ТАЯҚ ТА ТӘРБИЕ ҚҰРАЛЫ

0
2190

Екі қолыңмен амандаспасаң екіленіп шыға келетін ауылдың есерсоқтарының мұздай жұдырығы мұрнымызды бұзса да, сабақ аяқталғанша тілімізді тістеп отыратынбыз. Көзіміздің айналасы көгеріп тұрғанымен көңіл сол баяғыдай беймарал. Кішкентай ақылымыз кешірім сұраудың жолын іздейді күні бойы. Ерте бастан ертеңгі күннің қамын жасамасаң, ендігәрі танауымыздың тесігінен жел өтпеуі мүмкін. Әдеттегідей қатені өзімізден іздейміз. Үлкеннің аты үлкен, тергеуі теріс болса да, істегені дұрыс. Содан қойшы, үзілісте әлгі тентектердің тілін табуға кірісіп, татуласудың алғашқы қадамын өзіміз жасаймыз.

Ауыл баласының аңқау келетіні қандай жақсы. Сол аңқаулығының арқасында шығар арты таза, алды ашық. Біреуге деген қарақазан өкпесі қыстың күніндей қысқа. Жасы жоғарының бәсі биік  мұнда. Оны сыйлау ата салтымыз. Ал ғұрыптан аттау аманатқа қиянат жасаумен бірдей. Хош. Танауымыздың тас-талқаны шықса да үніміз шықпай үйге беземіз. Әке-шешемізге есіктің тұтқасының ергежейлігін айтып, бәленің бәрін мектепке жабамыз. Сол мезетте олардың да аңқаулығы оянып, әшейін абайлап жүруімізді ескертеді. Бар болғаны сол. Әй, білмейді дейсіз бе, біледі ғой. Баласын қорғап, араға жік түсіргісі келмейді. Құлындарының қылығы өздеріне аян. Қазір төбелесіп, қазір-ақ көзін ашпаған күшіктей бір-бірінің бетін жалап жүретін әдеті. Бірде, көрші ұлының қысастығын айтып, әкеме шағымданып барғанымда, өзімді таяқтың астына алғанын ұмытсамшы. «Тыныш жүрмейсің» деп бишікпен санымнан осып-осып  жібермесі бар ма? Одан бақырып әжеме барып едім, ол кісі сөзімді сөйлегеннің орнына көршіні мақтап әкетті. Бұларға айтқаннан дауа жоқ екен деп, ақыры достығымызға сызат түсірмеуге байлам жасадым. Одан жаман болған жоқпыз, асығымызды бөлістік, қорамызды қосыла тазаладық.

Амандасуға келгенде аса мұқиятты әлгі бұзықтармен соқтығысып қалсақ, кешегі ауыр соққының иісі мұрнымызға келіп, тап сол сәтте қос алақанымызды ала жүгіреміз. Тіпті, төс соғыстырып, арқа қағысып сәлемдесуге дейін бардық. Сөйтсек, ол қазақта бұрыннан бар дәстүр екен ғой. Оны біз жүгермекке жоғары сынып балаларының жұдырығы үйретті. Қызық, ә!

Бәріде таяқтан басталып жатыр ғой. Гәп те сонда болып отыр. Қадыр ақынның бір ғажап өлеңі бар. Негізі Мырза Әліде осал өлең жоқ қой. Десе де, сол туындысының мазмұны жүрекке шор болып бекіп қалған. Қаламгер жасында таяқ жемеген баланың, бұла болып өсіп, есейгенде ес кіруінің екіталай екенін жеткізеді. Көк ала қойдай бола жүріп, көп дүниенің парқы мен нарқын білгенін жас оқырманға баян етеді. Жаттап алатын-ақ жыр, кітабы кейіннен қолыма тиді. Кішкене ертерек жолыққанда әкемнің айғайы жаттатар ма еді?! Енді жиырмадағы жігітті кім сабай қойсын, өмір болмаса… Ә, өмір дегеннен шығады қаламдас достың мына бір жыры санамда қалып қойыпты. Әлі күнге өміріме сабақ болып келеді.

Бұл күнде мығым өлеңім, ісім,

Өйтпесең мұндай болмас ем.

Өмірден таяқ жемеуім үшін,

Таяқтапсың ғой сонда сен…

…Байқайсың ба, әке, шетінен кекті,

Ойлары қулық, тек нала,

Бұзықтық жасап бетімен кетті,

Таяқ жемеген көп бала.

Түземейді олар қатесін неғып,

(Кеміген бе, әлде, ой-айбын?!)

Таяқтамаған әкесін көріп,

Баласын қатты аяймын.

«Бізде бала болғанбыз» деп бастайтын ағаларымыздың әңгімесін тыңдап отырып, жастық шағының шалғынына бір аунап алғандай күй кешетініміз бар. Құй сеніңіз, құй сенбеңіз қазір сіз үлгі тұтып, құрметпен қарайтын кез келген тұлғаның бала күніндегі бұзықтығының жанында біздің технократ тентектердің қылығы жіп есе алмайды. Олардың еркелігі мен есерлігін тәйірі төбелес десе иығын беріп тұратындығын естігенде денемде тоқ соққандай болған. Әйтсе де, соның кесірінен таяқты көп жегендігін жасырып қалған емес. Міне, нәтижесінде ел сыйлайтын ерен азаматқа айналып отырғанын естеліктерінде жазып қалдырып жүр. Түсін-түстемей-ақ қояйық, ішіңіз сезіп отырған шығар.

