Табиғатқа сүйспеншілікпен қарау, табиғатты қорғаудың халықтық дәстүрлері

0
7586
Әбіш Кекілбаев

«Табиғаттан бабамыз ала берген секілді:
Дарқандықты қазаққа дала берген секілді
Еркелікті ерікті желден алған секілді,
Мөлдірлікті көгілдір көлден алған секілді»

(Қ.Мырзалиев)

Табиғат! Осы бір жүрекке жылы, көңілге қонымды естілетін салиқалы сөзде қаншама терең мағына, ұлағаты мол ұғым, тұжырымы кең ой жатыр десеңізші! Табиғат күллі тіршілік атаулының құтты қоныс-мекені, алтын ұя-бесігі, құт-берекесі. Ал адам үшін табиғат – ең қасиетті де қастерлі ұғым. Өйткені аадмның өзін дүниеге келтірген аяулы Анасы, сондықтан да адамның табиғатты Ана деп құрметтеуінде өте үлкен мән жатыр.

Қазақ халқының бар өмір-тіршілігі табиғатпен етене байланыста болған. Сан ғасырлар бойы халқымыз сол өзін аялаған табиғат құшағында тіршілікке ете жүріп, оның сан алуан құпия сырларына көңіл бөлді және сол туралы орынды тұжырым, пікірлерге келді. Халқымыздың табиғат жөніндегі ой-пікірлері табиғат құбылыстарымен, заңдылықтарымен үнемі үндесіп жатты. Халық өзін табиғаттың бөлінбес бір бөлігі, құрамдас тобы деп есептеді.

Сондықтан да табиғатпен бірлікте өмір сүру қажетігін ерте кезден-ақ сезінді. Табиғаттың қатаң жағдайына, түрлі өзгерістеріне сай көшіп-қонып жүріп, өз шаруашылығын табиғатпен үйлесімді түрде жүргізіп отырды және табиғатқа аялы алақан, жылы жүрек сезімі, көздің қарашығындай қамқорлық қажет екеніне ерекше мән берді. Осыған орай халқымыздың да мінез-құлқы бірте-бірте қалыптасып, ондай қасиеттер атадан балаға, ұқрпақтан ұқрпаққа асыл мұра ретінде жеткізіліп отырды.

Қазақ халқының халық педагогикасындағы асыл мұраларының бірі – табиғатқа деген аса зор сүйіспеншілігі мен оған деген асқан адамгершілік қасиеті. Халық ұғымында табиғат деген қасиетті сөз туған жер, өскен ел, ата мекен, аяулы өлке, ауылым сияқты тұла бойыңа нәр беріп, жүрегіңді шымырлататын аса қымбат сөздермен қатар тұрды. Белгілі жазушы әрі ғалым Ақселеу Сейдімбеков өз шығармаларыңда халқымыз бен табиғат арасындағы үндестікті, бірлікті, сабақтастықты ерекше атап өткен. «Көшпелі өмір салты табиғи географиялық дара бітімдегі биосфераға бірден-бір үйлесетін … Ата-бабамыз туған жеріне кіндік канын ғана тамызып қоймаған, қажет болса, жүрек канын да төге білген» деп табиғат пен халқымыз арасындағы өзара байланысты орынды бағалаған.

Халқымыздың табиғатқа деген зор сүйіспеншілігі табиғаттың көркем келбетін, арайлы ажарын, сұлулық сымбатын сезіне білуінен бірте-бірте қалыптасқан. Табиғат сұлулығынан, әдемілігіннен, әсемдігінен бойына қуат, жүрегіне шуақ алып, аса зор іңкәрлік сезімге бөленген және табиғат сұлулығының алдында бас иген.

Халқымыздың мақтанышы болған ақын Мағжан Жұмабаев жырларында да туған жерге деген ыстық сезім мен зор сүйіспеншілік айрықша айтылған:

Жаратылдым топырағыңнан, сен – түбім,

Жалғаны жоқ, бәрі сенен жан-тәнім.

Сенен басқа жерде маған қараңғы,

Жарық болар Шолпан, АЙым, сен – Күнім.

Тәтті суың дәмі ауызымнен еш кетпес,

Қалың нуың, қыр суына жер жетпес.

Кең далаңда ойын ойнап қалсамшы,

Жазу болып адамзатқа ер жетпес …!

Халқымыздың қажырлы да қайсар, батыл да батыр ұлдарының бірі, Батыр атамыз Бауыржан Момышұлы: «Сұлулық дегеннің тамыры табиғаттану деген нәрседе жатыр. Мысалы, гүлді алайық. Сол гүлдерге біз сұлу емессің деп айта алмаймыз. Ол – табиғаттың жасаған сұлулығы. Аңдардың ішінде де сұлуы аз емес. Құстарды алып қарасақ, олардың ішінде де қаншама сұлулар бар?

