Тәрбие басы – тал бесіктен (эссе)

2
23579
ҚазҰУ – Ғылымға құштар жандар үшін үздік таңдау

Тәрбие басы – тал бесіктен

 

                   «Адамның адамшылығы –ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана,  жақсы  құрбы, жақсы  ұстаздан  болады.» А. Құнанбаев        

«Әркім өз жолын тауып  кететіндей  бала тәрбиесі  жеңіл  нәрсе  ме? Жоқ.

«Бала тәрбиесі – өнер, жеке бір ғылым иесі болуды тілейтін өнер», — деген

екен   М.Жұмабаев.  Қандай  тауып  айтылған  даналы  сөз  десеңізші.

   Тәрбие  арқылы  адам  тағдыры  шешілетінін, оның  білімді  тұлға  болып  қалыптасатынын, елдің  берік  тірегі  болатынын  көрсетеді.   Балалар  тәрбиесіне,  келер ұрпақ  тәрбиесіне  қай  кезеңде  болса  да,  қай  елде, қай  ұлтта  болмасын  үлкен  мән  берілген  ғой. Өйткені  бала – біздің  болашағымыз. Ол үшін балаларды жаман, жақсы деп бөлмей, бірлесіп, аяғынан нық тұруға көмектесу керек. Нашар бала болмайды. Бау-бақшаны баптап, күтіп суарсаң ғана жемісіне кенелесің. Сол сияқты баланың теріс мінездерін үнемі қадағалап, түзету – қоршаған ортаның, яғни ата-ана мен мектептің міндеті. Өмір шындығына жүгінсек, тәрбие бастауы, оның қайнар көзі, ананың сүтінен нәр алып өскен ортасына тікелей байланысты.

      «Тәрбие басы – тал бесік», «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің!» деген қазақтың мағыналы сөздерінде үлкен астар бар сияқты. Алайда, жұмысымызда байқап жүргеніміздей ата-аналарымыздың бала тәрбиесі жайлы көзқарастарында елеулі қателіктер де көрініс беруде. Кейбір ата-аналар: «Баламды киіммен, тамақпен қамтамасыз етем, білім, тәрбие беру – мектептің ісі» деп түсінетін ата-аналар да кездеседі. Бала тәрбиесін тек мектепке ғана аударып қоймай, ата-ана, мектеп, қоғамдық ұйымдар бірлесе отырып жұмыс жасау, ұстаздар үшін де, ата-аналар үшін де тиімді.

     Еліміздің  егемендігін  алып,  тәуелсіздік  туы  биікке  көтерілген  қазіргі  кезеңде   балаларды  қоғамның  лайықты  ізбасары  етіп  дайындау,  тәрбиелеп  шығару   үшін  мектепте   оқу,  тәрбие  жұмыстарын  көбейтіп,  ұлттық  ұлағаттылыққа   баулып  отыруымыз  қажет. Қазіргі заман  талабына  сай  оқу-тәрбие  жұмысының  түрлері,  өткізу  іс-шаралары  үнемі  өзгеріп, жаңарып, дамып  отыр.

     Өскелең  ұрпақты  тәрбиелеу  жүйесіндегі  шешуші  буын  мектеп  болғандықтан,  бұрынғыдан  да  зор  жауапкершілік  артуда. Әр  шәкірт  мектеп  арқылы  өмірге  жолдама  алады. Мектеп ешуақытта отбасынан, қоғамнан бөлініп, өз бетінше жеке мекеме болған емес. Сондықтан оның іс-әрекеті отбасымен, көпшілікпен біте қайнасқан. Осы тұрғыдан алғанда мектеп – бала мен тәрбие жұмысын ұйымдастырудың жеке адамның дамуына және қалыптасуында әртүрлі факторлардың үйлестіріп, біріктірудің орталығы.  Мұнда тәрбие түрлерінің сан алуаны жүзеге асырылады.

