Тіл білімінің басқа ғылымдармен байланысы

0
10680
Әбіш Кекілбаев

Тіл білімінің басқа ғылымдармен байланысы, тіл білімі және салалары

МАЗМҰНЫ

КІРІСПЕ

1. Тіл білімі және салалары

2. Тіл білімінің басқа ғылымдармен байланысы

3. Тіл қоғамның қызметі

4. Тіл , ойлау және сөйлеу

ҚОРЫТЫНДЫ

ҚОЛДАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ

КІРІСПЕ

Қазақ тіл білімінің даму кезеңдерінде әсіресе, Қазан төңкерісінен кейінгі онжылдық ерекше аталады. Қазақ әдеби тілінің Кеңес дәуіріндегі дамуын мерзімді баспасөз тілінің негізінде зерттеген С. Исаев: «Совет өкіметінің алғашқы жылдарының өзінде–ақ көркем шығарма тілінің дамуымен қабат ресми стильдің көрінісі ретінде ғылми шығарма, публицистикалық шығарма, баспасөз тілі өз алдына жеке қалыптасып дами бастады», — деп жаза отырып, мынадай қорытындыға келеді: «Совет дәуіріндегі газет-журнал тілін зерттеудің нәтижесінде жазба тіліміздің бір ізге түсіп, нормалана бастауын да байқай аламыз. Басқасын былай қойғанда, тіпті 1920 жылдардың бас кезі мен аяқ кезіндегі газет-журналдың тілінде біраз айырма байқалады. 20 жылдардың аяқ шенінде баспасөз тілінің екшеленіп, сараланып, қажетсіз элементтерден арыла түскенін көреміз. Әсіресе, «кітаби» тіл дәстүрінің элементтері құлдырап, кеми бастағанын анық байқауға болады»

20-жылдары А. Байтұрсынұлы бастаған қазақ зиялыларының ғылым тілін ана тілінде қалыптастыру жөніндегі бастамалары ғалымдарымыздың айрықша назарын аударатындығы ілгеріде де айтылды.

Сөз мәдениеті пәнінің қазіргі жай-күйі алдымен қазақ тіл білімінің өткендегісімен және бүгінгі даму деңгейімен, жалпы тілтанымдағы дәстүрлі парадигмалардың жаңа парадигмаларға ығысып орын беру үрдісімен де байланысты. Қазақ сөз мәдениетінің пән ретінде қалыптасуының алғышарты ретінде әсіресе қазақ тілі бойынша жазылған алғашқы оқулықтар мен оқу құралдарында (А.Байтұрсынұлы, Қ.Жұбанов, І.Кеңесбаев, М.Балақаев, С.Аманжолов т.б.) грамматикалық, орфографиялық, орфоэпиялық нормалардың ереже түрінде берілуі әдеби тілдің кодификацияланған нормаларды қалыптастыруда маңызы ерекше болды

1. Тіл білімі және салалары

Жалпы түркологиядағы сияқты қазақ тілі білімінде де ерте заманнан бері сөз болып келе жатқан бірнеше салалар бар. Олардың қатарына тілдің де, ол туралы ғылымның да негізіне жататын фонетика, лексикология, грамматика деп аталатын салалар жатады. Бұл үшеуінің әрқайсысы өз ішінен әртүрлі тарау-тармақтарға жіктеледі. Енді аталған үш салаға жеке-жеке тоқтала отыра, олардың зерттелу тарихын сөз етейік.

Графика және орфография- бұл екеуі фонетика ғылымының құрамдық бөлшектері. Графика — тіл дыбыстарын жазуда таңбалайтын шартты белгілер жиынтығы. Дыбыс алғашқы, табиғи, ал графикалық таңба соңғы жасалынады. Түркі тілде солардың, ішінде қазақ тілінде де, көне замандардан бастап әр дәуірде қолданған жазу түрлері болған. Сондай жазулардың ғылымда белгілі болған алғашқысы — Көне түркі жазуы немесе «Орхон енесей» жазуы деп аталатын жазу.