… Осы күнде ғалымбыз деп жүрміз, бірақ табиғатқа қарсылық ету күнә», — деп табиғат сұлулығын сезіне білу және оны аялау қажеттігін ерекше ескерткен болатын.

Халқымыздың табиғатты жанындай жақсы көріп, сүйе білуі және оған деген аялы алақаны мен абзал адамгершілік қамқорлығы қанымызға да, тұла бойымызға да ананың ақ сүті арқылы дарығанын зор мақтаныш сезіммен айтуымызға толығымен болады.

Ертерек кезде Қазақстан жерінде болған ғалымдар, саяхатшылар өз еңбектерінде қазақ халқының табиғатты бақылай білу қабілетін, оған деген қамқорлық қасиеттерін ерекше атап өткен. Мысалы, белгілі ғалым А.Н.Формозов өз еңбегінің бірінде «Қазақтардың байқағыш көзі табиғаттағы тіршілік атаулыны үнемі бақылан отырған, олардың халықтық даналығы көптеген қызықты толықтырулар мен тұжырымдарды жинақтаған», — деп аса жоғары бағалаған.

Қазіргі экологиялық мәселелер бүкіл адам баласын ойландырып отырған кезде халқымыздың бұл салада қалдырған тағылымдық та, тәрбиелік те мәні зор асыл мұраларына көңіл бөлу ерекше қажет. Халқымыздың табиғатқа деген сүйіспеншілігі және оны көздің қарашығындай сақтап келуі жайында қазіргі ұрпаққа өнеге-үлгі боларлық асыл мұралар, даналық ұғымдар, мақал-мәтел, нақыл сөз, аңыз-әңгіме арқылы жетіп отырған. Осындай әрбір асыл мұраның өзінде қаншама терең ой әрі тәлім-тәрбие өнегесі жатыр.

Сондықтан да әрбір ұстаз, әрбір тәрбиеші өзінің күнделікті жұмысында халықтық педагогиканың асыл маржанына үнемі көңіл бөліп әрі оны пайдаланып отыраулары тиіс. Өйткені қазіргі таңда табиғат тағдыры ешкімді де тебірентпей қоюы мүмкін емес. Бұл арада ардақты азаматымыз ғұлама ғалым Қаныш Сәтбаевтың мына бір жан тебіренісі мен жүрек толғауы еріксіз ойға оралады. «Туған жердің тағдыры жігітті қайтіп азамат дейміз? Туған жердің қара тасын мақтан ете білмеген азамат бөгде жердің алтын тасын да мақтап жарытрақ емес».

Ерте кездерде халқымыз табиғаттың кейбір туындыларын «киелі», «қасиетті» деп ұғып, оларды өлтіруге, жоюға болмайтынын уағыздаған. Сонымен бірге табиғат пен адамды біртұтас, бірінен-бірін бөлуге болмайды деп қараған. Сондықтан адам табиғаттан өз керегін ғана алып, қалғанына еш уақытта зиянын тигізбеген. Халқымыздың мақтанышы ғалым Шоқан Уәлиханов: «Табиғат пен адам! Өзіңіз айтыңызшы, тіршілікте одан ғажап, олардан құпия не бар? – дей келе – қазақтар киеге үлкен мән береді. Табиғаттағы … кейбір жануарлар мен құстарды, көшпелі тұрмысқа қажетті заттарды киелі деп қастерлейді. Осы аталғандарды құрмет тұту, ырым-жорасын жасап тұру, адам баласына байлық пен бақыт – құт әкеледі», — деп атап көрсеткен.

Халық табиғаттағы өздері қастерленген жерлерді «Әулие бұлақ», «Әулие ағаш» деп атап, оларды көздің қарашағындай қорғап отырған. Ал қарлығаш, аққу, ұлар, т.б. жануарларды жақсылықтың жаршысы, бақыттың бастамасы, игіліктің иесі деп ұясын бұзуға, балапанын алуға, не өздерін өлтіруге мүлде рұқсат етпеген. Әсіресе жабайы аңдарды буаз болған мерзімінде, төлдеген кезінде киесі ұрады деп есептеп, оларға да мылтық кеземеген.

Адам баласы табиғаттың әдемілігін, сұлулығын халықтық педагогиканың асыл мұралары болып саналатын салиқалы сөздерден, өнегелі өсиеттерден, ақиқаты мол аңыз-әңгімелерден, даналық нақылдарын, әрі ақын, жыраулардың жыр жолдарынан алып сусындайда. ХІХ ғасырдың алғашқы жартысында өмір сүрген өз заманың білімді әрі шешен азаматты Сегіз Сері Шақшақовтың мұраларында да табиғаттың көркі, оның орны, бір-бірімен тікелей байланысы сөз болады.

