Түркология және қазақ тіл білімі

0
2732
Әбіш Кекілбаев
Түркология және қазақ тіл білімі. – А: Санат , 1998, 144 б.
Тіліміздің грамматикасының жүйесін зерттеу ХІХ ғасырдың екінші жартысынан басталады. Қай кезде болса да морфологияның ең өзекті мәселесі сөздерді әр түрлі лексика-грамматикалық топтарға, кластарға бөлу болғаны белгілі.
Қазақ тілі грамматикасының құрылысының ана тілімізде зерттеулердің жарық көруі ғасырымыздың алғашқы 10-15 жылдарынан басталады. Оның бастауы – 1914 жылы «Тіл құралы» деген атпен Орынборда жарық көрген Ахмет Байтұрсыновтың еңбегі – қазақ тілі морфологиясы ана тілімізде сөз еткен алғашқы зерттеу. 30-шы жылдар ішінен бастап 60-шы жылға дейін, біріне-бірі жалғастырыла үздіксіз жүргізіліп келген Қ.Жұбанов, С. Аманжолов, Н. Сауранбаев, А. Ысқақов, А. Қалыбаева т.б ғалымдардың зерттеулері арқасында өз шешімін тапты. Ол академиялық грамматика мен жоғарғы оқу орындарына арналған оқулықтардың күрделі бір саласы ретінде де, жеке монографиялық зерттеулердің объектісі ретінде де кең көлемде қойылып зерттеліп келді. Тек өкініші – 60-шы жылдардан бері қарайғы уақытта бұл саладағы жұмыс ілгері баспай қойды.
Қaзақ тілі грамматикасы бойынша зерттеулер.
Қазaқ ССР-нің «ғылым» баспасы, Алматы 1978, 224 б.
Қазақ тілі морфологиясын зерттеудегі табыстар мен болашақ міндеттер
Қазақ тілі морфологиясының жалпы мәселелері Ұлы Қазан төңкерісіне дейін де зерттеу аясына іліккен болатын. Оның алғашқы сипаттары тұңғыш рет ХІХ ғасырдың екінші жартысында орыс зерттеушілері Н. И. Ильминский, М. Терентьев, Л. Мелиоранский, Катаринский сияқты ғалымдардың еңбектерінде сөз болғаны белгілі. Бірақ бұл еңбектердің қай-қайсысында болса да қазақ тіліне тән морфологиялық заңдар орыс тілінің заңдарына үлестірілген. Сонымен бірге бұл еңбектер қазақ оқушылары үшін емес, қазақ тілін үйренбекші болған интеллигенттері үшін, орыс оқушылары үшін жазылған құралдар болды.
Сондықтан онда жеке сөз таптарының неліктен дербес сөз табы болып табылатыны, олардың лексика-грамматикалық сипаттары назардан тыс қалдырылып отырылды да, авторлардың ең басты көңіл бөлген мәселелері жеке сөздердің өзіндік құрамы және олардың қандай жұрнақтар арқылы жасалатындығы, сондай-ақ әртүрлі жалғаулар арқылы қалай түрленетіні сияқты мәселелер болды. Демек, авторлардың негізгі мақсаты – сөздердің түрленуі мен жаңа сөздердің жасалу амалын түсіндіру бағытында құрылды.
30-шы жылдары морфология мәселелері елеулі зерттеу объектісіне айналып, олардың анықтамалары мен сипаттамалары ғылыми түрде талдану сатысына жете бастады. Профессор Қ.Жұбановтың 1936 жылы щыққан «Қазақ тілінің грамматикасы» — әйгілі еңбектерінің бірі. Осы еңбектерінде Жұбанов тұңғыш рет қазақ тілінде қазақ тілінің өз табиғи материалдары, қазақ тілінің өзіндік заңдылықтарына үйлестіре отырып ғылыми талдаулар мен баяндаулар жасалған.
Қазақ тілі морфологиясының негізгі де түпкі ұйтқы мәселері, әсіресе, «сөз тұлғалары» алғаш рет жүйелі түрде нағыз таза қазақ тілінде осы еңбекте сипатталған. Бұл еңбек жөнінде қазақтың көрнекті ғалымдары М. Әуезов пен І. Кеңесбаев: Айқын да нәрлі, стилистикалық жағынан орамды қазақтың әдеби тілмен жазылған бұл еңбек қазақ тілі жөнініде оқулық жазатын көптеген авторлар үшін тамаша үлгі болды – деп жазса, А. Ысқақов: «Бұл кітап өзінің құрылысы мен құрамы жағынан да, мазмұны мен талдау жүйесі жағынан да бұрын-соңды қазақ тілі грамматикасының ғана емес, біздің елімізде шыққан өзге тілдердің грамматикаларынан да өзгеше еді»,-деп жазды.