Бұл жазу мола басына қойылған құлпы тасқа, басқа да әртүрлі қатты заттарға қашап түсірген таңбалар түрінде сақталған, бірер сөздерден ғана тұратындары болмаса, қағазға жазылып сақталған көлемді ескерткіш емес. Зерттеушілер бұл жазуды түркі халықтары V—VIII ғасырларда қолданған деген пікір айтады. Түркі халықтары қолданған жазудың екінші түрі — көне ұйғыр жазуы деп аталатын жазу. Графикалық сипаты жағынан бұл жазу көне түркі әліппесіне ұқсас, сонымен төркіндес болған.

Қазан төңкерісіне дейін түркі халықтарының біразы, солардың ішінде қазақтар да, араб жазуын қолданса, чуваштар сияқты бірді-екілері орыс графикасын қолданды, қалған көпшілігінде тіпті жазу деген болмады.

Ислам дінінін енуіне байланысты IX—X ғасырлардан бастап түркі халықтары арасына тараған араб жазуы жергілікті халықтар тілдерінің дыбыстық ерекшеліктеріне сәйкестендірілмей, арабтарда қалай қолданса, сол қалпында өзгеріссіз түркі тілдерінде де колданылды. Өйткені өз заманында қалыптасқан ұғым бойынша араб тілі канондық тіл деп есептеледі, сондықтан оны өзгертуге арабтарға тәуелді болған халықтардың хұқы болмады. Сол себептен консонаттық принципті араб жазуы түркі тілдерінің дыбыс жүйесіне сай келмеді. Бірақ соған қарамастан ол он шақты ғасыр бойы түркі халықтарының, солардың ішінде қазақ халқының да мәдени-рухани дамуына қызмет етіп келді.

Түркі халықтары графикасының XX ғасырдың бас кезінен бері қарайғы өзгерістерін үш кезеңге белуге болады:

Араб графикасын түркі халықтары тілдерінің дыбыстық жүйесіне сәйкестендіріп қолдану кезеңі:

Араб графикасынан латын графикасына негізделген жазуға көшу кезеңі.

Латыннан крилл жазуына кешу.

Бұл кезеңдерде жүргізілген жұмыс түрлері түркі халықтарының көпшілігінде біртектес болды. Сондықтан оны Қазақстан топырағында істелген істер арқылы да байқатуға болады.

Фонетика ғылымының дамуы. Тілмен танысу, оны үйрену я үйрету атаулының барлығы да алдымен оның дыбыстық құрамын, дыбыстың түрлерін, қалай айтылып, қалай таңбаланатынын айқындаудан басталатыны белгілі. Осы себептен де болар өткен ғасырлардан басталатын түркі тілімен танысу бағытындағы алғашқы қадамның қай-қайсысында болса да фонетика мәселелеріне қатысты алды-көпті пікірлер кездесіп отырады. Тіпнті сонау Гиганов, А. Левшин„ Халфин, Қазамбектердің, олардан берірек шет ел түркологтары Г. Дерфер, М. Рясянен, В. Котвич, орыс түркологтары В. Радлов,. Н. Ильминский, П. Мелиоранский т. б. жазған оқулықтардың, халықпен таныстыру мәніндегі әр түрлі мазмұнды жазбалардың көпшілігінде сөз болып отырған халық тілінің дыбыстық жүйесіне қатысты айтылған азын-аулақ пікірлер кездесетіні аян.

Бұлардың барлығын бірдей түркі фонетикасының дамуына қосылған үлес деп санамағанымызбен түркологияның бұл саласын қалыптастырудағы алғашқы қадам демеске лаж жок. Теңіз тамшыдан құралады дегендей ғылым атаулының қай-қайсысы да осындай бастамадан, алғашқы қадамнан жүретінін ескерген жөн. Өткен ғасырдан бастауын алған түркі тілдері фонетикасы кеңестік кұрылыс дәуірінде әрі қарап дамыды. Бұл мәселе кеңес өкіметі орнауының алғашкы жылдарынан бастап-ақ практикалық мақсатта болса да кең арқаға түсті. Өйткені осының алдында сөз болған графика мен орфография мәселелерін дұрыс шешу, сауатсыздықты жою үшін тілдің дыбыстық құрамын, онын өзіндік заңдылықтарын білу қажет.

