«Тілім менің-тірегім» атты мерекелік сценарий

0
8975
ұйымдастырылған оқу қызметінің конспектісі

Тақырыбы: «Тілім менің-тірегім»
Мақсаты: Жас  ұрпақты ана тілінің қадір-қасиетін түсіне білуге шақыру. Ана тілін сүюге, ана тілін ардақтай білуге тәрбиелеу. Мемлекеттік тіл мәртебесін көтеруге ат салысуға шақыру,тіл тазалығын сақтау, мәдениетті сөйлеу.
Көрнекілігі: қанатты сөздер, суреттер, мадақтау қағаздары.
Әдісі: Мерекелік іс-шара.
Барысы:
Жүргізуші: Б. Момышұлы атамыз: «Тілін білмеген-түбін білмейді» деген. Шынында, тілін білмеген   адам өз халқының тарихын, дәстүрін, мәдениетін өз тілінде сезініп, терең бойлай алмаса, ол қасіретемес пе? Сондықтан әр адам ана тілін көзінің қарашығындай сақтауға, білуге тиіс. Болашағымызды баянды етер қаруымыз-тіліміз. Ана тілімізді құрметтей білейік.

Армысыздар, құрметті тәрбиешілер мен бала бақша қызметкерлері! Бүгінгі «Тілім менің-тірегім» атты мерекелік іс-шараны ашық деп жариялаймын!

Сәлем – сөздің анасы, сөз атасы

Ұстаздардың қабыл болсын батасы

Қол соғып ортамызға тарландарды

Шақырсақ, болмас сөздің еш қатесі – деп сайысқа қатысушыларды ортаға шақырайық.

1 топ: «Ана тілі»

2 топ: «Тапқырлар»

Қош келдіңіздер сайыскерлер!

Алаулаған алабынан нұр тамып.

Қазақ елін бүкіл дүние жүр танып,

Көк байрағың желбірейді төрінде

Әнұраның тұр көгінде шырқалып.

Мемлекеттік  Гимн орындалады.

Жарысты бастамас бұрын сайысқа әділ бағасын беретін әділ қазылар алқасымен таныстырып өтейін:

Ана тілім – ерлігім

Aна тілім – елдігім

Ана тілім — болмаса,

Бүтінделмес кемдігім – деп Қадір Мырза Әли жырлағандай тіл мерекесіне байланысты өткізгелі отырған сайысымыздың бөлімдерімен таныстырып өтейін. Сайыс 7 — кезеңнен тұрады. Әр кезең бойынша топтардың жауап берулеріне байланысты 1 — 5 ұпайлармен бағаланады.

1 кезең. Таныстыру (сәлемдесу)

2 кезең. Топтың ұраны.

3 кезең. Мақал сөздің мәйегі (мақал-мәтел)

4 кезең. Мимика

5 кезең. «Бәйге» (сұрақ жауап)

6 кезең. «Сөз құра, тез құра»

7 кезең. Топтық өнер көрсету.

Жүргізуші:

Беташарын сайысымыздың бастайық,

Көрерменді бір серпілтіп тастайық.

Таныстырсын әр топ өздерін,

Өнеріне ду қол соғып қостайық.

I — кезең: Әр топ өздерін таныстырады.

II-кезең: Ұраны

Әділ қазылар алқасы сайыскерлерімізге тиісті ұпайларын берулеріңізді сұраймыз.

Жүргізуші:

Бала тілін дамытуда халық ауыз әдебиетінің маңызы зор. Сондықтан мақал-мәтел айтудың маңызы өте жоғары деп санаймыз.

III-кезең: Мақал-мәтелді жалғастыру.

1 — топ

  1. Тіл тас жарады, тас жармаса … (бас жарады).
  2. Дәлелсіз сөз … (желмен тең).
  3. Ине көзінен сынады, … (шешен сөзінен сынады).
  4. Піл көтермегенді, … (тіл көтереді).
  5. Сөз тапқанға … (қолқа жоқ).
  6. Жеті жұрттың тілін біл, (Жеті түрлі ілім біл).
  7. Шебердің қолы ортақ, … (шешеннің қолы ортақ).
  8. Қаһарлы сөз … (қамал бұзар).
  9. Бас кеспек болса да, … (тіл кеспек жоқ).

Айтылған сөз, атылған … (оқпен тең).

2-топ

  1. Бал тамған тілден … (у тамған).
  2. Тауды, тасты жел бұзар, … (адамзатты сөз бұзар).
  3. Жақсы сөз … (жарым ырыс).
  4. Жақсы байқап сөйлер, … (жаман шайқап сөйлер).
  5. Тіл қылыштан … (өткір).
  6. Ана сүті бой өсіреді, ана тілі … (ой өсіреді).
  7. Жыланның уы тісінде, адамның уы … (тілінді).
  8. Көре-көре көсем боларсың, сөйлей-сөйлей … (шешен боларсың).
  9. Тілден артық … (қазына жоқ).

Сүңгі жарасы бітер, … (тіл жарасы бітпес).

Әділ қазылар алқасы сайыскерлерімізге тиісті ұпайларын берулеріңізді сұраймыз.

IV-кезең:

Қуан халқым, күшіне енді «Тіл заңы»

«Сүйінші» деп ақын ұлың жырлады.