40-50-ші жылдары морфологияның әрбір жеке мәселелері арнайы жүргізілетін күрделі монографиялық ғылыми зерттеулердің объектілеріне айналады да, осы зерттеулердің негізінде көптеген көлемді еңбектер жарыққа шығады. Мысалы, І. Кеңесбаев, А. Ысқақов, К. Ахановтардың жыл сайын шығып отырған орта , орталау мектептерге арналған «Қазақ тілі грамматикасы» мен Н. Сауранбаевтың педучилищеге арналған «Қазақ тілі» (1948) және жоғарғы оқу орындарына арналған «Қазіргі қазақ тілі» (1954) атты көлемді еңбектрін былай қойғанда, морфологияның жеке сөз таптарын әр жақты баяндауға арналған мына сияқты күрделі зерттеулерді кездестіреміз: М. Балақаев «Қазақ тілі грамматикасының кейбір мәселелері» (1941), А. Ысқақов «Қазақ тіліндегі үстеулер» (1956), Ғ. Мұсабаев «Сын есімнің шырайлары» (1951), Ә. Хасенов «Қазіріг қазақ тіліндегі сан есімдер» (1957), Р. Әміров «Қазақ тіліндегі шылаулар» (1959), Ш. Сарыбаев «Қазақ тіліндегі одағайлар» (1959) т.б.
Ал 60-шы жылдар мұндай еңбектер сан жағынан да тақырып жағынан да молая түсіп, жеке сөз таптарына байланысты тағы да көптеген жеке зерттеулер: Ш. Сарыбаевтың «Қазақ тіліндегі еліктеуіш сөздер» (1960), Ж. Шакеновтың «Қазақ тіліндегі сын есім категориясы» (1961), А. Ибатовтың «Қазақ тіліндегі есімдіктер» (1961), Ә. Төлеуовтің «Қазақ тіліндегі есім категориясы» (1963) атты еңбектер жарық көрді. Бұлардың бәрінде де әртүрлі сөз таптары өзіндік лексика-грамматикалық ерекшеліктері тұрғысынан, әсіресе, морфологиялық белгілері тұрғысынан әр жақты талдауға түседі. Бұл кезеңдегі монографиялық еңбектердің ішінен А. Ысқақовтың «Қазіргі қазақ тілі» (морфологиясы, 1964) атты монографиялық еңбектерін ерекше атап көрсетуге болады. Морфология мәселесіндегі бұрын-соңды жетістіктердің бәрін жинақтап , оны жүйелі тәртіпке келтіріп, теориялық тұрғыдан ғылыми бір ізге түсіріп баяндаған күрделі еңбек.
1967 жылы Қазақ ССР ғылым академиясының «Ғылым» баспасынан «Қазақ тілінің грамматикасы» болды. Төлеуов Ә. «Сөз таптары» (1982), А. Хасенова «Етістіктің лексика-грамматикалық сипаты» (1971), Оралбаева М. «Қазақ тіліндегі етістіктердің аналитикалық форманттарының құрылысы мен мағынасы» (А., 1979), Ибатов А. «Қазақ тілінің туынды сөздері сөздігі» (А., 1988), А. Қалыбаева, Н. Оралбаева «Қазіргі қазақ тілінің морфемалар жүйесі» (1986), Жұмағали Шакеновтың «Қазақ тіліндегі күрделі сөздер мен күрделі тұлғалар» (А,. 1991), Исаев С. «Қазіргі қазақ тіліндегі сөздердің грамматикалық сипаты» (А,. 1998).
Грамматика тілдегі грамматикалық единицаларды және ол единицалардың әрі басын қосып ұйымдастыратын, қатынас жасауда іске жарататын, әрі олардың бір-бірінен жігін ажырататын тәсілдерді, құралдарды зерттейді.
Лингвистикада грамматика деген ұғымдық мағынасы өте кең. Осыған байланысты лингвистикалық әдебиеттерде түрлі-түрлі анықтамалар беріледі:
Грамматика – тілдегі сөздердің өзгеруі мен сөйлемдегі сөз тіркестері ережелерінің жиынтығы, сол ережелерді сипаттайтын оқулық «грамматика» деп аталады. (Ожегов С.)
Грамматика – сөз формаларының жасалу, қолданылу жолдары мен сөйлемдегі сөз тіркесінің өзгеру заңдылықтары туралы ілім. (Кондаков Н.И.)
Грамматика – тілдің құрылысы туралы ілім; тіл білімінің сөз формаларының өзгеру жолдарын, сөз тіркестері формулаларын және сөйлем типтерін зерттейтін тарауы. (Ахманова О. С.)
