Атырау өнеркәсіп торабының географиялық орны және табиғат жағдайының облыс шаруашылығының дамуындағы алатын орны

0
7741

 

 

  1. АТЫРАУ ӨНЕРКӘСІП ТОРАБЫНЫҢ ГЕОГРАФИЯЛЫҚ ОРНЫ ЖӘНЕ ТАБИҒАТ ЖАҒДАЙЫНЫҢ ОБЛЫС ШАРУАШЫЛЫҒЫНЫҢ ДАМУЫНДАҒЫ АЛАТЫН ОРНЫ

Атырау облысы 1938 жылы 15-қаңтарда құрылды. Ол 118 мың шаршы шақырым жерді алып жатыр, шекарасы солтүстіктен оңтүстікке дейін 350 шақырымға, батыстан шығысқа 600 шақырымға созылған. Батысында Ресей Федерациясының Астрахан облысымен, солтүстігінде Батыс Қазақстан облысымен, шығысында Ақтөбе облысымен, оңтүстік-шығысында Маңғыстау облысындағы Үстірт қыратымен шектесіп, Каспий теңізіне дейін жетеді. [1]

Жартылай шөлді және шөлді жерлерге орналасқан территориясының басым бөлшегі тегіс және сәл дөңесті жазық болып келеді. Территориясының көпшілік бөлігінде нарын, тайсойған құмдары мен сорлары жатыр. Оның үстіңгі қабатындағы сазды, құм балшықты және құмды жиынтықтар – ежелгі Каспий транстрессиясы.

Ауаның салыстырмалы ылғалдылығы жазда 37 %-тен, қыста 80-84 %-тен аспайды. Теңізге жақын жатқанымен, климаты аса құбылмалы, жазы өте құрғақ және ыстық (+40+42 С) қысы қатал (-38-40 С). Жауын-шашын аз, жылына-150-190 мм. Күшті жел мен шаңды бұрқасындар тән. Жел жылдамдығы – секундына 5-6 м, кейде секундына -12 м. Бұрқасындар жылына орта есеппен 20-30 күн, ал кей жылдары олардың саны 50-ге дейін жетеді.

Атырау өңірі түрлі пайдалы қазбаларға бай, олар – негізінен, ілеспе газдары бар тұзүсті және тұзасты мұнай кен орындары ретіндегі көмірсутегі шикізаттары. [1]

Соңғы жылдары ғана игеріле бастаған Теңіз тұзүсті мұнай кен орнының және Каспийдің солтүстік-шығысында теңіз түбіндегі мұнай мен газ кенішінің алатын орны ерекше.

Облыстың химия шикізаты кешені Индер тұз күмбезімен тығыз байланысты, мұнда борат, калий тұзы, магний, кальций, бром қосындылары, ас тұзы және сирек кездесетін шашыратпа элементтер алынады.

Бұл аймақтағы Жаңасу-Төресай бөлімшесінде асқазан-ішек жолдары ауруларына шипалы емдік су көздерінің өндірістік қорлары ашылған. Индер ауданы территориясында табылған және игеріліп жатқан пайдалы қазбалар қоры осында бор қышқылын және одан өндірілетін калий мен магний сульфаттарын, сода, калий тыңайтқыштарын және басқа да көптеген өнімдерді шығаратын ірі тау-химия кешені құрылысын бастауға мүмкіндік береді. Облыс территориясында өндіріске қажетті кірпіш, керамзит, құрылыс тасы, құмы, құмды-шиыршық тасты қосындылары гипс, бор, әк, бақалшақ, силикальцит, кир сияқты шикізат кеніштерінің болуы өңірдегі құрылыс саласының дамуына инвестиция түсіруде қолайлы жағдай туғызады.

Солтүстік Каспий өңірінің жер бедері және табиғи жағдайлары еркеше. Өсімдікке бай Елді мен Жайық, Каспийдің құс пен балыққа толы жағалауындағы ну қамысты көтеген каналдар мен аралдар. Олардан сәл ғана қашықтықта бүкіл өзен аралығын алып жатқан ұшы-қиырсыз құмды шөлдер кеңістігі. Шөл даланың қашаннан жыңғыл-шеңгелдерінде мыңғырған қой отарлары, жылқы, сиыр және түйе табындары жайылады.

Шөл-далалық, көгал-тоғайлық және галофитті өсімдіктер жиынтығынан тұратын Солтүстік Каспий флорасы өсімдіктер дүниесінің түрлілігімен ерекшеленеді. Аймақтың  теңіз маңы, өзендер маңы, далалы және шөлді аймақтарының әрқайсысының өзіне тән өсімдік дүниесі бар. Бұған қатарласа өзен аралықтарының барлығына дерлігін алып, құмды шөлдің ұшықиырсыз кеңістігі созылып жатыр. Шөлдегі шағыл құмдардың ірі сілемдерінде бұталар мен кең байтақ ашық жерлерінде ежелден мыңдаған қой отары, жылқы үйірі, сиыр мен түйе табыны жайылған өсімдіктері өседі. (Сурет 1)

Атырау атырабындағы жоғары сатылы өсімдіктердің 945 түрі бар, бұлардың ішінде сирек кездесетін және жойылып бара жатқан түрлер, шаруашылыққа құнды түрлері, дәрілік, техникалық қасиеттері бар және басқа да түрлері өте кездеседі.

Көбіне қаңбақ сораңшасы, алабұталы көкпек, құм ебелегі, натронды сораң, түйеқарын, найзақара және Паульсен сораңы сияқты сортаң өсімдіктері өседі. Сораңдардің ішіндегі шығыс мортығы, тесікжапырақ шытырмақ, София сармаласы сияқты эфермер өсімдіктер де өседі. Бұталықтар (Шобер ақтікені, қызыл жыңғыл) сирек кездеседі.

Атырау атырабының жануарлар әлемі сан түрлі. Сүтқоректілер ішінде (39 түрі бар) жаппай таралған кемірушілерден (сарышұнақ, қоян, құмтышқан, қосаяқ, т.б.) басқа қасқыр, қарсақ, түлкі, жабайы жыртқыш аңдар, сондай-ақ доңыз, қарақұйрық және бөкен тәрізді тұяқтылар, сұржылан, әбжылан, сарыбасжылан, кесірткелердің көп түрлері және басқа жорғалаушылар, құрбақа, бақа тәрізді қосмекенділер тіршілік етеді. Каспий теңізінде балықтардың сан түрлері мекен етеді. Теңіз (53 түрі), өзен (42 түрі), өрістегіш және сирекөрістегіш, барлығы 122 балық түрі бар. Каспийдің алып балықтарына қортпадан басқа бекіре, шоқыр, пілмай, албырт, ақ балықтар жатады. Үлкен жайын, сазан, шортан, көксерек, сондай-ақ қиыршығыс келімсек дөңмаңдайы мен үлкен амур балықтары да жиі ауланады. Айтылған  тұщы су балықтары Еділ-Каспий аймағында қолайлы жағдай тауып, тоғандарда өсіруге болатын маңызды зерзаттарға айналды. Бекіре – жер шарындағы тұщы су балықтарының ең ірісі. Ол көлемі жағынан онша үлкен емес. Ең ірілері 40-45 жылда салмағы 60-70 килограмм тартып, ұзындығы 200-220 сантиметрге жетеді. Шоқырдың мөлшері қортпадан да, бекіреден де кіші. Ең ірі деген шоқырдың ұзындығы 190-215 сантиметрге, салмағы 40-50 килограмға жетеді. Ақ амур мен шұбар дөңмаңдайдың ең үлкендерінің ұзындығы 10-12 жылда 110 сантиметр, салмағы 24 килограмм болады. Ақ дөңмаңдай бұлардан кішірек, алайда оның да кейбіреулерінің ұзындығы – 80 см, салмағы 8-9 килограмм тартады.     Каспийдің ұсақ балықтары жалпы пішіні мен ішкі құрлысы жағынан ірі балықтар түріне ұқсас болып келеді. Олар Каспий ихтио-фаунасындағы балықтар санының 20 %-ін құрайды. Әсіресе, кейбір танабалық пен қазанбастар өте ұсақ болады: олардың ұзындықтары 70 миллиметрден, салмағы 1,7 грамнан көп емес. Ең кішкене Hygcangobіus bergі танабалығының ұзындығы – 21-22 мм болып келеді. Бұл ұсақ балық – біздің фаунадағы ең кішкене омыртқалы жануар.