«Нулы, сулы болмаса, коныс әсем болар ма? Қаз-үйрегі болмаса, көлдің көркі болар ма? Даудағы болмаса, шөлдің көркі болар ма? Орман, тауы болмаса, жердің көркі болар ма? Тоғайы қалың болмаса, өзеннің көркі болар ма? Көк шалғынды болмаса, өлкенің көркі болар ма? Тобылғылы болмаса, сайдың көркі болар ма? Жайқалмаса жапырақ, талдың көркі болар ма? Жайылымы болмаса, малдың көркі болар ма?».

Халқымыздың туған жерін, оның табиғатын сүйе білуі оның адамгершілік парызы екені белгілі жазушы Жүсіпбек Аймауытовтың «Қартқожа» романында ерекше атап көрсетілген. «Ыстық қой, шіркін туған жер! Туған жерге жеткенше, қайтіп дәтің шыдайды? Кім сағынбас өз қағын? Кім сүймесін өз жерін? Сүймесе сүймес зердесіз, шерсіз жүрек, тілеуі бөлек жетесіз». Жазушы өз кейіпкері Қартқожа арқылы туған жерді жанындай сүйе білуге уағыздайды.

Халықтың табиғатты аялы алақанымен аялаулы және оған қамқорлығы атақты ақын Әбділда Тәжібаевтың жыр жолдарында да жиі кездеседі:

  • Құсың қайда, қарағым-ау?
  • Атпадым …
  • Көп еді ғой көлде де құс …
  • Көп екен.
  • Неге атпадың?
  • Түк дәлелім жоқ екен.
  • Атуға сен қимадың ба?
  • Қимадым.

Туған жердің құстарын да сыйладым.

Мектептерде жүргізілетін экологиялық білім мен тәрбие жұмыстарында әлі де болса халықтық педагогиканың мол мұрасына жеткілікті мән берілмей келеді, осының мол мұрасына жеткілікті мән берілмей келеді, осының орнын толтыру үшін халық қазынасын жан-жақты пайдалану қажет екенін қазіргі күннің өзі талап етуде.

Табиғат сұлулығын сақтай білу, одан ләззат ала білу әрбір азаматтың экологиялық мәдениеттілігінің басты көрсеткіші болуға тиіс. Ақын Сырбай Мәуленовтың мына жыр жолдарының аңғартар ақиқаты ерекше:

Көз алдымда жатты қайран сұлулар,

Қайта оларды тірілтетін кімнің бар?

О, адамдар тағыларға жем етпей

Сұлулықтың күзетінде тұрыңдар.

Әрбір адамның табиғатқа деген қарым-қатынасы жас кезінен бастап, семьяда, балабақшада, мектепте, арнаулы орта және жоғары оқу орындарында алған тәрбиесіне тікелей байланысты екендігі белгілі. Олай болса, экологиялық тәлім-тәрбие адамгершілік тәрбиенің құрамдас бөлігі. Бұл салада да халықтық педагогиканың озық үлгілерін пайдалану әрбір ұстаз бен тәрбиешінің төл ісі, азаматтық борышы және парасатты парызы болмақ.

Ақын Мұзафар Әлімбаев мынандай жыр жолдары арқылы оны бәрімізге былайша жүктейді:

Туған жерді сүю – парыз,

Сүю үшін білу – парыз,

Қасиетін ұғу – парыз,

Күзетінде тұру – парыз!…

Танымай өтеміз бе киелі не?

Кырсығы білместіктің тиерін де…

Ұрпағың дал болар ма ағаш таппай

Кәдімгі домбыраның тиегіне.

Әрбір адам Табиғат-Ана алдында мәңгі-бақи қыраздар екенін ешқашан естен шығармауы тиіс. Исраил Сапарбаевтың сөзімен айтсақ:

Аман болсын халық деген, ел деген,

Ешкім жолын бөгей алмас көлденең.

Тіршілікті талбесікше тербеген,

Қарыздармын қасиетті Жерге мен!

Елдің бай болуы, құлт-берекенің молдығы табиғатпен тікелей байланысты. Табиғатты аялау, оған үнемі қамқорлық жасап отыру әрбір азаматтың адамгершілік борышы және парасатты парызы болмақ. Ойымды қорытындылай келе, таяуда ғана халқымен қайта қауышқан асыл азаматымыз Міржақып Дулатовтың мына жыр жолдарымен бітіргім келеді:

Тамаша аспан менен жері қандай,

Зеңгір тау, дария шалқар көлі қандай.

Орман, тоғай, гүлденген бақшалары,

Пайдаланған бұлармен елі қандай.

