«Тілім бар да қазағым бар, халқым бар» тәрбие сағаты

0
9821
“Шығармалардағы әдіс –амалдарды жетілдіру” Ашық сабақ

Тақырыбы: «Тілім бар да қазағым бар, халқым бар».

Мақсаты: Оқушыларды өз ана тілін дамытуға, таза сөйлеуге үйрету, өз ұлтына,

еліне деген сүйіспеншілігін арттыру. Жас ұрпаққа ана тілінің

тұғырының мықты болуына негіз қалаған бабаларымыздың

айтқандарын оқытып үйрету, қазақ тілінің мәртебесін көтеру.

Оқушыларды мәнерлеп көркем сөз оқуға үйрету.

Тілді құрметтеп қадірлеуге тәрбиелеу, ана тілін аялап құрметтеуге

баулу.

Көрнекілігі:Тіл туралы айтылған ұлағатты сөздер, ақын-жазушылардың портреттері,кітаптар,үнтаспа

Барысы:

(Қазақтың әсем ұлттық әуені ойнап тұрады, сахна безендірілген, қанатты сөздер,шарлар ілінген). Фанфара (салтанатты түрде сырнайлатып, кернейлетіп хабарлау)

Қазақстанның әнұраны шырқалады.

1-жүргізуші:Тілдің туын көтерген Майқы биден бастап, от ауызды, орақ тілді би-шешендер, көрнекті ақын-жыраулар мен сөз қадірін ұғар қазақ халқы болды. Жазба тілдің негізін салған Абай, «Алаш» деп ұрандаған Ахмет, сыршыл ақын Мағжан, қазақты әлемге танытқан М.Әуезов, Жамбыл ақын бастаған тілінен май тамған ақындар тобы, сөз өнерінің шеберлері Ғабит пен Ғабиден — тіліміздің ертеңі үшін ой таразысын тербеген жандар.

Тілім менің қайыршы емес қаңғыбас,

Тілім тұлпар- қуған желге шалдырмас.

Кенже ұлдай үлкен үйге мұрагер,

Жер иесі- менің тілім мәңгі жас.

Әуезов,Абайды өткен дәріс тілі,

Тіл қатқан Тоқтар, Талғат ғарыш тіл.

Қанша заң қабылдаймыз, жетер енді,

Естілсін мемлекеттік әр істе үні!

1-жүргізуші:— Құрметті тіл  жанашырлары, әдебиетші, өнерді, тілді сүйетін қауым, аяулы  ұстаздар мен ардақты оқушылар! Тілдер мерекесіне орай мектебімізде өтіп жатқан «Тіл- жаның, тіл-қаның, тіл-арың!» атты онкүндік аясында өтетін «Тілім барда қазағым бар,халқым бар»атты әдеби  танымдық кешіне қош келдіңіздер!

1-жүргізуші:— Дауға салса- алмастай қиған, сезімге салса-қырандай қалқыған, ойға салса- қорғасындай балқыған Ана тілінен артық қазақ үшін бүл дүниеде қымбат не бар екен?! (Н.Ә.Назарбаев)

Бұл жанды тіл- менің азат тілім,

Жадымда талмай самғар қанат тілім.

Бірлік, достық, татулық жүрегі боп

Жасай бер, Ана тілім- Қазақ тілім!

1-жүргізуші:— Бүгінгі кешіміз екі бөлімнен тұрады.

І бөлім: «Тілім барда айтылар сыр ойдағы..»

ІІ бөлім: «Тілімде менің сыры терең жаным бар»

І бөлім: «Тілім барда айтылар сыр ойдағы..» атты мәнерлеп оқу сағатын бастауға рұқсат етіңіздер!

Балалар, құтты болсын тілің бүгін,

Ашатын жан сарайын білімдердің.

Кешегі анаң айтқан, бабаң айтқан,

Тіліне зер салыңдар бұрынғының.

(Әр сыныптың оқушылары тілге деген құрметін жүрекке ұялаған өлеңдермен жеткізеді.)

Сагидуллиева Сатыпалды 10 сынып оқушысы «Мен қазақпын»Ж.Молдағалиев

Бақасова Гүлден 6 сынып оқушысы «Үш бақытым»М..Мақатаев

Ұзақбаева Аружан 10 сынып оқушысы «Тіл сенің» Ә.Әбілов

Жантурсина Диана 6 сынып оқушысы «Тілім менің» Қ.Мырзалиев

1-жүргізуші: Қазағымның кең пейіл дархандығы,

Кіршіксіз таза көңіл, адалдығы.

