Ұлытау аймағы туралы қызықты мәліметтер

0
1651
Freepik.com

Ұлытау аймағы Сарыарқаның оңтүстік-батыс шегінде, Қарағанды, Қостанай облыстары жерінде орналасқан. 

Негізінен, Қарағанды облысы Ұлытау ауданын қамтитын бұл аймақ шоқылы, қыратты келген аласа таулардан тұрады. Олардың жалпы орташа биіктігі 400-600 метр, көтеріңкі орта тұсы 800-1000 метрге жетеді. Солтүстігін Жақсы Арғанаты (757 м) мен Едіге таулары (1064 м), оңтүстігін Кішітау жотасы (793 м) алып жатыр. Ал көтеріңкі орта тұсында Ұлытау (1133 м) таулары жайғасқан. аймақ оңтүстіктен солтүстікке 230-240 шақырымға созылған.

Аймақта темірлі кварциттің, темірлі марганецтің, мыстың, полиметалдардың, қоңыр көмірдің, сирек металдардың кен орындары көп. Ұлытау аймағы қойнауын барлауға, кен орындарын ашуға аса көрнекті геолог-ғалым Қ.Сәтбаев көп еңбек сіңірді.

Аймақта қыс айларында ауа райы -35-40 градусқа дейін төмендейді. Ал шілде-тамыз айларында 30-35 градусқа дейін көтеріледі.  Жауын-шашын аз түседі (220-250 млг). Өзендері аз. Батысындағы Торғай алыбында Қараторғай, Сарыторғай, Ұлы Жыланшық ақса, шығысындағы Сарысу өзені алыбымен Қаракеңгір, Жезді, т.б кішігірім өзендер ағады. Бұл өзендер жауын-шашын суларымен толығады да, көктем айларында тасиды.

Ал жазда қара суларға бөлінеді. Жер үсті суы аз болғанымен, жер асты суларының қоры мол. Оның жалпы қоры 30 млрд м(2)-ге тең және суының минералдылығы шамалы, негізінен тұщы сулы келеді. Жалпы аймақ мал жайылымына қолайлы.

Әкімшілік тұрғысынан, негізінен, Ұлытау ауданына қарайтын аймақтың ауданы (123,0 мың км(2)) 12,3 млн гектарға жуық. Еуропаның бірнеше мемлееттері сыйып кетер аймаққа еліміздің Солтүстік Қазақстан (98,0 км(2)) облысы да еркін сыйып кетер еді.

Осы аймақтың жан-жануар, өсімдігін және тарихи археологиялық ескерткіштерін қорғауға арналған 1990 жылы Ұлытау ұлттық қорықшасы құрылды. Мұнда Қазақстандағы тарихи — мәдени ескерткіштердің үлкен шоғыры орналасқан.

Пайдаланылған әдебиет:
«Сен білесің бе?» энциклопедиясы. Құрастырған: Райымбеков Қ.Ж, Байғабылова Қ.Т
Басқа да материал:
  1. Қызылқұм өңірі туралы мәлімет

  2. Сыр бойы туралы ақпарат

  3. Сарыарқа аймағы туралы мәлімет

  4. Бетпақдала шөлді өңірі туралы

  5. Қазақстанның табиғи аймақтары. Жетісу өңірі туралы

  6. Қазақстанның құстары. Шырша қайшыауызы мен самыркеш туралы

  7. Бекіре мен табан балығының айырмашылығы


ПІКІР ҚАЛДЫРУ