Табиғи қорлар мен ортаны қорғау

0
1837
Ұлттық салт-дәстүрлерді насихаттаудың тәрбиелік мәні.

Қазіргі  әлемде  экологиялық проблемалар өзінің қоғамдық мәні жағынан алдыңғы қатардағы мәселелердің біріне айналды, тіпті ядролық соғыс қауіпі де оның көлеңкесінде қалып қойды.

                        Жоспар

1.Кіріспе:

Экология

  1. Негізгі бөлім
  2. Климаты
  3. Рельефі
  4. Геологиялық құрылысы
  5. Өзендері мен көлдері
  6. Жер асты суы мен топырағы
  7. Өсімдіктер мен жануарлар дүниесі

 

Қорытынды:

 

Қазіргі  әлемде  экологиялық проблемалар өзінің қоғамдық мәні жағынан алдыңғы қатардағы мәселелердің біріне айналды, тіпті ядролық соғыс қауіпі де оның көлеңкесінде қалып қойды. Адамның шаруашылық іс-әрекетінің қауырт дамуы, айналадағы ортаға үдемелі, көбіне бүлдірушілік сипатта әсер етуде. Адамның табиғатқа әсері мыңдаған жылдар бойында қалыптасқан табиғи жүйелерді өзгерту, сондай-ақ, топырақты, су көздерін, ауаны ластау арқылы жүзеге асуда. Бұл табиғат ахуалының күрт төмендеуіне әкеліп соқты, көп жағдайларда орны толмас зардаптар қалдырды. Экологиялық дағдарыс шын мәніндегі қауіпті төндіріп отыр: іс жүзінде тез өріс алып бара жатқан дағдарыстық жағдайларды кез келген аймақтардан көруге болады.

1992 ж. табиғатты қорғау жөніндегі облыстық мемлекеттік комитет негізінде құрылды. Ол комитет 1991-92 ж. “Экология және табиғатты пайдалану жөніндегі облыстық комитет” деп аталды. Экология және биоресурстар жөніндегі облыстық басқарманың негізгі міндеті-облыста табиғатты қорғау жөнінде, бірыңғай мемлекеттік саясатты жүргізу, табиғи ресурстарды пайдалану және оларды қалпына келтіруді реттеп отыру; облыс ауқымындағы табиғатты қорғау жұмыстарын үйлестіру, “Қазақстан Республикасындағы қоршаған табиғи ортаны қорғау жөніндегі” заң талаптарының сақталуын ұйымдастыру және бақылау. Қоршаған ортаның күйіне және оның өндіріс пен адамдардың тұрмыс-тіршілігіне әсерін талдау үшін 1993 ж. сәуір айында облыста экология мәселелеріне арналған тұңғыш кеңес өтті.

Климаты. Облыс аумағындағы ғасырлар бойы  үстем болған табиғи құбылыстардың  әсерінен тым континенттік климат басым қалыптасқан және бұл сипат солтүстік-батыстан оңтүстік–шығысқа қарай күшейе түседі. Континенттік климат нәтижесінде күн мен түн, қыс пен жаздағы ауа райының шұғыл қарама–қарсылығы байқалып, қыс маусымы жазға тез ауысады. Бүкіл облыс жері үшін атмосфералық жауыш–шашынның тұрақты болмауы мен тапшылығы, қар жамылғысының жұқалығы мен ашық далада ұлпа қардың жел екпінімен ұйытқып ұшып кетуі, ауа мен топырақтың тым құрғақтылығы, бүкіл вегетациялық (өніп-өсу) кезеңінің өн бойында жер бетіне тікелей күн жарығының өте көп түсуі және топырақтың қарқынды булануы тән. Қысы суық, көбіне бұлтты, бұлыңғыр, бірақ қысқа, ал жаз ыстық және әжептәуір ұзақ болады.

Бүкіл облыс аумағы үшін ауаның орташа жылдық температурасы 5,90С жылы келеді. Қыс маусымы, әдетте, тәуліктік температураның 00С-тан төмендеуінен басталады; бұл құбылыс облыстың солтүстігінде қазан айының соңғы күндерінде, оңтүстігінде 5-10 қарашада болады. Тұрақты қар жамылғысы солтүстік аудандарда желтоқсанның алғашқы он күндігінде, ал оңтүстүстік аудандарда желтоқсанның екінші он күндігінің ақырында түзіледі. Қыс ерте түскен жылдары облыстың солтүстігінде тұрақты қар жамылғысы қарашаның алғашқы күндерінде, ал кеш түскен жылдары қаңтарда түзіледі. Оның қалыңдығы облыстың алғашқы жартысында 25-30 см-ге және оңтүстік бөлігінде 10-20 см-ге жетеді. Қар суының орташа жылдық қоры облыстың солтүстігінде 90 мм-ге, оңтүстігінде 30-55 мм-ге дейін жиналады; қар жұқа болған жылдары орташа көп жылдық қор мөлшері 1,5-2 есеге дейін азаяды.

Ең суық ай – қаңтар, бұл айда температура облыс солтүстігінде  -14-110С аяз болады., орташа температура  -12,90С. Қысқы кезеңде облыс аспанына арктикалық ағын енген кезде ауаның суықтығы оқта–текте  -30-350С-қа дейін төмендейді, өте сық күндерде абсолюттік ең төмен температура  -40-440С-қа дейін барады. Кейде қаңтар мен ақпанда 1-3 күнге созылатын жылымық болуы мүмкін.

