ТІЛДІК САНАНЫҢ ҒЫЛЫМИ АСТАРЫ ЖӘНЕ ҰҒЫМДЫҚ СИПАТЫ

0
1577
Менеджмент қағидасында мектепішілік басқару дағдыларын жетілдіру, педагогикалық квалиметрия әдістері

Аңдатпа: Мақалада «Тілдік сана» ұғымы жайлы лингвист ғалымдардың теориялары қарастырылады. Ғалымдардың теорияларыннан «Тілдік сана» ұғымын қалыптастырып,  оның атқаратын функциясы, адамның тілдік санасын анықтау құралдары және тілдік сананың түрлері жіктеліп айтылады.

Кілт сөздер: сана, тілдік сана, коммуникативті және когнитивті сана, антропоцентризм, этноцентризм, ойлау, сөйлеу, тілдік әлем бейнесі

Аннотация: В статье рассматриваются разработка понятия «Языковое сознание» лингвистами. Анализ основаных парадигм решения данной проблемы разными учеными позволяет сделать вывод о сложности понятия «языковое сознание». Так же рассмотривается виды языкового сознание, его функции, феномены и средства определения языкового сознания человека.

Ключевые слова: сознание, языковое сознание, коммуникативное және когнитивное сознание, антропоцентризм, этноцентризм, мышление, речь, картина мира

Annotation: In the article the development of the concept of «Language consciousness» is examined by linguistic. The analysis of the main paradigms of solving this problem by different scientists allows to make a conclusion about the complexity of the concept «language consciousness». It also considers the types of linguistic consciousness, its functions, phenomena and means of determining the linguistic consciousness of a person.

Key words: consciousness, language consciousness, communicative and cognitive consciousness, anthropocentrism, ethnocentrism ,thinking, speech, language picture of the world

Ежелден барлық ғылымдар өз бастауын философиядан алды. Олардың арасында тіл ғылымы да философиямен тығыз байланыста дамып келген.  Кейіннен тіл ғылымы философиядан бөлініп, зерттеу нысанын айқындап әртүрлі салаларға бөлінді. Қазір XXI ғасырдағы тілдік зертеулерде тіл ғылымын философиялық тұрғыда қарау өзектілігі туды. Өйткені адамның сана-сезімі мен абстрактылы ойлау жүйесінің тікелей тілмен байланысы бар.

Тіл білімі философиямен зерттелетін ортақ мәселелері жағынан жақындасып байланысады десек, онда оларды байланыстыратын ұғым – «тілдік сана» ұғымы. «Тілдік сана» ұғымына анықтама бермес бұрын, сананың ерекшеліктеріне тоқталған жөн. Осыған дейін «сана» ұғымын философия  және психология ғылымдары зерттеп, өзіндік теория қалыптастырса, қазіргі таңда сананың тілмен байланысын және оларды біртұтас мағына ретінде психолингвистика, лингвамәдениеттану, когнитивті лингвистика, социолингвистика сияқты тіл ғылым салалары қарастырып жүр. Дегенмен  бұл ғылымдар да «сана» ұғымының нақты шегіне жеткен жоқ. Оның себебі бұл ұғымның күрделі табиғатынан болса керек.

Философиялық сөздікті сана ұғымына мынадай анықтама береді: «Сана – объектівті шындықты бейнелеудің адамға ғана тән жоғарғы формасы, оның дүниеге және өзіне адамдардың қоғамдық-тарихи қызметінің жалпыға бірдей формаларының жанама түрдегі қатынасының тәсілі. Сана объективті дүниені және өзінің жеке болмысын ой елегінен өткізуге белсене қатысатын адамның психокалық процестері бірлігін көрсетеді. Ол адамның еңбек, қоғамдық-өндірістік қызметі процесінде пайда болады және сананың өзі сияқты байырғы тілмен айтарлықтай байланысты…» [1, 371].

Психологияда «сана» ұғымы «психика дамуының жоғары сатысы, мидың бір бөлшегі. Ол адамдардың қоғамдық-тарихи əрекетінің жалпыға бірдей формаларымен сипатталатын объективтік əрекетке қатысты адамға тəн амал. Сана – əлемнің объективтік заңдылықтары, қасиеттері мен мүмкіндіктері жайлы біліммен дүниеге деген көзқарас» – деп түсіндіріледі. [2, 361-362 ].

