Көлсай көлдері және Сайрам-Өгем ұлттық табиғи саябағы

0
1494

Көлсай көлдері ұлттық саябағы. Алматы облысының Райымбек және Талғар аудандарында орналасқан. Саябақ 2007 жылы ұйымдастырылған. 

Аумағы — 161,04 мың гектар, шығыстан батысқа қарай 98 шақырымға, солтүстіктен оңтүстікке қарай 23 шақырымға  созылған аумағының 22%-ын орман орман алқаптары құрайды. Саябақты ұйымдастырудың негізгі мақсаты — Алматы облысының биік таулы алқабы мен Көлсай көлінің табиғи байлықтарын сақтап қалу және қорғау.

Саябақтың құрамына Жалаңаш, Көкбастау ауылының оңтүстігіндегі таулы алқаптар, Көкжазық, Сарнауа, Ақбұлақ, Үшкүл, Қырқобы, Жаманбұлақ, Көлсай өңірі, Талды жайлауы және Шелек өзенінің бастауы кіреді.Саябақ аумағындағы Қайыңды көлі көрікті табиғатымен көз тартады және оның суының шипалық қасиеті бар екендігі елге мәлім.

Саябақ аумағында жоғары сатыдағы өсімдіктердің 710-ға жуық түрі өседі. Оның 12 түрі Қазақстанның «Қызыл кітабына» кіреді. Олар күнгей қауы, жылтыр жанаргүл, Тянь-Шань жанаргүлі, Семенов кортузасы, т.б.

Негізгі қорғалатын нысан — Шренк шыршасы. Бұл ағашты сымбаттылығына қарап «Қызқарағай» деп атайды.

Саябақ жануарлар дүниесіне де бай. 1968 жылы бахтах балығы жерсіндірілген. Бауырымен жорғалаушылардан: Алтай жалаңаш көзі, әр түсті жылан, қылқантұмсық жылан, т.б кездеседі. Құстардың 200-ге жуық түрі саябақ аумағында  ұя салып, балапан өргізеді. Олардың ішінде сирек кездесетін түрлері — көк құс, құмай, орақтұмсық, ұлар, т.б

Сүтқоректілердің 30-ға жуық түрі мекендейді. Сирек кездесетін түрлері — барыс, Тянь-Шань қоңыр аюы, арқар, сілеусін, сабаншы, т.б Саябақтың туризмді дамытудағы маңызы зор.

Сайрам-Өгем ұлттық табиғи саябағы. Оңтүстік Қазақстан облысының жерінде орналасқан.

Саябақ 2006 жылы ұйымдастырылған. Оған Түлкібас, Төле би және Қазығұрт аудандарының табиғаты ең көрікті жерлері кіреді.

Жер аумағы — 149 мың гектар.  Саябақтағы ұйымдастырудағы басты мақсат — Батыс Тянь-Шань тау жоталарындағы құнды табиғат байлықтарын қорғап қалу, қалпына келтіру және республикадағы туризмді дамыту.

Саябақтың аумағы солтүстіктен оңтүстік бағыт бойынша 135 шақырымға созылып жатыр. Мұнда өсімдіктің 1635 түрі кездеседі. Ғылыми құндылығы ерекше саналатын аршалы орман алқабы бар. Мұндағы ірі аршалардың кейбіреуі 700 жылдан бері өсіп тұрғандығы анықталған.

Аршаның 3 түрі (балғын арша, Зеравшан аршасы және сауыр арша) өседі.

Саябақ жануарлар әлеміне де бай. Құстардың 300-ге жуық, сүтқоректілердің 60-тан астам түрі мекендейді. Өте сирек кездесетін жануардың бірі — көк суыр. Сондай-ақ, арқар, жабайы шошқа, қоңыр аю, т.б жануарлар да кездеседі. Саябақта  тұрақты түрде «Табиғат жылнамасы» жүргізіліп отырады.

Пайдаланылған әдебиет:
«Сен білесің бе?» энциклопедиясы. Құрастырған: Райымбеков Қ.Ж, Байғабылова Қ.Т
Басқа да материал:

ПІКІР ҚАЛДЫРУ