Қысы айларында желдің қарқыны 4,5-5 м/сек-қа жетеді. Әсіресе ақпан мен наурызда күшті жел соғып, қарлы боран мен бұрқасын ұйтқиды. Көп жылдық қарлы боран күндерінің қыстағы орташа мөлшері облыстың солтүстігінде 30-35 күнге, оңтүстігінде 15-20 күнге жетеді. Ауа температурасының 00С-тан жоғары тұрақты шамасы облыстың солтүстік жағында сәуірдің алғашқы бес күндігінде, оңтүстік  батысында наурыздың үшінші он күндігінің басында байқалады. Бұл кезеңде қар жамылғысы сетінеп, жылғалардан су ағып, өзендер деңгейі көтеріле бастайды. Көп жылдық бақылаулардың мәліметтері бойынша Орал қаласында 24 көкекте ауаның орташа тәуліктік температурасы 100С-тан жоғарылайды да, ауыл шаруашылық дақылдарының басым бөлігі белсенді өсіп-өну кезеңіне өтеді. Көктем облыста ерте және жаппай

басталады, бірақ күннің жылынуы үнемі ауытқулы болады, оқтын–оқтын ызғырық еседі. Жалпы, аязсыз кезең облыстың солтүстігінде 130 күнге, оңтүстігінде 170 күнге дейін жетеді. Кей жылдары аязсыз кезең бұл шамадан едәуір ауытқуы мүмкін.

Жаз айларына ыстық, қуаң әрі шаңқай ашық ауа райы тән. Бүкіл аумақтағы ауаның орташа температурасы шілдеде 23,60С  құрайды,   абсолюттік максимум 41-450С ыстыққа жетеді.

Облыс жағдайында топырақтың жеткілікті ылғалданып, егіннен мол өнім жинау көрсеткіші атмосфералық жауын-шашын түсіміне байланысты. Олардың жылдық мөлшері солтүстігінде 300 мм-ден және оңтүстігінде 140 мм-ге дейін ауытқиды, бүкіл облыс аумағы үшін орташа шама 263 мм-ге сәйкес келеді. Бірақ жауын–шашын әр жылда әркелкі мөлшерде болады. Агроклиматтық аудандарда 100С-тан жоғары температуралық кезеңнің ішінде орташа алғанда солтүстікте 100-135 мм, оңтүстігінде 90-100 мм жауын–шашын түседі, бұл жылдық жауын – шашыннның 45-55%-і ғана, ал бұл кезеңдегі булану шамасы солтүстікте 850 мм-ден оңтүстігінде 1300 мм-ге дейін шарықтайды. Вегетациялық кезең ішінде жауын–шашын мөлшері өсімдіктің қалыпты өсуі мен дамуы үшін жеткіліксіз болады, оның үстіне жылы кезеңдегі жауын–шашын жоғары температурамен ұштасады да, іс жүзінде өсімдік үшін пайдасыз, мардымсыз болып қалады. Жылы кезеңдегі бұлыңғыр күндердің саны айына 5-8 күннен аспайды, ал желдің орташа айлық жылдамдығы жазғы кезеңде 3,5-4,5 м/сек. болады. Облыс ауа райы көктем соңында және ерте күз айларында шаруаға аса қолайсыз. Осы шақта ызғар есіп, атмосфера және топырақ құрғақшылығы артып, аңызақ тұрып, шаңдақ пен құм борататын екпіні 15 м/сек-тан асатын күшті дауыл соғып, бұршақ жауу, көк мұз басу, т.б. табиғи құбылыстар жиілейді.

Рельефі. Облыс табиғаты ерекшеліктерінің бірі-оның жер бедерінің тегіс, шола жазықтығы. Жерінің беткейлік сипаты солтүстік-шығысынан оңтүстік-батысқа қарай төмендей түседі және өзіндік ерекшеліктері жағынан бес ірі геоморфологиялық аймаққа: Орал таулары шеткі үстіртінің батыс бөлігіне, Жалпы Сырт қыратының оңтүстік бөлігіне, Сырт алды кемеріне, Каспий маңы ойпатының солтүстікбөлігі мен Жайық өзені орта ағысының аңғарына бөлінеді.