Осы қажеттілікті өтеу үшін С. Самойлович, Н. Дмитриев, С. Малов, И. Батманов, Н. Баскаков, А. Кононовтар еңбек етті. Осылармен қатар түркі республикаларындағы жергілікті ұлт кадрлары да қыруар жұмыстар істеді. Олардың әрқайсысы туған тілдерінің дыбыстық жүйесік жан-жақты зерттеу істерімен шұғылданды. Осындай зерттеулер арқасында кейінгі кездерде түркі тілдері материалдарын молырақ қамтыған жалпы түркологиялық мәні бар кең көлемді салыстырмалы-тарихи еңбектер жарық көре бастады.

Олардың қатарына Түркология секторы ғалымдарының күшімен 1984 жылы Мәскеудің «Наука» баспасынан жарық көрген «Сравнительно-историческая фонетика тюркских языков» атты енбекті, Щербактың 1970 жылы шыққан «Сравнительная фонетика тюркских языков», Черкасскийдің, «Тюркский вокализм и сингармонизм», Мельниковтың, түркі тілдері фонетикасын математикалық логика әдісімен зерттеген еңбектерін жатқызуға болады.

Сондай-ақ, түркі тілдеріндегі буын түрлері, акценттік, интонациялық құбылыстар, орфоэпия мен орфография мәселелері де, диалектілер мен говорлардың фонетикалық ерекшеліктері, салыстырмалы тарихи және типологиялық фонетика мәселелері де қолға алынып келеді.

Жалпы түркологиялық мәні бар зерттеулердің қазақ тілі фонетистері еңбектеріне де игілікті әсерін тигізетіні даусыз. Сондықтан да оларды қазақ тілі фонетика ілімінің дамуына кіріспе ретінде алдық.

Отандық түркологиядағы сияқты фонетикалық зертлер қазақ тілі білімінде де аз емес. Бұл салада тынымсыз еңбек етіп, елеулі із қалдырған ғалымдар барлық. Қазан революциясына дейінгі дәуірдегілерден И.Ильминский, П. Мелиоранский, В. Катаринский, ғасырымыздың бас кезінен бастап, 1927 жылға дейін еңбек еткен А. Байтұрсынов, Кеңес дәуіріндегілерден Е. Омаров, Т. Шонанов, X. Досмұхамбетұлы, Қ. Жұбанов, С. Аманжолов, Н. Сауранбаев, I. Кеңесбаев, соңғылардан Ж. Аралбаев, С. Татубаев, Ә. Жүнісов, А-Қошқаров, т. б. атауға болады.

Ғылыми фонетикамыздың дамуына аз да болса үлестерін қосқан басқа да ғалымдар жоқ емес, біз солардың ішінен фонетика мәселелерімен кебірек айналысқан, арнайы зерттеген және өздерін осы саланың маманымыз дейтін ғалымдар еңбектеріне ғана тоқталдық.

Қазақ лексикологиясының зерттелуі.Бұл саланы қалыптастырып, дамытуда түркологтар болсын, қазақ тілі мамандары болсын әлем лингвистикасында орныққан қағидаларға, сыннан өткен үлгілерге сүйенгендіктері, соларды басшылыққа алғандары шындық.

Қай заманда болса да лексикология ғылымының, бастамасы тілдегі сөздерді есепке алу, оның құрамындағы сөздердің мән-мағыналарын айқындау істерінен, яғни әр түрлі сөздіктер жасаудан, басталған. Мұндай бастамасыз тілдің сөздік құрамы туралы мәнді бірдеңелер айту мүмкін емес. Осы себептен болар, лексикографиялық жұмыстың бастамасы көне заманға кетеді.

Казіргі заман лингвистикасы лексикографияның негізгі объектісі болып есептелетін сөздіктерді, алды энциклопедиялық сөздік, лингвистикалық сөздік, екі кесек топқа бөледі.