Ұсақ балықтардың ішінде қылқаның үш түрі көп ауланады (ұзындықтары 130-150 мм-ден, ал салмақтары 18 грамнан аспайды), олардан сүрлемелер және тағы басқа өнімдер жасауда пайдаланылады.

Каспий теңізінде ежегі уақыттан бері мекен ететін каспий итбалығы жергілікті жағдайға жақсы бейімделіп алған. Әдетте олар, Жайық өзенінің жағасынан алыстау мекен етеді, Маңғышлаққа таяу Каспий аралдарында қыстап, ақпан-наурыз айларында ұрық шашады. Көктемде итбалықтар оңтүстікке қарай өтіп, жазды солтүстік және оңтүстік Каспийдің тереңірек және салқынырақ суларында өткізеді. Орнитофаунасы да әртүрлі. Бұл аймақта құстардың (ұялайтын, қыстайтын, ұшып өтетін және кездейсоқ ұшып келетін) түрлерінің саны – 230, бұлардың ішінде сирек кездесетін және жойылып бара жатқан түрлері де кездеседі.

Жайық аймағындағы ормандар құстарға толы: бұлбұлдардың төгілте сайрағаны құлақ құрышын қандырып, орман шалғынының арасынан сайрауық көркем мысықторғай әзер-әзер байқалады, адамға онша қашық емес жерден түркептердің тайсалмай гүрлеуі естіледі немесе «ақ погонды» дыркептер шыға келеді, тоқылдақтар тоқылдатып әлек.

Жағалаудағы  орманда және су жағасында лашын, шуылдақ шағала, маза бермей қарқылдайтын қарғалар айнала ұшып жүреді. Әсем реңді аражегілер мен көкқарғалар лезде тіршілігінен айрылғандай бола қалады. Ал жағаға көтеріліп, жар үстіне шықсаң, шығы кеппеген шөппен жүріп өтсең, дала әншісі бозторғайлардың үніне қанығасың. Қақсал ағаш басында ақиық қыран үнсіз қонақтап отырады.

Бұдан бірнеше ғасырлар бұрын Каспий (Хвалын) теңізінің деңгейі жоғары болғандығы соншалық, оған Жайық шамамен қазіргі Орал қаласы тұрған жерден құятын. Ертеректе теңіз бүкіл Европаны бірнеше рет «муға батырып», Солтүстік Мұзды мұхитпен жалғасқан. Итбалықтар, ақбалық пен албырттар Каспийдің теңізінде сол аумақтан келіп, жерсініп кетті.

Теңіз қайтысымен, Жайық маңы мен Каспий маңының жасыл шалғынды бай даласында әртүрлі сүтқоректілер мен бауырмен жорғалаушылар, жыртқыш жануарлардың көптеген табындары пайда болды.

Қазіргі кезде, бұдан мыңдаған жылдар бұрын болған солтүстік бұғысының қаңқасы және зілдің, жабайы күдірдің және жүндес керіктің сүйектері табылды. [1]

Жайық өзені атауын талай өзгетілді. Б.д.д. V ғасырда ол Ликос деп аталады. Түрікше – Даикс, қазақша – Жайық, моңғолша Яик деп аталған да осы өзен. Ғалымдардың дәлелдеуі бойынша, «яик» сөзі түріктің «яикман» («үлкен кеңістікке құды») сөзінен шыққан, ал сөздің өз мағынасы «қолайлы орын» деген мағынаны береді.

Бастауын Орал тауларынан алатын болғандықтан, өзені де Орал деп аталып кеткен, «Орал» — түрік сөзі, ол «тас белдік» деген мағынаны білдіреді.

Ұзынды-қысқалы, тыныш та тентек өзен 160 ағындылары арқылы теңізге 7-8 млрд. кубометр су құйып отырады. Европа өзендері ішінен ұзындығы жағынан Волга мен Дунай ғана Жайықпен таласа алады. Өзен суын оңтүстік Орал жоталарынан, Орал-Тобыл қыраттарынан, Мұғаджардың солтүстік-батыс қыраттарынан және жалпы Сырт төбелерінен жинайды. Европа мен Азияның табиғи географиялық шекарасы – Жайықтың ұзындығы – 2534 шақырым.

Бірнеше ғасырлар бұрын қазіргі Атырау аумағының орнында орасан зор Хвалын (Каспий) теңізінің толқындары шайып жатты. Біртіндеп теңіз өзіне құятын өзен-сулармен бірге оңтүстікке қарай жылжып кетті. Жайық суын теңізге ғасырлар бойы құйып келеді. Жағасын жайлай ел жатты. Балығы мен орман-тоғайы мол, жайлауы жасыл Жайық жағалауы көшпенді тұрақтар үшін өте қолайлы жер болды. 1580 жылдардан бастап, мұндай казак қоныс аудара бастады.

1640 жылы көпес Михайло Гурьев өзінің бауырларымен бірге Жайық жағалауына келіп, ірі балықшылардың аулаған балықтарын қорғау үшін ағаштан қамал, балық тұздайтын, кептіретін орындар салды, кейін қамалды айнала балықшылар үйлері пайда бола бастады. Ресми құжаттарда 1708 жылға дейін Яицкий городок аталып келген Гурьев қаласы осылайша пайда болды. Жергілікті халық қаланы 30-жылдарға дейін Үйшік деп атап келді.

Төңкеріске дейін Гурьев балықшылар мен көпестердің қаласы болды. Жайық жағасындағы ағаштан әсемдеп жасалған еңселі, көркем үйлер көз қызықтыратын. Қыста қала қарлы бұрқасындардың кесіренен көршілес қалалармен байланысқа шыға алмай қалатын.

Қала тарихын осы күнге дейін оған ерекше салтанат беріп тұрған архитектуралық құрылыстар арқылы көз жеткізуге болады. Шевченко көшесінде 1914-1915 жылдары Салауаттылық қоғамына арналып, қоғамдық қаржыға салынған қалалық кітапхана бар.

1934 жылға дейін бұл ғимаратта мұнайшылардың «Горняк» клубы жұмыс істеді. Пугачев көшесіндегі почта ғимараты «Өмір айнасы» кинематографына арналып салынған. Осы көшенің бойында болған қоғамдық клуб алдындағы үлкен алаңда мерекелерде әскери үрмелі аспаптар оркестрі ойнатын. Қазіргі қалалық саябақтың орнында бұрын алаң болған. Сутягин баяғын білмейтін қала тұрғыны кемде кем болар. Кезінде бұл Жайықтың бойындағы жеміс-жидек ағаштары гүлдеген тамаша жер, сортаң жерлерде алма, алмұрт, өрік сияқты жемістерді өсірудің өзіндік лабораториясы іспетті еді. Төңкерістен кейін Гурьев мұнай өнеркәсібінің орталығы, Каспийдің кең территориясында мұнай, газ және басқа да кен көздерін іздестіретін геологиялық барлау және іздеу экспедицияларының базасы болды. Қазір қала – мұнай шаруашылығын дамытудың басым жақтарын қамтамасыз ететін ғылыми ой-пікір орталығы. Қалада мұнай өнеркәсібін өркендетуге үлес қосатын, тұрғын үйлер мен әлеуметтік-мәдени құрылыстарды жүзеге асыратын басқа да ұйымдар жұмыс жасайды. Соңғы жылдары қала көркейіп, гүлденіп келеді, жаңа көшелер, ықшам аудандар мен көп қабатты әсем үйлер бой түзеді, көптеген кәсіпорындар ашылды. Толып жатқан павильондары мен сауда орындары бар жабық базардың да өз тыныс-тіршілігі бар.

