Ана тіліміз талай тарихи кезеңдерді өткеріп,күні бүгінге дейін өзгерістерге ұшыраған. Сол өзгерістерді «заман талабына сай» деп ақтап алып жатамыз. Қазақ тіліндегі сөздердің түпнұсқасын бұрмалап одан әрі өзгертуге тырысып жатқандардың қарасы да азаяр емес. Тілімізге келгенде кез-келген мәселе өзекті болмақ.
Stan.kz сайтында жарияланған Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, ф.ғ.д., тіл маманы Анар Салқынбаймен болған сұхбатпен танысып шықтым.Ондағы көтерілген тіл мәселелерінің қызықты екендігіне көзім жетті.Солардың бірнешеуіне тоқталып өтсем.
Қазіргі таңда қазақ тілін ағылшын тілінің баламаларымен алмастырып қолданып жүр. Мысалы, уайым- whyM, талқылайық-talklike, ол айниды- All I need т.б. кете береді. Осы қаншалықты дұрыс?» -деген сұрақ мен үшін тосын болды.Ал ғалымның: «Бұл — пиджинизация. Тілдің бұзылуы» деген жауабы мені таңқалдырды.Мұндай жазылуларды көргенде «назар аударту үшін жазылатын шығар» деген ойға қалатынмын.
Оған себеп: осындай жазулардан соң қазақ тіліне деген жастар қызығушылығы артатын сияқты болып көрінетін.Жалпы сөзжұмбақ ойындарына ұқсатамын.Бірақ та,мұншалықты тілді бұзу мәселесіне дейін барады деп ойламаппын. Әлі де «Мұнда тұрған не бар? Тырнақ астынан кір іздей берер болсақ..» деген секілді ойлар мазалап отырғанын да айтқым келеді.
Дегенмен,бұл тұрғыда әр адамның өз қөзқарасы мен өз шындығының бары анық.
Қанша жыл бойы мектеп қабырғасында жүріп,қазақ тілі мен әдебиеті пәндеріне баса назар аударып,сүйіп оқысам да, «Қазіргі сөйлеу тілімізде осы ерін үндестігін сақтау бірте-бірте қалып барады. Оның басты себебі у мен и дыбыстарын біріктіріп жазып, ұ, ү, і, ы сияқты төл дыбыстарымызды жазуда елемеуден шығып отыр. Тіпті «үйіңе барасың ба?» дегенді «үйүңе барасың ба? деп айтуымыз керек қой.
Осылай жазбаған соң, айтуда да сақтамай, лебіздік үйлесімді сақтай алмай отырмыз» деген сұхбат берушінің дәйекті жауабы мен үшін жаңалық болды.
Себебі,еріндік және езулік дыбыстардың қатар келіп үйлесуіне, дыбысталуы барысына аса назар аудармаған болатынмын.Бірақ,жоғарыда көрсетілген жауаптан соң,бірнеше мәрте қайталап,тәжірибе жасап көрдім. Дыбысталуы жағынан,шынымен-ақ, ыңғайсыздық тудыратындығына көзім жетіп отыр.
«Рахмет» пе әлде «рақмет» пе? дегені басынан-ақ мен үшін қызықты, жауабын білуге асығып отырған сұрақ болды:
«Академик Рабиға Сыздық құрастырған Орфографиялық сөздіктерде «рахмет» нұсқасында жазылған. Ал енді х дыбысының орнына қ дыбысын жазып, қазақшалайық десек, онда дұрысы «рақымет» болуы тиіс. Өйткені қазақ тіліндегі дыбыстардың тіркесімділік заңдылығына назар аударар болсақ, «қ» дыбысы мен «м» дыбысы тіркесе алмайды. Бұл жайында жазылған көптеген ғылыми зерттеулер бар. Байтұрсынұлы өз есімін Ақымет деп жазған екен» деп жауап қайтарды.
Мына жауаптан соң өз сұрағыма қатысты толыққанды бір шешімге келдім деп айту қиын.Кішкене кезімнен осы сөздің шығу тегі мен айтылуы мені қызықтыратын.Көп адамдардан сұраған да болатынмын.
Бірақ,адам қаншалықты көп болса,пікір де соншалықты әр алуан болды.Жоғарғы оқу орнына келгенде бір оқытушы «рақмет» деген дұрыс болады деген.Сол пікірмен жүргенде,осы сұхбатты оқып,тағы да екі ойлы болып отырмын.
Сұхбатта келтірілген мәселелер өзекті болады және де жалғасын табады.Барлық мәселенің тағдыры осындай.Тілге қатысты мәселелер әрдайым айтылатын мәселе болады. Ол көтеріледі, айтылады, кейіннен жабылады.Жабулы қазан жабулы күйінде қалады. Кейін бірнеше жылдардан соң қайта жанданады,аталған тізбек қайталанады. Журналистер мәселені көтереді,ал шешімі әрбір адамның өз қолында болмақ.
Гүлманат Райымбаева