Психологиялық тұрғыдан да, философиялық тұрғыдан да «сана» ұғымы адамға тән құбылыс. Ол адамның әлем жайлы түсінігінен, танымынан, бейнесінен тұрады. Бірақ сана жеке адамға ғана мәлім, екінші біреуге құпия нәрсе. Оның заттануы, екінші біреуге түсінікті болуы тіл арқылы жүзеге асады. Осыдан тіл мен сана тәрізді күрделі ұғымдар «тілдік сананы» туғызады. Тілдік сана адамның дүниеге келгеннен пайда болып, өмірінің соңына дейін толығып қалыптасады. Ресейлік психолог, психолингвист, профессор, академик Т.Н.Ушакова тілдік сана жас сәбидің алғашқы жылауынан, гуілдеуінен, дыбыстауынан бастау алатынын айтады. Ғалымның пікірінше, жас сәби әртүрлі дыбыстарды шығару, яғни жылау арқылы өзінің психикалық жай-күйін (қарны ашқанын немесе ауырғанын, қорыққанын) білдіріп, санасында жатталған адамдар мен бейнелерді көргенде гуілдеп, күліп санадағы түсініктер мен ақпаратты білдіре бастайды. Бұл – тілдік сананың ең бастапқы бейвербальді формасы [3,9].

Тілдік сана ұғымы лингвистикаға енген жаңа термин болғандықтан тіл  мен сананың, тіл мен танымның, сөйлеу мен сананың байланысын ғалымдар әр салада қарастырған. Мәселен, тілдік сананы психолингвистикалық бағытта Л.С. Выготский, А.Н. Леонтьев, С.Л. Рубинштейн, А.А. Леонтьев, Л.В. Сахарный, Е.Ф. Тарасов, А.А. Залевская, Ю.Н. Караулов, Р.М. Фрумкина, Н.В. Дмитрюк, И.А. Стернин, З.Д. Попова, Р.С. Немов, В.П. Белянин, М.И. Лазариди,  және т.б. қарастырса, концептуалды-когнитивті бағытта Д.Н. Шмелев, А. Мельникова, Е.С. Кубрякова, В.А. Маслова, А.Е. Карлинский, Г.Г. Гиздатов, ал лингвомәдениет тұрғысынан А.М. Верщагин, В.Г. Костомаров, В.В. Воробьев, социолингвистика мен этнолингвистикалық бағытта Ю.Д. Дешериев, А.Д. Швейцер, Л.Б. Никольский, Б.А. Серебренников, А.С. Герд, А.О. Орусбаева, М.К. Исаев, Б.Х. Хасанұлы, Г.Г. Гиздатов, Э.Д. Сулейменова, З.К. Ахметжанова, А.Р. Бейсембаев, Д.М. Кистаубаева, А.К. Калжанова, Г.И. Абрамова, К.М. Абишева, С.Ж. Баяндина, Д.Д. Шайбекова, В.Д. Нарожная, Р. Османова, М.Ю. Шингарева және т.б. Ғалымдардың аталмыш мәселені жан-жақты талдауы арқылы «тілдік сана» ұғымының күрделілігін байқауға болады.

Жалпы тілдік сана ұғымын ең алғаш XX ғасырда В.фон Гумбольдт еңгізген. Ғалым сананың тілдегі көрінісін сананың сөйлеу процесіндегі ойды сөзге рефлексті түрде  айналдырып жеткізу мүмкіндігін айтқан [4,41-43].

1993 жылы жазылған «Язык и сознание: парадоксальная рациональность» атты  тілдік сана және оның өзекті мәселелеріне қатысты алғашқы коллективті монографияда Е.Ф. Тарасов тілдік сана мен сана ұғымдарына бірдей анықтама беріп, оларды феномен деп қабылдаған. Кейіннен 2000 жылы Е.Ф. Тарасов тілдік сананы санадан ажыратып, оған мынадай анықтама береді: «Тілдік сана – санада тілдік құралдардың (сөздер, еркін және тұрақты тіркестер, сөйлемдер, мәтіндер, ассоциативті өрістер, ассоциативтік тезаурустар) көмегімен жинақталған бейнелер» [5,24]. Қазіргі Мәскеулік ғылыми мектептерде тілдік сана ұғымын Е.Ф. Тарасовтың анықтамасы бойынша түсіндіреді.

