi).

Қазақстанда табиғи радиактивтiлiктiң жоғары деңгейiн беретiн уран берушi алты iрi геологиялық өңiр, көптеген шағын кен орындары мен уран байқалатын кенiштер, уран өндiрушi кәсiпорындар мен ядролық жарылыстар жасалған жерлерде шоғырланған қалдықтар бар.

Қазақстан аумағының 30%-iнде адам денсаулығына айтарлықтай қауiп төндiретiн табиғи радиактивтi газ — радонның жоғары бөлiнуiнiң ықтимал мүмкiндiгi орын алған. Радионуклидтермен ластанған суды ауыз су мен шаруашылық мұқтаждықтар үшiн пайдалану қауiптi болып табылады.

Қазақстанның кәсiпорындарында иондаушы сәулелердiң пайдаланудан қалған 50 мыңнан астам көздерi бар және радиациялық зерттеу барысында 16-сы адам үшiн аса қауiптi болған 700-ден астам бақылаусыз көздер анықталып, жойылды.

Халықтың радиоактивтi улануын және қоршаған ортаның ластану қаупiнiң алдын алу үшiн: радиоактивтi ластану көздерiн түгендеу жөнiндегi жұмысты аяқтау және 2005 жылға дейiн табиғи радиактивтiлiктiң халықтың денсаулығына терiс әсерiн зерттеудi қамтитын бағдарлама әзiрлеу, сондай-ақ құрылысқа арналған алаңдарды таңдау мен табиғи құрылыс материалдарын пайдалану кезiнде шектеу шараларын қабылдау; ауыз судың табиғи көздерiнiң радиоактивтi ластануына бақылау жүргiзу және Мұнай ұңғымалары мен өздiгiнен төгiлетiн және өздiгiнен ағатын гидрогеологиялық ұңғымаларды жою және консервациялау бағдарламасының шеңберiнде радионуклидтердiң жоғары құрамы бар гидрогеологиялық ұңғымаларды жою; жоғары радиациялық сәуле алу қаупi туралы халықты уақытылы хабардар ету жөнiнде шаралар әзiрлеу; 2005 жылға қарай Уран өндiру өнеркәсiбiнiң радиоактивтi үйiндiлерiн түгендеу және олардың қоршаған орта мен халықтың денсаулығына әсерiн айқындау жөнiндегi жұмысты аяқтау қажет.

Проблеманың кешендi шешiлуi радиоактивтi қалдықтарды ұқсату мен көму жөнiнде мамандандырылған ұйым құруды көзделуi тиiс.

Аталған iс-шараларды жүргiзудiң нәтижесi халықтың сәуле алуы мен қоршаған ортаның радиоактивтiк ластануын төмендету болмақ.

Қорытынды

Қазақстан Республикасының тәуелсіздік алып, экономикамыздың нарықтық қатынастарға көшуіне және халықаралық экономикалық қатынастардың аса қарқынды жүре бастауына байланысты, Қазақстан Республикамыздың экологиялық жағдайларына аса көңіл бөліп көптеген мәселелер қолға алына бастады. Қазіргі жағдайда ғылыми техниканың дамуында ғылымның және ғылыми-техникалық мәліметтердің көлемі интенсивті өсуде. Жоғары оқу орындарында жоғары білікті мамандарды дайындауда олардың білімділігіне, іздемпаздығына көңіл бөлінеді. Студенттер алған білімдерін ғаламдық, аймақтық және жергілікті экологиялық мәселелерді шешуге қолдана білулері керек.

Табиғатпен тіл табысу үшін, біріншіден, өндірісті экологиязациялау мақсатына сай келетін бірқатар шараларды іске асыру қажет. Табиғатты қорғау үшін барлық елдердің күш қуатын біріктіргенде ғана экологиялық шаралар тиісті нәтиже бере алады.

Адам мен табиғаттың қарым-қатынасын жақсарту бағытталған тағы бір шара – табиғат байлықтарын тұтынуды ақылға сиымды мөлшерде өзіне – өзі шек қою. Халықтың экологиялық санасын қалыптастыру міндетті экологиялық білім мен тәрбие берудің бірқатар комплексті мәселелерінен тұрады. Олар – экологиялық ғылыми сананы қалыптастыру, экологиялық этиканы, экологиялық психологияны және экологиялық құқықтық сананы қалыптастыру қажет.

Пайдаланған әдебиеттер:

  1. Қуатбаев. А.Т. «Жалпы экология»
  2. Интернет
  3. Омарова.Б «Экология»
  4. Ақбасова А.Ж. «Экология энциклопедия» Алматы 2007
  5. Бродский «Жалпы экология»
Басқа да материалдар Мұғалімдерге Ашық сабақтар Сабақ Жоспарлары Оқушыларға Рефераттар ҰБТ Шығармалар СӨЖ

ПІКІР ҚАЛДЫРУ