Тәрбиеші болу үшін… (Эссе)

1
5084
«Мен осындай баламын» тәрбие сағаты

«Қазақтың қаны бір, жаны бір жолбасшы — мұғалім. Еліміздің аз ғана жылдық ояну дәуіріне баға беру үшін алты алаштың баласы бас қосса, қадірлі орын мұғалімдердікі»,- деген қазақтың кемеңгер ақыны М. Жұмабаев.

Ертеңгі күннің бүгінгіден гөрі жақынырақ болуына ықпал етіп, адамзат қоғамын алға апаратын құдіретті күш тек білімге ғана тән. Демек қай елдің болсын өркендеуі, өркениетті дүниеде өзіндік орын алуы білім саласының даму бағытына тікелей байланысты.

Еліміз өркениетті елдер қатарынан орын алып, ұрпағымыз қоғам қажеттігіне сай болып жатса, бұл ұстаздар еңбегінің жемісі деп білемін. Олай дейтінім ақынды да, батырды да, алыпты да, дананы да ұстаздар тәрбиелейді. Мен үшін ең қастерлі де қасиетті мамандық ол ұстаздық. Олар әрқашан да құрметке лайық.

ТӘРБИЕШІ! Бұл әрдайым үлкен әріппен жазылуға тиіс мазмұнды сөз деп танимын. Өйткені, біз елдің ертеңгі азаматтарын тәрбиелеудеміз.Тәрбиеші яғни біздер – тәрбиеші болу үшін өзіміз тәрбиелі болуымыз керек. Мен өзімді тәрбиелі тәрбиеші қатарына жатқызамын. Адамзат баласының алтын тәжі, асылы Пайғамбарымыз Мұхаммед хадис шарифінде былай дейді: «Адам баласының бойында бір кесек ет бар, егер сол ет дұрыс болса, сол адам дұрыс болғаны, ал егер сол ет дұрыс болмаса онда барлық дене бүлінеді» деген екен. Мен осы қағиданы өмірлік тәжірибемде ұстанып келемін.

Мен ұстазбын, мен мұғаліммін, мен жас ұрпақты тәрбиелеуде аянбай еңбек етуді ұран еткен тәлімі терең тәрбиешімін. Осы салада қызмет еткеніме биыл 7 жыл толмақ. Мен балабақшаға, балаларға бауыр басқаным соншалық басқа салада жұмыс жасауды мүлде елестете алмаймын. Балабақшада жақсы жетістіктерге қол жеткізіп, ата-ана ықыласына, алғысына бөлене бастадым.

Әрбір түлектеріңді ұядан ұшырған кезде қимастық сезіммен қоштасатын едім. Күнде ертеңгісін балаақшада жас бүлдіршіндерді қарсы алып, олардың жағымды үндерін, сыңғырлаған тәтті күлкілерін, «Сәлеметсіз бе!» — деген сөздерін естігенде, бойым бір серпіліп қалғандай болады. Әрдайым балалардың маған деген ықыласын, маған ұмтылған үмітке толы көздерін, не нәрсе білуге құштар, шабытты, сұраулы жанарларын байқаймын.

Алдымда отырған жас шыбық, яғни балаларды тәрбиелеуде оларды ертеңгі күні білімді, адамгершілігі мол, қоғамды өркендетуде қарымы мен қабілеті жететін азамат, жеке тұлға етіп тәрбиелеу үшін, балаларды дұрыс ойлап, ойын толық жеткізе білуге үйретудемін.

Менің тәрбиеші ретінде міндетім жеке тұлғаны қалыптастыруға атсалысу, жас бүлдіршіндерді білім нәрімен сусындату, оларды дұрыс ойлап, дұрыс сөйлеуіне мән бере отырып жаңа технологияларды тиімді пайдалану. Осы қиын да, қызық мамандық мені еш жалықтырған емес, қайта күннен күнге құлшынысымды арттырып, жаңа жолдар мен шешімдерді, жаңа әдіс – тәсілдерді іздеуге итермелейді. Сондықтан ұстазға жүктелген міндет ауыр.

Егеменді еліміздің дүние жүзі елдерімен терезесі тең болуы үшін оның негізгі тұтқасын ұстайтын болашақ жас ұрпақ. Қазірге кезеңде білім берудің сапасын жақсарту, әдістемелік негізін өзгерту заман талабына сәйкес туындап отырған қажеттілік.

МАҚСАТЫМ: рухани бай, ізденімпаз, адамгершілігі мол білімді шәкірт тәрбиелеу, қызметімді адал еңбекпен жүзеге асыру. Тәрбиеші болу оңай көрінгенмен, нағыз тәрбиеші болу екінің қолынан келе бермейді. Ұстаз жолы қиыншылығы мен рахаты бір басқа жетерлік мамандық атаулысының ұлысы.