Облыстың солтүстік бөлігін Жалпы Сырттың оңтүстік сілемдері алып жатыр, оның өзі де жонды–белесті қыратты жазық болып келеді де, өзен аңғарларымен жекелеген адырларға мүшеленген. Жалпы Сырттың абсолюттік биіктігі 100-ден 200 м-ге дейін жетеді және тек кейбір көтеріңкі тұстары ғана 200 м-ден асады. Шаған мен Деркүлдің аңғарлары Жалпы Сырт шегінде өте терең тілімделген және аллювийлік шөгінділерден түзілген. Облыстың солтүстік – шығысын Орал таулары шеткі үстіртінің батыс бөлігі алып жатыр, ол негізінен көтеріңкі Шыңғырлау-Елек су айырығымен және оған неғұрлым жақын жатқан бірқатар басқа да ұсақ геоморфологиялық аймақ элементтерімен сәйкес келеді. Бұл өңір едәуір кең аңғарлар жүйесімен мүшеленген, абсолюттік биіктіктері 100-260 м жонды-белесті жазық болып келеді. Орал таулары шеткі үстіртінде, Ақбұлақ қыстағының оңтүстік-шығыс жағында, теңіз деңгейінен жоғары 263 м абсолюттік биіктігі бар, бүкіл Батыс Қазақстан облысының ең биік жері-Ақтау тауы жатыр. Сырт алды кемері Жалпы Сырттың оңтүстік және Орал таулары шеткі үстіртінің батыс беткейлерін қамтиды, бір жағынан Жалпы Сырт пен Орал таулары шеткі үстіртімен, екінші жағынан Каспий маңы ойпатының жағына тік құлама жасап, ендік бағытта тар алқап ретінде созылып жатыр, бұл жерде оның абсолюттік биіктігі 45-100 м-ге жетеді. Кемер жер бедері жағынан алғанда жазық болып келеді және Жалпы Сырт пен Орал таулары шеткі үстіртіне қарағанда болмашы мүшеленген су айырығы учаскелеріне бөлінеді. Өзен аңғарлары түгел солтүстіктен оңтүстікке қарай бағытталған.

Облыс аумағының басым бөлігі солтүстік-шығыстан оңтүстік-батысқа қарай жалпы еңістенген Каспий маңы ойпатының солтүстік бөлігі шегінде жатыр. Солтүстігінде ойпаттың  абсолюттік биіктігі 25 м-ге жетеді де, оңтүстік бағытқа қарай біртіндеп аласара береді. Оңтүстігінде, шамамен Тайпақ ауылы ендігінен бастап ол теңіз деңгейінен төмендеп, 10 м-лік Каспий маңы депрессиясына айналады. Жазықтығына қарамастан, ойпат рельефі неғұрлым ұсақ учаскелерге молынан мүшеленген. Осы жерде Жалпы Сырттан құлаған шағын өзендердің суы жиналатын Шежін-Дүре-Балықты депрессиясы айқын бедерленіп тұр. Облыстың шығысында Орал таулары шеткі үстірті мен Сырт алды кемерінен аққан су жиналатын Байғұты депрессиясы қалыптасқан. Каспий маңы ойпаты өзендерінің аңғарлары әлсіз тілімделумен сипатталады және тек Жайық өзенінің аңғары ғана ойпатты солтүстіктен оңтүстікке қарай кесіп өтеді. Ойпаттың бүкіл аумағында дерлік көктемде су басып қалатын онша терең емес ойпаңдар, қазаншұңқырлар мен көлтабандар жиі кездеседі.

Облыс жерінің оңтүстікжәне шығыс бөліктерінде ойдым-ойдым құм басқан шағын өңірлер бар, негізінен олар едәуір дәрежеде жел мүжіген атыраулық және қайраң теңіз шөгінділерінен түзілген. Сонымен бірге облыстың бүкіл аумағы тұзды тектониканың ықпалына ұшырағаны байқалады., тұз күмбездері жер бетінде биіктігі 20-50 м-лік жайпауыт көтеріңкі төбелер күйінле кездеседі.

Геологиялық құрылысы. Облыс жер қойнауының геологиялық құрылысы Каспий маңы ойысы мен тұзды күмбезді тектониканың солтүстік бөлігіндегі жағдайынан туындайды, соған негізделеді.

Каспий маңы ойысының солтүтік бөлігі палеозой, мезазой және кайнозой шөгінділерінен түзілген. Тұзды күмбездер көтеріле жырымдаған беткейінде ғана жалаңаштанып, жер бетіне шыққан пермь шөгінділерінен басқа палеозойлық жыныстар қабаты 3,5-5 км-лік үлкен тереңдікте жатыр және олар солтүстік аудандардағы бұрғылау скважиналарымен ғана ашылады. Пермь шөгінділері сакмар және артин ярустарына жатады. Әдетте, бұл құмдық-сазды шөгінді қабаттары бар пелицепод және маржан түзейтін организмдер фаунасының, теңіз шөгіндісінің қалдықтары болып табылады. Бұл шөгінділер мұнайлы-газды болып келеді әрі олардың өнеркәсіптік құндылығы Батыс Теплов, Жданов, Ульянов, Цыганов және Қарашығанақ учаскелерінде дәлелденген. Қарашығанақта мұнай-газ шоғырлары 4-5 км-де, қалғандарында 3200-3600 м тереңдіктегі қабаттарда түзілген. Кейінгі пермь дәуірі өзінің төменгі бөлігінде кунгур ярусынан галогенді-сульфатты шөгінділерімен, жоғарғы жағында қызыл түсті құмдақ-сазды түзілістермен ерекшелінеді. Кунгур ярусы гипс, ангидрит және борға бай тұздармен қабаттаса келіп, тасты тұз, карналий, сильвиннен қалыптасқан. Каспий маңы ойысының бүйірлік зонасының тұсында бұлар сыналана сұғынып, бір-бірімен қабаттасқан сипатта жатады да, орталық бөлігіде тұз күмбездері кейпін иеленеді. Галогенді-сульфатты шөгінділерінің қалыңдығы Каспий маңы ойысының солтүстік бүйірлік зонасында 1 км-ге дейін, орталық жағы мен тұз күмбездерінде 5 км-не одан да қалың келеді. Мульдалар деп аталатын күмбездер арасындағы тұз қабаттары әдетте барынша өте жұқа болып келеді, бұлардың орташа қалыңдығы-2,5 км. Галогенді-сульфатты шөгінділернің түзілісі жердің терең қойнауынан шыққан тұз қышқылдарының әсерімен не көлтабандық жағдайлармен байланыстырылады. Аймақтағы жоғары пермь шөгіндісі кірпішті қызыл саз, аргиллит, мол споралы-тозаңды құмдақтар түрінде кездеседі. Бояғыштар алу үшін минералды шикізат ретінде әбден жарамды саз бен саздақтар, көмірге айналған қабаттар, ал мульдаларда өте тереңде жатқан битумға бай көмір қабаттары кездеседі. Жоғары пермь шөгінділерінің қалыңдығы тұз күмбездерінде бірнеше м-ден, мульдаларда 2-2,5 км-ге дейін болып келеді.