Тіл адам қоғамында өмір сүріп, оның “қажетін”жүзеге асыратын құрал болғандықтан, тіл білімінің әлеуметтік лингвистика деп аталатын саласының атқарар қызметі де, ғылыми маңызы да ерекше. XІX-XX ғғ. бастап, лингвистикалық бағыттар мен мектептердің бірі ретінде негізі қаланған бұл саланың бүгінде өз нысаны, мақсат-міндеті, заңдылықтары қалыптасып орныққан.

Әлеуметтік лингвистика тілдің қоғамдық сипатын, стильдік саралануын, әлеуметтік ерекшелігін, қоғамдағы қостілділік, көптілділік мәселелерін, тілдік жағдай, тілдік саясат ұғымдарын және т.б. айқындауға мүмкіндік береді, анығырақ айтқанда, тілші Э.Д.Сүлейменова “Әлеуметтік лингвистика — тілдің қоғамдық қызметтерін, әлеуметтік шартталған белгілері мен заңдылықтарын кешенді түрде зерттейтін қазіргі тіл ғылымының маңызды бағыттарының бірі. Ол тіларалық байланыс жағдайындағы кез келген тілдің өмір сүру формасына, қоғамдық қызметінің ауқымы мен сипатына қатысты айқындалатын тілдердің қызмет ету ерекшеліктерін қарастырады”,- деп анықтама береді. Тілдің қоғамдағы орны оның қатысымдық деңгейімен, нормалану дәрежесімен, құқықтық мәртебесімен, конфессиялық ерекшелігімен, оқытылу, меңгерілу сипаттарымен өлшенеді.

Ғалым С.Аманжолов зерттеулерінің желісі тілдің қоғамдық ерекшелігіне шоғырланған. Автор тілдің барлық белгілерін оның қоғамдағы орнымен, әлеуметтік өзгешелігімен байланыстырды. Автор тұжырымдарының басым көпшілігі лингвистиканы қоғамдық ғылым ретінде қарастыруға саяды. «Адам қоғамына» мән бере келе, оның мүмкіндігін жоғары бағалай отырып, ғалым тек қоғам бар жерде ғана тіл өмір сүреді, оны зерттеп, өркендетер тіл ғылымы дами алады деп түйіндейді. Осыған сәйкес, кез келген тіл білімінің саласын С.Аманжолов “адам қоғамының зор табысы, ғылыми жетістігі” деп дәйектеді: ”Мыңдаған жыл өмір сүрген адам баласының дүние тануына үнемі қызмет еткен тіл, тек қарым-қатынастың құралы ғана емес, ол дамудың да және. күрестің де құралы болуымен қатар, грамматика сияқты адам баласына зор қызмет істейтін өте маңызды ғылымды тудырды.

Бұл ғылым адам баласының ұзақ өміріндегі тұрмыс үшін күрес жолында жасаған тәжірибелерін, ойлауының ұзақ уақыт абстракциялануы арқасында топшыланған жетістіктерін қорытқан да білім болып отыр”. Ғалымның жоғарыда келтірілген үзіндісінде “адам баласы” деген тіркес қатарынан үш рет кездеседі. Тілші көпшілік назарын тілдің қоғамдық маңыздылығын, оның табиғи әрі танымдық ерекшелігін, функционалды сипатын тіл арқылы айқындауға бағыттаған. Осы орайда, қоғамдық факторлармен бірге зерттеуші тілтанымдық құралдарға зер салды, ол тілдік амалдарды тек қарым-қатынас функциясында ғана емес, дүниені тану, тәжірибе жинау, ойлау, білім алу негізі деп сұрыптау қажеттігін ескертті. Құрылымдық типология тұрғысынан барлық тілдер тең дәрежелі болып есептелсе де, әлеуметтік типологияда тілдердің сараланатын өз өлшемдері, өз “құндылықтары” барын назарға алсақ, С.Аманжоловтың “…тілдердің біріне-бірі ұқсап та, ұқсамауы да әлеуметтік [социалды] жағдайға байланысты” деген тұжырымының маңыздылығына, сөзсіз, көз жеткіземіз.