Ел елдігі бағаланар тілімен,

Сол арқылы құлпырады гүл бағы.

Сайысымыздың келесі 4 — ші бөлімі мимика сайысы.

Үстелден тапсырма карточканы ала отырып, берілген сөзді мимикамен түсіндіру қажет.
1. Домбыра

2. Дәптер

3. Стакан

4. Тиын

5. Ноутбук

6. Арыстан

7. Ағаш

8. Теледидар

9. Доп

10. Маймыл

Әділ қазылар алқасы сайыскерлерімізге тиісті ұпайларын берулеріңізді сұраймыз.

Жүргізуші:

Қазақтың түрлі — түрлі дәстүрі бар,

Оның сырын ашқанға жұрт қызығар.

Жауабын табама екен сайыскерлер

Сол себептен қоятын сұрақта бар.

V — кезең «Бәйге» бұл бөлімде сайыскерлер қойылған сұрақтарға нақты әрі тез жауап берулері тиіс.

1-топқа:

  1. ҚР қашан тәуелсіздік алды? (1991 ж. 16 желтоқсан).
  2. Қазақтың тұңғыш ғарышкері кім? (Тоқтар Әубәкіров).
  3. Тіл туралы заң қашан қабылданды? (1997 ж 11 шілде).
  4. «Көксерек» әңгімесінің басты кейіпкері? (Құрмаш).
  5. Қандай ұлттық тағамдарды білесің? (қазы-қарта, жал-жая, бесбармақ, қымыз, шұбат).
  6. Үстеудің неше түрі бар? (7).
  7. «Қазақ хрестоматиясын» жазған кім? (Ы.Алтынсарин).
  8. Күй атасы кім? (Құрманғазы).
  9. «Орфография» қай елдің сөзі? (грек).
  10. Қазақ тілі қай тілдер тобына жатады? (түркі тілдес).

2-топқа:

  1. Қазақ тілі алғаш мемлекеттік мәртебесін қай жылы алды? (1989).
  2. Абайдың туған жылы? (1845).
  3. Қазақ даласының жарық жұлдызы? (Шоқан).
  4. Ақылды сөзінің түбірі? (ақыл).
  5. Қазақ алфавитін жасаған ғалым кім? (А.Байтұрсынов).
  6. Ұлттық киімдер қалай аталады? (тақия, бешпент, қамзол, сәукеле, тон, ішік, кимешек т.б.).
  7. Беташар қашан айтылады? (келін түскенде).
  8. Тұңғыш кемеңгер? (Ыбырай).
  9. Алғашқы романист жазушы кім? (М.Дулатов «БақытсызЖамал»).
  10. Қазақ халқының салт-дәстүрлерін ата? (шілдехана, бесік той, тұсау кесу, құда түсу, келін түсіру, қыз ұзату т.б.).
VI-кезең.

«Сөз құра, тез құра»

Тауды биік деме сен,

Талаптансаң шығарсың.

Жауды мықты деме сен,

Білімді болсаң, жығарсың-дегендей, келесі сайысқа кезек жетті.

Қатысушыларға 2 әріптен беріледі. Жүргізушінің тапсырмасын шешіп, сол сөзді құрау.

1-топқа. Қ. О. Й. Т. А. С.  (Қ-Т), (О-А),  (Й-С).

  • Кішкене ғана бойы бар,

Айналдырып киген тоны бар.       (қой)

  • Өлі табиғат. (тас)
  • «Күт» сөзінің синонимі.       (тос)
  • Үйдегі мереке. (той)
  • Жұп сөзіне қарама-қарсы сөз. (тақ)
  • Ұр немесе… (соқ)

2-топқа. Б. А. С. Е. Л. Қ.  (Б-Л), (А-Е), (С-Қ)

  • Дене мүшесі. (бас)
  • Өте жақсы. (бес)
  • Қолыңды қалтаңа (сал), тоңасың.
  • Араның тамағы. (бал)
  • Ешкінің төлі. (лақ)
  • Өте кір. (лас)

Рахмет, сайысымызды ары қарай жалғастырайық.

VII-кезең.

Өнерліге кім жеткен,

Әр салада небір өнер көрсеткен.

Келесі кезеңді біз бастайық,

Өнерлінің әрқашан да өрісі кең – дей келе әр топ өздерінің өнерлерін паш етеді.

Жүргізуші: Міне сайысымызда өз мәресіне таяп қалды. Терең ойды аядай қалыпқа сыйғызып, «Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін» жинақтап, сайысымызды қорытындылап жеңімпаз топты анықтау үшін қазылар алқасына сөз кезегін береміз.(Әділқазы алқалары жеңімпазды анықтайды, сайысқа қатынасқан топтарды марапаттайды)

Жүргізуші: Міне осылайша «Тілім менің-тірегім» атты сайысымызда өз мәресіне де келіп жетті. Тіл әр ұлттың қайталанбас байлығы. Тіл бар жерде ұлт та, елде, жерде болмақ. Тілден артық қазына, тілден артық қасиет жоқ екеніне көз жеткіздік. Көңіл қойып тыңдағандарыңызға көп — көп рахмет!

 


ПІКІР ҚАЛДЫРУ