Сасықкөл көлі мен Ертіс өзені, Қапшағай бөгені туралы

0
2388
Иллюстрация: Freepik.com

Сасықкөл көлі. Сасықкөл Алматы облысы Алакөл ауданы мен Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданы жерінде орналасқан. 

Ұзындығы — 49,6 км, ені — 19,8 км, жағасының ұзындығы — 182 км. Орташа тереңдігі — 3,32 м (ең терең жері — 4,7м). Оңтүстік-шығыс бөлігінде Аралтөбе түбегі, солтүстік-батысында Аралтөбе аралы бар.

Көл жағасы аласа, қамыс өскен. Сасықкөлге Тентек, Қаракөл, Ай өзендері құяды. Қарашаның аяғында қатып, сәуірдің бас кезінде  мұзы ери бастайды.

Көктемде су деңгейі көтерілген кезде Ұялы (Қошқаркөл) көлімен (Алакөл мен Сасықкөл аралығында) жалғасып кетеді. Көлде балықтың 8 түрі бар (сазан, көксерке, алабұға, көкбас, т.б)

1946 жылы мұнда Алакөл мемлекеттік ондатр шарушылығы құрылып, 1956 жылдан ондатр терісі дайындалады.

Көлде үйрек, қаз, бірқазан, аққу, балықшы, шағала жағалауындағы қамыс арасында қабан, түлкі, мәлін (теңбіл мысық), т.б мекендейді.

Қапшағай бөгені. Іле өзені бойында, Алматы облысы жерінде Қапшағай су жлектр стансасын салуға байланысты Қапшағай бөгені жасалынған.

Қапшағай атауы көне түркі тілінде «тар шатқал, қысыңқы жер» деген мағынаны береді. 1970 жылдан бастап Қапшағай бөгені суға толтырыла бастады. Қапшағай бөгенінің ұзындығы — 187 км, енді жері — 23 км. Орташа тереңдігі шамамен 15 м, ең терең жері 46 м болады. Жағасының ұзындығы 430 км-ге жуық. Бөгеннің солтүстік жағасы құмды-малта тасты, едәуір бөлігі биік және тік жарлы, оңтүстік жағасы аласа, жайпақ құмды, саздақты келеді.

Бөгенде балықтың ақмарқа, мөңке, тұқы, табан балық, т.б көптеген түрлері кездеседі. Қапшағайдан жылына 2 мың тоннадай балық ауланады. Бөген суымен бау-бақша, шыбындық және жайылым жерлер суландырылады. Қапшағай бөгенінің оңтүстік-батысында Қапшағай қаласы орналасқан.

Қапшағай бөгенінің жағасы жазғы уақытта демалыс орнына айналып,, суға шомылушы адамдарға толады.

Ертіс өзені. Ертіс — республикамыздағы ең үлкен өзен. Ұзындығы — 4248 км. Оның Қазақстандағы ұзындығы — 1700 км. 

Моңғол Алтайынан басталып, Қазақстанның шығысынан өтеді де, Ресей аймағындағы Обь өзеніне келіп құяды. Негізгі суды Алтай, Сауыр тауының өзендерінен алады. Ертіс «иір өзен, иір су» деген мағынаны білдіреді.

Өзен суы күздің соңғы айларынан көктемге дейін қатып жатады. Жылы кездерде кеме қатынасына мүмкіншілік болады. Ертіс қалаларды, өндірісті, кейбір егінді алқаптарды сумен қамтамасыз етеді. Ертіс-Қарағанды каналы тартылған.

Өзен бойында XVIII-XIX ғасырлар аралығында салынған қазіргі Өскемен, Семей, Павлодар қалалары орналасқан.

Пайдаланылған әдебиет:
«Сен білесің бе?» энциклопедиясы. Құрастырған: Райымбеков Қ.Ж, Байғабылова Қ.Т
Басқа да материал:

ПІКІР ҚАЛДЫРУ