ТҮРКIЛЕРДIҢ ИСЛАМ ТАРИХЫ ЖӘНЕ МӘДЕНИЕТIНДЕГI ЕРЕКШЕ ОРНЫ

0
1269
Әбіш Кекілбаев

ТҮРКIЛЕРДIҢ ИСЛАМ ТАРИХЫ ЖӘНЕ МӘДЕНИЕТIНДЕГI ЕРЕКШЕ ОРНЫ

Исламият алып елдердің, мәселен Әмәуи (661-750), Аббаси (751-1258), Селжүк (1040-1157), Осман (1299-1922) патшалықтары сықылды әлемдiк мемлекеттердің ресми дiнi болған дәуiрде, азат етiлген немесе олжаланған өңiрлердiң тұрғындарын жаппай дiнге енгiзу яки мұсылман болуға зорлау уақиғалары байқалмайды. Әуелi, ғайримұслимдерді мұсылмандандыру туралы қажеттiлiк һәм мемлекеттік саясат болмаған секілді. Бодандар мен қамқорлыққа (вассал) алынған елдерге толық еркiндiк берiлген.

Ислам билiгiндегi жөһит, несториан, православ, католик, бұдда дiндерiнiң мансұбтары шат-шадыман өмiр сүрген, олар дiни-рухани өмiрiнiң ең гүлденген дәуiрiне мұсылмандардың жанашырлығының арқасында жеткен. Мисалы, сан ғасырлар бойы Османияның билiгiнде болған Грекия, Бұлғарыстан, Мажарыстан, Сербістан, Рұмыныстан, Әрмәния, Гүржістан (Грузия) сықылды мемлекеттер; Африкадағы мұсылман билеушiлердiң құзырында болған халықтар; Моғолдардың иелiгiнде болған Үндiстан халықтары өз дiнiнен аластатылған емес. Олардың өз дiнiн, тiлiн, әлiппесiн һәм ежелгi салт дәстүрiн емiн-еркiн сақтап келгенi айқын.

Мәзкүр (аталмыш) елдерде Исламияттың жайылуы ғасырларға созылған табиғи барыстардан (процесс) кейiн, яғни қабылдаушы адамдардың өз ықтиярымен болғаны байқалады. Мұсылман билеушiлердің әдiлеттiлiгiн көрiп, осы дiннiң мансұбтарының таң қаларлық сипаттарымен танысқан басқа дiн уәкiлдерi аралас-құралас мұсылман қоғамдарын қалыптастырған. 1372 ж. қайтыс болған Ибни Кәсiрдiң “әл-Бидая уән-Ниһәя” атты кiтабында айтуына қарағанда, Мұса Нұсайырұлы Солтүстiк Африка аймақтарын мұсылман билiгiне қосқаннан соң, жергiлiктi халықтар еркiнше иман келтірген. Түркiстан өңiрiне Ислам билiгiн әкелген басшылардың аса даңқтысы, ақылгөйі һәм мұжаһиді Ғазы Құтайба Мүслiмұлы едi. Аталмыш кiтаптың 167-бетiнде Ибни Кәсiр былай дейдi: “Құтайба Мүсiлiмұлының еңбегiмен шексiз көп адам мұсылман болды, олардың дәл санын Аллаһ Тағала ғана бiледi!”.

Әсiресе, X-ғасырда мұсылманшылықтың толқын-толқын таралғаны байқалады. Со кездегi Орта Азия тұрғындарының лек-лек болып Исламға қосылғаны тарихи әдебиеттерде баяндалады. Мәселен, 960 ж. 200 мың шатыр (үй/түтін) түркi халқы Ислам дiнiн қабылдаған. Ұзақ саны 2 миллионға жететiн осы көпшiлiктiң мұсылмандыққа кiруi бәшәриет уә түркi халықтарының тарихындағы аса iрi уақиға. 1232 ж. қайтыс болған көрнектi тарихшы Ибн әл-Әсир осы уақиғаны қысқа һәм нұсқа ғып келтiрген; “Түрiктерден екi жүз мың шатыр адам мұсылман болды!”.