Триас шөгінділері сыртқы түстері жағынан жоғары пермьдіктерге ұқсас келеді, бірақ литологиялық құрамы олардан ерекше болады. Триастың карбонатты төменгі бөлігі – вятлуж және басқұншақ ярустары түрінде қалыптасқан және жоғарғы бөлігі негізінен аргиллитті, сазды және құмдақты келеді, қалыңдығы-300-400 м.

Юра шөгінділері сазды және құмдақты болады. Саз шөгінділеріндегі алғашқы  түзілістерде  көмірге  айналған  өсімдік  қалдықтары, моллюскалардың қайраң сулық фаунасы аралас құмдақ қабаттарын түзген, жалпы юра шөгінділерінің қалыңдығы-250-350 м. Бор шөгінділері бір-бірінен айрықша ерекшеленетін төменгі-құмдақ-саздақ және жоғарғы-карбонатты жеке  қабаттардан тұрады; карбонатты шөгінділер негізінен жазатын бор, мергелден, сирегірек пелиципод, теңіз кірпісі, белемнит және аммониттен, фауна қалдықтары араласқан әктастан тұрады. Бор шөгінділерінің қалыңдығы-250-300 м.

Палеогенді шөгінді опоко түріндегі саз, құмдақтардан тұрады. Тұз күмбездерінде палеоген жыныстары шайылып кеткен, тек күмбезаралық кеңістіктеріндеғана сақталып қалған; бұлардың қалыңдығы 400 м-ге жетеді.

Неоген шөгінділері саз,құм және конгломераттан, ұсақ екі бөліктен тұратын әлсіз жабысқан қиыршықтастың 3-4 қабатынан қалыптасқан. Конгломератты болуы олардың құлама тік жағалық теңіз жағалауында түзелгенін көрсетеді. Қалыңдығы-200-250 м.

Төрттік шөгінділер өзен, көл-батпақты түзілістер болып келеді. Литологиялық құрамы жағынан аллювийлі және золды ұсақ-малтасты, құмайт және саздақтарға ажырайды; қалыңдығы-100 м-ге дейін.

Өзендері. Облыстың негізгі су көзі — Жайық өзені болып табылады. Облыс шегіне Елек поселкесінің батыс жағынан енген өзен батыс бағытқа қарай ағып, Орал қаласына дейін жетіп, оңтүстікке  шұғыл бұрылады да, Солтүстік Каспий маңын кесіп өтеді. Облыс шегіндегі ұзындығы-761 км, су жинайтын алабы-116678 км2. Жайықтың облыс аумағындағы салалары — Елек, Шыңғырлау, Шаған, Барбастау, Емболат, Быковка, Рубежка, Бастастау өзенінен төменірек Жайықтан Көшім бөлініп шығады.

Жайық өзені бүкіл облыс жерін жер беті ағын суларының жиілігі әр түрлі қос торапқа ажыратады. Сол жағалаулық өзен торы тығыздығының коэффициенті К-0,54 км/км2 мөлшерімен сипатталады, оң жағалаулық бөліктегі өзен торы тығыздығының коэффициенті К-0,26 км/км2. Бүкіл облыс үшін өзен торының тығыздығы Жайық өзенінсіз-0,036 км/км2, Жайықпен қоса есептегенде-0,040 км/ км2 коэффициентпен сипатталады.

Жалпы облыста үлкенді-кішілі 200-ден астам өзен бар, олардың 65-і жазда кеуіп, құрғақ арналарға айналады; ұзындығы 10 км-ден аспайтын шағын жылға-өзендер де баршылық. Ұзындығы 200 км-ден асатын өзен небәрі-8. Қараөзен, Сарыөзен, Елек облыс жерінде тек өздерінің сағалық бөлігімен ғана ағады, олардың жалпы ағыны облыс шегінен тыс қалыптасады. Өңірдің жер бедері мен топырақ қабатының ерекшелігіне байланысты көптеген өзендердің арналары өте ирелең қалыптасқан. Мысалы, Барбастаудың ирелеңдеу коэффициенті К-1,40, Шолаңқаты-К-1,04, Жақсыбай-К-1,071, Ащыөзек-К-1,75, Мұқыр-К-1,4-ке тең келеді.

