Іле, Жайық, Сырдария өзені туралы мәлімет

0
5540
Freepik.com

Іле өзені. Іле өзені бастауын Қытайдағы Текес және Күнгес өзендерінің қосылар жерінен алып, Балқаш көліне құяды.

Ұзындығы — 2385 км. Қазақстандағы ұзындығы — 740 км. Жетісу аймағындағы ең ірі өзеннің бірі. «Іле» сөзі моңғол тіліндегі «ил, илэ» деген сөзге жақын, яғни ашық, айқын дегенді білдіреді. Көне түркі тілінде «ылғалды су», «жаңбырдан кейінгі иленген жер» мағынасын береді.

Өзенде сазан, көкбас, алабұға, арал шабағы, жайын, көксерке және тұқыбалық сияқты балықтың түрлері бар.

Оң жақ жағалауында қарақұйрықтарды , Барсакелместен алынған аңдар мен құстарды қорғау үшін Алтынемел ұлттық саябағы ашылған.

Іленің жағасында әйгілі «Әнші құм» орын тепкен. Жаздағы ыстықта оның төбесіне шығып төмен қарай жүгірсең, кеменің жүріп келе жатқандағы даусы естіледі.

Жайық өзені. Жайық өзені Орал тауларының оңтүстігінен басталады. Жалпы ұзындығы — 2428 км. Қазақстандағы ұзындығы — 1082  км.

Жайық өзені туралы деректер грек, рим жылнамаларында Дайкс, Ликос, ал орыс жазбаларында 1775 жылға дейін Яик атауымен берілген. Қазір Орал өзені деп аталып жүр.

Халық ауыз әдебиетінде Еділ-Жайық деген атпен белгілі.  Ол аңшылардың атына байланысты қойылған деседі. Жалпы алғанда, «жайылып ағатын өзен» мағынасын білдіреді.

Өзенмен кеме қатынасы жүріп, егінді жерлерді сумен қамтамасыз етеді.

Ең үлкен байлығы — дүние жүзіне белгілі Каспий теңізінің оңтүстігін мекендейтін бекіре балығының уылдырық шашатын аймағы.

Сырдария өзені. Сырдария өзені Орталық Тянь-Шань жоталарынан басталып, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан аймағы арқылы өтіп, Қазақстанда Арал теңізіне келіп құяды.

Ұзындығы — 2219 км. Қазақстандағы ұзындығы — 1400 км. Сырдария өзені Шығыс жазбаларында Шаш, Ходжент, гректерде Яксарт, арабтарда Сейхун деп кездеседі.

Парсы-түрік тілдерінен аударғанда «інжу-маржан» мағынасын білдіреді.

Өзеннің суы халықтың отырықшы болуына, егіншілікті игеруге, көптеген қалалардың салынуына себепші болды.

Арал теңізіне құяр жерінде суы мол жылдары кеме жүрген. Өзен бойында ежелгі қалалардың орны бар. Соның бірі — ХІХ ғасырда салынған көне Қызылорда қаласы.

Пайдаланылған әдебиет:
«Сен білесің бе?» энциклопедиясы. Құрастырған: Райымбеков Қ.Ж, Байғабылова Қ.Т
Басқа да материал:

ПІКІР ҚАЛДЫРУ