       Баланы  тәрбиелеуде  бір  ғана  отбасының  алатын  орны  ерекше  деп  қорытынды  шығаруға  болмайды. Мектептің , колледждің ата-аналармен жүргізілетін жұмыстарының ерекшелігі осы екі жақтың байланысы мен әрекет бірлігінің тұрақтылығынан көрінеді. Бұл тұрақтылықты мектепте сынып жетекшісі , ал колледжде мастерлер қамтамасыз етеді. Сынып жетекшілер, мастерлер  оқушылардың екінші ата-анасы ретінде бірге жүріп, халықты ғасырлар бойы өз ұрпағын тәрбиелеп келген тәжірибесінен үлгі көрсетуді мақсат-мұраты санайды. Балаларға тәрбиелік жұмыс жүргізуді жан-жақты қарастырып, тиянақты көрсететін тұлға – ол сынып жетекшісі,мастерлер болып табылады.

     Ұлт болып ұйысып, ел болып еңсемізді көтерген кезімізде қолға алар ісіміздің өзі ұрпақ тәрбиесі.  Қазіргі заманда ең басты мәселе – бала тәрбиесі. Мысалы, оқушы  мектепке  келген  кезінде  тіл  алғыш, жүрегі  таза, сезімі  пәк болып, өсе,  не  жоғарғы  буынға  келгенде  өзгеріп  сала  береді. Сол  кезде  мына  бала  қандай  еді, қалай  өзгеріп  кетті, мынадай жаман  әдеттерді  қайдан  үйреніп  ала  қойды, неге  озбырлық  жасауға  бейім  болып алды  деген  сұрақтар  мазалайды. Әрине, оның  себептерін  жан-жақты  іздеуге  болады. Бала  тәрбиесіне  ата-анасы  мен  жүрген  ортасына  мұғалімнің  де  қатысы  бар.  Баланың  қалыптасуына  ықпал  етіп, дамуына  үлес  қосатын  мұғалімнің  есте  ұстар  жағдайлары  аз емес. Солардың  ішінде  ең негізгісі – балаға  деген  жүрек  жылуы. Ол қашан  да  қажет  және  ешқашан артық  болмайды.

      Қазіргі  жағдайда  тәрбиенің  жалпы  негізі  адамгершілік  құндылықтар  болуы керек.  Адамгершілік  құндылықтар  үлкен  мен  кішінің  арасындағы  шынайы  қарым-қатынас  кезінде  бала  бойына  дариды.

   Мектеп  қабырғасында  жақсы тәрбиеленген, саналы  білім  алған  шәкірт  өмірде  өз орнын  табады. Ол  үшін  ең  әуелі  ұрпағымызды  бала  кезінен-ақ  ұлттық  тәлім-тәрбиеге, адамгершілік  әдетке,  рухани,  мәдениетке  баулу  керек.  Сонда  жас  ұрпақ елі үшін  елең  қағар  азамат,  имандылық  қасиеттерді  жақсы  білетін  азамат  болып  қалыптасады. Ұлтымыздың ұлағатты дәстүрін кеңінен пайдаланып, тәрбие ісіне арқау ету өз нәтижесін береді.