Көлдері. Облыстағы көлдің таралу коэффициенті 10%; жалпы 150-ге жуық көл бар, олардың айдындарының аумағы 1532 км2. Облыстың өзен бойларына жуық өңірлерінде жайылма су айдындары көп. Мысалы, Шежін жайылмасы 2200 км2 ауданды алып жатыр. Дүре-700 км2, Қараөзен – 600-700 км2, Сарыөзен-200-300 км2, ал Бұлдырты 100 км2–ге жуық жерге жайылған.

Облыс аумағында көлдер әркелкі орналасқан: Елек алабында-5, Өлеңті  алабында-1-2, Бұлдырты алабында-20-дан аса , жақсыбайалабында 5-6 шағын көл бар. Ойыл сағасындағы Аралсор көлінің ауданы-112 км2. Бұл көлдердің бәрі Жайықпен ұласпайтын өзендердің алаптарында орналасқан. Облыстың оңтүстік-батысбөлігі көлді келеді.Олар Дүре-Шежін жайылма суларының оңтүстік бөлігінде, Көшім және Мұқыр өзендерінің сағалық жағында, Қарөзен, Сарыөзен сағаларында шоғырланған. Бұлардың арасында 200 км2 ауданды алып жатқан Балықты Сакрыл, Сарай, Қамыс-Самар көлдерін бөліп атауға болады. Облыстың осы бөлігінде су айдыны 1-ден 4 км2–ге дейінгі тұзды, кеуіп қалатын көлдер көп, олардың арасында ауданы 72 км2 тұзды Боткөл бар. Облыстың ең терең әрі ауқымды су айдыны-Шалқар көлі, ауданы-242 км2.

Жерасты суы. Шаруашылық қажетіне және тұрмыстық тұтынымға жарамды тұщы су қоры облыс қойнауындағы негізінен төрттік, жоғары плиоцендік жыныстар мен палеолен-бор шөгінділерінің қабаттарында түзілген. Бұларда А+В+С категориялары бойынша жиынтық өнімділігі 366,8 мың м3/тәулік, оның ішінде өнеркәсіптік А+В категориялары бойынша 322,8 мың м3/тәуліктік игерілу қорлары бекітілген 22 жерасты су көзі анықталды.

Облыс қойнауында жерасты сулары біркелкі таралмаған: негізгі бөлігі облыстың солтүстігінде, тек 5 кен ғана оңтүстік жағынан барланды. Сулы қабаттардың көпшілігі Жайық және басқа өзендердің аңғарларындағы аллювийлік шөгінділермен тығыз байланысты, ең ірілері-Жайық, Дарьинск, Чапаев, Бөрлі, Серебряков, Тоқпай, Январцев, Жарсауыт кендері. Бұлардың бәрі қалыңлығы 10-нан 25 м-ге дейінгі орта және жоғары төрттік құмайт-қиыршықтасты құрылымдармен байланысты. Скважиналардың дебиті-5-тен 25 л/с-қа дейін. Топырақ асты суларының жату тереңдігі-3-10 метр. Жайық өзенінің ағынымен топырақ асты суларының гидравликалық ағынының жатыс бағыты тығыз байланысты келетіні байқалады.

Облыстың оңтүстік бөлігіндегі Аймекен жерасты, Искра бұлақтары және Қаратөбе жерасты су алқабы бар. Жерасты су алқаптарының қорлары төменгі-жоғары төрттік кезеңнің ежелгі аллювийлік атыраулық шөгінділерінде айқындалған. Су жиналатын құм қабаттарының қалыңдығы бұл жерде 10-нан 31 м-ге жетеді. Арынсыз деңгейдің жату тереңдігі-1-6 м. Тұщы судың минералдығы-1г/л-ге дейін. Ежелгі-жоғары төрттік аллювий кендеріндегі жерасты суларының бекітілген жалпы қоры-33,6 мың м3/тәулік. Барланып, табылған кендердіңбасқа типтерінің ішінен игерілу қорлары 1,3 және 1,7 мың м3/тәулік болып бекітілген Жымпиты, Федоров, Каменка, Ақсай, Люсен бұлақтарын айырықша атауға болады, бұлардың суымен осы аудан орталықтары қамтамасыз етіледі және қорлары қалыңдығы 9-10 м плиоцендік Сырт түбі құмдарында жиналған. Скважиналардың дебиті-2,5 л/с, тереңдігі 30-40 м-ден артық емес. Суы тұщы, пайдаланылып жүрген ауыз судың мемлекеттік стандартына сәйкес келеді.

Топырағы. Облыстың бүкіл солтүстік, Жалпы Сырттық бөлігін  қара және  қызыл-қоңыр топырақ жауып жатыр. Ара-тұра бұлардың арасында жер бетіне шығып жатқан пермь саздары мен жалаңаштанған апатжыныстарымен тығыз байланысқан қызыл-қоңыр сортаң топырақтар жолағы кездеседі. Облыстың Сырттық шығысын ала Ойылға дейін тұтастай дерлік күңгірт қызыл-қоңыр топырақ алқабы созылып жатыр, бұлардың кейбір тұстарына саздақ және құмайт құрамды ашық сарғылт түсті топырақ массивтері сұғына ене түскен. Өзен аңғарларын бойлай ойдым-ойдым сортаңдар түзілген.