Бұл жағдайда сол тілде сөйлеуші адамдардың, халықтардың саны, қолданушы мемлекеттердің есептік көрсеткіші ескеріледі әрі тілдің қоғамдық функциялары мен әлеуметтік салаларды қамту өзгешелігі нысанағы алынады. Мұндай ерекшеліктерді С.Аманжолов “қоғамдық қарым-қатынас күштілігі”,- деп сипаттай отырып, тілдің “қоғамдық құбылыс, қоғамдық коллективтіктің тапқан, жасаған нәрсесі, қоғаммен бірге өсіп-өнетін нәрсе” екенін дәйектейді. Демек, тілдің әлеуметтік деңгейін анықтау, оның қоғамдық танымын саралау және қоғамдық сананы қалыптастырудағы атқарар қызметін талдап көрсету, бір жағынан, қарым-қатынас күштілігі деп түсіндірілсе, екіншіден, қоғамдық коллективтің тапқан, жасаған нәрсесі деп ұғынылады, яғни әлеуметтік таным тілдік құралдардың жасалу, қалыптасу, даму заңдылықтарымен тығыз байланысты болады.

2. Тіл білімінің басқа ғылымдармен байланысы

Қазақ тіл ғылымының бастауы тіл табиғатын жан-жақты зерделеген ғылыми еңбектермен қатарласа қалыптасқандықтан, оның теориялық бірліктері мен ұстанымдары да, бағыт-бағдары да белгілі бір ережеге бағына, жүйелі реттілікте сақтай отырып жүзеге асты деп айта алмаймыз. Тіл болмысын, оның қызметін адамзат атаулының тұрмыс-тіршілігімен, таным-қабылдауымен, пайым-түсінігімен байланыстыра зерделеу арқылы өзектелген бұл сала алғашқыда пәлсапа мәселелерінің тілдік тұжырымдарға етене арласуымен өзгешеленсе, одан кейінгі кезекте мұнда ғылымдардың ара-жігін ашуға ұмтылу, тілдің құрылымдық жүйесін сұрыптау, ал экстра факторларды екінші кезекке қалдыру әрекеттері көбірек байқалды, сол себепті аталмыш зерттеулерде танымдық ұстанымдардың деңгей-дәрежесі де бір қалыпты дамыған жоқ.

Дегенмен, «Адамзат баласы қашанда өзін қоршаған ортадағы заттар мен құбылыстардың мәнін, сыр-сипатын жете білуге тырысқан. Бірте-бірте олардың даму заңдылықтарын ашып, дүние танымын кеңейткен», -деп ғалым Б.Сағындықұлы атап көрсеткендей, таным мәселелері адам баласының назарын әрдайым өзіне аударып келгендіктен, бірде арнайы, бірде қосымша қарастырылған тілтанымдық ұғымдар мен бірліктер, олардың ғылыми-теориялық ұстанымдары бүгінгі күні аса құнды тұжырымдар қатарын құрау үстінде. Олар жаңа когнитивтік концепциялардың дүниеге келуіне түрткі болумен қатар, тіл ғылымын соны әдіснамалық жетістіктермен қамтамасыз етуге көмектесті.

Нәтижесінде адамзат тілін зерттеудің өзгеше сатылары негізделіп, тек тілтанымдық этюдтер ғана емес, маңызды теориялық ілімдер де топталды. Соның арқасында қазақ тіл білімінің зерттеу шеңбері кеңейіп, өзге лингвистикалық бағыттармен қатар когнитивтік негізде өрілген қағидалардың да әлемдік жетістіктермен қатарласа дамуына мүмкіндік пайда болды. Оның айқын айғағы ретінде тілдік фактілердің таным категорияларымен сабақтасуын, жекеленген лексикалық бірліктерді зерттеуде тарихи таным әдістерінің қолданылуын, құрылымдық грамматика мәселелері мен адамзат эволюциясының даму заңдылықтарының ұштасуын, ингтра және экстралингвистикалық мәселелердің күн тәртібіне қойылуын әрі адамдық фактордың жан-жақты өзектеле бастауын келтіруге болады.

