Тәуелсіздігімізге 30 жыл

0
3736

Тәуелсіздік – бабалар аңсауы, ұрпақтың қолы жеткен киелі кезеңі,ащы термен келген тәтті жеңіс,төгілген қанның, өлмеген жігердің отымен келген ұлы күн.

Еліміз тәуелсіздіктің бесігінде тербелгелі отыз жыл. Отыз жыл ішінде Қазақстан етек-жеңін жиып, шекарасын бекітіп, өз алдына дербес зайырлы мемлекет болды. Ғасырлар бойы арман еткен егемендікті қазақтың басына қонған бағы, астына орнаған тағы деуге болады.

Қазақ елі талай белестерді бағындырды. Желтоқсанда жарқ еткен жалынды жастар қазаққа азаттық таңын сыйға тартқандай болды. Осылайша күллі жаһанға қазақтың қайратын, айбынын танытты.

Қазірде елімізге тыныштық заман орнап, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман келді деп әрқайсымыз мақтанышпен айта аламыз. Артқа тастаған отыз жылдың ішінде қаланың,ауданның,ауылдың жетістіктерін тізбектеп сөзбен жеткізу мүмкін емес. Бір мемлекетке жетерлік іс тындырылды және жүзеге асырылды.

Экономикалық жағдайымыз жақсарып, әл-ауқатымыз артты. Қазақ мектептері мен балабақшалар саны артып,білім мен денсаулық жағдайына аса мән берілді. өзге елдермен қарым-қатынасымыз жақсарып, мәдени және саяси қатынастар да үдей түсті.Мемлекеттің абыройын асқақтатып әншілеріміз,күйшілеріміз,спортшыларымыз мемлекетке үлкен жүлделермен оралып,әлемге қайсар,еңбекқор халық екенімізді дәлелдейтін дәрежеге жеттік.

Еліміздің барлық саласындағы қызметкерлерге, шет елдің түрлі саладағы мамандарымен тәжірибе алмасуға жағдай жасалды. Осының бәрі тәуелсіз елдің мақтанышы деуге болады емес пе?. Еліміздің туы көкте қалықтап, ынтымағымыз жарасқан мемлекетпіз.

Президент Қазақстан Тәуелсіздік жылдарында барлық қиындықтан өткенін, қуатты мемлекеттің іргесін қалағанын, егемендіктің төртінші онжылдығына қадам басқанын, бұл еліміз үшін аса маңызды кезең екенін атап өткен болатын.

«Тәуелсіздіктің 30 жылдығын тек мерейтой деп санауға болмайды.  Ең алдымен, бұл тарихи оқиғаға идеологиялық тұрғыдан қарауымыз керек», – деді Елбасы.

Еліміздің болашағы қазіргі жастардың қолында. Тәуелсіздігімізді сақтап қалу біздің міндет. Ең бастысы тілімізді қадір тұтып,іргемізді берік ұстасақ біз қазақ жастары,қазақ елі талай белестерді бағындырамыз.

Сулейменова Айнур
Алматы қаласы, Алатау ауданы
№ 151 ЖББМ-тің қазақ тілі мен
әдебиеті мұғалімі 


ПІКІР ҚАЛДЫРУ