     Қазіргі  қоғам  жан-жақты  үйлесімді  жетілген  жаңа  ұрпақты – жаңа  адамды  тәрбиелеуді  талап  етеді.  Қоғам  талабы – заман  талабы. Өйткені «Әр  адам – өз заманының  баласы».  Сол  себепті  адамды  заман  билейді,  заманына  сай  заңы  туындайды. Бала  тәрбиесіндегі  негізгі  де  маңызды  роль  ата-аналарда.  Ата-ана  отбасында  өздерінің күнделікті  жұмысы,  тындырған  ісі  туралы  бала-шағасының  алдында  айтып, әңгіме-дүкен  құрады. Бірте – бірте  балалары  да  өз  жаңалықтарын  ортаға  салып, айта  бастайды. Осылайша  жанұя  мүшелерімен  сенімі, сүйіспеншілігі, достық  қатынастары  нығая  түседі.  «Жанұяға  қарап  бала  өседі, қарағайға  қарап  тал  өседі»  деп  тегін  айтылмаған  болса  керек.  Ата-ана  баламен  тілдесуде, пікірлесуде  бейауыз  сөздерді  қолданбай,  дөрекілікпен  жеке  басын  қорғамай,  мейірімді, табиғи, жылы, ақылды  сөздер  айтып  өнеге  бола  білсе, тәрбиеде  табысқа  жетеді.
Өйткені  «Жақсы  сөз  жан  семіртеді». Кейбір  ата-аналар  өте  қатал, айтқанын  орындатады. Мұндайда  бала  қорыққаннан  уақытша  тыңдайды.  Бірақ  ата-анасының  уысынан  шыққаннан  соң,  өзін-өзі  ұстай  алмайтын  жағдайға  жетуі  мүмкін. Сондықтан  сынып  жетекші  ата-ана  ескермеген  тәрбиенің  тиімді  сәттерін пайдалану  қажет. Сынып  жетекші  оқушыға  материалдық  жағдай  жасамағанымен,  оның  өміріне  азық  болар  ең  қымбат  асыл  қасиеттер – адамгершілік  құндылықтармен  қамтамасыз  етеді.
Әрбір  оқушының  жеке  басын  тәрбиелеудің  стратегиясын  білу  үшін  тек  оның  күшті  және  әлсіз  жақтарын  біліп  қоймай,  сонымен  қатар  оның  оқитын,  тұратын,  қарым-қатынас  жасайтын  жайдайларын  білуіміз керек.  Ол  үшін  олардың  ата-аналарымен  тығыз  байланыста  болу қажет. Ата-анамен, отбасымен тығыз байланысты болудың ең негізгі жолы мектепте өткізілетін әртүрлі мерекелер, іс-шаралар мен жиналыстар, сайыс, ашық есік күндерін ұйымдастырып, ата-аналарды шақырып, ата-аналарды тек көрермен ретінде ғана қарастырып қоймай, балалармен бірге әртүрлі логикалық сұрақтарға жауап беріп, көңілді ойындарға қатыстырып отыру керек.

   Ашық тәрбие сағаттары, психологиялық тренингтерге қатыстыру немесе құқық қорғау органдарынан инспекторлар, дәрігерлер, ақсақалдар алқасынан қонақтар шақырылып, мәні зор инабаттылыққа, имандылыққа баулитын ақыл-кеңестер алу өз нәтижесін береді. Ата-аналар  мүмкіндігінше  балаларды  үйде  қараусыз  қалдырмауға, немен  шұғылданатынын,  күнделікті  қанша  сабақ  болып,  қаншада  қайтатынын  біліп  отырулары  қажет. Мектеп  пен  ата-аналар  ынтымақтаса  жұмыс  жүргізсе, балаларға  тиісті  көңіл  бөле  білсе,  олармен  санаса  білсе,  келешектің  шын  жанашыры,  елдің  арқа  сүйер  азаматтары  тәрбиеленіп  шығары  сөзсіз. Менің ойымша әрбір жас толқын қай жағынан болсын, тамаша, жан-жақты келісті азамат болып қалыптасуы қажет. Ол еңбекқор, адал, білімді, көп оқыған ақылды болып қана қоймай, тәрбиелі де көркем, ибалы болуы керек. Балаларды сүйетін және өзінің ісіне берілген ұстаз  ғана мейірбан жеке тұлғаның қалыптасуына көмек көрсетуге қабілетті.  Жемісті тәрбиенің сыры – шәкіртке құрметпен қарауда.

Аленова  Гулимхан  Шакизадаевна       

Басқа материалдар                                                             


2 ПІКІРЛЕР

ПІКІР ҚАЛДЫРУ