Тәуелсіздік — тәңір берген тәтті сый

0
1987

16-желтоқсан – еліміз егемендік алған күн! Сан ғасырлар бойы еліміз басынан небір қилы заманды өткерді.

Ата-бабаларымыз тәуелсіздік деп ішкен асын жерге қойып, жар құлағы жастыққа тимей, аянбай күресті. Тәуелсіздік жолында жанын құрбан етті. «Ақтабан шұбырынды, алқа көл сұламаны да» көрді. Жоқшылықтың қамытын киіп, ашаршылықты да бастан өткерді.

Қаратаудың басынан көш келеді,

Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді,- деп халық қилы заманды ашына жырлап, әнге қосты. Ашаршылық пен қудалаудан қалың қазақ жер бетіне тарыдай шашылып, басы ауған жаққа босып кетті.

Әрине бұның бәрі қазір айтуға ғана оңай. Құлағымызға сіңісті, үйреншікті сөз сияқты көрінгенімен, шын мәнінде осының бәрі де тек тарихи шындық. Ата-бабаларымыз Осынау ұлан-ғайыр жерімізді білектің күшімен, найзаның ұшымен соғыса жүріп, бізге сыйға тарту етті.

Бабалардың қанымен келген тәуелсіздікке биыл 30 жыл. Қазақта «30 жасында орда бұзар» деген сөз бар. Бүгінде еліміз біраз белестерді бағындырып та үлгерді. Ұшқан құстай дамыған осынау заманда көшке ілесіп жүру де бір ғанибет. Дамыған озық технологияларды меңгеріп қана қоймай, күнделікті өмірде пайдаланып та жүрміз.

Еңбектеген сәбиден еңкейген қартқа дейін қазір озық технологияларды меңгеріп келеді. Барлық сала қарқынды дамып келе жатыр. Мейлі қай саланы алсақ та, әлем елдерінің озық тәжірибесін ескере отырып қарқынды түрде дамып келеді. Білім саласына келер болсақ, қазіргі таңда балаларды білім нәрімен сусындату жолында мемлекетіміз де, ұстаздарымыз да аянбай тер төгіп жатыр.

Балалардың алаңсыз білім алуы үшін де бар жағдай жасалған. Болашағынан зор үміт күттірген үкілеген үмітіміздің дәлелі жас өркендеріміз де жайқалып өсіп келеді.

Қазақ қашан да қонақжай халық қой. Елімізде 130 ұлт пен ұлыстың айрандай ұйып отырғаны да содан болар. Барлық ұлт өкілдері бір шаңырақ астында қаймағы бұзылмай мамыражай күн кешіп жатыр. Осындай бірлігі жарасқан елді көрсең көңіліңе қуаныш ұялары хақ. Бір ғана қала Алматының өзінде зәулім үйлер күн сайын бой көтеріп жатыр, құрылыс қарқынды түрде жүріп жатыр.

Аспанмен тілдескен зәулім үйлер әсіресе Алатаудың баурайында көкпен тілдесіп, маңғазданып, қалаға көрік беріп тұрғандай. Оқтай түзу көшелер мен жүйткіген көліктер қалаға жан бітіріп тұр. Жыл сайын қаланы абаттандыру жұмыстары да жүргізіліп келеді.

Ауылдың жайы бір бөлек. Елді мекендерге де бар жағдай жасалып жатыр. Әрбір үйге көгілдір отын кіргізіліп, ауыз сумен қамтамасыз етілген.

«Көш жүре түзеледі» дейді халқымыз. Еліміздің бұдан да биік белестерді бағындырып, дамыған 30 елдің қатарына қосылуы үшін жастар аянбай еңбек етуіміз керек. Барымызды бағалайық! Тәуелсіз елде өмір сүру бір бақыт!

Серікбек Нұрғұзар
Алматы қаласы, Алатау ауданы, 151ЖББ мектебі
Қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі


ПІКІР ҚАЛДЫРУ