1993 жылы А.А. Леоньтевті де «тілдік сана» термині қызықтырып, назарын аудартады. Ол «тілдік сана» сөз тіркесіндегі «тілдік» сөзіне ерекше тоқталып өтеді. Ғалымның пікірінше «тілдік» сөзі лингвистиканың дәстүрлі зерттеу объектісі «тілге» қатысты емес. Яғни тілдік сана ол тілдің ерекшеліктерін қарастыратын термин емес. Оның мағынасы одан да кеңірек екенін атап өтеді. А.Н. Леонтьев сананы «қоғамдық тұрғыдан қалыптасқан тілдік мағына, ұғымдар арқылы санада түсінілетін ақиқаттың көрінісі» деп анықтайды. Ол «тілдік сана» ұғымын «əлем бейнесі» ұғымымен салыстырып, «əлем бейнесін» «адам психикасындағы заттық мағыналар мен сəйкес когнитивтік сызбалар арқылы жəне саналы рефлексияға бағынатын заттық əлемнің бейнеленуі» ретінде анықтайды [6, 232].

Т.Н.Ушакова тілдік сана психология мен лингвситиканы байланыстыратын ұғым екенін айтады. Ол адамның психологиялық функциясымен тығыз байланыста болатынын атап өтеді де, оған мынадай анықтама береді: «Тілдік сана адамның санасының және ішкі психологиясының тіл мен сөйлеу процесінде көрініс табуын білдіреді». Ғалым тілдік сананы психолингвистика саласында зерттеу қажет екенін айтады, себебі тіл лингвистиканың зерттеу объектісі болса, сана психологияның басты зерттеу объектісі дейді [3,17]. Ғалымның теориясына үңіле келе «тілдік сана» терминін үстірт бір жақты қарастырмау қажеттілігін байқаймыз. Субъектінің тілдік санасын зерттеп, талдау барысында  оның психикалық жай-күйін де ескеру қажет, мәселен, субъектінің объектіні қалай қабылдағаны, дәл сол кездегі психикалық жай-күйі, объектіні санасында жағымды не жағымсыз етіп сақталуы сияқты.

И.А.Стернин тілдік сананы когнитивті сананың бөлшегі деп есептейді. Ол «тілдік сана» ұғымы «адамның сөйлеу процесін қамтамасыз ететін психикалық (менталдық) тетіктердің жиынтығы ретінде және сөйлеушінің сөйлеу, мәліметтерді қабылдау, сақтау кезінде пайдаланатын білімін» айтады [7, 44-51]. Ал тілдік сананы зерттеудің жалғыз объективті әдісі ретінде ғалым ассоциативті экспериментті ұсынады. Оның көмегімен тілдік бірліктерді санада қайта жаңғыртуға және олардың жұмыс істеу процесінің (ақпаратты түсіну,сақтау және т.б.) сипатын анықтауға болатынын айтады.

Қазіргі таңда тілдік сананың ең көп таралған екі түрлі анықтамасы бар. Біріншіден, кең мағынада тілдік сана дегеніміз объектівті әлемдегі заттар мен құбылыстар туралы көзқарастардың, ақпараттардың, түсініктердің тілдік белгілер арқылы санада бейнеленуі. Екіншіден, тар мағынады тілдік сана дегеніміз белгілі бір тілде сөздердің құрылымы, оның қолдану ерекшеліктері, айтылу ережелері, мағынасын білуі тәрізді ақпараттардың жиынтығы.