Каспий маңы ойпаты шегінде ала-құла топырақ жамылғысы қалыптасқан. Сырт алдындағы қыраттарға жапсарлас жатқан ойпатта қызыл-қоңыр және ашық қызыл-қоңыр ойдымдармен алмасып келген күңгірт қызыл-қоңыр топырақтар басым. Бұлардың оңтүстік таралу шегі шамамен Көшім тоқтау дәуіріндегі Каспий теңізінің жағалаулық шегімен сәйкес келеді. Бұл алапта ойдым-ойдым сортаңдар кездеседі. Эльтон және Қараөзен, Сарыөзен су айырықтарын, Көшім мен Жайықтың сол жағалауындағы кейбір жерлерді ашық қызыл-қоңыр, сортаң, шабындықты қызыл-қоңыр топырақтар кешені жауып жатыр, бұлардың арасында қызыл-қоңыр топырақ басым келеді. Бұл өңірдегі сор-сортаң алқаптар 15-20%, кейде 40% шамасында.

Оңтүстікке жылжыған сайын топырақ құрамы жеңілдей түседі, саздақ құмайтқа ауыса береді, құмақты ашық қызыл-қоңыр топырақ бұл жерде бір тектес үлкен массивті құрайды. Әсіресе Сайқын, Аралсор-Пятимар-Қаршы-Өлеңтіге дейінгі табиғи шектен оңтүстікке қарай ойысқан сайын дала бедері тегістеле түседі. Жолшыбай далалық ойпаң жерлердегі шалғынды қызыл-қоңыр топырақ үлесі де өзгеріп отырады.

Қоңырқай және ашық қоңырқай топырақ түрлері облыстың  оңтүстік шекарасын бойлай ойдым-ойдым болып кездеседі. Ойдымдарының ірісі Хаки сорының оңтүстігіне таман орналасқан, ал қалғандары Аралсордың оңтүстік шетінен Көшім сағасына, Тайпаққа қарай үздік-үздік жолақ болып өтеді. Жайықтың сол жағында бұлар Индер көлінің солтүстігінен Бүйрек құмдарына бағытталады. Қоңыр топырақты алаптың оңтүстік беткейінде Нарын құмы жатыр.

Өсімдіктер дүниесі. Облыстың флорасында 106 тұқымдасқа жатқызылатын гүлді өсімдіктердің 1300-ге жуық түрі, олардың ішінде күрделі гүлді, атбас бұршақты, астық тұқымдас, көкпек, зиягүл түрлері бар. Өсімдіктердің эндимиктік түрлері: Талиев гүлкекіресі, қатты жапырақты келерия, майысқақ боз, Еділ майқарағайы және т.б. Облыстың өсімдік жамылғысында үш белдем элементі кездеседі. Солтүстіктен нағыз дала белдемі өтеді, орталықтың едәуір бөлігі шөл дала немесе шөлейіт белдемге енеді, ал оңтүстік аудандар шөлдің солтүстік шегіне ұласады. Жалпы өсімдік жамылғысында бір кездері далалық сипаттың басым болғаны байқалады, бірақ оны пайдалану құбылысы етек жаюда. Негізінен нағыз дала зонасы облыстың солтүстік бөлігін алып жатыр және бұл өңір боз әрі бетегелі дала болып табылады.

Боз даланың оңтүстік шегі Еруслан бастауынан Қараөзен және Сарыөзен арқылы, Ершов кентінен 2025 км оңтүстікке, одан әрі Жалпы Сырт сілемдерімен Красный кентіне дейін, Дарьинск арқылы Шалқар көлінің солтүстік жағалауымен, содан соң Елек және Қобда су айырығын бөле шығысқа қарай өтеді. Бұнда далалық боздың әр алуан түрлерімен қатар қылтанақсыз арпабас, беде, түнгі шегіргүл, дала шиесі, талбұршақ және т.б. кездеседі.

Боз дала белдемі оңтүстікке қарай бетегелік дала белдеміне ұласқан. Мұнда бетеге айырықша басым болғанымен, оған әр түрлі боз араласқан. Далада мезофильді шөп түрлері азая түседі, бірақ оның есесіне бұталар: аласа бадам, шайқурай, тобылғы, бұл өсімдіктер ойпаңдарда оқшаулана біткен, осы арқылы дала көркін ала-құла етіп көрсетеді. Бұталармен бірге ойпаңдарды бойлай қауырсынды солтүстік бозы өседі.

Ірі ойпаңдарда бидайық, сұлыбас және түлкіқұйрықты шалғындық топтар, құмайт тпырақты жерлерде жусанды ақшагүл аралас өседі.