Шындығына келгенде, Әмәуи дәуiрiнде басталып, Аббаси дәуiрiнде кемеліне жеткен түрiк қуаты, түрік факторы 10 ғасырдан астам уақыт Исламияттың қызметшiсi һәм қылышы болғаны хақ /[4]/. Ислам дiнiнiң осы күнгi жағырапияларға таралуында, ғылым-бiлiм, техника, өнер салаларындағы теңдессіз туындыларда түркі халықтарының үлесi мұғаззам (аса зор). XXI-ғасырға қадам басайық деп тұрған шақта, түркiлердің Ислам үмбетiнiң құрамындағы және халықаралық аренадағы маңыздылығының тағы да өсiп келе жатқанын байқаймыз. Иә, осы түркі халықтары құрған мемлекеттер мұсылман үмбетiнiң басын қосқан, бiр билiкке ұюына атсалысқан, Қытай мұхитынан Әндүлүске, яғни Атлант мұхитына дейiнгi шетсiз-қиырсыз аумақтағы мұсылмандардың бiртұтас сипаттарға ие болуына қызмет еткен-ді.

Пайғамбарымыздың замандас түрiк қағандығы және түрiктер туралы хабардар болғаны, хатта түрiктер хақында хадистер айтқаны көптеген әдебиеттерде келтiрiледi. Жоғарыдағы тарауларда көрсетілген “Түрiктер сендерге тиiспесе, сендер де оларға тиiспеңдер!” сықылды хадистер осының айғағы болса керек.

Ұзақ ғасырлар бойы Ислам әлемiнiң дүние жүзiлiк саясаттағы уәкiлшiлiгiн түркілер жасағаны мәлiм. Негiзiнен миладтан бұрынғы ғасырларда белгілі мөлшерде отырықшы болған, кейін көбінесе көшпелi өмiр салтын ұстанған түркі халықтарының ұлан-ғайыр аумаққа тарап, әр түрлі бөтен ұлттармен бiрге өмiр сүрiп, олардың мәдениетiнiң, дiнi мен тiлiнiң тәсiрiне ұшырағаны мәлiм. Кей жағдайларда антропологиялық кескiн де мүлдем өзгерiп кеткен. Оғыз тобындағы батыс түркілері ежелгі бракисефальдық кескінін сақтағанымен, қарлұқ-қыпшақ тобындағы шығыс түркілері мұңғұлбейнелі (монголоид) типке қосылған. Мәдени ықпалдасудың қаншалықты дәрежеге жеткенi Орхон тастарында, түрiк қағанаты құлап бара жатқан шақтың өзiнде ел билеушi ханзадалардың, бекзаттардың, ақсүйектердің табғачтарға (қытайларға) елiктегенi, ат пен атақтарын қытайшалағаны суреттеліп, ашына мысал етiледi.

Әсіре ұлтшы зерттеушi Зәкария Китапчының пiкiрi бойынша түрiктер арасында таралған Арилық және Сами (семит) дiндер, атап айтқанда бұддашылық, отқақұлдық, христиандық түрiктердiң мәрттiк, батырлық, жауынгерлiк сықылды ұлттық қасиеттерiн, аң-сезiмiн қоректендiрудiң орнына қаймықтырушы рөл атқарған. Нәсілшіл автор аталған еңбегiнде Жiбек жолы керуендерi арқалы жиi жолаушылайтұғын миссионерлердiң жылмың еңбегiнiң арқасында көптеген түрiктердiң бұдда дiнiне кiргенiн айта келiп, дiн ауыстырудың жоғары дәрежелі мемлекет қайраткерлерiне дейiн жұққанын мысалға келтіреді. Шынында, атақты түрiк билеушісі Бiлге қаған бұддашылықты түрiк мемлекетiнiң ресми дiнiне айналдыру туралы ұсыныс жасаған-ды. Бiлге қаған “Қытай патша әулетiнiң ресми, мемлекеттiк дiнi бар, түрiк мемлекетiнiң де ұлттық дiнi болу керек” деп, осындай ойға келгенiн айтады. Алайда, қытай елiнде оқып, тәлiм-тәрбие алған Тонйұқұқ (644/646?-731) уәзiр, қағанға бұдда дiнiнiң түрiктердiң жауынгерлiк рұхына сәйкес келмейтұғынын, мемлекеттiк билiкке керi ықпал тигiзетұғынын айтып, әрең-зорға дегенде райынан қайтарады.