Тілдің грамматикасы дегеніміз, сайып келгенде, тілдің грамматикалық құрылысы. Дәлірек айтсақ, тілдің грамматикасы дегеніміз – тілге тән грамматикалық категориялар жиынтығы мен жүйесі (Б. Н. Головин).
Осы анықтамаларды қорытындыласақ: грамматика – лингвистиканың үлкен бір тарауы; граммaтика – тілдің грамматикалық құрылысы туралы ілім; грамматика – тілдің негізгі коммуникативтік қызметін жүзеге асырушы амал тәсілдер туралы ілім; грамматика – сөз формаларын жасалу, өзгеру жолдары мен заңдылықтары, сондай-ақ, сөз тіркестері формулаларының заңдылықтары, олардың сөйлемге тіркесу амал-тәсілдері туралы ілім; грaмматика – тілдегі сөз құрылысы мен сөз тіркестері, сөйлем типтері туралы ілім; гpамматика – белгілі бір тілдің сөздері мен сөз тіркестерінің өзгерілуі, қолданылуы және сөйлемдер құрылысы туралы ережелер жиынтығы мен жүйесі.
Баяндау жүйесі мен тәсілі, зерттеу объектісі мен әдісі қамтыған материалдары және олардың кімге, не үшін арналу мақсатына қарай, грамматика құралдары түрлі-түрлі болып келеді: мектеп грамматикасы , ғылыми грамматика, академиялық грамматика, нормативті, тарихи немесе диахронды, салыстырмалы (сравнительная), салғастырмалы (сопоставительная), салыстырмалы-тарихи, сипаттамалы немесе синхронды грамматика, жалпы грамматика, сондай-ақ белгілі бір тілдің морфологиясы немесе синтаксисі т.б. Осының ішінде жоғары оқу орындарына арналған сипаттамалы грамматика.
Морфология – белгілі бір тілге тән сөздердің грамматикалық категориялары мен сөз формалары грамматикалық категориялардың жиынтығы мен жүйесі. Дәлірек айтсақ, морфология – сөздердің өзгеру жолдары мен амалдары, грамматикалық формалар мен грамматикалық мағыналардың берілу тәсілдері туралы ілім: морфология – сөздердің формасы туралы ілім.
Морфология тілдегі сөздердің құрылымын, сөз компоненттерін, олардың қызметін, сөздердің түзілу ерекшеліктері мен өзгеру жолдарын, сөз формаларының жасалу және берілу тәсілдерін, сөз мағынасы мен формасының арақатынасын, сөздердің грамматикалық мағыналарын зерттеп, тексереді. Морфологияның негізгі объектісі – морфтар мен морфемалар – сөз формасының ең қысқа мағыналы бөлшегі. Морфология – сөз формасы мен сөздің грамматикалық мағынасына қатысты ірілі-ұсақты (зат есім, септік, тәуелдік) грамматикалық категорияларды зерттейтін ілімі.
О.С. Ахманова морфологияны тілдің сөз түрлендіру жақтарын қарастыратын (морфология словоизменение) деп үш түрге бөледі. Бұлардың біріншісі сөздердің грамматикалық формаларын жасауда тілдің тиісті бір единицаларының грамматикалық құралдарына көңіл бөледі, екіншісі тілдің сөз жасау тәсілдерін зерттейді; үшіншісі сөз тіркестерінің морфологиялық жақтарын, дәлірек айтқанда, сөз тіркестерін құраушы элементтерінің морфологиялық белгілерін қарастырады.
Синтакcис – гректің syntaxis (құрастыру, түзу – составление, построение) деген сөзінен алынған. Синтаксис тілдегі сөздерді байланыстырып сөйлеу құралдарын зерттейді. Cинтаксис – сөйлеушінің негізгі единицаларын, яғни сөз тіркестері мен сөйлемді зерттейтін ілім. Синтаксистің негізгі объектісінің бірі – синтагма (сөз тіркесі).
Ешқандай қосымша формаларынсыз-ақ тұрып, тікелей көптік ұғымды білдіретін сөздер бар. Мұндай сөздерге жеке-даралап санауға келмейтін заттардың аттары (су, сүт, тұз, ұн, шаш), ру, халық, ұлт аттары (қазақ, орыс, өзбек), әр қилы жәндіктер, аң хайуанат аттары (көбелек, құрт-құмырсқа, қой) өсімдік аттары (шөп, арпа, сұлы, мақта, адамның ішкі құбылыстарының, күй-жайларының аттары (алданыш, ермек, қуаныш, ақыл, достық, ізгілік, кәрілік, білгірлік, еріншектік, жүріс т.б.)
Міне, көптік ұғымды осылайша сөздің тікелей өз лексикалық мағынасы арқылы білдіру лексикалық тәсіл деп аталады.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