Психолингвисттер тілдік сананы психологияның нысаны ретінде зерттеу мүмкін емес екенін айтып, тілдік сананың табиғатына назар аударады. Сол себепті ғалымдар тілдік сананы тіл, сана, ойлау, сөйлеу түрінде қарастыруды ұсынады [8,7]. Тіл мен сана бірге байланысып лингвокогнитивті жүйені құраса, сөйлеу мен ойлау, тіл мен ойлау лингвокоммуникативті жүйені құрайды. Ғалым И.Н. Стернин сана мен ойлауды ажырата білу қажет екенін айтады. Сана ол мидің бөлшегі болатын болса, ойлау мидың сана арқылы жүзеге асатын қызметі. Сондай-ақ ғалым тілдік сана мен  коммуникативтік сананы ажырату қажет екенін атап көрсетеді. Мысалы: тілдік санада субъектіге бұрыннан мәлім, әрі белгілі сәлемдесу формалары мен сәлемдесу сөздерін орынды қолдану жайлы ақпараттар (сәлеметсіз бе, сәлем, ассалаумағалейкум, таңғы уақыт болса қайырлы таң, түскі уақыт болса қайырлы күн, кешкі уақыт болса қайырлы кеш және т.б.) сақталса, ал коммуникативті санада қалай сәлемдесу керек екендігі жайлы ақпараттар (қол беріп амандасу, қол көтеріп амандасу, құшақтап амандасу, сүйіп амандасу, қашықтықта амандасу, қандай кезде амандасу, қандай көңіл-күймен амандасу, кім бірінші амандасу қажет және т.б.) жинақталған [7,25].

Тілдік сана – күрделі феномен. Себебі ол жеке адамның әлемдік танымын бейнелесе, дәл солай бір ұлттың танымын көрсетеді. Осыған орай тілдік санада антропоцентристі феномен мен этноцентристік феномен кездеседі. Залевская А.А.тілдік сананың индивидуалды болып келетінін айтып өтсе, Гачаев Г.Д. оның этноцентристік ерекшелігін көрсетеді.  Тілдік сана тілдік әлем бейнесінен құралса, оған жеке адамның өзінің танымы да әсер етеді. Сондықтан тілдік сана индивидуалды, когнитивті жеке адамның санасының формасы. Дәл солай тілдік санада әлем бейнесі бір мәдениеттен екінші бір мәдениетке ауысып отыратындықтан, әр адамның санасы, дүниетанымы өз ұлттының менталитетімен, стериотиптерімен байланысты болады. Сондықтан тілдік сана жеке адамның және этностың санасы болып бөлінеді. Философияда сананың бұндай ерекшелігін қоғамдық сана және жеке сана деп атайды [9,72] [10,102].

Лингвистикада тілдік сананы «тұрмыстық тілдік сана» және «кәсіби тілдік сана» деп бөліп жеке-жеке қарастыру қажет екенін айтады. Бұл классификация сананың ееркшелігіне қатысты туындап отыр. Себебі, жалпы философияда санада жинақталған білімді ғылыми және ғылыми емес болуына қарай, сананың өзін «қарапайым сана» және «теориялық сана» деп бөледі.Сонымен, тұрмыстық тілдік сана дегеніміз – сананың ең төмен, қарапайым формасы. Онда күнделікті тұрмыста қолданатын білім жинақталған.Ал кәсіби тілдік сана дегеніміз — белгілі бір кәсіби қызметке байланысты, ғылыми ұмтылыстан туатын қорытындылар, қағидалар, заңдылықтар, көптеген мəселелер туралы ғылыми көзқарастар [11, 191].

Адамда тілдік сана бірдей болмайды. Әр индивидтің өзіндік танымы, көзқарасы, сөйлеу мәнері, ойлауы болғандай тілдік санасы да әртүлі болады. Бірақ тілдік сана ұқсас болуы мүмкін. Адамдардың тілдік санасында ұқсастықтар менталитет пен стериотиптер әсер әтуінен пайда болады. Бірақ ол адамның тілдік санасының толықтай бірдей болуы мүмкін екенін көрсетпейді. Әртүрлі теориялар мен тұжырымдарды қорыта келе, тілдік сананы анықтайтын бірнеше құралдар бар екені анықталды. Олар төменде көрсетілген суретте берілген.