Өзен жағасындағы саябақтар қалалықтардың сүйікті демалыс орны. Көпір үстінен қарағанда, өзен жағалауы мен жағажайлар, мұнайшылардың Мәдениет сарайы алақандағыдай болып көрінеді. Жайықтың европалық жағасында облыстық әкімшілік үйі және салтанатты шерулер мен мерекелер өтетін алаң орналасқан. Қала, күндізгі ыстықтан қашқан күн көкжиектене бата бастағанда, аспан қызғылт түске боялып, Жайықтан салқын самал ескен сәттері ерекше әсем көрінеді.

Халықты әлеуметтік қорғау ұйымдарының жүйесіне мыналар енеді: облыстық еңбек, еңбекпен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы,  қалалық және 7 аудандық басқармалар, ВТЭК, реабилитациялық орталық, екі интернат-үйі. Әлеуметтік қорғау мекемелерін бірлесе зейнетақы төлеу мемлекеттік орталығының облыстық бөлімі мен оның қалалық және аудандық бөлімшелері жұмыс жасайды. Әлеуметтік қорғау ұйымдары аурулар мен мүгедектерге денсаулықтарын қалыпқа келтіріп, еңбекке қайта оралуы үшін ақысыз медициналық қызмет көрсетілуін ұйымдастырып отырады. Соңғы үлгідегі қажетті медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген реабилитациялық орталықта барлық сала дәрігерлері жұмыс жасайды.

Тұрмыс жағдайлары төмен тұрғындарға көмек ретінде тұрғын үй және балалар жәрдемақылары беріледі. Жалғыз басты қарттарға үйлерінде қызмет көрсету орталығының  11 бөлімшесі бар, оның бесеуі ауылдық жерлерде орналасқан. Облыста ақылы кемтар балаларға арналған 200 орындық интернат-үйі, 210 орындық психоневрология ауруларына арналған интернат-үйі, Атырау, Жылыой және Исатай аудандарында  3 қарттар үйі жұмыс жасайды. Облыстық басқарма іс-әрекетінің ең маңызды бағыттарының бірі – еңбекті қорғауды ұйымдастыру, мекемелер мен ұйымдарда еңбекақылардың уақтылы төленуіне бақылау жасау, жұмыссыздық деңгейінің төмендеуіне ықпал ету, ішкі еңбек нарығын қорғау. [2]

1999-2000 жылдар аралығында жұмыссыздық деңгейін одан әрі төмендету мақсатында орта және шағын кәсіпкерлікті дамытуға жасалып отырған мемлекеттік көмек негізінде қосымша жұмыс орындарын ашу саясатын жүргізу, шетелдік жұмыс күшін пайдаланудың қалыптасқан мөлшерін көбейту, қызмет көрсету салаларында тұрғындардың өзін-өзі еңбекпен қамтамасыз етуін дамыту негізге алынып отырды. Еңбек биржалары жұмыссыздарды түрлі меншіктегі мекемелермен және ұйымдармен тікелей келісім-шартқа отыру арқылы жұмысқа орналастыру орталықтарына айналды.

2.АТЫРАУ ӨНЕРКӘСІП ТОРАБЫНЫҢ ДАМУЫНДАҒЫ МҰНАЙ ӨНДІРУДІҢ РӨЛІ

Үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жалпы құны 1,4 трлн. теңгені құрайтын 34 инвестициялық жобалар жұмыс жасауда.

Өңірлік Индустрияландыру картасы бойынша жалпы құны 83,4 млрд. теңгені құрайтын және 3083 жұмыс орнын ашумен 32 инвестициялық жоба іске асырылуда.

Олардың ішінен 2111 жұмыс орнын құрумен және жалпы құны 67,8 млрд. теңгені құрайтын 27 жоба іске қосылды.

2010 жылы жалпы құны 31,5 млрд. теңгені құрайтын және 636 жұмыс орнын ашумен 7 жоба іске қосылды. «Брандо» ЖШС-ның бір рет пайдаланатын шприцтер шығаратын, «Биас ТЭК» ЖШС-ның құрғақ құрылыс қоспаларын шығаратын, «КазТурбоРемонт» ЖШС-ның газтурбиналық қондырғылар мен жабдықтарды жөндеу және сервистік қызмет көрсету, «Констракшн KZ» ЖШС-ның тұрғын үй құрылысы үшін жеңілдетілген панельдер шығаратын зауыттары іске қосылды. Жылыой ауданында «Металл продукт» ЖШС-ның металл жаймалар шығаратын металлургиялық комбинаты ашылды. «Атырау ЖЭО» АҚ-ның Атырау ЖЭО кеңейтудің ІV кезегінің және «АтырауАгроСервис» ЖШС-ның жылыжай және көкөніс қоймасы құрылысы аяқталды.

2011 жылы 10,6 млрд. теңгені құрайтын және 898 жұмыс орнын ашумен 9 жоба іске қосылды. Олар «Шеврон МұнайГаз Инк.» корпорациясының металл пластикалық құбырлар шығаратын зауыт, «Новус Силинг Каспиан» ЖШС-ның мұнай кәсіпшілігі жабдықтары үшін сан түрлі тығыздағыш төсемдерінің өндірісі, «Флоусерв» ЖШС-ның сорғы жабдықтарын жөндеу және жаңарту сервистік орталығы, «Брандо» ЖШС-ның инфузиялық ерітінділер құюға арналған тамызғылар және бір рет пайдаланатын қолғаптар шығаратын зауыт, «Рауан Налко» ЖШС-ның мұнай өнеркәсібі ұшін химиялық реагенттер шығаратын зауыты, «АтырауАгроСервис» ЖШС-ның жылыжай және көкөніс қоймасының екінші кезегінің құрылысы, «Досжан және Компания» ЖШС-ның қамысты жаңқалы тақтайшалар шығаратын зауыт, «Каспиан Фиш Атырау» ЖШС-ның балық өнімдерін өңдеу зауыты, «Брандо» ЖШС-ның бір рет пайдаланатын шприцтер шығаратын зауытты кеңейту. [4]

2012 жылы 15,1 млрд. теңгені құрайтын және 295 жұмыс орнын құрумен   4 жоба ашылды. «Спика-А» ЖШС-ның макарон өнімдерінің өндірісі қалыпқа келтірілді. «КасХим» ЖШС-ның техникалық шпагат және полипропилен қап шығаратын зауыты жаңғыртылды, «ТеңізСервис» ЖШС-ның Солтүстік-Каспий экологиялық ден қою базасы іске қосылды, «Атырау Сауда» ЖШС-ның құс фабрикасы салынды.

Бұдан өзге, сметалық құны 1,3 трлн. теңге құрайтын Атырау МӨЗ-ді жетілдіру және газхимиялық кешеннің құрылысы секілді екі ірі жобаның  іске асырылуы басталды.

2013 жылы 10,6 млрд. теңге құрайтын 282 жұмыс орнын құрумен  7 жоба іске қосылды:

—        «ШевронМұнайГазИнк.» корпорациясының құбыр жүргізуші арматура шығаратын зауыты;

—        «СП Первомайский» ЖШС-нің сүт және сүт өнімдерін шығаратын тауарлы-сүт фермасының құрылысы;

—        «ЖігерМұнайСервис» ЖШС-ның өндірісті жаңғырту (Сервистік қызмет көрсету, телеметрикалық жүйелерді қолданумен көлбеу бұрғылауды жөндеу және техникалық сүйемелдеу);-     «Сельбаева Ш.» ЖК-нің газды бетон блоктарының өндірісі;

—        «Розметова» ШҚ-ның ешкі сүті мен ешкі өнімдерінің өндірісі;

—        «Тұз» ЖШС-ның натрий гипохлоритін өндіру зауыты;

—        «Эко-Техникс» ЖШС-ның мұнайшламды қайта өңдеу бойынша өндірісті жаңғырту.