Шөл дала облыстың үлкен бөлігін қамтиды. Солтүстікте бетегелі дала белдемімен ұласып, Жалпы Сырттың сілемдеріне жақындаса, оңтүстікте Нарын құмдарына және қоңыр топырақты кең-байтақ  ақ және қара жусанды шөлдерге жалғасады. Шөл даланың оңтүстік шекарасы Сайқын темір жолымен, Жасқұс құмымен, Қамыс-Самар көлдері арқылы одан әрі Саралжын мен Бесқұдық қыстауына, одан Тайпақ ауылы маңында қара жусанды шөлді айналып өтеді де, Жайықтың сол жағында оңтүстікке қарай Базартөбеге дейін түсіп, сол жерден Итмұрын көлі мен Жақсыбайдың сағасына қарай бағыт алады. Бұл өңірдегі шөл дала табиғи ерекшеліктеріне қарай кейде ала құм немесе кешенді дала деп те аталады. Облыстың оңтүстік бөлігінде құм массивтер шетін бойлай топырақтың күшті  сортаңдануымен байланысты ақ жусанды шөл қалыптасқан. Бұл жерде итсигек пен ебелек мол, ал көктемде тез қурап кететін эфемерлер өседі. Сортаңдардағы қара жусанды шөл облыстың оңтүстік аудандарында, яғни Жалпақталдан оңтүстікке қарай, Аралсор маңында, Итмұрын көлінің маңында және басқа жерлерде кездеседі. Бұл жерде қара жусанмен аралас ебелек, итсигек, көктемде қоңырбас пен мортық көп өседі. Сор топырақтағы көкпектілі шөл Шежін жайылмасының, Казталов, Қаратөбе және Ақжайық аудандарының оңтүстігіндегі кең-байтақ өңірді алып жатыр. Мұнда көкпек аралас жусан, түрлі сораң, ақмамық, бидайық, қияқ, мортық өседі. Сорлар маңайында қалыптасқан бұйырғынды-көкпекті шөл көбіне облыстың оңтүстік аудандарында ойдым-ойдым болып кездеседі. Жаңақала, Бөкей ордасы, Жәнібек аудандарында, Қаратөбе, шыңғырлау маңында көшпелі сусымалы құм массивтері бар. Әдетте, бұлар әлі өсімдікпен бекімеген.

Облыс жерінде жоғарыда сипатталған белдемдік өсімдік жамылғысымен қатар көлтабандық, жайылмалық шалғын, кейде сирек орман-тоғай алқаптары да кездеседі. Шежін мен Дүре жайылымдарының сортаң топырағын, Көшім, Жақсыбай, Бұлдырты және т.б. өзен сағаларын бидайық, сұлы, т.б. аралс өскен көлтабандық шалғын жауып жатыр. Далалық жайылмалар төңірегіндегі сортаң топырақта негізінен ақмамықты көлтабан шалғындары жиі ұшырасады. Көптеген жайылмаларды жағалай көкпек басым ажырықты және шырынды сораң өсімдік өскен. Қамыс-Самар көлдерінің алаптарында, Жақсыбай жайылмасында қамыс өседі.

Облыстың шөптесін қорының басты түрі-жайылмалық шалғындар. Жайықтың төңірегінен биіктеу белесті-жалды келетін жайылмаларында бидайық тектес және жусанды-бидайық аралас өскен шалғын көп кездеседі. Жайылмалық шалғындарда көбіне миямен араласа бидайық, сұлыбас өседі. Жайылмалардың ең төмен учаскелерін өлең шөбі басым батпақты шалғындар алып жатыр. Облыстың орман-тоғай өсімдіктерін зерттеген кезде дала тоғайларының негізінен қосымша ылғалды белдемдерге ұштасып келетіні анықталды. Облыстағы орман алқаптары-жайылмалық орман-тоғай, құмайт массивтердегі бұталы алқап және көлтабан ойпаңдарындағы массивтер түрінде өскен; жайылмалық тоғай көбіне өзен аңғарларымен байланысты. Мұнда аралас өскен бұталы үйеңкі, шегіршін, қайың, емен ағаштары ұзақ уақыт суда қалуға бейімделген.

Құмайт массивтердегі тоғай шегі оңтүстікке қарай сұғына түсіп, 49  солтүстік ендікке дейін жетеді.

Жануарлар дүниесі. Облыс аумағында сүтқоректілердің 70 түрі, құстардың 310-ға жуық, рептилияның 19, қос мекенділердің 7, балықтардың 51, әр алуан омырқасыздардың мыңдаған түрі және дөңгелек ауыздылар мекендейді.

Сүтқоректілерден өздерінің алуан түрлілігімен ерекшеленетін кеміргіштер де бар. Олардың ішінде әсіресе кішкентай саршұнақ, кәдімгі сұртышқан, дала алақоржыны, атжалман мен кәдімгі соқыртышқан кеңінен таралған. Қамысты-қоғалы қалың нудың арасында, кейбір өзендер мен ірі көлдерде су  тышқаны мекендейді. Жайықтың ескі арналарында қайтадан құндыз кездесе бастады. Орқоян кең тараған, ал облыстың солтүстік бөлігінде аққоян мен дала шақылдағы кездеседі. Жыртқыштардан қасқыр, түлкі, аққұлақ, ақкіс мекендейді, сондай-ақ қарсақ, дала күзені мен борсықты, кейде шұбаркүзенді көруге болады, оңтүстік-батыстағы адырлы құмдарда жабайы мысық бар, кейде бұл ауданда жанат тәрізді ит кездеседі. Оқта-текте тоғай тауығы, кәмшат, еуропа қара күзені, тіпті сілеусінді ұшырастыруға болады. Жәндік қоректілерден кәдімгі және құлақты кірпі, жертесердің бірнеше түрі, жұпартышқан кеңінен таралған, жарқанат едәуір көп.