Жоғарыда келтiрiлген дәйектерден байқалғандай, Исламға дейiн түркi халықтарында тұтастай біркелкі бір дiн болған емес. Түрiк ұлыстары, тайпалары мәдениет сатысы өскен сайын көптәңiрлi нанымдардан алыстап бірте-бірте бiр-тәңiрлi дiндерді қабылдай бастаған. Олардың Исламияттан бұрын тұрпайы қоғамдарға тән дiндерді тастап, отқақұлдық, бұддашылық, манихейшілік т.т. сықылды өз шамасынша ахлақи (этикалық) және фәлсәфалық түсiнiктерi бар нанымдарды қабылдауы табиғи құбылыс. Орталық Азияда наным-сенімдердің таралу үрдісін былайша көрсетуге болатын секілді:

Тотемизм

Анимизм

Натұризм

Ханиф Діні Зороастризм ИСЛАМ

(Ежелгі Ислам) Манихейзм

Бұддизм

Йаһұдилік

Христиандық

Мүмкiн, осы сатылардан өтудiң өзi хақ дiн Исламның теңдессіз алыптығын, шексiз ұлылығын, Бiр Аллаһ Тағалаға ғана тәсiлiм болатұғын ықыласын, шынайылығын түсiнуге зерделердi, жүректердi дайындаған шығар. Бiртәңiрлi дiндердi кезегiмен жөһиттiк, христиандық ретiнде қабылдағаннан кейiн, Ислам туын көтерген Пайғамбарымыздың VII-ғасырда хақ дiнге бүтiн адамзатты шақыруына түрiк ұлыстары да қүлшына һәм ұмтыла қосылғаны хақ! Содан бастап Исламият барша түрiктердің бiртұтас дiнiне айналды, олардың бiртұтас ұлт болып қалыптасуына ұйытқы болды, өзара қырғын соғыстарды тоқтатты, тiлдiң бiркелкiлiгiн сақтады!

Түркілер Исламның жауынгерi һәм жаршысы сипатында тарихта аса маңызды орынға ие болды. Еуропалықтар үшін түрiк және мұсылман атаулары мағна жағынан тым жақын сөздерге айналды, тіпті синоним болып кетті десек жаңылмаспыз. Түркілер Африка құрлығының iшкi аймақтарында, Еуропаның орталық елдерінде, Азия құрлығының көптеген түкпiрлерiнде Исламның нұрын шашқан, Исламдық құрылымдар мен ұғымдарды апарған, орналастырған, әдiлеттiліктің белгiсiне айналған мұсылман халқы болды.

Осы күннiң өзiнде Еуропаның барлық елдерінде, Америка құрлықтарында, Тынық Мұхиттағы дәулеттерде мектептер, мешiттер, қоғамдар ашып, мұсылманшылықтың қызметiн iстеп жатқан тағы солар. Түрiктер бұрынғы дiндердiң ешқайсысына осындай берiк болып, құрбандыққа жанын фида еткен емес. Шынтуайттап айтатұғын болсақ, бұрынғы дiндердiң бүгiнде аты аталғанымен заты түгiмен жоғалып кеткен. Осы тұрғыда белгiлi ағылшын ғалым Леуис (Lewis) былай дейдi ;

“Түрiктер Исламға кiргеннен соң, олар осы дiннiң арқасында жап-жаңа бiр тұлғаға ие болды және де олар өздерiнiң өткен тарихтағы қылықтарынан тез алшақтап кетті, тiптi ұмытып кеткен деуге болады”.

Ислам түрiктердiң жүрегiне соншалықты орналасқан-кім, оны қияметке шейiн ешкiм орнынан қозғалта алмақ емес. Тарихта болған көптеген тырыспалардың нәтиже бермегенiн көкiрегi ояу ағайын өте жақсы бiледi.

Түрiктердiң Ислам тарихында жасаған еңбегi мен қызметiнiң көлемiн осы кітаптың құрамында айтып жеткiзу мүмкiн емес. Аллаһ Тағала қасиеттi Құран Кәрiмнiң Маида сүресiнiң 54-аятында мұсылман үмбетiне былай деп бұйырған;

“5/54: Ей имандылар! Сендерден кім діннен қайтса, ол білсін-кім, шүбәсiз Аллаһ Өзi сүйетін һәм олар да Оны сүйетін, мүминдерге дегенде өте кiшiбейiлдi, кәпiрлерге дегенде абыройлы уә паң бiр қауымды әкеледi! Олар Аллаһ жолында күреседі және ешкiмнiң сөгуiнен, жазғыруынан тайсалмайды. Бұл, Аллаһ тарапынан бiр абырой және мейiрiм, оны кiмге қаласа соған бередi! Аллаһ, ихсаны мол, ең көп бiлiмдi!”.