2014 жылы жалпы құны 15,5 млрд. теңгені құрайтын және  972 жұмыс орнын ашумен 5 жобаны іске асыру жоспарлануда:

—        «БатысАльянсСтрой» ЖШС-нің үй құрылысы комбинатын ұйымдастыру;

—        «Alan buіldіng systems» ЖШС-ның модульдік үй-тұрғызу фабрикасының құрылысы;

—        «ЦВС «Ескене» ЖШС-ның «Ескене» вагонды сервис орталығы;

—        «Caspіan Royal Fіsh» ШҚ» ЖК-нің тауар-бекіре фермасы;

—        «АтырауНефтемаш» ЖШС Ірі габаритті және аса ауыр бұйымдарды жинақтау өндірісін ұйымдастыру.

Үдемелі индустриялық – инновациялық даму бағдарламасын іске асыру мақсатында 2009 жылғы 29 қыркүйектегі облыс әкімиятының №217 қаулысымен үдемелі индустриялық – инновациялық даму жөніндегі Үйлестіру кеңесі құрылды, мәжілістерінде инвестициялық жобалардың іске қосуды  қарастырылып, шешімдер қабылданады.

2013 жылдың қаңтар-желтоқсанында өнеркәсіп өнімінің көлемі қолданыстағы бағамен 4 581,2 млрд.теңге болды, өндірілген өнімнің нақты көлем индексі – 108,8 %.

Тау-кен өнеркәсібінде өнеркәсіп өнімі 4 255,5 млрд.теңге көлемінде өндірілді, өндірілген өнімнің нақты көлем индексі 109,8%.

Облыс бойынша 32,2 млн. тонна мұнай немесе 2012 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 110,9 %, 14,4 млрд. текше м. ілеспе мұнай газы  (111,8%) өндірілді.

Сонымен бірге, «Теңізшевройл» ЖШС 27,1 млн. тонна мұнай өндірді, бұл 2012 жылдың тиісті кезеңінен 12,0 %-ға жоғары болды, 14,2  млрд.текше метр ілеспе мұнай газын (112,1%) өндірді.

«Ембімұнайгаз» АҚ-да 2 842,9 мың тонна мұнай (100,9%),

194,2 млн.текше метр ілеспе мұнай газын (108,4%) өндірді.

Сұйылтылған газ 8 671,6 млн.текше м., өткен жылдың тиісті кезімен салыстырғанда 13,1%-ға, пропан және бутан 1 472,8 мың тонна 11,3%-ға жоғары.

Өңдеу өнеркәсібінде өнеркәсіп өнімінің көлемі 285,2 млрд. теңге сомасын құрады, өндірілген өнімнің нақты көлем индексі – 105,5%.

«АМӨЗ» ЖШС-де 2013 жылдың қаңтар-желтоқсанында 4 439,5 мың тонна көлемінде мұнай өңдірілді немесе өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 100,3%-ды құрады. Пеш отын майы 122,7 мың тонна (82,2%), автобензин 503,7 мың тонна (98,5%), ТС-1 отыны 41,2 мың тонна (76,0%), дизель отыны 1 320,5 мың тонна (100,3%), отындық мазут 1 507,0 мың тонна (95,0 %) өндірді.

2013 жылдың қорытындысымен Химия өнеркәсібі 3,9 млрд.теңге, нақты көлем индексі – 268,0% немесе 2012 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 2,7 есе өсті. Жеңіл өнеркәсібінің өндіріс көлемі 695,6 млн.теңге, нақты көлем индексі -278,2%.

Атырау мұнай өңдеу заводы (бұрынғы В.И.Ленин атындағы Гурьев мұнай өңдеу заводы). Соғыс жылдары салынған. Негізгі кәсібі – мұнай өңдеу, бензин, дизель отыны, мазут, қара май, уайт-спирит, гудрон өндіреді. Қазіргі кезде завод 5-5,5 млн. тонна мұнай шығара алады.

«Заман-Нефтемаш» ЖШС (бұрынғы Петровский атындағы завод 1998 жылы «Заман» ЖШС-не берілді) Кәсіпорынның негізгі кәсібі – мұнай-газ саласына қажетті бөлшектер, шағын қазандықтар мен басқа да тұрмысқа қажетті заттар өндіру. СКД-6 және СКД-8 тербегіш станоктар, редукторлар және оларға қажетті бөлшектер, ЦНС сорабының, құбырлардың бөлшектерін, саз араластырғыштар шығарады. Сонымен қатар кәсіпорын мұнай жабдықтарын жөндеуден өткізу, қоқыстар салатын ыдыстар, шойын және болаттан қоршаулар, сауда қатарларын, түрлі үлгідегі контейнерлер жасайды.

«Кемежөндеуші» АҚ Тауар өнімінің көлемі-25,7 млн. теңге. Кәсіпорынның негізгі кәсібі – кеме жасау және оларды жөндеу жұмыстары; технологиялық жабдықтар мен машиналарға қажетті  бөлшектері өндіру. Жайық-Каспий каналы, Каспий қайраңындағы теңіз операцияларына қатысты кемелер мен баржаларды жеңіл-желпі жөндеу жұмыстарын жүргізеді.

«Шельф» АҚ 1975 жылы жұмысын бастады. 1993 жылы акционерлік қоғам болды. Тауар өнімінің көлемі – 7,1 млн. теңге. Кәсіпорынның негізгі кәсібі-металл өңдеу, ҚР Қорғаныс министрлігіне қажетті арнайы өнімдер, мұнай жабдықтарының бөлшектерін, халық тұтынатын тауарлар өндіру.

«Индербор» АҚ Тауар өнімінің көлемі – 31,2 млн. теңге. Негізгі кәсібі – борат кендерін өндіру және өңдеу.

«Рауан» ЖШС (бұрынғы «Дидар» ЖШС) Тауар өнімінің көлемі – 0,4млн. теңге. Негізгі кәсібі – бояу, лак материалдары, синтетикалық жуғыш заттар шығару.

«Индертұз» АҚ Тауар өнімінің көлемі – 0,4 млн. теңге. Негізгі кәсібі – ас тұзын өндіру және өңдеу.

«Ақбидай» АҚ Тауар өнімінің көлемі – 20,8 млн. теңге. Негізгі кәсібі – ұн, нан-тоқаш өнімдерін, мал жемін шығару.

«Атырау сүт комбинаты» АҚ 1993 жылы 22 қарашада құрылған. Тауар өнімінің көлемі – 70,9 млн. теңге. Негізгі кәсібі – сүт өнімдері мен балмұздақ шығару.

«Атырау нан» АҚ Тауар өнімінің көлемі – 84,8 млн. теңге. Негізгі кәсібі – нан-тоқаш, макарон, кондитерлік өнімдер шығару.

«Атырау сырасы» АҚ 1958 жылдың қазанында іске қосылды. Тауар өнімінің көлемі – 7,5 млн. теңге. Негізгі кәсібі – минералды су, квас, лимонад, сыра және арақ шығару. Америка жабдығымен құйма және бутылкадағы сыра, сонымен қатар «Милеста-кола», «Фанта» сусындарын шығарады.

«Атыраубалық» АҚ Тауар өнімінің көлемі-748,4 млн. теңге. Негізгі кәсібі – балық өнімдері тауарларын, сүрлемелер, уылдырықтар, нан-тоқаш және шұжық өнімдерін шығару. Тәулігіне 140 тонна мұздататын, бірден 2800 тонна балықты сақтай алатын тоңазытқышы, қуаттылығы 42,1 млн. қалбыр балық сүрлемелеу және тәулігіне 6 тонна уылдырық өндіретін заводтары бар. Қазақстан мұнайы тарихының жарқын беттері Атыраудың көмірсутегі аймақтарында жазылған. Бұл өлкенің тұрғындары өте ертеден-ақ мұнайдың жиналған жерлерін, оның кейбір қасиеттерін білген және оны емдік мақсатта қолданған. Олар мұнайды тайыз шұңқырлардан, сортаң жерлердің бетінен жинап алып, малдардың жарақаттарына жағып, тері ауруларын емдеген.

Осындай қасиеттері бар, жердің бетіне шығып жатқан сұйық зат заманының білімді адамдардың назарынан тыс қалмағандығы белгілі, ол туралы дала өңірін зерттеген түрлі зерттеушілердің еңбектерінен көруге болады. ХVІІІ ғасырда Орал-Ембі ауданының мұнай-газ кенін көптеген көрнекті ғалымдар, геологтар, топографтар мен саяхатшылар зерттеген.