Сыйдырып өз жеріне барлық ұлтты,

Бағасы көпшілікке өте құнды.

Біздің ауылда да басқа ұлт өкілдері бар. оларды ортаға шақырайық.

(Ортаға өзге ұлт өкілдерінің оқушылары келеді.)

Магер Дина «Ана тілі» Н.Айтов 3 сынып оқушысы

Магер Петр «Менің тілім» Қ.Мырзалиев 6 сынып оқушысы

Лупашку Алихан »                    »  5 сынып оқушысы

(Ортаға 5 сынып оқушыларының өлеңдері оқылады.)

Омар Қиқымовтың «Тіл туралы» термесінен үзінді.

Сагидуллиева Сатыпалды 10 сынып оқушысы

1-жүргізуші: Тіл-халықтың тұтастай кескін келбеті, болмысы. Тіл әрбір адамға ана сүтімен бірге еніп қалыптасады. Тіл байлығы әрбір елдің мақтанышы.

Ана тілін білмеген-

Ақылы жоқ желікбас.

Ана тілін сүймеген-

Халқын сүйіп жарытпас,- деп қырғыз ақыны Б.Сарноғаев айтқан болса, сынып оқушыларының «Төле бидің жұмбағы» атты көрінісін тамашалайық.

(Сахнада мұңды күй орындалады. Үш би шығады)

Төле би: Уа, халайық, сөз қадірін білесің, сөз танығыш жастарға жұмбағым бар.

Айтсам жұмбағым мынау: 1,2,3,4,5,6,7,8,9,10.

Дауыс: Осындай жұмбақ бола ма екен?

Қазыбек би: Ұлы аға, бұл жұмбақты мен шешейін, рұқсат етіңіз.

Төле би: Рұқсат, Қаз дауысты Қазыбегім.

Қазыбек би:

Бір дегенің- бірлігі кеткен ел жаман.

Екі дегенің- егесіп өткен ер жаман.

Үш дегенің- үш бұтақты шідерден шошыған ат жаман.

Төрт дегенің- төсектен безген жас жаман.

Бес дегенің- белсеніп шыққан жау жаман.

Алты дегенің- асқынып кеткен дерт жаман.

Жеті дегенің- жас келіншек жесір қалса сол жаман.

Сегіз дегенің — серпілмеген қайғы жаман.

Тоғыз дегенің- торқалы той, топырақты өлімге бас көрсетпесе сол жаман.

Он дегенің- кәрілікке дауа болмас.

Төле би: Рахмет, дәл тауып шештің, ойы да тілі де жүйрік, тұлпарым!

Қазыбек би:. Ал,Әйтеке, халқыңа сен не айтасың?

Әйтеке: Уа, халайық!

Көсіліп шабар жерің бар,

Ту көтерген елің бар,

Атадан қалған сара жолың бар,

Тіл қадірін білер болыңдар!

1-жүргізуші: Сіздер үш биіміз арасындағы тіл құдіретін, ой тереңдігін көрсететін қазақ халқының қиыннан қиыстыратын ойы мен тілінің бірлігін дәлелдейтін көріністерді көрдіңіздер.

Сүйемін туған тілді, анам тілін,

Бесікте жатқанымда-ақ берген білім.

Шыр етіп жерге түскен минутымнан

Құлағыма сіңірген таныс үнін.

Ән: «Анамның тілі- аяулы үні»

Тлепқалиева Күмісай 10 сынып оқушысы.

1-жүргізуші: Өлең- сөздің патшасы, сөз сарасы,

Қиыннан қиыстырар ер данасы.

Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп,

Теп-тегіс, жұмыр келсін айналасы.

Тіл туралы диалог оқу. (Мұқағали ізімен)

— Тілің, дінің жоғалса, айтшы, досым,не етер едің?

— Тілім, дінім болмаса мылқау болып өтер едім.

— Болашағым мұнар боп, жоғалмай ма қайран тіл?

— Шұбарламай тіліңді, өз орнымен сөйлей біл.

— Тілің білмес жандарды айтшы біздер не дейміз?

— Тілін білмес адамды құр жәндікке теңейміз.

— Тілімізді қалай біз көтереміз жаңғыртып?

— Таза, көркем сөйлейік, көрсетпейік салғырттық.

— Тазалығы тілімнің сақталмайды неліктен?

— Ондайларға айтарым: «Тілді сыйла,құрметте, Тіл-халықтың жаны мен сәні» деймін жүректен.

— Басқа пәле тілден деп ойлайсың ба достарым?