Тарих беттерiн ашқанымызда Аллаһ Тағаланың Құранында баяндалған осы уағдасын орындағанын көремiз, ағайын. Ислам нұрымен абыройланған түркiлердiң алдында, ендеше, аса ұлық мақсаттар пайда болған-ды: Аллаһ ризалығы үшiн өмiр кешу, Оның Баянын жан-жаққа тарату, Исламның хақ туын шартарапта желбiрету! 623 жыл құдіреттілікпен, абыройлылықпен билiк жүргiзген Осман Патшалығы осының нағыз айғағы. Түркiлер өздерінің кеңбейілділік, мәрттік, жомарттық, батырлық сықылды қасиеттерiн одан ары дамытқан хақ дiннің жолында бiр сәт ойланбай жанын фида ететұғын, сондай шәһидтер қиыр шығыстан қиыр батысқа дейiнгі топырақтарда, өздерiнiң мәңгiлiк мекенiнде жатыр, оларды өлiктер деуге болмайды, үйткенi, олар шәһидтер!

Ислам дiнiнiң түркілердiң ұлттық қасиеттерiн қорғап қана қалмай, одан ары дамытқанын жоғарыда атап өттiк. Бұл шындық тек қана түркiлер үшiн емес, Исламиятты қабылдаған басқа ұлттардың барлығында бірдей. Ислам дiнiн қабылдаған түркi халықтарының ешқайсысы да араб болған жоқ. Керiсiнше, арабтар, парсылар және мұңғұлдар түрiктенiп кетті. Бұл Исламның бiр ұлтқа ғана тән дiн емес екендiгiн, күллі адамзаттың дiнi екенiн дәлелдейдi.

Мұсылмандық дәуірде Жүсіп Хас Хажибтің Құтты Бiлiк” (1069-70), Қашғарлық Махмұдтың“Түрік Лұғатының Диуаны” (1072-74), Әбіл Қасым Махмұд Омарұлы әз-Замахшаридің (1075-1144) “Мұқаддимат-ұл Әдеб”, Сүлеймен Бақырғанидің (1104-1186) “Бақырғани Кітабы” (XII ғ.), Ахмед Йүгнекидің “Һибат-ұл Хақайық” (XII-XIII ғ.), “Қорқыт Ата Кітабы” (XIV-XVI ғғ.), Ахмед Йесеуидің “Хикмет Диуаны”, “Оғұзнама” (XIV-XV ғғ.), Насреддин Рабғұзидің “Қиссас әл-Әнбия” (1310), Құтыб жазған “Хұсрау уә Ширин” (1341-1342), Хорезми жазған “Мұхаббат-нама” (1353), Хұсам Кәтібтің “Жұм-жұма Сұлтан” (1370) нәсірі, Сәйфи Сарайи (1320-1396) жазған “Гүлистан би-т-Тұрки” (аударма, 1391 ж.), Сәййід Ахмедтің “Тағашшұқ-нама” (1435-36) атты еңбегі т.т. жазылды, яғни түрiк әдебиетiнің алтын дәуiрi Исламнан кейiн ғана басталды.

Исламнан бұрынғы тарих пен әдебиет туралы шағын мөлшерде ғана (тас жазулар, ыдыстар) материал болғанымен, Ислам дәуiрінен қалған әдебиет пен өнер туындылары бүгiнде мұсылман елдерiнiң мұражайлары мен архивтерiн толтырып, бұған қоса Лондон, С. Петірбор, Мәскеу, Парис, Берлин, Рим, Нью-Йорк, Вена, Пекин, Киото, Ватикан т.т. қалаларындағы кітапханалар мен мұражайлардың ең бағалы экспонаттары қатарында аталуда. Ислам дәуіріндегі әдебиет шығармаларымызды 100 мыңдық, миллиондық цифрлармен ғана айтуға болады.

Исламият дәуірінде түркі тілдерінің зерттелуіне, үйретілуіне, жоғары оқу орындарында (медреселер) сабақ ретінде оқытлыуына мүмкіндік жасалды. Мәселен, Мұхтар Махмұдұлы әз-Закиди, Махмұд Ахмедұлы Мұсаұлы сықылды мәшһүр араб ғалымдары Сарай қаласында ғылыми жұмыстармен шұғылданған. Осы сәтте, мұсылман-қыпшақ ғалымдар Махмұд Фатшаһұлы әс-Сарайи, Шаһабұддин әс-Сарайи, Махмұд Абдұллаһұлы әс-Сарайи Ислам әлемінің мәшһүр орталықтарынан Қаһирада сабақ оқушы еді.