1890 жылы Грумм-Гржимайло басқарған экспедиция Қарашүңгіл массивінің толық геологиялық сипаттамасын жасады. 1892 жылы Орал-Ембі ауданындағы мұнай және басқа да пайдалы қазбаларды, негізінен, көмір кенін зерттеу мақсатында Геологиялық Комитеттің геолог Никитинның басшылығымен шығарған арнайы экспедициясыосы өңірдің табиғи байлықтары туралы біршама нақтырақ деректер береді. [4]

Бұл экспедиция алғаш рет Доссор, Ескене, Қарашүңгіл аудандарында бұрғылау жұмыстарын жүргізді. Қарашүңгіл тұзды көлінің қазандығынан табылған мұнай өзінің химиялық құрамы мен салмақ үлес (0,82 г/см) бойынша баку мұнайымен (0,87 г/см) салыстырғанда жеңіл де сапалы болып шықты. Каспий шұңқырының оңтүстік бөлігінде 20-жылдардың аяғына қарай 300-ден аса күмбез анықталды, геологиялық, сейсмикалық карталар жасалды, бұрғылаудың соқпалы әдісінен айналмалы әдісіне ауыса бастады.

Әртүрлі техникалық және ұйымдастыру проблемалары маман жұмысшылар мен инженерлерді талап етті, сондықтан жергілікті қазақ жастары арасынан мамандар даярлап, кешегі мал шаруашылығымен айналысқан көшпенді халық өкілдері енді мұнайшы бола бастады. Балғымбаевтар, Шердабаевтар, Өтебаевтар, Досмұхамедовтер сияқты мұнайшылар отбасылары осы кездерінен қалыптасқан. Олардың үшінші, төртінші ұрпақтары мұнай өндіруде, геологиялық барлау салаларында немесе шетелдік компанияларда жаңа технологияларды меңгеріп, еңбек етіп жатыр.

20-жылдары мұнай қоры шағын, бірақ тарихи мәні зор Бек бике, Оңтүстік Мақат, Оңтүстік Байшұнас кеніштері пайда бола бастады. Негізгі кен орындары «Ембімұнай» тресінде геологиялық барлау кеңсесі құрылғаннан кейін іске қосылды. Бұл кеңсе кейін «Қазмұнайбарлау» мекемесі болып қайта құрылды.  Шикізат қорын Кеңейту мақсатында жасалған шаралар өзінің нәтижесін бере бастады: 1936 жылы Байшұнаста, Құлсарыда, Оңтүстік Ескенеде ірі мұнай кеніштері іске қосылды. Дайын мұнай қорларының көлемі 21 млн. тоннадан 1937 жылы 30,6 млн. тоннаға, ал өндірілген мұнай көлемі соғыс алдындағы жылдары 700-750 мың тоннаға жетті.

Ембі мұнай өндірісі кең байтақ даланы игеруде маңызды роль атқарды. Соғыс жылдары Қошқар, Комсомольск, Жолдыбай, Тентексор кеніштері жұмысын бастады, Комсомольск – Мақат, Қошқар – Сағыз мұнай құбырлары жүргізілді, Құлсары маңындағы Қамыскөлде электростанция, Қазақстан өндірісінің жетекшісі Гурьев мұнай өңдеу заводы салынды. Осы завод іске қосылғаннан кейін облыс өнеркәсіп орталығы мәртебесіне ие болды.

Соғыстан кейінгі жылдары Каспий маңы байлығын игеруде Қазақстан Ғылым Академиясының президенті Қаныш Сәтпаев үлес қосты. Оның басшылығымен Жайық-Волга өзендері аралығында терең жатқан көздерді, Каспий маңының боратты аймақтарын зерттеу басталды. Маңғышлақ территориясында, Каспий маңының боратты аймақтарын зерттеу және Маңғышлақ территориясында, Каспий жағалауларында бұрғылау жұмыстары басталды.

60-жылдардың басында Гурьев облысы төңірегінде негізгі геологиялық қоры 100 млн. тонна болатын 16 мұнай кеніші іске қосылып, игерілді. 1960 жылы Ембі мұнайы тарихында сол уақыттағы кеніштердің ішіндегі ең үлкені Прорва мұнай кен орны жұмысын бастады.

1961 жылы Жетібай және Өзен кеніштерінің ашылуы еліміздің мұнай-газ өндіретін тағы бір өңірі – Маңғышлаққа жаңа тыныс берді. 1968 жылы Жайық – Волга аумағында Мартыщи кеніші жұмысын бастады. Жаңа кеніштер негізінде алдыңғы қатарлы техникамен жабдықталған «Жайықмұнай» ірі мұнай-газ өндіру басқармасы жасады.

70-80 жылдары ашылған кеніштер Қазақстанның көмірсутегі саласының негізін салды. 80-жылдардың ортасынан бүгінгі күнге дейін облыста 84 кеніш іске қосылды, олардың ішінде екі тұзүсті және Теңіз кеніші бар. Алғашқы алынған мұнай қорының көлеміне қарағанда, ол ТМД елдерінде Тюмень кенішінен кейін екінші орынға ие. Кеніштің географиялық-экономикалық жағдайының қолайлылығы, магистральды мұнай құбырларының, электролиниялардың темір жолдардың, ірі өндіріс орындарының жақын орналасуы Теңіз кенішін алғашқы кезектегі халық шаруашылығы объектілері қатарына қосады.

1991 жылы көптеген қиындықтарға қарамастан, 3 млн. тонна мұнай өндірілді. Әлемге әйгілі «Шеврон Оверсиз компани» компаниясы мен қазақстандық «Теңізмұнайгаз» ӨБ базасында құрылған «Теңізшевройл» қазақстандық-америкалық бірлестік кенішті игеруге 30 млрд. доллар қаржы жұмсауды жоспарлап отыр.

Келісім-шарт бойынша мұнда өндірілетін өнім консорциум құрылды, оған Agіp (Италия), Brіtіsh Gas (Англия), Brіtіsh Petroleum Statіol альянсы (Ұлыбритания-Нидерланды), Mobіl (АҚШ), Shell (Нидерланды), Total (Франция) және Қазақстан Республикасынан «Казахстанкаспийшельф» МК кірді. 1997 Каспийде геофизикалық зерттеу жұмыстары аяқталды.

Қазіргі уақытта Каспий теңізі қайраңын игеру жұмыстары қарқынды түрде жүргізіліп жатыр. Өнім Бөлімі туралы Келісім бойынша құрылған Қазақстанда теңіз жұмыстарын жүргізетін Халықаралық операциясы ОКІОС Каспийдің солтүстігінде, Атыраудан шақырым жердегі Қашаған құрылымындағы алғашқы барлау ұңғысында бұрғылауға дайындық жасап отыр.

Осы жылдың 2-шілдесінде Астраханда теңіз қайраңының пайдалы қазбаларына барлау және оларды өндіру жұмыстарында қажетті мұнай-газ бұрғылау қондырғыларын, теңіз, өзен көмекші флоттарын шығаратын «Астрахан коробелі» БК жасап шығарған «Сұңқар» ұңғы баржасынан алғашқы жұмысын бастау салтанаты өтті.

ОКІОС өзінің бірінші бұрғылау баржасын әлемде теңдесі жоқ қондырғы ретінде сипаттайды. Ол Каспий теңізінің солтүстік-шығысына тән тайыз сулардағы жұмыстарға ыңғайланған. Баржа 75 процентке жаңартылған, бұрғылау жабдықтары, мачта, тұрғын бөлмелер, тік ұшақ алаңы өзгертілген. Корпусы едәуір кеңейтілген, сондықтан да «Сұңқар» әлемдегі ең үлкен баржа болып есептеледі, баржада қоршаған ортаны қорғауға арналған жоғары технологиялық жабдық қондырылған.