«Тілдің кез келген тарихи кезеңінде оның әр бөлшегі динамикалық тепе-теңдікте бола тұра, өз бойында лингвистикалық, әлеуметтік, психологиялық және өзге де факторлардың ықпалын сезінеді. Олардың басым көпшілігінің құпиясы әлі толық ашылмаған» делінгендей, қазақ тілтаным ғылымының дүниеге келуі мен теориялық сараптамадан өтуін дәйектейтін фактілер қатарында, біріншіден, жалпы тіл ғылымының даму негіздерін; екіншіден, жеке тілдік ізденістердің жүзеге асу жолдарын атаған орынды, өйткені ішкі сезім мен білімнің, тану мен қабылдаудың, біліктілік пен әлемдік тәжірибенің тоғысуынан құралған бұл тұжырымдар әрі субъективті, әрі объективті ұстанымдарға сүйене қалыптасып отырды.

Демек, оның негізгі нысанына айналған тіл мен таным бірліктері де ғылымаралық байланыстың, объективті шындықты субъективті түрде бейнелейтін заңдылықтың нәтижесі тұрғысынан ұғынылса, олардың астарында ұқсату немесе балау, образды түрде қабылдау, зейін қою, жадыда сақтау әрекеттері жатыр деп есептелді. Осыған орай, қазақ тілтаным ғылымында сөз болған тілдік құралдар когнитивтік сипатта, негізінен, келесі топтарға жіктеліп ұсынылып отыр: ұқсату яки аналогиялық қабылдауға негізделген бірліктер; метафоралар; этномәдени белгілер; мәдениет константтары мен символдық ұғымдар және этнографизмдер мен этнолингвистикалық арналар.

3. Тіл қоғамның қызметі

Тілдік категориялардың қалыптасу, даму өзгешеліктерін зерделеген ғалым Н.Т.Сауранбаев, ең алдымен, тіл білімінің қоғамдық сипатына мән берді. Ғалым „Тіл ғылымы — әлеуметтік ғылымдардың бір көрнекті бөлігі…” дей отырып, „уақыт”, „жаратылыс”, „дәуір” ұғымдарын лингвистиканың құрылымдық мәселелерін анықтауға бағыттады, сол себепті оның еңбектерінде қоғамдық өзгерістер тілдік жаңарулармен яки толығулармен қатар беріліп талданды. Екі процестің даму динамикасын тығыз байланыста сұрыптаған автор тіл құрылысының сипатын уақыт тезінен өте қалыптасатын ерекшелік ретінде қарастырғандықтан, құрмалас сөйлемдер табиғатын „Неғұрлым қоғамның алыс уақыттағы дәуірлеріне терең бойлай берсек, тілдің құрылысының да соншалықты жабайы болатынын көреміз. Сол сияқты неғұрлым осы заманға жақындаған сайын, тіл құрылысының қыйындағанын, жаңаланғанын көреміз” деген тұжырымды келтірді.

Ғалым М.Балақаев „Тіл — әлеуметтік құбылыс. Бала ана тілін қоғам мүшесі ретінде пайдалануды табиғи айналадан үйренеді” дей отырып, тілтанымның әлеуметтік заңдылықтарын сұрыптауда „адамның тіл жұмсау” әрекетін басшылыққа алды, оны адамның „қоғам мүддесіне лайық көптеген іс-әрекеттердің бір бөлігі” деп есептеді. Осыған орай, тілші „қоғамдық сананың” қалыптасу алғышарттарын тілдік дамудың, оның „жаңа сапалы тіл қажеттіліктерін атқаруының” салдары деп түсіндірді.