Түрік тілінің грамматикасы, сөз байлығы туралы мұсылман авторлар тарапынан жазылған еңбектерден бірнешеуін атайық: Әбу Хайан жазған “Китаб әл-Идрак ли лисан әл-Әтрак” (Түрік тілінің түсіндірме кітабы), жазушысы беймәлім “Китаб әт-Тұхфат әз-Зәкия фи лұғат әт-Түркиййа” (Түрік тілі туралы ерекше зерделі кітап), “әл-Қауа-а-нийн әл-Кұллия ли-забт әл-Лұғат әт-Тұркиййа” (Түрік тіліне толық ие болдыратын құрал). Мұның бәрі де мұсылмандардың түрік тілін зерттеуге һәм үйретуге қатты назар бөлгенін дәлелдейді.

Жә, ендi, басқа дiнге енген түркi тектес халықтардың тiлден уә ұлттық қасиеттерден айырылғаны байқалады: мәселен, бұлғарлар (Дұнайлық) мен мажарлар осының дәлелi. Африкадағы көптеген тайпалардың христиан болғаннан кейiн туған тiлiнен айырылып қалғаны баршаға мәлiм. Олардың көбiсi не фырансызша не ағылшынша сөйлейдi, есiмдерi де не ағылшынша, не фырансызша аталады. Мұсылманшылық кісі аттарын ғұрыптық нәрсе деп бағалайды да бұған араласпайды; мәселен, бүгiнгi күннiң өзiнде түркiлер арасында Исламнан бұрынғы дәуірдің яки Исламнан кейінгі ғайримұслим адамдардың аттары кездесе бередi; мәселен, Түркияда Ескендір, Мете (Моде), Истеми, Билге, Аттила (Еділ), Шыңғыс, Ильхан, Құбылай есiмдерi жиi кезігеді. Орталық Азияда Шыңғыс есімі көбінесе қазақ-қырғыздарда кезігеді. Бұған мұсылманшылықтың кедергi жасамағаны анық.

Ислам дiнi бiрiктiрушi, бiрлестiрушi дiн. Өзiнiң аясына кiрген барлық халықтарды, ұлттар мен ұлыстарды өңiне, санына, байлығына қарамастан бiрiктiрген, бiр күмбездiң астында араластырған ұлық дiн. Балқан елдерiндегi түркi халықтары мен қазақтардың яки ойғырлардың тәржiмәшiсiз сөйлесiп, бiрін-бiрi ұғынысып жатқаны, әрине Исламның берекешiлдiлiгi, ұйымшылдығы. Ал, жағырапия жағынан түбiмiзде тұрған, бiрақ басқа дiндерге ауып кеткен хақас, тува, саха сықылды түркi тілді халықтармен не орысша немесе аудармашы арқалы ғана сөйлесе аламыз.

Олар сiздiң бісмілләңізді, ассалаумағалайкiмiңiздi, жәрекемаллаңызды, бәрекелдіңізді, жарапазаныңызды, құрбан айтыңызды, қажылығыңызды, ылайымыңызды(Иләһым), сүндет тойыңызды, ауызашарыңызды, қарилығыңызды, дұғай сәлеміңізді т.т. әрине білмейді. Демек, Ислам иманының дәмiн татқан түркiлер ғана емес, барлық мұсылмандардың жалпы ортақ дәстүрге, сезiмге, түсiнiкке ие екенi хақ.

Ислам тарихының алуан түрлiлiгi, орасан зор байлығы уә жан-жақтылығы тiкелей Орталық Азияға қатысты. Орталық Азияда Ислам тарихының ең мәшһүр тұлғалары, Құран мен Хадис ғалымдары өмір сүрді, шаирлар, қаламгерлер, даналар, өнерпаздар керемет туындылары арқалы Исламдық мұрағаттарға өз үлесiн қосты. Самарқанд, Бұхара, Хорасан, Мәру, Йесе, Тараз, Отырар, Исфижаб секiлдi Түркiстан қалалары ғасырлар бойы Ислам мәдениетi мен өркениетiнiң ең беделдi орталықтары болды. Мұсылмандардың ғылымдағы, өнердегі жетістіктері күллі адамзаттың игілігіне ұсынылды.