РЕЗЮМЕ

Қазақ халқының тағылымы мол мұраларының бірі-

табиғатты аялау дәстүрі.Халқымыздың табиғатқа деген зор сүйіспеншілігі табиғаттың көркем келбетін,арайлы ажарын, сұлу сымбатын көре,сезіне білуінен қалыптасқан.

Табиғат сұлулығынан,әдемілігінен, әсемдігінен бойыны қуат,жүрегіне шуақ алып, аса зор іңкәрлік сезімге бөленген және табиғатты қастерлеп пір тұтқан.

Бабалар табиғатты аялаған,

Малын бағып,бауырын саялаған,

Табиғатты Ана деп ардақ тұтып,

Қамқорлығын ешқашан аямаған.

( Р.Сәтімбеков )

Табиғаттың сұлу-сымбат мүсіні, көркі келбеті бар туындылардың бірі-хайуанаттар.Халқымыз жан-жануарлар-ды көзінің қарашығындай сақтап, қамқорлыққа алған.Оны ақын Қожамұратовтың мына өлеңінен байқауға болады.

Тиме аққуға!

Мендейлердің атын ал,түйесін ал,

Тиме аққуға!Аққудың киесі бар.

Мендейлердің атын ал,биесін ал,

Тиме аққуға!Аққудың иесі бар.

Халық даналығында табиғатқа жанашырлық қасиетін аңғартатын аңыз,әңгімелер де көп. Соның бірі асқан ақыл иесі Төле би атамызға байланысты айтылады. Ертедегі жоңғар шапқыншылығы кезінде ел жерінен босып,қаша жөнелген кезде Төле би үйін жықпай, жұртта отырғанын қалмақтың әскер басы көріп,оның себебін сұрағанда данышпан ата шаңырығына қарлығаштың ұя салып, балапан шығырғанын және сол қызылшақа балапандарды қырып алмау үшін жықпай отырғанын айтады. Мұны естіге әскер басы ақсақалдың адам баласы сүйсінер қасиетіне риза болып, оның өзіне де, қарлығыш балапандарына да тимеген

екен деген аңыз бар.

Халқымыздың асыл салт- мұрасы бұл күнде де жалғасын табуда. Туған елімізде қазіргі кезде 9 мемлекеттік қорық орналасқан.Оның әрқайсысы белгілі бір табиғат аймағының табиғи ерекшелігін қорғауға байланысты ұйымдастырылған. Жаңа жылымыз жыл басы наурызда да басқа ұлттар сияқты шыршаны шырылдатып қыршынынан қимай,керісінше әрбір жұмыр басты пенде ағаш отырғызады,бұлақ көрсе көзін ашып,жер ананы,үйді тазартады.

Наурыз келіп жаңарады тіршілік

Өркен жаяр балғын бүршік құлшынып

Жердің бетін жасыл орман көмкерер

Отырғызсақ әрқайсымыз бір шыбық.

Қазақстан 300 жыл Ресейдің отары болды. Сол кездері киелі де, қасиетті батыр аталарымыздың білектің күшімен, найзаның ұшымен қорғаған жері полигонға айналды. Полигонның зардабын халық әлі тартып келеді. Олжас Сүлейменовтың қажырлы еңбегінің арқасында полигон жабылды. Арал қасіретіне ұшырадық. Кейінгі жылдары Арал теңізі де қалпына келуде.

Қазақстан өңірінде жыл сайын бірнеше мың шырша, қайың, терек және көптеген жеміс ағаштары отырғызылуда. Өзіміз білім алып отырған,білім ордасы әсем қала,арман қала Алматыда да жасыл сақшылар командалары ұйымдастырылып, тазалықты сақтауға көмектесуде. Төрт құбыламыз түгелденіп, ата-бабамыздың салт-дәстүрін қайтадан жалғастырудамыз. Таяу арада Қазақстанда керексіз заттар полиэтилен,әйнектер және көптеген заттар өңдейтін өндіріс орындары ашылмақшы.

Біздер студенттер қауымына халқымыздың табиғатты жанындай жақсы көріп, сүйе білуі және оған деген аялы алақаны мен абзал адамгершілік қамқорлығы қанымызға анамыздың ақ сүтімен дарығанын зор мақтанышпен айтамыз.

Қазақстан- туған жерім,киелім
Қасиетіңді қастерлеп басымды мен иемін
Табиғатым тұнып тұрған қазына
Соның бәрін аялаймын,сүйемін.

Басқа да материалдар Мұғалімдерге Ашық сабақтар Сабақ Жоспарлары Оқушыларға Рефераттар ҰБТ Шығармалар СӨЖ

ПІКІР ҚАЛДЫРУ