ОКІОС табиғатқа зиян келтірмеуге және компания бекіткен жоғары стандарттарға сай бұрғылау тиімділігіне кепілдік береді. Мұнай және газ өндіру көлемінің арттуы ішкі және сыртқы тасымал мәселелерін тездетіп шешуді талап етеді. Сондықтан да Ресей Федерациясы территориясы арқылы «Новороссийск» портына дейін өтетін КТК ең негізгі жобалардың бірі болып табылады. [5]

Жобаның негізгі мақсаты – Қазақстан мұнайын, негізінен, Теңіз мұнайын Жерорта теңізіне шығаратын тәуелсіз мұнай құбырлары жүйесін жасау. 1999 жылдың 12 маусымында КТК-ның соңғы нүктесі Новороссийскіде болашақ мұнай құю терминалының алғашқы тасы қаланды. КТК жобасының жүзеге асырыла бастауы – Қазақстанның мұнай өндірісіндегі маңызды оқиғаның бірі.

Мұнайды халықаралық рынокқа шығару жолында КТК-дан басқа бірнеше балама жоба бар: Грузия, Түркия территориялары арқылы Бакуден (Азербайжан) Жерорта теңізіне дейін (Сейан порты) баратын Түркия; Иран арқылы Парсы шығанағына шығатын Иран; Ауғанстан арқылы Үнді мұхитына шығатын Ауғанстан; Қытай арқылы Ляньюньганға дейін жететін Каспийді Тынық мұхитпен байланыстырып жатқан Тынық мұхит жобалары.

Үкіметтің Қаулысымен Ақтаудан Бакуге дейін және Иран бағытында (мүмкін) мұнай тасымалын іске асыратын «Қазтеңізтрансфлот» ұлттық компаниясы құрылды.

Бүгінгі таңда 50-ден аса елдермен байланыс жасайтын, шет ел капиталының араласуымен 55 кәсіпорын қызмет атқарады. Облыстың мұнай және оны өңдеу өндірісінің негізін «Теңізшевройл» БК, «Қазақойл-Ембі», «Атырау МӨЗ» акционерлік қоғамдары секілді кәсіпорындар құрайды.

Өңірде мұнай саласында ғылыми-зерттеу институты бар. Сонымен қатар, мұнай-газ құбырлары, геофизикалық, бұрғылау және ғылыми ұйымдары жұмыс істейді. Қазір мұнда ең көне Доссор-Мақат кеніштері қосқанда, 23 мұнай кеніші істеп жатыр. Олардың  ішінде 5 кеніш қана (Забурунье, Оңтүстік Шығыс Қамысты, Ботақан, Солтүстік Жолдыбай және Шығыс Мақат) өсу деңгейінде де, қалған 18 кеніш құлдырау деңгейінде, бұл оларда судың тым көтеріліп кетуімен сұйықтың шектен тыс бөлінуімен, мұнай көздерінің сарқылуымен, жабдықтардың тым тозып кеткендігімен сипатталады.

Мұнай өндірумен «Жайық-мұнай», «Доссормұнай», «Мақатмұнай», «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіруші басқармалары жұмыс жасайды. Атырау облысының даму стратегиясы мен есеп болжамына сүйенсек, мұнай өндіру көлемі 2010 жылға дейін 65 млн. тоннаға, ал 2020 жылға 74-75 млн.тоннаға жеткізілуі қажет. Мұнайды мұндай көлемде өндіру қосымша инвестицияны керек етеді. Орташа есеп бойынша 130 млрд. доллар қаржы қажет.

Облыста ғылыми жетістіктер, жаңа техника мен жетекші технологияларды өндіріске енгізуге бағытталған тәжірибелік-өндірістік және ғылыми-зерттеу жұмыстары, мұнай өндіруге, ұңғыларды бұрғылау, кеніштерді игеру, қоршаған ортаны қорғау сияқты мәселелерді шешуге бағытталған жұмыстар жасалуда.

Шет ел мамандары облыстың ыңғайлы географиялық орналасуына, шамамен 10-15 млрд. тонна мұнай және 4,3 триллион метр газ болатын табиғи қорларының көптігіне қарап, аймақты «мұнайлы өлкенің маржаны» деп атайды.

Атырау өңіріндегі Жайық пен Жем аралығында көлкіген мұнай кені бар екені ерте заманнан белгілі болған. Тіпті сол уақыттың өзінде−ақ жергілікті көшпенді қазақтар мұнайдың жер бетіне шығып жатқан қаламады. Мұнайды сүзіп алып, түйенің немесе адамның теңге қотырын емдеуге қолданған. Бірақ қазақтар бұл ірі қазынаның жер бетіне шығып жатқан бір бөлігі ғана екенін білген жоқ. XVІІІғ. мен XІX ғасырдың алғашқы жартысында Жайық пен Жем өңірінде жер қойнауын зерттеушілердің пайда болғаны белгілі. И.Лепехин /1768/, П.И.Рычков /1772/, П.С.Паллас /1773/, С.Г.Гмелин /1785/, Г.Гельмерсен /1836/, тағы басқалары Атыраудың географиялық және топографиялық құрылымына, су қорлары мен кен байлықтарына қысқаша геологиялық сипаттама жасады. Зерттеушілердің осы алғашқы деректерінің ғылым үшін пайдасы аса зор болды.

Атырау аумағын алғашқы зерттеушілердің бірі – Н. А. Северцов. Ол 1860 жылы «Горный» журналына қазіргі Доссор маңы туралы есебін жариялайды. Онда «Бұл жердің мұнайы су бетіне қалқып шығып жатады екен» – деп жазады. Біздің осы өлкемізде 1874 жылы инженер Д. В. Кирпичников келіп, бірнеше кен орындары жайлы пікір қалдырды. Мысалы, әлгі Доссор кені жайлы мынадай тұжырым жасады: «Бұл жерде мол мұнай қоры бар екендігіне күмән жоқ. Бірақ тұщы суы тапшы, қатынас жолы қиын, тұрғын халқы, шабатын шөбі жоқ. Бұл байлықты пайдалану өте қиынға соғады».

Ол кезде бұл аса мәнді болжамға ешкім назар аудара қоймайды. Осыдан кейін де Атырауға бірнеше этнограф ғалымдар мен экспедициялар келеді. 1899 жылдың қараша айында Атырау облысы, Жылыой ауданына қарасты Қарашүңгіл алаңындағы №7 ұңғымадан мұнай фонтаны атқылап, тәулігіне 20 тоннадай мұнай өнімін берді. Бұл бүгіндері дүние жүзіне мәлім болған Қазақстан мұнайының алғашқы тамшылары еді. Қарашүңгіл мұнай фонтаны туралы хабар Ресей және шетел кәсіпкерлерін дүр сілкіндіріп, Ембі–Каспий аймағында мұнай қорын іздестіру жұмыстарын үлкен көлемде жүргізуге мәжбүр етті. [5]

Осындай күрт бетбұрыстың нәтижесінде атақты Нобельдің мұнай өндірістік ұйымы өмірге келді. Осы ұйымға қарайтын мұнайшылар Доссор, Мақат, Ескене өңірін терең бұрғылауды қолға алды. Ең сәтті қазылғаны Доссордағы №3 ұңғыма болды. 1911 жылы сәуірдің 29 күні 225 метр тереңдіктен юра қабатынан мұнай фонтаны атқылады. Ол 20-25 метр биіктікке 30 сағат бойы атқылап тұрды. 16,7 мың тонна мұнай шықты, тәулігіне 13360 тонна.

Бұл Қарашүңгілден кейінгі үлкен мұнай қорының ашылғандығын бүкіл әлемге жария етті. Қарашүңгіл және Доссор мұнай фонтанынан кейін Қазақстан мұнай өндіру тарихы басталды. Мақат – Атыраудың үшінші мұнайлы перзенті. Ол 1915 жылы жұмысын бастады. Бірақ екі кеніш тағылық жағдайында қолданылды. Кен орындарының геологиялық құрылымы, оны қандай тәсілмен өндірудің тиімділігі жайлы мәлімет жетіспеді. Тек фонтан атқызуға сеніп бұрғыланды. Бір қабаттың мұнайы түгел алынбастан екіншісін бұрғылауға ұмтылысты. Қабаттар мерзімінен бұрын жарамсыз болып, су алып, газданды. Оған мысал ретінде 1911 жылы Доссорда 16,7 мың тонна мұнай өндірілсе, бар болғаны 3 жылдың ішінде ол 17 есеге, яғни 272,746 тоннаға жеткен айтуға болады.