Түркiлер Исламиятты қабылдаған соң Ислам әлемiнде өздерiне тән ерекше мәртебелі орынды иемденді. Алғашында арабтардың хакiмиятында болған олар кейiнiрек саяси һәм әскери салада аса маңызды күшке ие болды. Жазба құжаттарда арабтардың түркiлердi Исламнан бұрынырақ аз да болса білетіні туралы мәліметтер келтіріледі. Екi халықтың тығыз қарым-қатынасы халифа Әділетті Омар кезiнде Иран мен Хорасан өлкелерiнiң мұсылман билiгiне енуiнен кейiн басталды. Деректер халифа әл-Мансұр дәуiрiн (754-775) түркiлердiң Ислам әлемiне терең сiңiп, үстем күш бола бастаған кезең деп белгiлейдi.

Халифа әл-Мағмұн билеген 813-833 жж. Орта Азия аймақтарының маңыздылығы арта түседі. Үйткені, әл-Мағмұнның әкесі Һарұн әр-Рәшид (786-809) өз кезінде Иран мен Тұран аймақтарының әміршісі еді. Ол 813 ж. бауыры әл-Әминді жеңіп, халифа болғанымен Мәру қаласынан кетпейді, оның мақсаты Мәруді Аббаси әулетінің орталық қаласы жасау еді. Бірақ, орталық болып қалыптасып қалған Бағдадтағы кейбір қарсылас күштер Ибраһим әл-Мәһдиұлын халифа етіп жариядайды. Мұндай жағдайда, әл-Мағмұн Бағдадқа баруға мәжбүр болады. Әл-Мағмұнның билігінде халифалықта түркілердің күш-қуаты мейлінше артады.

Атақты халифа Һарұн әр-Рәшид (786-809) арнайы сақшыларының (мұхафыздар) айтарлықтай бөлiгiн түрік жауынгерлерiнен құраушы еді. Әл-Жәһиз (776?-869) “Түрiктердiң үстемдiктерi” атты еңбегiнде Ибн Абди Раббиһтiң осы мәселе туралы былай дегенiн нақыл етедi; “Халифа Һарұн әл-Рәшидке Үндiстаннан елшiлер тарту-таралғыларын алып келгенде, халифа түрік әскерлерiне салтанатты түрде сапқа тұруды бұйырды. Олар елшiлер жүретiн жол бойынша екi сап түздi.

Түркi жауынгерлер сауыттарын кигенi соншалық, олардың көзiнен басқа еш жерi көрiнбеушi едi”. Һарұн әр-Рәшидтiң (786-809) ең беделдi сардарлары түрік-соғдылардан едi. Мисалы, һижраның 170 ж. Е.Ф. әт-Түрки атындағы қолбасы халифаның бұйрығымен осы күнгi Түркиядағы Тарсұс қаласын орнатады және сонда Хорасаннан уә басқа өңiрлерден көшіп келген мұсылмандарды орналастырады.

Халифалар әл-Мағмұн (813-833) мен әл-Мұғтасым (833-842) дәуiрiнде болса түркiлердiң хилафат әскериесiндегi маңызы одан ары артып, әскериенiң басым көпшiлiгi тек түркiлерден ғана құралатұғын болады. Сол түркiлердiң iшiнен көптеген мемлекет қайраткерлерi мен қолбасылар шықты. Түркiлерден құралған түмендердiң қаһармандығы мен соғыс өнерi мұсылман елдерiнде ғана емес, сонымен қатар басқа да алып мемлекеттерде аңызға айналған-ды. Бартольдтың пiкiрiнше мұсылмандардың Бизантияны (395-1453) түбегейлi жеңiлiске ұшыратуы халифалықта түрiк билiгi орнағаннан кейiн ғана мүмкiн болған.

Сонымен қатар мұсылман түркiлер тарапынан құрылған мұғаззам мемлекеттердiң, патшалықтардың жалпы тарихтағы орасан маңызды, айрықша орнын күллі жиһан мойындайды; Ғазналық Махмұд сонау Х-ғасырда осы күнгi Иран, Ауғаныстан, Пәкiстан және Үндiстанның аумағында алып дәулет құрды. Ол басқарған мемлекеттiң (999-1031) құдiреттiлiгi соншалық, оның беделiн Рим, Қытай сықылды сол заманның алыптары мойындады.