«Ел есінде қалғың келсе ас бер, он жыл қалғың келсе ағаш отырғыз, ал мәңгі қалғың келсе бала тәрбиеле»- дейді дана халық. Жасыратыны жоқ ,осы мамандықты таңдаған жандардың кәсібіне көңілі толмай, қиындығын айтатындары баршылық. Мен балабақшада еңбек етуден жалыққан емеспін. Өйткені менің жас бүлдіршіндерге арнаған осы уақытымды, бақытты кездерім деп айта аламын. Себебі балаларды тәрбиелей, оқыта жүріп өзімде көп нәрсені үйреніп келемін.

Ұйымдастырылған оқу қызметінде жаңа технологияларды қолданып, баланың өз бетімен жұмыс жасауына, берілген тапсырмаларды дұрыс әрі ұқыпты орындауына аса көңіл бөлемін. Өз білгенімді көңілге түйіп, көргенімді қолмен ұстап, әр ұйымдастырылған оқу қызметінде балаларыма жаңашыл технологиялардың көмегімен қызықты да түсінікті етіп меңгертуге, алдағы жоспарымды жаңаша оқытуға күш жігерімді салуға тырысудамын.

«Әлемнің өзгеруін қаласаң, сол өзгерістің алғашқысы өзің бол» демекші, кез-келген тәрбиеші соңғы ақпараттық технологияны еркін меңгерген болуы тиіс. Себебі, үнемі өзгеріс үстіндегі жаһандану заманында бізге жүктелген міндеттің салмағы ауыр екені сөзсіз. Жан-жақты тәрбиеші болу заманның талабы. Тәрбиеші өткен тәжірибесін жаңамен ұштастыра алатын, кәсіби қызығушылығы жоғары, танымы биік, бастаған ісінің нәтижесін көре алатын, оқытудың әдістемелік жаңалықтарынан хабардар болуы абзал.

Себебі мен балаға жеткізгелі отырған мәліметті толық зерттеп аламын. Әрбір оқу қызметім балалар үшін өз құпиясын ашқан сыр сандықтай болса, өзім сол жұмбақ әлемнің сиқыршысындай боламын. Әр күннің сәтті шығуы, әрине өзіме байланысты.

Жас шыбықты тәрбиелеуде ерекше қабілет пен асқан біліктілік, асқан сүйіспеншілік керек. Өз педагогикалық тәжірибемде, қандай білім саласы болмасын әр жұмыстың тартымды, сәтті шығуы оқу қызметі үстіндегі қарым-қатынасты шебер ұйымдастыра білуіне байланысты екеніне көзім жетіп жүр, және мен сондай тәрбиешінің қатарынанмын деп мақтана айта аламын.

Осы уақытқа дейін көңілге түйгенім, баламен қарым-қатынаста кішіпейілділік пен мәдениеттілік, шын жүректілік пен ізгі ниеттілік бірінші кезекте тұру керектігіне көзім жетті. Тәрбиеші – деген атқа толықтай лайықты болу керек. «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие беру керек, тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы» деген ұлағатты сөз әр кез еске түседі.

Менің қызмет жолындағы басты ұстанымым алдымен балаларды қызықтыру, содан соң үйрету. Әрбір оқу қызметін бастамас бұрын балаларға тосын яғни ойын арқылы қызықтырып алған ұнайды. Өзімді жұмыс барысында балаларға бағыт беруші, жол сілтеуші сезінемін.

Әрбір ұйымдастырылған оқу қызметтерімде ТРИЗ, Тәй-тәй, Асық ,Монтессори технологияларын жиі пайдаланамын. Алдағы уақытта эбру технологиясымен жұмыс жасауды қолға алуды ұйғардым. Жалпы «эбру» технологиясы су бетіне сурет салу. Бұл технологияны қолға алмас бұрын балаларға тиімді жағын зерттеп-зерделеп алудамын.

Мысалы ТРИЗ технологиясы – бұл ең жас, әрі кең тараған технология. Бұл баланы ұялшақтықтан, тұйықтықтан, жасқаншақтықтан арылтады.Көп қиялдап, ойлап тауып, шығармашыл болады. Тризшылардың ұраны «барлығын айтуға болады».

Мен ТРИЗ технологиясының мектеп жасына дейінгі балаларға арналған әдіс-тәсілдерінің ішінде: миға шабуыл, сиқырлы обьектілер әдісі, топтастыру әдісі,қарама-қайшылықтарды шешу әдісін көбірек қолданамын, және де мына ойындарды балалармен ойнауға тиімді деп таңдап алдым: «Жақсы-жаман», «бейне құрастыр», «сипаттау», «не артық»т.б.

