Тіл-ұлт байлығы, халық қазынасы

0
6041
Иллюстрация: Freepik.com

Әлемде 2500-ден астам тіл бар. Олардың нақты санын дәл айту мүмкін емес. Әр жыл сайын, әр ай сайын, тіпті, күн сайын бір тіл жойылып отырады. Қазіргі таңда көптеген тілдердің жойылып кету қауіпі бар.

Адамдар өз ана тілінің жойылып кетпеуі үшін барын беруге даяр. Өкініштісі, биология заңдылығына ұқсас ірі тілдер ұсақ тілдерді өзіне кіріктіріп, жеке дара құндылықтары мен ерекшеліктерін жойып жіберуде.

Тіл- мемлекеттің тұғырлы тірегі, халықтың рухани байлығы, өткені мен болашағының айқын көрінісі. Ана тілінің қадір-қасиетін біле білген халқымыз оны ұлттың рухына, қазына байлығына балайды. Себебі, тіл – халықтың жаны, сәні, тұтастай кескін-келбеті, ұлттық болмысы. Адамды мұратқа жеткізетін – ана тілі мен ата дәстүрі. Біздің осындай халықтық қасиетті мұрамыз, ана тіліміз – қазақ тілі.

Тіл – тәуелсіздіктің айғағы. Тіл мен егемендік егіз ұғым. Тілсіз- тәуелсіздік, егемендіксіз- тіл болмақ емес. Тіл – тәуелсіздіктің қуатты тірегі, бірлік пен ынтымақтың жығылмас туы. Қазақ елі тәуелсіз мемлекет болып орнағалы ширек ғасырға таяу уақыт болды. Мемлекеттік тілі – қазақ тілі деп жарияланды. Бұл тұста Елбасымыз – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Қазақтың болашағы – қазақ тілінде», – деп алдымызға айқын жол ашып берді.

Бізге тек осы ұстанымды жүзеге асыруға бар күш-жігерді аямай, еңбек ету ғана қалды. Тәуелсіз Қазақстанның болашағы – біз, яғни, қазақ жастары. Демек, біздің міндетіміз – қазақ тілінің мәртебесін асыру болмақ. Осы тұста Елбасының «Қазақ пен қазақ қазақша сөйлессін», – деген ұлағатты сөзін ескермей кету мүмкін емес. Тәуелсіздік алғалы бері тіл саясаты жүргізілуде. Мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту мен тілге деген құрметті арттыру мақсатында көптеген мемлекеттік бағдарламалар мен іс – шаралар ұйымдастырылуда. Нәтижелері де аз емес.

Алайда жастар арасында, кейбір мекемелерде қазақ тілінің жайы ақсап тұр. Соны көріп жүрегің қан жылайды. Бір жағынан, әлі күнге дейін орыс тілінің ырқынан шыға алмай жүргендігімізден болар. Расында, қазақ халқының басында талай қиын нәубет, зұлматтың, қайғылы күндердің болғаны тарихтан белгілі. Еліміз жетпіс жылдай Кеңес Одағының қарамағында болды.

Ата – анамыз орыс тілін ұлықтады. Қазақ халқы өзінің тілін, ділін, тіпті салт-дәстүрін ұмытардай халге жетті. Дегенмен «сабақты ине сәтімен» деген. Еліміз сан ғасыр аңсаған тәуелсіздікке қол жеткізді. Тіліміздің түп тамырымен жойылып кетпегеніне шүкіршілік етуіміз керек тәрізді.

Кешегі күндерде өз атажұртында отырып, өз тілін өгейсіп, жетім баладай жалтақ болған, тағдыр талқысы мен тепірішін көріп, құлдырап, Шекспирше айтқанда Өлім мен өмір айқасындай күй кешкен дара да дана тіліміз сан жылдар бодандық

қамытын киген Одақ құрамындағы өзге түрік халықтары тілдері сияқты Мемлекеттік тіл мәртебесін қайта иеленіп, қайта түлеу үміті оянды. Тәуелсіздік алған 20 жыл ішінде мыңдаған жылдар бойы бабаларымыз ауызымен құс тістеген сұңғыла ойлы шешендер, ел намысын ту еткен көсемдер дамытқан ана тіліміз құлдырап кету жағдайына дейін барып қайта түледі, қайта жаңғырды. «Бардан жоқ болмайды», деген осы да. Одақ құрамындағы өзге республикаларға қарағанда отарлау саясаты әріден қызу жүргізілген қазақ халқы өзгелерден де көбірек тепіріш көрді.