Тұяқтылардан киік көп тараған. Жайылмалық орман-тоғайларда бұлан мен елік мекендейді. Құстардың ішінде ең көбі тоғай тектестер. Орман-тоғайда қызылторғай, мысықторғай, сарышымшық, қызылқұйрық, мақтанторғай, құрқылтай, барқылдақ торғай кездеседі. Орман алаңқайларында сұлусары, бақторғай, сұр мақтанторғай, өзен жағалауларын, ескі арналарды бойлай өскен бұталарда құрқылдақторғай, жасымықторғай, Жайық жайылмасының солтүстік бөлігінде шырылдақторғай, сарықасторғайлар бар.

Ашық далалар мен шөлейіт ландшафтарда құстардың түр құрамы едәуір тапшы, негізінен алғанда бозторғай мен тастақторғай, бұталы ойпаңдардың кейбір жерлерінде шақар сұлусары торғай ғана кездеседі. Түрінің саны жағынан балықшылар екінші орын алады. Шалғын мен суат жағалауына ұя салатын түрлер арасында қызғыш, шалғыншы басқаларға қарағанда жиі көзге түседі, батпақты жерлерде бірқазан мекендейді. Шағалалардан көл шағаласы басым келеді. Су жағалап қаз тәрізділер мен сұқсыр үйрек, ішінара тырна кездеседі. Ұя салатындардан ең көп тарағаны барқылдақ сұр үйрек, шүрегей

үйрек және қызылбас сүңгуір үйрек, су айдындарында сұр және ақ құтан, қалбағай, бұйра бірқазан, үлкен және көкбас сұқсыр үйрек ұялайды, көктем мен күзде ұшып бара жатып олар аялдайды. Биік шөп арасында безгелдек, кейде дуадақ та кездеседі. Жыртқыш құстардан ашық далалық жерлерде дала бүркіті, қарақұс, дала бөктергісі, құладын, тауық тәрізділерден сұр кекілік, шалғындарда бөдене мекендейді, су жағалап батпақ жапалағы ұшады. Облыста бауырымен жорғалаушылардан кесірткенің 10 түрі, жыланның 8 түрі мен тасбақа бар.

Облыстың өзендері мен көлдері өздерінің балыққа байлығымен және әр алуандығымен ерекшелінеді. Ең көбі тұқы тәрізділер, олардың ішінде әсіресе жерсінгендері-ақамур мен дөңмаңдай. Тұщы суларда табан, мөңке, сазан, ақбалық, көксерке, т.б. кездеседі. Жайық өзені аса бағалы бекіре тұқымдастарға бай.

Омыртқасыздар ішінде буынаяқтылары, әсіресе жәндіктер көп және қоңыздар басым болып табылады. Көбелектер отрядының 400-ге жуық түрі бар, екі қанатты, тік қанатты және жарғақ қанаттылар 150-200 түрден саналады. Әр түрлі типтегі омыртқасыздар негізінен топырақ қабатында таралған. Олардың ішінде қарапайымдылар мен ірі құрттардың-10-15, өрмекші, кенелердің 100-ден астам түрі бар. Су түбін мекендеушілерден, әдетте, әр түрлі құрттар, буынаяқтылар мен олардың дернәсілдері, сондай-ақ моллюскалар кездеседі. Планктонның негізгі массасын шаян тәрізділер, қарапайымдар, жәндіктердің дернәсілдері, хиромид және басқалары құрайды.

Табиғи қорлар мен қоршаған ортаны қорғау. Облыста 1962 ж. табиғат қорғау қоғамы құрылды. Негізгі мақсаты: табиғат қорғау жұмыстарының жергілікті орындарға көмектесу, жұртшылықтың табиғи байлықтарды тиімділікпен пайдалануын қадағалау, облыс аумағында экологиялық жұмыс жүргізу. 1993 жылдың басында қоғамның 130 мыңнан астам мүшесі болды. Қоғамның басшылығымен “Құстар күні”, “Табиғаттың жас достары слеті”, “Жас натуралистер мен техниктер слеті”, т.б. экологиялық шаралар ұйымдастырылды. Су көздері мен табиғи ортаның тазалығын сақтау мақсатында облыста қуаты тәулігіне 7,5 мың м3–ден 20 мың м3–не дейін жететін 56 тазалау қондырғысы жұмыс істейді. Өсімдіктер мен жануарлардың сирек кездесетін және жойылып бара жатқан түрлерін қорғауға үлкен назар аударылуда. Осы мақсатпен республикалық маңыздағы үш заказник құрылған, бұлар — Бударин, Кирсанов, Жалтыркөл қорықшалары. Қазақстанның «Қызыл кітабына» енген өсімдіктер мен жануарлардың  түр құрамын сақтауда Ақтау, Аққұм, Қараағаш, Нарын, Шалқар шұраттарындағы табиғат ескерткіштерінің мәні де зор. Қарашығанақ газ-конденсат кені маңында топырақ жамылғысының құнарлығын сақтау мақсатында жұмыстар іске асырылуда. 

Пайдаланған әдебиеттер: 

  1. “Батыс Қазақстан облысы” энциклопедия.
  2. Бродский А.К. “Жалпы экологияның қысқаша курсы”-Алматы: Ғылым, 1998.
  3. Беречь природу Семиречья. Экологический курьер-2000 г.
  4. Исмаилов, Акимова. “Экология”
Басқа да материалдар Мұғалімдерге Ашық сабақтар Сабақ Жспарлары Оқушыларға Рефераттар ҰБТ Шығармалар СӨЖ

ПІКІР ҚАЛДЫРУ