— Аз сөйлеген, көп тыңдап, ей болашақ жастарым.

— Шұбарламай тілімді қалай сақтап қаламын?

— Анық, таза сөйлеуге бар күшімді саламын.

1-жүргізуші: — (Үнтаспадан Абайдың он тоғызыншы қара сөзін тыңдау.)

Ұлы Абай атамыз: «Естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүрген кісінің өзі де есті болады» дегендей дана бабаларымыздан қалған, ғасырлар қойнауынан жеткен,бүгінде қадірі артпаса, кемімеген болар.

Қазақ тілінің таңғажайып қасиеттері жайында пікір айтушылар көптеп саналады. Олардың арасында өз ғалымдарымыз және ақын-жазушыларымызбен қатар өзге жұрт өкілдері де баршылық. Әсіресе , ірі түріктанушылар мен саяхатшылардың ана тілімізге үлкен құрметпен қарап,тамсана жазғандары мәлім.Мұндай игілікті іске ат салысу- ұлтжанды азаматтарымыздың ортақ парызы.Дуалы ауыздардан шыққан мұндай сөздерді мектептерде, көпшілік орындарда көрнекі құрал, плакат ретінде пайдаланар болсақ та артық емес. Біз төменде алаш азаматтарының және әлемге әйгілі өзге де жұрт өкілдерінің қазақ тілі жайлы айтқан кейбір пікірлерін жинақтап, оқырмандар назарына ұсынып отырмыз. Зерделеп оқып, жаттап алыңыздар. Мінеки, естілерден қалған есті сөздер. Көркем әдеби журналын ұсынып отырмыз.

Гүлдәурен: Мұхтар Әуезов: «Құдайға шүкір, сөздік қоры жағынан қазақ тілі ешкімнен кем де, кедей де емес, әдебиетіміздің қаулап өсуінің бір себебі осында жатқан сияқты».

Лаура:Ғабит Мүсірепов: «Ана тілін құрметтемеу ештемені сыйламау деген сөз. Жастар мұны қатты ескеруі керек. Тілден биік асқар жоқ!»

Асель:Сәбит Мұқанов: Әркімге туған тілі- туған шеше.

Оған бала міндетті саң мың есе.

Нұрғазы: Сәрсен Аманжолов: «Ана тілін ананың баласындай сүй»

Айгерім: Бауыржан Момышұлы: «Анамыздың ақ сүтімен бойымызға дарыған тілімізді ұмыту- бүкіл ата-бабамызды,тарихымызды ұмыту».

Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы: «Дүниедегі ең асыл тіл- араб тілі, одан кейін түрік тілі, түрік тілінің ішіндегі гауһары-қазақ тілі».

В.В.Радлов: «Қазақтардың тілі жатық та шешен әрі өткір, көбінесе сұрақпен жауап беруге келгенде таңқалдырарлықтай оралымды сөйлейді».

Азамат:Шыңғыс Айтматов: «Тіл жоқ жерде ұлт жоқ»

А Жарри де Манси: француз ғалымы. «Қазақ тілі түркі тілдері ішіндегі ең таза тілдердің бірі».

Чек ғалымы Дудек Гржебичек: «Сіздердің (қазақтардың) тіліңіз синонимге өте бай ғой.»

1-жүргізуші: Мұхтар Шаханов «Төрт ана» өлеңімен кеш соңын қорытындылайды.

Тағдырыңды тамырсыздық індетінен қалқала!

Әр адамда өз анасынан басқа да

Жебеп жүрер, демеп жүрер арқада

Болу керек құдіретті төрт ана:

Туғaн жері-түп қазығы,айбыны,

Туған тілі- сатылмайтын байлығы,

Туған дәстүр, салт-санасы -тірегі,

Қадамына шуақ шашар үнемі.

Қазақ тілі-бай тіл,оралымды,ырғақты теңеу-бейнелеулері ерте туған тіл.

Поэзияда Абай,Ілияс, прозада Мұхтар сияқты алыптар туғызған тіл.

Болашақ жастар қазақ тілін ту етіп тігіп, кейінгі ұрпаққа бүлдірмей тапсыруға тырысайық, жас достар! Өйткені біз бүгінгі заманның баласы болғанымызбен, келешек ұрпақтың атасымыз.

Мәңгілік елдің мәңгілік тіліне айналған тіліміздің мәртебесі арта берері анық.

Тыңдап қатысқандарың үшін рахмет!

Акжаркын Абуова


ПІКІР ҚАЛДЫРУ