***

Тағы бір есті оқиғаның құлағы қылтиып тұрғаны. Айтпасқа болмас. (Осы мақаланы оқып, ауылдағы Жұмакүл апайым да риза болып қалсын.)

Бастауыш сынып мұғалімінің үкі көздері үрейімізді алатын еді. Ақылы томпақтың аяғын аспаннан келтіретін. Ол, мейлі, әкімнің баласы болсын. Сабағына апта бұрын дайындалып, уақыт жақындаған сайын қарауылға тұрған сарбаздай қай жақтан жау келіп қалар екен деумен отырамыз. Келе жатыр дегенді естігенде сыныптың іші құлаққа ұрған танадай тыныштыққа толатын. «Құдай-ай, ұмытып қалмасақ жарар еді» деп ішімізден бар білген дұғамызды оқимыз. Алдымен алыстан көзге түсетіні сабаудай таяқшасы. Оны қолынан тастаған емес. Гауһар сақинасы Сүлейменнің жүзігіндей жарқырайды менмұндалап. Ақырғы сәт аяңдап келеді. Несін сұрайсыз, аман шыққанымыз жүзіміз бал-бұл жанып, жараланғандарды сүйрейміз келер сабақта. Ең нашар оқушының өзі 4-пен оқуы тиіс. Пәрмен солай берілген. Анау-мынау пән емес, математика. Не керек, талай рет құлағымыз қызарды ғой. Алақанымыздың сыртында таяқтың ізі. Ата-анамызға көрсетпейміз оны. Естісе бітті футболды ұмытуға тура келеді. Жеген таяғымыз үлкен сабақ. Жұмакүл Дәркембаеваның мінезі қатал болғанымен, жүрегі жұмсақ. Ол да ана,  болашағымызға алаңдайды кәдімгідей. – «Сендер жаңадан қабырғасы қаланып келе жатқан зәулім үй секілдісіңдер. Зәулім үй берік әрі табиғаттан келер зиянға төтеп беруі үшін іргетасы биік және нығыз болуы шарт. Сондықтан қазірден бастап жақсы оқысаңдар, кейін патша сарайындай көздің жауын алатын алып үй боласыңдар. Жел соқса да, жер шайқаса да құламайтын». Осыдан он жыл бұрын айтқан сөзі. Әлі де көкейімізде сайрап тұр. Біздің сыныптан ақылы әлжуаз шәкірт шыққан жоқ. Бәрі де сол таяқтың тезінен тәрбиелі де тәртіпті азамат болып өсті. «Аюға намаз үйреткен таяқ» дегендей, ұстазымыздың ұртоқпағы ұртымызды майлады. Ұрда-жық мінезімізді орнына қойды. Бүгінде сырықтай таяқ көрсек, Аязбидей өзімізді сабырға шақырамыз.

***

«Бір қайғыны ойласам, жүз қайғыны қозғайды», – демеуші ма еді Абай жарықтық. Баяғы сол баяғы, Байқожаның таяғы. Ақыры таяқ туралы тақырыптан таған тартқан екенбіз көңілде жүрген күпті ойды көпке ұсынып көрейік. Бәрі де сол оқытушысынан оңбай таяқ жеген оқушы жайын сөз етіп жүр ғой. Елдің пікірі екіге бөлінген. Бірі – ұстазды жақтаса, бірі – шәкіртіне шаң жуытпай отыр. Әйтеуір бас аман, бауыр бүтін. Бүлінген ештеңе жоқ. Таяқтың бір ұшы билікке барып тиді де әңгелектей дүние әлеуметтік мәселеге айналып кетті. Бәріне ұстаз кінәлі болды. Оны жұмыстан қуды, қаралады, абыройын айрандай төкті. Ешкім де емтиханға келмеген білімгердің ағаттығын айтпады. Таразылап қарасақ, әлгі билікке тиген таяқтың екінші ұшы жалпы ұстаз қауымының беделіне нұқсан келтіргенін пайымдап, жан баласы жақ ашпады. Араша түсуді артық көрді. Қазақтың «бір құмалақ, бір қарын майды шірітеді», дейтіні сол. Мұғалім мәртебесін қалай көтереміз деп жүргенде бұл оқиға біржақты шешіліп, тәлімгер біткеннің тауын шақты. Ата-ананың көңіліне күдік ұялады. Білім қуған жастың меселін қайтарды.

Осы тұстан сөз тұлпардың тізгінін тартсақ, таяқсыз оқытқан ғылым тасқа тары еккенмен бірдей. Бұл біздің теорема. Оған әл-Фараби бабамыздың: «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген тәпсірін қосып қойыңыз. Бұл қағидаға қарсы шықпауыңызды қайыра айтқымыз келеді. Балаңызға араша түсемін деп, бағын байламаңыз. Бақтың қашан қонары белгісіз, әрине, бірақ жеген таяғы жігерін шыңдайтыны анық. Ол тәжірбиеде бар дүние. Әттең, жалғызын молдаға берерде: «еті сенікі, сүйегі менікі» дейтін қазақтың көрегендігіне ындынымыз кеуіп отырғаны. Бабатаным бұлай бүлінетімізді білмеген-ау, сірә. Жүре-жүре көш түзелер, тек жүзіміз суымасыншы, ағайын!

P\S: Әлгі қатал ұстазымыздың бізді ұрып сындырған сабаудай таяқшасын, ертеңінде өзіміз жасап беретінбіз. Білгенге, ол да үлкен тәрбиенің белгісі.

Мұхтар КҮМІСБЕК


ПІКІР ҚАЛДЫРУ