Оған дәлел ретінде зерттеуші „Ешбір қоғамдық құбылыс дербес, дара, оқшау қалпында, басқа құбылыстармен байланыссыз өмір сүре алмайтынын” атап өтті. Сондай құбылыстар қатарында М.Балақаев тіл мен әлеуметтің бір-біріне әсер ету нормаларына ерекше зейін қойды, сондықтан „…қоғам ол [тілді] құралды шыңдай түсу қамын ойлайды. Өйткені қоғам өмірінің биік шыңға көтерілуі, адамдардың ой-өрісінің, сана-сезімінің, экономика, өнер-білім, ғылым, мәдениетінің біріне-бірі ілесе ілгері дамуы, сөз жоқ, оның тіліне де ықпалын тигізеді” деген қорытынды жасады.

Оның айқын айғағы ретінде тілші әдеби тілдің, оның стильдік тармақтарының даму үлгілерін сөз етті. Сөйтіп, „қоғам мүшелерінің қатысымен” дамитын және қоғамның „әр қилы орайындағы тілік тәсілдердің белгілі бір мақсатқа жинақталуымен” жүзеге асатын бұл лингвистикалық ұғымдарды „қоғамдық категориялар” деп таныған ғалым тілтанымның әлеуметтік негіздерін қалыптастыруға ат салысып қана қойған жоқ, сонымен қатар оның ғылыми-теориялық дамуының да алғышарттарын ұсынды.

„Жалпы тіл білімінің теориялық топшылаулары мен қорытындыларын” дамытқан К.Аханов зерттеулері де тіл мен қоғамның қарым-қатынасын «екі жақты байланыс» үлгісінде қарастырған ғылыми ізденістер нәтижесін құрады.

Олай болса, қазақ тіл біліміндегі тілтанымның әлеуметтік негіздерін қоғам, қоғамдық сана мен ой-өріс, қоғамдық таным, әлеуметтік тыйым, әлеуметтік картина, заман, тұрмыс мәселелері, тәжірибе сынды ұғымдар құрайды, себебі ғалым Ә.Хасенов атап өткендей, «Қоғамсыз тіл болмайды, тілі жоқ қоғам – адамзаттың ешбір қауымы болмайды. Демек, қоғам үшін тіл керек; тілдің өмір сүруі үшін оның қоғамы болу керек. Бұл – ақиқат та тарихи шындық», яғни қоғамдық құрылыстың құрамды бөліктері тілтанымның универсалды әлеуметтік негіздерін анықтау үшін, ал тіл мен танымның ұғымдық бірліктері қоғамның даму сипатын айғақтау үшін аса қажет.

4. Тіл , ойлау және сөйлеу

Жалпы тілдік қатынасты «ойлау мен сөйлеудің қатысы арқылы тілдік тұлғалардың таңбалық жүйесі мен дыбысталу қасиеті нәтижесінде жүзеге асатын, қатысымдық тұлғалардың семантикалық бірлігі мен байланысу заңдылықтары арқылы берілетін, адамдардың өзара түсінісуін қамтамасыз ететін, тек адамзатқа ғана тән күрделі тілдік қоғамдық-әлеуметтік процесс.

Ғылым саласындағы қарым-қатынастың неғұрлым өзіндік үлгілерін анықтауда қарым-қатынас тақырыбы, тілдік құралдардың жұмсалу тәртібі, әлеуметтік ұстаным т.б. факторлар ерекше орын алады. Қазақ тіл білімінде З.Ш. Ерназарова ауызша ғылыми тілді жалпы сөйлеу тілінің құрамында қарастыра отырып, ғылыми сөздің прагматикалық бағытын мынадай түрлерге бөледі:

1) сөйлеуші өз ойын дәлелдеп, жеткізуді мақсат етеді;

2) сөйлеуші белгілі бір ғылыми бағытты, тақырыпты жақтап, қолдап сөйлеуді мақсат етеді;

3) пікірді, ғылыми тұжырымды сынау, қарсы шығу мақсаты көзделеді,

4) ескерту, ұсыныс айту мақсаты көзделеді.

