Түркістан. Буын (сабақ жоспары)

0
1849

Сабақтың әдісі: Баяндау, сұрақ-жауап, жаңа ақпараттық технологияларды
кеңінен қолдану әдісі.

Сабақтың көрнекіліктері: тақырыптық слайд, кесте, оқулықтар, үлестірмелі қағаздар.

Сабақтың барысы:

І.Ұйымдастыру бөлімі:
1.2.Топ оқушыларын түгендеу.

ІІ.Үй тапсырмасын тексеру:
2.1. Өткен тақырыптар бойынша шығармашылық жұмыстар (буклет, реферат, слайд). Нақтылауьмен түсінуге берілген тапсырмаларға жауап береді. Өз ойларын ұсына отырып түсіндіреді және өзгелердің жауаптарын дәйектейді.

2.2. Жаттығулар жұмысын тексеру: Дюсебаев С. «Қазақ тілі» оқулығынан 4-тапсырма (55-б), Қараев М. «Қазақ тілі» оқулығынан 13-жаттығу (18-б).

2.3.Бекітуге арналған сұрақтар:

а) Үндестік заңы дегеніміз не?
ә) Үндестік заңы нешеге бөлінеді?
б) Буын үндестігі қалай жасалады?
в) Үндестік заңына бағынбайтын қосымшалар қандай?

г) Қазақстан жер көлемі жағынан нешінші орын алады?
д) Қазақстан қандай мемлекеттермен шектеседі?
е) Әкімшілік-аумақтық құрылым бойынша қанша облыс бар?
ж) Елдің ұлттық құрамы қандай?

ІІІ. Тіл дамыту:
3.1.«Ой шақыру» стратегиясы.
— Дүниеде не өлмейді?
— Жақсының аты ( адамның жүрегінде сақталады.)
— Ғалымның хаты (кітап бетінде сақталады.)
— Міне, сондықтан да әр адам жақсы азамат болып, еліне адал қызмет етсе ғана ел жүрегінде сақталады.

ІV. Жаңа сабақ:
4.1. «Қызығушылықты ояту».

— Жаңа сабағымызды Елбасымыз Н. Ә. Назарбаевтың сөзімен бастағалы тұрмын: «Біз өзіміздің белгілі тарихымыз бен өзіндік болашағымыз бар еуразиялық елміз» (Интерактив тақтадан оқу)
— Осы сөздердің ішіндегі қай сөздер сендерге ой салады? (тарихымыз бен болашағымыз)
— Ал тарихымыз бен болашағымызды не байланыстырады?
(тарихи тұлғалар, ескерткіштер, ежелгі қалалар)
— Қандай ежелгі қалаларды білесіңдер? (Отырар, Тараз, Түркістан)
— Ендеше, бүгінгі сабағымыздың тақырыбы: Түркістан қаласы.

4.2. Балалар, Түркістан – түріктердің мекені деген мағынаны береді. (М.Жұмабаевтың портреті  мен өлең шумақтары)

Түркістан – екі дүние есігі ғой,
Түркістан – ер түріктің бесігі ғой.
Тамаша Түркістандай жерде туған,
Түріктің тәңірі берген нәсібі ғой. (бейнебаян, слайдтар көрсету арқылы түсіндіру.)

4.3. Жаңа сөздер.
4.4. Мәтін:

Түркістан – еліміздің оңтүстігінде орналасқан тарихи қала. Шаһардың іргетасы ІV-V
ғасырларда қаланған. ХІV-ХVІІІ ғасырларда Қазақ хандығының астанасы болған. Түркістан қаласының көне атауы — «Шауғар», кейіннен «Йасы» деп аталған. Ұлы Жібек жолының сауда орталығы болған саяси қала. Ол облыс орталығы Шымкент қаласынан 200 шақырым жерде орналасқан.

ХІІ ғасырда атақты Қожа Ахмет Яссауи осы қалада жерленеді. Ол дүниеден өткен соң,
басына мазар орнатады. ХІV ғасырда мазардың үстіне Ақсақ Темір Қожа Ахмет Яссауи кесенесін салдырған. Бұл сәулет өнері еліміздегі бірегей жәдігерлердің қатарына жатады. Кесененің биіктігі – 40 метр, ені – 46 м, ұзындығы – 66 м. Орталық бөлігінде 35 бөлме салынған.

Қабырғаларының қалыңдығы – 2 м. Кесененің басты бөлмесінің дәл ортасында 3000 литр су сиятын Тайқазан тұр. Тайқазан жеті түрлі металдан жасалған. Оның салмағы – 2 тонна. Кесене — ғибадатхана, кітапхана, мешіт, асхана, құдықхана және т.б. бөлмелерден тұратын кешенді құрылыс.

Қожа Ахмет Яссауи, Арыстан баба кесенелері сынды сәулет ескерткіштері киелі де, қасиетті жер болып саналады. Бұл кесенеде Тәуке ханан бастап, Есім хан, Әбілхайыр, Абылай хан, Төле би, Қазыбек би, Бөгенбай батыр сынды атақты кісілер жерленген.

Түркістан қаласында сәулет ескерткіштерінен бөлек әдемі ғимараттар көп: Түркістан
сарайы, орталық мешіт, Жеңіс саябағы, прокуратура, театр және мұражай. Қалада 1992 жылы құрылған Халықаралық Қазақ-Түрік университеті бар. Университетке Қожа Ахмет яссауи есімі берілген.

Онда 24 мыңнан астам студент оқиды. Университетте Түркия, Кипр, Қырғыстан, Түркіменстан, Башқорстан, Дағыстан, Саха Республикасы, Моңғолия, Қытай және т.б. елдерден келіп, студенттер 74 мамандық бойынша білім алады. Университеттің арнайы 5 қабатты кітапханасы бар. Онда үш тілде кітаптар қоры жинақталған.