Алман ғалым Хаұссиг түркілердің Исламды қабылдағаннан кейінгі жағдайын бүйтіп суреттейді: “Жаңа дінге (Исламға, М.Ж.) түріктер толқын-толқын қосылды. Орта Азияның оғыздары енді осы мұқаддас (қасиетті) сенімнің қуанышымен қобалжуда еді. Бұл киелі сенімді Сырдарияның ар жағындағы әлі мұсылман болмаған бауырларына қабылдатқызу үшін жиһад етуші еді олар. Орта Азиядағы оғыз руларының осы шабытын Османдықтардың ХV-ХVI ғғ. жиһад һәйежанымен (этнузиазм) ғана салыстыруға болады. Мұсылмандықтың туын көтерген Қарахандық, Ғазналық және Селжүк мемлекеттерін ылғи да осы түріктер құрған еді”.

Әлемнің ең беделді энциклопедияларынан Британникада болса былай деп жазылған: “Орталық Азия Ресей патшалығының ішқалына (оккупация), яғни 1870 жылға дейін Ислам мағарифінің ең маңызды орталығының бірі болды. Осы аймақтың адамдары арабша классикалық әдебиет жасады. Ислам әлемінің тарихындағы ең мәшһүр ғалымдар мен шаирлар, араб немесе парсы тілінде жазғанына қарамастан, осы терииторяның өкілі болды”. Демек, Тұран халықтары араб және парсы тілдерінің өсуіне, дамуына кем дегенде арабтардай еңбек етіп, үлес қосқан.

Қорыта айтқанда, Ислам үмметінің ішінде мұсылман түркілердің орны ерекше. Ислам дінінің шартарапқа жайылуында, мешіттер мен медреселердің ашылуында, ғылыми еңбектердің дүниеге келуінде, мұсылман үмметінің әскери үстемдігінде мұсылман түркілердің орасан маңызды орнын мысалдармен атап көрсеттік. Ендігі міндет, жас ұрпақтарымызға осы сара жолды лайығынша түсіндіруде, қайтадан тарихтағы жетекші орынды жаңғыртуда. Бұл жолда қызмет етуші бауырларыма Аллаһ жар болғай!

[1] Ибни Кәсiр, Әл-Бидәя, 9-том, 172-бет

[2] Ибни Кәсiр, Әл-Бидәя, 9-том, 167-бет

[3] Ибн әл-Әсiр, Әл-Кәмiл, 8-том, 532-бет

[4] Ғалым Бартольд бұл туралы былай деп жазған: «Турки на востоке, как берберы на западе, вообще выступали в роли защитников религии в тех странах, где представители религии вели борьбу с правительством. Махмуд Кашгарский приводит хадис, в котором, со слов пророка, самому Аллаху приписаны слова: «У Меня есть на востоке войско, которое называют турками; когда я разгневаюсь на какой-нибудь народ, я посылаю их на него».» Қараңыз: Бартольд, В.В., Тюрки- Двенадцать лекций…, 65-бет

[5] Әбу Дәуiт, Сұнен-и Әбу Дәуiт, Мысыр баспасы, 4-том, 112-бет, белгiлi араб тарихшысы әл-Жәһиздың 1964-ж. Қаһирада басылған “Ресаил-ұл Жәһиз” деген кiтабының 1-томының 76-бетiнде де осы хадис келтiрiлген.

[6] Философтарымыз бұл жөнінде: «Тарихшы, антропологтардың көрсетуі бойынша халқымыздың ең арғы ата-бабалары- түп түркі, түп мұңғұл және түп тұңғұстардың этник бірлестіктері – неолит (жаңа тас) дәуірі кезінде қалыртасып болды» дейді. Қараңыз: Қасабеков, Аманжол., Алтаев, Жақып., Қазақ Философиясының Тарихына Кіріспе, Алматы, Ер-Дәулет, 1994, 38-бет