Автор осылай бөле отырып, одан әрі былай деп жазады: «Сөйлеуші мақсатының әр түрлі болуы түзілетін мәтіннің құрылымы мен мазмұнына әсер етеді. Бірақ кез келген ғылыми сөзде дәлелдеу, ойды нақты, тартымды етіп жеткізу, жаңа мәлімет беру сияқты қосымша мәліметтері бар».

Адам өмірінің барлық мазмұны тілде көрініс табады. Қоршаған орта туралы ой-түсінік, шындық өмірдегі категориялар мен байланыстар т.т. ойлау арқылы қорытылып және талданып тілде бейнеленген немесе ұлттық тілдік санамен қабылданған. Адам белгілі бір оқиға және деректер туралы немесе оларға қатысын, сезімі мен талап-тілегін тіл арқылы жеткізеді, сөйлеу арқылы ұғым, ой мен ой қорыту қалыптастырады. Адамдар сөйлеу арқылы бірін-бірі іс-әрекетке шақырады, яғни коммуникативтік қарым-қатынасқа түседі.

ҚОРЫТЫНДЫ

Жалпы түркологиядағы сияқты қазақ тілі білімінде де ерте заманнан бері сөз болып келе жатқан бірнеше салалар бар. Олардың қатарына тілдің де, ол туралы ғылымның да негізіне жататын фонетика, лексикология, грамматика деп аталатын салалар жатады. Бұл үшеуінің әрқайсысы өз ішінен әртүрлі тарау-тармақтарға жіктеледі.

Қазақ тіл ғылымының бастауы тіл табиғатын жан-жақты зерделеген ғылыми еңбектермен қатарласа қалыптасқандықтан, оның теориялық бірліктері мен ұстанымдары да, бағыт-бағдары да белгілі бір ережеге бағына, жүйелі реттілікте сақтай отырып жүзеге асты деп айта алмаймыз.

Тіл болмысын, оның қызметін адамзат атаулының тұрмыс-тіршілігімен, таным-қабылдауымен, пайым-түсінігімен байланыстыра зерделеу арқылы өзектелген бұл сала алғашқыда пәлсапа мәселелерінің тілдік тұжырымдарға етене арласуымен өзгешеленсе, одан кейінгі кезекте мұнда ғылымдардың ара-жігін ашуға ұмтылу, тілдің құрылымдық жүйесін сұрыптау, ал экстра факторларды екінші кезекке қалдыру әрекеттері көбірек байқалды, сол себепті аталмыш зерттеулерде танымдық ұстанымдардың деңгей-дәрежесі де бір қалыпты дамыған жоқ.

Олай болса, қазақ тіл біліміндегі тілтанымның әлеуметтік негіздерін қоғам, қоғамдық сана мен ой-өріс, қоғамдық таным, әлеуметтік тыйым, әлеуметтік картина, заман, тұрмыс мәселелері, тәжірибе сынды ұғымдар құрайды, себебі ғалым Ә.Хасенов атап өткендей, «Қоғамсыз тіл болмайды, тілі жоқ қоғам – адамзаттың ешбір қауымы болмайды. Демек, қоғам үшін тіл керек; тілдің өмір сүруі үшін оның қоғамы болу керек. Бұл – ақиқат та тарихи шындық», яғни қоғамдық құрылыстың құрамды бөліктері тілтанымның универсалды әлеуметтік негіздерін анықтау үшін, ал тіл мен танымның ұғымдық бірліктері қоғамның даму сипатын айғақтау үшін аса қажет.

ҚОЛДАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ

  1. Сауранбаев Н. Қазақ тілі. 1944.
  2. Дуйсебаева М. Қазақ әдеби тілінің кейбір мәселелері. Алматы, 1973
  3. Сауранбаев Н. Қазақ фонетикасы бойыпша этюдтер. Алматы, 1988
  4. Кеңесбаев I., Мұсабаев Ғ. Қазіргі қазақ тілі. Лексика, фонетика. Алматы, 1975, 95-6.
  5. Исаев С. Қазақ әдеби тілінің тарихы. Алматы, 1996, 65-6

 


ПІКІР ҚАЛДЫРУ