4.5. Грамматикалық тақырып-Буын.
— «Түркістан қаласы» сөз тіркесін буынға бөлейік: Түр-кіс-тан қа-ла-сы.

Буын жеке дауыстыдан және дауысты мен дауыссыз дыбыстардың тіркесінен жасалатын болғандықтан, оның құрамы үнемі бірқалыпты болмайды. Сөзде қанша дауысты дыбыс болса, сонша буын болады.

Қазақ тілінде буынның үш түрі бар. Олар :

1) Ашық буын ;

2) тұйық буын ;

3) Бітеу буын.

V. Жаңа сабақты бекіту:

5.1. «Ой қозғау» стратегиясы: мәтінмен жұмыс (мәтінді оқып, аудару).

5.2.Сөздікпен жұмыс:
а) сөздерді оқу;
б) сөз тіркестерін, сөйлем құрастыру;
в) сөздер арқылы мәтіндегі негізгі ойды табу.

5.3. Кітаппен жұмыс: Артыкова Т.М., Ермекбаева Г.Г., «Қазақ тілі» оқулығынан 47 бет, 4-тапсырма (Көп нүктенің орнына мазмұнына сәйкес керекті сөздерді қойыңдар және буынға бөліп, буын түрлерін ажыратыңдар).

1. … – Қазақстанның оңтүстігіне қарай орналасқан тарихи қала.
2. Түркістан қаласының тарихы … атымен байланысты.
3….Қожа Ахметтің кесенесін салдырған деседі.
4.Бұл … киелі орынға айналды.
5.Қазір бұл кесенелер – тарихи …
6. Түркістан кесенесі – дүниежүзілік мәдени мұралар қатарына жататын аса үлкен …
7. Түркістан бұрын … деп аталған.

5.4.Тірек сызбаны пайдаланып, қала туралы мәтін құрастырыңдар.

Түркістан қаласының орналасуы
Қаланың қысқаша тарихы
Қожа Ахмет яссауи кесенесі – қасиетті орын
Түркістан қаласындағы мәдени орындар мен ғимараттар

5.5. «Шашыраңқы сөздер» стратегиясы (интеративті тақта қаламының көмегімен сөйлемдердегі сөздерді ретімен құрау)

  •  «Йасы», атауы, көне, Түркістан, қаласының.
  • салдырған, Ахмет, кесенесін, Ақсақ, ХІV, Яссауи, Темір, ғасырда, Қожа.
  • жасалған, жеті, түрлі, тайқазан, металдан.
  • болатын, үлкен, салмағы, тайқазан бар, 2 тонна, осы бөлмеде.
  • Әмір Темір, сыйлаған, жасатып, кесенеге, оны.
  • мыңдаған, қазақстандық, университетте, жастар, алады, білім.
  • қазақ – түрік университеті бар, Қалада, атындағы, Яссауи.
  • Ол, Қазақстан, мен, арасындағы, Түркия, келісім, негізінде, құрылған, 1992 жылы, 31 қазанда.

5.6. «Адасқан әріптер» (сөздердегі әріптерді қойып, буынға бөлу, буын түрлеріне ажырату және Түркістан, кесене сөздеріне математикалық талдау жүргізу.

5.7. «Асыл сөз маржандары» (Тұрақты сөз тіркестерінің мағынасын ашу және буынға бөліп, буын түрлерін ажырату).

5.8. «Жалғауларға саяхат» (Сөйлемдерді мағынасына қарай топтастырып, жіктеу қажет.)

Мен … таныстым.                         қалаға
Сен … бардың.                            мәдени орындарды
Сіз … қыдырдыңыз.                     қала қонақтарын

5.9. Мына өлең жолдарының ұйқасын табайық.(интерактив тақтадан ұйқастарды қаламмен көтеріп, орналастырады)

Ол кешегі көркем қала -…
Ойрандалған орнында енді — шоқылар.
Шыңғыс ханнан шімірікпей қорғаған,
Бабаларды құдай өзі…
Бас имеген батыр қала – Отырар,
Онда ерліктің өшпейтұғын оты…

Керекті ұйқастар: олар, Отырар, қараған, қолдаған, бар

5.10. «Ыстық орындық» стратегиясы (бекітуге арналған сұрақтар):

5.11. «Түркістан» сөзжұмбағы.

5.12. Қ.А.Яссауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университеті туралы дерек-сәлемдемесі.

5.13. Инсерт әдісі:

5.14. «Ойтолғау» немесе «Сыр сандық» стратегиясы (бүгінгі өткен тақырып бойынша 10 сөз жазу және соның ішінен 3 сөзге сөйлем құрау).

VІ. Үйге тапсырма:
6.1. Мәтінді оқып, түсінігін айту.
6.2.Түркістан тақырыбына арналған шығармашылық жұмыстар (реферат, слайд, т.б.)
6.3. М.Жұмабаев «Түркістан» өлеңін жаттау, һлең желісімен сурет салу.
6.4. Артыкова Т.М. «Қазақ тілі» оқулығынан 48-бет, 7-тапсырма, Қараев М. «Қазақ тілі» оқулығынан 16-бет, 10-жаттығу.

VІІ. Бағалау:
Оқушылардың білім көрсету деңгейіне қарай бағалаймын.

VІІІ. Қорытынды:
8.1. Бүгінгі сабақты «Түркістан» әнімен аяқтау.

Дереккөз: «Ұстаз» ғылыми әдістемелік журналы

Басқа материалдар: 


ПІКІР ҚАЛДЫРУ