 

Тілдік санаға қатысты айтылған тұжырымдарды жинақтай келе тілдік сананың көпқырлы болып, бірнеше қызмет атқаратыны анықталды. Ғалымдар оның мынадай функцияларын көрсетеді:

— Бейнелеу функциясы санада «әлемнің тілдік бейнесін», тілдік бірліктердің мағынасын, құрылымын, өзара байланысын бейнелейді.

— Бағыт-бағдар функциясы коммуникация барысында белгілі бір жағдайға сай тілдік құралдарды дұрыс таңдап, жеткізу барысында бағыт-бағдар беріп отырады.

—  Интерпретационды функция коммуникация барысында сөйлеушінің ойын, ниетін, көзқарастарын, жай-күйін түсінуге қызмет етеді.

— Метатілдік функция – зерттеліп отырған тіл мен сол арқылы бейнеленетін заттық саланың арақатынасын, сөйлемдерінің құрылымын, басқа тілдермен қарым-қатынасын зерттеуде пайдаланылады.

— Басқару функциясы сөйлеу операциясын басқарады [8,23].

Тілдік санаға берілген теориялардың ортақ нəтижесі көрсетіп отырғандай, тілдік сана дегеніміз санада жинақталған тілдік әлем бейнесі жайлы ақпараттар мен тілдік нормалардың тілде вербальді көрініс табуы. Ол адамның сөйлеу, ойлау, таным процестерімен тығыз байланыста жүзеге асады. Тілдік сананың өзіне тән ерекшеліктері:

  • Адамға ғана тән ұғым (тіл де сана да адамға тән);
  • табиғи құбылыс;
  • адамның туғаннан бастап қалыптасып, өмір бойы толығып отыратын тіл туралы ақпараттар жиынтығы (жаңа сөздер, олардың мағынасы, қолдану ерекшелігі, морфологиялық ерекшелігі, айтылуы, жазылуы және т.б.);
  • адамның белгілі бір субъектіге, объектіге, тілдік әлем бейнесіне көзқарасы және сол жайлы білетін ақпараттар жиынтығы;
  • сөйлеу процесінде рефлексті түрде жүзеге асатын сана мен тілді байланыстыратын механизм;
  • вербальді түрде жүзеге асады;
  • қарым-қатынас құралы және ойлау құралы.

ӘДЕБИЕТТЕР:

  1. Философиялық сөздік. – Алматы: «Қазақстан энциклопедиясы». 1996 жыл. 525 бет.
  2. Психологический словарь. – М., 1998 – С. 361-362.
  3. Ушакова Т.Н. Понятие языкового сознания и структура рече-мысле-языковой системы // Языковое сознание: теоретические и прикладные аспекты. – Москва-Барнаул. 2004.
  4. Портнов А.Н. Сознание, язык, смысл: в поисках новой научной парадигмы / А. Н. Портнов // Философский альманах. – Иваново, 1998.  – №  1–2. – С. 41-43.
  5. Тарасов Е.Ф. Актуальные проблемы анализа языкового сознания // Языковое сознание и образ мира / Отв. ред. Н.В. Уфимцева. – М., 2000. – С. 24-32.
  6. Леонтьев А.А. Основы психолингвистики. – М., 1999.– 287 с.
  7. И.А. Стернин (и др.) Языковое сознание жителей Воронежа: Монография.- Воронеж, 2010 г.
  8. Шаяхметова А.А. Языковое сознание и особенности его проявления представителей русского и казахского этносов (социолингвистический и психолингвистический аспект): Диссертация на соискание ученой степени кандидата фил.наук.- Алматы, 2007 г.
  9. Залевская А. А. Психолингвистические исследования. Слово. Текст: Избранные труды. М.: Гнозис, 2005. 543 с.
  10. Гачев Г. Д. Ментальности народов мира. М.: КомКнига, 2003. 544 с.
  11. С.Т. Əденов, А.Х. Хожамқұл, Ғ.К. Котошева, А.Н. Кудерина. Философия: Оқулық. – Алматы: ҚазҰТУ, 2007, 259 б.

 

 

Автор: Галымова А.Ж. 

І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті, Талдықорған қаласы

 


ПІКІР ҚАЛДЫРУ