Төңкеріс алдындағы мұнайшылар өмірі қиын болды. Осындай жағдайда Қазан көтерілісіне дейін республикалық мұнай өнеркәсібі белсенді дами бастады. Оның нағыз дамуы Кеңес үкіметі жылдарында болды десек, бұл бұрынғы тарихи топшылау емес, ақиқат, шындық. Кеңес үкіметі кешегі көшпелілердің өмірін танымастай өзгертіп, қазақ жұмысшы табын шындады.

Мұнайлы Ембі алғашқы кәсіпшіліктерінде жұмыс істеген М.Сартов, М.Жұмағалиев, П.Кочнев, Х.Төрәлиев, Б.Айтмағамбетов, С.Зорбаев, А.Ильясов және т.б. болды. Олар жаңа үкіметті жасауға ат салысты.

Бұл жаңа басқарма трест 1920 жылы Отан қоймасына 1,5 млн пұт мұнай құйды. 1922 жылы қазанда басқарма «Эмбанефть» тресі деп аталып, қайта құрылды.

Бұл трест 1924 жылға дейін Москвада болды, кейін Гурьевке қоныс аударды. Қазіргі Атыраудың көптеген мұнайшыларын тоғыстырып отырған «Эмбанефть» бірлестігі өмірге осы трест негізінде келген кәсіпорын. Жас үкімет жаңа кен орындарын игеруге, бұрғылау, құрал – жабдықтарын тасымалдау, азық – түлік, құрылыс материалдарын жеткізу мақсатында жаңа тас жолы және темір жол қатынастарын қажет етті. 1925 жылы үкіметтің арнаулы қаулысы бойынша Гурьев пен Доссор арасында 93 шақырым  табанды темір жол төселді. 1927 жылы іске қосылған бұл жолмен жылына 120 мың тонна жүк тасылды. Бұл тек мұнайлы Ембінің емес, бүкіл қазақ елінің дамуына үлкен әсер етті.

Мұнай өндіру үшін тек жұмысшылар ғана емес, білімді мамандарда керек болды. Сондықтан 1930 жылы Гурьев мұнай техникумы жұмысын бастады. Кейіннен бұл оқу орны Политехникум деп атауын өзгертті. Кезінде И.М.Губкин, С.М.Миронов, т.б. академиктер Атырау өңірінің болашағын жоғары бағалап, бұл өңірді батыл барлау, жаңа кен көздерін ашып, халық игілігіне жарату мәселелерін ортаға қойды. Кен орындарды игеруді ғылыми тұрғыдан бақылап отыру үшін «Эмбанефть» тресінің өзінен орталық ғылыми – зерттеу лабораториясы 1934 жылы іске қосылды.

Осыған орай гравиметрия, электро каротаж сияқты геофизикалық әдістер Атырау өңірінде алғаш рет игеріліп, өте жақсы нәтижелерге қол жеттікізді. Енді мұнайлы Ембінің Доссор, Мақат сияқты көне кен орындарының қатарын жаңа кеніштер толтыра бастайды. Ескене 1934, Байшанас 1935, Қошағыл 1935, Сағыз 1938, Құлсары 1939 сияқты жаңа кен орындар жұмысын бастады.

1959 – 1969 жылдар аралығында Терістік Каспий ойпаттарында оншақты мұнай газ кен орындары (Прорва, Ақтөбе, Қараарна, Терістік, Тереңөзек, Шығыс – Құлсары, Мартыши, Камышитовый, Таңатар, т.б.) іске қосылды. Бұл кен орындарын төтенше барлау, өндірістік игеру жұмыстарын басқару жөнінде геолог Маташев Мажиттің еңбегі аса зор деп айтуға болады. Осы маманның енгізуімен құлсарыдағы XXІ-XXІІ пермотриас горизонттарын жаңа әдіспен игеру арқасында көптеген қосымша мұнай өндірілді.

Атырау мұнайын еліміздің шығысына кідіртпей жөнелту үшін 1936 жылы Каспий – Орск мұнай құбыры жұмысын бастады. Кезінде Гурьев – Қосшағыл су құбырының іске қосылуы үлкен оқиға болды. Еліміздің орталық облыстарына тікелей шығу үшін Гурьев – Қандыағаш кең табанды темір жолының өмірге келуі де маңызды болды. Соғыс басталарда Ембі – еліміздің қоймасына сапалы мұнай беретін жылына 700-750 мың тонна. Сол кездегі үлкен мұнайлы өңірдің бірі еді. Қарап отырсақ бұл күнде «қара алтынның» қайнар бұлағы атанған мұнайлы Ембі өзінің бастауын Доссор мен мақаттан алғанмен, өмір алға аттанған сайын арнасы кеңейіп өсе отырған екен. Тек Ұлы Оттан соғысы жылдарында 15 жаңа кеніш іске қосылып, Мақат – Комсомол – Қошқар – Сағыз мұнай құбыры төселіпті. Доссорда автомобиль жөндеу зауыты (1944), Қамыскөл электростанциясы тұрғызылды (1945). Сол бір қиын қыстау кезінде мұнай өндіру кәсіпшіліктерінде талай – талай рекордтар жасалып, небір озық технологиялар енгізіле бастады. Осылайша жаңа кеніштердің қатарға қосылуы мұнай өнімін еселей түсті.

Қазақстан мұнайшылары үшін үлкен сынақ болған белестің бірі – Ұлы Отан соғысының қаһарлы жылдары болды. Майданға аттанған ер азаматтардың орнын жоқтатпай, өндіріс ырғағын қалыпты ырғағы – мұнайшылардың алдына қойған қатал мақсаты мен міндеті еді. Қорғаныс қажетіне көптеп мұнай беру үшін қажымай еңбек етіп, ерлер қатары майданға кетіп азайған соң, солардың орнын толтыратын жұмысшы күшіне мұқтаждық туды.

Міне, сондай қажыр – қайрат буыны бекіп, бұғанасы қатпаған балалардың, еңкейген кәрілердің бойынан табылды. Ерлердің мамандығын әйелдер меңгерді. Мысалы, қызыл әскердің жұбайы Сарманова мұнай өндірісі Байшонас кәсіпшілігіне мұнай өндіруші оператор, үй шарушылығындағы Айманова Доссор кәсіпшілігінде балғашы, Сағыздық Бекмағамбетова шофер, екі баласымен үй шаруасына отырған Завалова Доссордағы автотранспрот мекемесінде тракторшы болып жұмыс атқарды. Кейіннен осылардың көпшілігі өндірістің нағыз маманы атанып, құрметке ие болды. Мұнайшылар қатары кәсіпшілік училищелерді бітірген жастармен де толықтырылып отырды. Батыстағы ірі кәсіпорындар шығысқа көшіріліп, өндіріске қажетті жабдықтар, қосалқы бөлшектер шығарылмай жатқан ауыр кездерде басқа жақтар күтіп отыруға болмайтын еді. Сондықтан ішкі резервтерді іздестіріп, бар мүмкіндіктерді толық пайдалану керек болды. Сондай ауқымды шаралар: сұйықтықты жеделдетіп сору, қосымша арттыру мақсатында мұнай көзін көздеу, аз өнім беретін қабатты атқылау, бірнеше мұнай қабатынан бір ұңғымамен өнім алу, пайдалануға қалған ұңғымалардан мұнайды қауғалап алу және т.б. әрекеттер пайдаланады. Осындай ішкі мүмкіншіліктерді пайдалану арқылы соғыс жылдар 200 мың тонна қосымша мұнай игерілді. Соғыс ауыртпалығын бұрғышылар да асқан ұйымшылдықпен жеңе білді. Олар берілген нүктелерді аз шығынмен, шапшаңдатылған тәсіл қолданып, қазу жолдарын арттырды. Құлсары кәсіпшілігінің бұрғылау мастері Бейсенғали Өтеулиев белгіленген тереңдікте кондукторсыз қазу жөнінде жаңалық ашты. Бұл тәсілді бүкіл Ембі бұрғышылары пайдаланды. Осы тәсілді ұтымды қолдану арқылы соғыстың төрт жылы ішінде 15 мың метрден астам шегендеу құбыры, 1000 тоннадан астам тампонаж цементі үнемделді. Бұрғылаушылардың жанқиярлды еңбегі арқасында соғыс жылдары Нармонандық, Қошқар, Тентексор кен орындары қолдануға берілді. Соғыс жылдарында мұнайды мол алудың жаңа әдістерін жүзеге асыруға ерекше көңіл аударылды. [5]