Мысалы: «жақсы жаман» ойынын алатын болсақ, ол баланы қоршаған ортадағы заттар мен нысандардың жақсы, жаман жақтарын ажыратуды үйретеді. Мысал:

Т: — Кәмпит жеген жақсы. Неге?

Б: — Себебі ол тәтті.

Т: — Кәмпит жеген жаман. Неге?

Б: — Себебі тісің ауырады.

«Сипаттау» ойынын алатын болсақ:

-Көйлектің түсі жасыл

-Көйлек матадан тігілген

-Көйлек киім

-Көйлекті әже, ана, қыздар киеді.

«Асық» технологиясына келер болсақ біздің балабақшамыз биылғы жылдан бастап қолданысқа енгізе бастады. Аз уақыт ішінде «асық» технологиясын қолданысқа енгізу барысында, балалардың біршама жетістіктері байқалды.

Жаңа технологиялардың ішінде өзімнің жаныма жақыны ол Монтессори технологиясы. Жаныма жақын деп айтатын себебім біздің жылдық жоспарымыз «Балалардың ұсақ қол моторикасын дамыту арқылы ой-өрісін арттыру». Монтессори технологиясын зерттегеніме 3 жыл болды.

Осы қызығушылығымды арттыру мақсатымда басшылыққа ұсыныс тастаған болатынмын. Соның нәтижесінде 2 жыл бұрын монтессори кабинеті толыққанды жабдықталып қолданысқа берілді. Бұл кабинетті жасақтаудағы басты мақсатым ерекше білімді қажет ететін балаларды бөліп жармай, бар күш-жігерімді аямай дені сау балалар қатарына қосу және түзету мен дамыту үдерістерін іске асыру.

Біздің балабақшамызда ерекше білімді қажет ететін балалар болды. Соның ішінде атап айтатын болсам Ізтұрған Аңсар жеке жұмыстануды ерекше қажет ететін бала болды. Ол балабақшаға алғаш келгенде басқа балалармен салыстырғанда ойлау деңгейі біршама төмен болды. Мен осы баламен жұмыстануға оқу қызметінен бөлек өз алдыма мақсат қойдым. Күннің 2-ші жартысында әр аптаның сейсенбі және жұма күндері жеке жұмыс жасадым. Осы баламен жұмыстану барысында нәтижесі көңіл толтырарлықтай.

Сонымен қатар «Үштік одақ» яғни, ата-ана, бала, тәрбиеші, осы одақ тығыз байланыста болуы керек. Себебі тәрбие отбасынан басталатындықтан тәрбиеленушінің жанұясымен тығыз байланыста болуды да мақсат еттім. Ата- аналармен жұмыс барысында үнемі кеңестер беріп отырамын. Тәрбиеші ақылды, адамгершілігі мол, білімді болса ата-ана оған келіп құлайды. Сондықтан

баланың ата-анасымен бірлікте, тату болу керек. Оны мен тәжірибемде байқап та жүрмін. Осы ретте Аңсардың анасының пікірін назарларыңызға ұсынғым келіп отыр. (видеоролик.)

Қорытынды:

Сөз соңын ұлылардың сөзімен аяқтағым келіп тұр. Абай атамыз айтқан «Ұстазсыз шәкірт тұл, шәкіртсіз ұстаз тұл» осындай үлкен ұғымдағы ұстаздық қасиетке барынша адалдық танытып, бар ғұмырын ұстаздық саласына арнау әрбір адамның қолынан келе бермейтін іс.

Мен заманауи педагог ретінде түйгенім балаларды тәрбиелеуде, білім беруде аянбай еңбек етіп, балалардың болашағынан көп үміт күтуге болатынына көзім жетті. Ендеше мен әрдайым балаларыммен бірге болып, оларды жетелеуді мақсат етіп қоямын. Білім мен тәрбие беру ісінде әр жұмысымды маңызды етіп өткізуге тырысамын.

 

А.Дуйсенбаева

«Айналайын» балабақшасы 

 

Басқа материалдар


1 ПІКІР

  1. Мына тәрбиешінің сөз саптауы, өз ойын жеткізуі ұнады. Жалаң сөзден гөрі, іс-тәжірибесі жайлы жазғаны ұнады, сол тәжірибесімен бөліскені ұнады. Жалпы әркім өзі бастан өткізіп, оң баға алған тәжірибелерімен бөліскендері жақсы болады: біреуге өнеге, екіншіге үйренуге көмектеседі. Жалпы адам баласы жақсы істерімен бөлісіп отырса, мына өмір де жақсы бола береді.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