[7] Ergin, Muharrem., Orhun Abideleri, Ankara, 1970, 5-6 беттер

[8] Kitapçı, Z., Yeni İslam Tarihi ve Türkistan, 37-бет

[9] Barthold, W.W., Orta Asya Türk Tarihi, 1958. Бұл туралы Л. Гумилев былай деп жазған: “Тонйұқұқ Білге ханмен татуласқан кезде ол басқаша сөйлей бастады: Могилян (Білге) орданы дуалдармен қоршап, Бұдда мен Лао-цзыға храмдар салмақ болды. Тонйұқұқ былай деді: “Түрік халқы өзінің саны жағынан қытайдағы халық санының жүзден бірімен де теңдесе алмайды. Сондықтан ол мемлекетке қарсы тұра алмақ емес. Мұның себебі түріктер шөп пен судың соңында жүріп, өздеріне тұрақты мекен таба алған жоқ. Және әскери істермен ғана шұғылданады. Оның үстіне Бұдда мен Лао-цзы ілімі оларды адамгершілікке, адалдыққа тәрбиелеп, жаугершілікке икемсіз, әлжуаз етеді”. Қараңыз: Гумилев, Л.Н., Көне түріктер, Алматы, Білім, 1994, 334-335 беттер

[10] Lewis, В., The Еmergency of Modern Turkey, London, 325-бет

[11] Құран Кәрім, Маида сүресі (5), 54-аят

[12] Қорқыт Ата Кітабының араб харіптерімен жазылған екі нұсқасы Ватикан және Дрезденде сақтаулы. Қазақшаға алғаш аударған Ә. Қоңыратбаев болды (1986).

[13] Оғыз-нама жырының ойғыр және араб харіптерімен жазылған екі нұсқасы сақталған. Қараңыз: Шербак, А.М., Огуз-нама, Москва, 1959, 22-42 беттер

[14] Бұл нәдір кітаптың жалғыз данасы Ыстамбұлда сақтаулы, 182 беттен құралған. XIV ғ. Мысыр елінде жазылған. Кітапта 3 мыңдай қыпшақ сөздерімен қатар, түрік, татар, қарлұқ тілдері туралы мол мағлұматтар келтірілген.

[15] Қазақстан – Ұлттық Энциклопедия, I-том, Алматы, 1998, 317-бет

[16] Көрнекті ғалым Рахманқұл Бердібай мұның себебін былайша түсіндіреді; «Әсіресе сахалардың ХVIII ғ. соңы мен ХIХ ғ. басында жаппай шоқындырылуы, аты-жөндерінің орысша жазылуы, елдің дағдысына христиан салттарының ене бастауы оларды түрік, мұсылман әлемінен тіпті алыстатып жіберген. Оның үстіне сахалардың ғасырлар бойында мұңғұл, бұрят, эвен, эвенкі, чукчи, юкагир секілді халықтар мен аралас-құралас өмір кешкендігі сөздік құрамының да күшті өзгеруіне әсер еткен». Қараңыз; Бердібай, Рахманқұл., Байқалдан Балқанға дейін, Қазақстан баспасы, Алматы, 1996, 3-бет

[17] Бисмиллаһ – Аллаһ атымен

[18] Әссәламұ аләйкұм – Саған сәлем болғай!

[19] Йерхамұкеллаһ – Аллаһ сені жарылқасын!

[20] Барекаллаһ – Аллаһ мүбәрәк етсін!

[21] Шәһри рамазан – рамазан айы

[22] Иләһым – Тәңірім

[23] Бір қызығы мұсылмандыққа кірмей қалған түркі халықтарының тілінде арабша және парсыша кірме сөздердің кезігетіні. Тіл, мәдениеттің басты көрсеткіштерінен бірі боп табылады. Тіл, сонымен қатар мәдениеттердің бір-біріне ықпал жасауына жол ашатын ең маңызды құрал. Мәселен, Алтайлықтардың тілінде ежелгі қытай (кангза/ гуандза), иран (құрбұстан/ахұрамазда), санскрит (эрдине/ратна) сөздерімен қатар арабшадан кірген саат/сағат, арақ, қалық/халық сөздері кездеседі. Христиан дініндегі гагавуздардың тілінде аалем/әлем, маави/көк, лаазым/ләзім, зоор/зор сықылды араб-парсы сөздері мәужүт. Тағы да, шоқынған түркі халықтарына жататын чуваштардың тілінде; пахча/бақша, хыпар/хабар, салам/сәлем, хұча/қожа, Эхмет/Ахмет, Селиме/Сәлима секілді араб, парсы тілдерінен енген сөздер кездеседі.

Басқа да материалдар Мұғалімдерге Ашық сабақтар Сабақ Жоспарлары Оқушыларға Рефераттар ҰБТ Шығармалар СӨЖ

ПІКІР ҚАЛДЫРУ