Соның арқасында одақта алғаш рет мұнай өндірудің екінші әдісі (қабат қысымын су айдау арқылы көбейту) 1943 жылдың тамыз айында Доссор кәсіпшілігінде жүзеге асырылды. Келесі жылы Мақат кәсіпшілігінің коллективі бірінші юра қабатына су айдайтын қондырғыны іске қосты. Соғыстың соңына дейін Мақат пен Доссор кәсіпшілігі осы тәсілмен қосымша 14 мың тоннадан астам жоғары сапалы мұнай өндірді. Ал осындай тиімді әдістің өмірге келіп, соғыс керегі үшін қызмет етуіне мұрындық болған Гурьевтегі орталық зерттеу ғылыми лабораториясының бас геологы П.Я.Авров болатын. Жоқты жоқ деп, қол қусырып қарап отырмай, мүмкіндікті қолданып, бар керекті жабдықтан кем түспейтін қондырғы, болмаса аса зәру бөлшектерді шеберханада жаса жүрді. Сондай ізденістердің арқасында «Бермағамбетов качалкасы», «Берма,амбетов гидробуры» секілді құрылғыларды олап тапты. Бұл тапқырлық мыңдаған мемлекет қаржысын үнемдеп қана қоймай, мұнай өндірісі үшін жабдық жасайтын зауыттардан келетін қондырғыларға деген сұранысты қанағаттандырып отырды. Осы бір аса тиімді жабдықты ойлап тапқан мақаттық бұрғылау шебері Нәзен Бермағамбетов болды.

Ұлы Отан соғысы кезінде тылда күн – түн демей жанқиярлықпен еңбек еткен мұнайшылар Төреханов Ақбергенді, Жұбатқанов Борашты, Дүтпаев Ермекті, Оразов Әбілді, Қалабаев Әбішті, Оразов Тәжіғалиды, Оразов Мизамды, Дінешов Әбдешті, Шырдабаев Шашпанды және т.б. қалай ұмытамыз. Соғыс кезінде Ембіде мұнай өндіру көлемі бүкіл революциядан бұрынғы дәуірден 2,5 есе үшінші бесжылдық кезеңінен 15,2 пайызға өсті. 1940 ж өндірілген мұнай 695 тонна болса, 1944 жылы ол 788 мың тоннаға жетті. Соғыстың қиын – қыстауына қарамай Доссорда автокөлік жөндеу зауыты /1944/, Қамыскөлде электростанциясы ашылды /1945/. Соғыстан кейінгі бесжылдықтар кезінде Қазақстан мұнайшылары күйкі тіршіліктен шығып, күш – жігерін, өндіріс қуатын арттыруға арналды. Ұлы Отан сонғысы тұсында төрт кәсіпшілік өндіріске қосылса да, соғыс аяғына таман шығарылатын сұйық отынның көлемі төмендеп кетті, 1945 жылғы өндірілген мұнай, 1943 жылғы өндірілген мұнайға қарағанда 20% кем болды. Алайда, бұл Қазақстан мұнайының азайғанынан емес еді. Осы аймақ игеріле басталғаннан бергі 40 жылдың ішінде айқын болғандай 1,6 мың кен құрылымының 33 ғана барлаудан өткен еді. Соның 20 – нан мұнай белгілері байқалса, 12 – нен ғана отын өндіріліп отырды. Жер қойнауындағы тұнып жатқан мол байлықтың кең көлемде игерілмеудің басты себебі – табиғаттың қаталдығы болды. Мұнай өнімдерін шығаратын кәсіпорын Қазақстандағы мұнай өңдеу зауыттарының ең көнесі болды. Қазіргі уақытта «ҚазМұнайГаз» Ұлттық Компаниясы» акционерлік қоғамының еншілес кәсіпорны болып табылады. Ол Каспий теңізінің солтүстігінде, Гурьев (Атырау) қаласында 1945 жылы мұнайды отындық бағытта өңдеу мақсатында қолданысқа берілді.

 

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ

  1. Ахметов Е.А., Карменова Н.Н. «Қазақстанның экономикалық және әлеуметтік географиясы» Алматы, «Мектеп», 2013, 326-327 бет
  2. Аубакирова А.А. «Геополитические и географические факторы в формировании внешнеполитической стратегии Республики Казахстан» Алматы, 2003,
  3. Бірмағамбетов Ә.Б. және Мамырова К.М. «Географиялық сөздік» 1992
  4. Бейсенова А.С. «Қазақстан табиғатын зерттеу және физикалық, географиялық идеялардың дамуы» Алматы “Рауан”, 1990, 80 бет
  5. Бейсенова А.С., А.Самақова, Т.Есполов, Ж.Шілдебаев «Экология және табиғатты тиімді пайдалану» Алматы, 2004 75 бет
  6. Бірмағамбетов Ә.Б. «Қазақстан географиясының хрестоматиясы» Алматы, 2003 15 бет
  7. Ертісбаев Е. Казахстан и Назарбаев, Астана, 2001
  8. Е.Р.Ердаулетов. «Экономическая социальная география Казахстана», Алматы, 1997 40 бет
  9. Қожахмет М. «Қазақстан Республикасының экономикалық және әлеуметтік географиясы», Қарағанды, 2006 228 бет
  10. Карпеков Қ., Бейсенова А.С., Қалиева М “Қазақстанның физикалық географиясы” Алматы, “Рауан” баспасы 1992 126 бет
  11. Карменова Н.Н. «Қазақстанның облыстар географиясы» Алматы,2005
  12. Қазақ Совет энциклопедиясы, Алматы 1972-1978, 18 бет
  13. Қазақстан энциклопедиясы. Алматы, 2005 85 бет
  14. Қазақстанның географиялық атласы Алматы, 2004 72-73 бет
  15. Қазақстан Ұлттық энциклопедиясы, Алматы 1999 80 бет
  16. Назарбаев Н.Н. «Туған елім-тірегім», Алматы, 2001
  17. Усикова В.В., Казановская Т.Л., т.б. «Қазақстанның экономикалық және әлеуметтік географиясы», Алматы, 2005 95 бет
  18. Атырау энциклопедиясы, Алматы 2010, 75 бет
  19. Н.Р. Құнхожаев. Қазіргі Қазақстанның экономикасы: жағдайы және болашағы. Алматы, 1998ж
  20. Қазақстан Республикасы. Ақпараттық төлқұжат. Алматы, «Жеті жарғы», 1998ж
  21. Е.А. Ахметов и др. География современного мира. Алматы, 2006 г
  22. Е.А. Ахметов. Экономическая и социальная география областей Казахстана. Алматы, 2009г, 329 бет
  23. 2010-2015 жылдарға арналған Атырау облысының индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы
  24. К.Р. Нургалиев., А.К. Нургалиев. Экономика Казахстана. Алматы. 2007г

25.Қазақстанның географиялық атласы Алматы, 2012 14-15 бет

26.«Қазақстан және оның өңірлері» Алматы 2004, 15 бет

 

Дайындаған: Жапекова Арайлым Ардынбайқызы

Алматы қаласы, Наурызбай ауданы №174 мектеп — гимназияның география пәні мұғалімі


ПІКІР ҚАЛДЫРУ