Ұлтты құрту үшін, тілін, дінін құрту керек деген мақсатты берік ұстанған миссионерлік саясаттың кесірінен ана тіліміз көп азап шекті. Тіпті өз ана тілімізде сөйлеуге намыстанатын жағдайға жеттік. Қазақстанды айтпай-ақ қояйық, бұл жағдай кезінде негізінен таза қазақтар ғана жасайтын тілі, діні, ғұрып, әдеп-салты сары майдай сақталған деп, мақтаныш етілетін өз жеріміз, Өзбекстанның Науайы уәлияты аймағындағы, Қызылқұм, Тәуелібай-Тамды елінде де байқалғанына куә болғанбыз.

Еліктеушілік — мақтаншақтықтан басталады. Шектен тыс еліктеушілікке салынып, өз тілін шұбарлау барып тұрған әдепсіздік, сорақылық, аяқ асты ету деп есептеледі. Мұндайларды кездестіргенде Константин Паустовскийдің: «Туған тіліне жаны ашымаған адам — жәндік» деп ашына айтқаны бар. «Тілімізді кіршіксіз таза ұстап, қыз жасауындай жайнатуға тиістіміз» деген ұлы ғалым Шоқан Уәлиханның сөзі бүгінгі бізге де тікелей қатысты.

Тіл мәселесі үнемі кең көңіл бөліп отыруды талап ететін — өте маңызды мәселе…

Қазақстанның әлемдегі бәсекеге қабілетті елу елдің қатарына қосылуында мемлекеттік тілдің мәртебесін көтерудің маңыздылығы орасан зор екендігі белгілі, ендеше, алдағы уақытта бұл бағыттағы бірқатар іс-шаралар өз шешімін табатынына сенімдіміз. Тілді дамытудың жолдары аз емес.

Халықаралық келіссөздердің көпшілігін мемлекеттік тілімізде жүргізу, жоғары оқу орындарындағы қабылдау емтиханда­ры мен оларды бітірер кездегі мемлекет­тік емтихандардың қатарына қазақ тілінің де енгізілуі, республикалық кеңестерді екі тілде бірдей өткізуге бірте-бірте көшу, ісқағаздардың мемлекеттік тілде жүргізілуінің белгілі бір нормаларын белгілеу сияқты шаралар қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін арттырып, беделін күшейте түсер еді.

Қазақ тілінің тағдыры мемлекеттің дамуы және ел болашағы үшін қаншалықты маңызды екендігін біздің әрқайсысымыз да терең түсінеміз. Қазақ халқының бүгінгі ұрпағы мақтанғысы келсе, артында осыншама тіл байлығын қалдыра білген бабаларымен мақтана алады. «Анамыздың ақ сүтімен бойымызға дарыған тілімізді ұмыту – бүкіл ата-бабамызды, тарихымызды ұмыту», – деген екен Бауыржан Момышұлы.

Сол тіл мәселесі, оның ішінде мемлекеттік мәртебеге ие болған қазақ тілінің тағдыры жайында тіл маманы ретінде айтарым: Мемлекеттік тілімізді аман сақтап, ілгері дамыту үшін бәрімізге ұлттық сана, азаматтық биік тұғыр, мемлекеттік идеология қажет. Еліміздің экономикасы мен әл-қуаты артып, саяси-әлеуметтік еңсесі көтерілген сайын, ұлттық тіл мен ұлттық рухымыздың да өскенін, ұлттық мүддемізді екінші қатардағы қосалқы дүниедей болып қалмауын қадағалау – бәрімізге парыз.

Қазір біз тілдің дамуының бүкіл жауапкершілігін өз мойнымызға алдық, өзімізден өзіміз талап ететін кезеңге жеттік. Қазақ тілі үшін бәріміз де қарыздармыз, сондықтан қолымыздан келген қамқорлығымыз бен көмегімізді өз тілімізден аянып қалмайық, өйткені тіл – біздің ертеңгі ұрпақтарымыздың панасы.

Біздің тіліміз — қазақ тілі. Қазақ ақыны Жұбан Молдағалиев «Мың өліп, мың тірілген» деп жырлаған дана халқымыз сан ғасырлар бойы талай қиын-қыстау кезеңдерді басынан кешірсе де, Ана тілі — қазақ тілі, бай мұрасын саф алтындай сақтап, аса қадір тұтып бізге мұра етті. Демек, бүгінгі ұрпақ — біз ана тілімізді ата-бабаларымыздың келешек ұрпақ үшін сақта, жоғалтпа деп мирас еткен аманаты деп біліп, оған қиянат етпей, аса қадір тұтуға тиістіміз. Аманатқа қиянат жүрмейді.

Жангуль Тусупова


ПІКІР ҚАЛДЫРУ