Тілімізді шұбарлаған кімге Әуезов ескерту жасаған?

0
1216

Мұхтар Əуезов 1958 жылы Павлодар облысын аралап, еңбекші қауыммен кездесе жүріп Баянауылға келеді. Жанында жүрген серіктерінің бірі сөз арасында:
-Мұхтар аға, бұрын Баянауылда болып па едіңіз?-деп сұрақ қояды.
Сонда Мұхтар:
-Бұрын Баянауылда болғаным жоқ. Бірақ Баянауыл үнемі менімен бірге,менің қасымда болды.Олай дейтінім-менің ең қымбатты қимас достарым Əлкей Марғұлан мен Қаныш Сəтбаев осы Баянауылдан шыққан азаматтар ғой. Олар маған Семейде де Алматыда да Баянауыл туралы көп-көп əңгімелер шерткен. Солардың айтуы,суреттеуі бойынша ол өңірдің Ақбет тауы, Қалмаққырылған жотасы, Жасыбай, Сабынды, Торайғыр көлдері əлі картаға түспей жатып, менің көкірегіме көшкен. Осы елді көрсем,барсам деп талай талпынғанмын. Сəті түспеген. Енді міне сол Баянауылға кəрі ғашықтай құмартып келе жатқан жайым бар,-деген екен.
Мұхаң облыста талай кездесулер өткізді. Ертіс бойының, Баянауылдың əсем табиғатын қызықтайды. Осы сапарында жүріп бірде Мұхаң жанындағы серіктерімен əңгімелесіп отырса:
-Ассалаумағалейкум, Мұха, опаздал қылдым-деп мол денесімен есіктің екі жақтауына кезек соғыла қалбақтай Баянауыл  аудандық атқару комитетінің төрағасы Сақтаған Шудрин кіріп келеді.
Мұхаң мырс етеді де :
-Уағалейкумассалам,-деп сөзін үзіп тоқтап қалады.Шурин отырғаннан кейін оған қайта қарайды.-Ал «опаздал» қалдыңыз ба?
-Енді сізді қарсы ала алмай қалған соң ,опаздал қылған емей немене,-дейді Шурин.
-Пəлі,-дейді Мұхаң мұрнын бір сипап қалып,-өзіңіз ел басшысы болсаңыз,халық дəулетін байытып,молайту жолында жүрген адамдарсыз ғой.
-Иə,иə Мұха,-деді Шурин орнынан ұшып кетердей талпынып.
-Олай болса,ана тілі де халық қазынасы емес пе? Ел басшылары тек малдың ғана баласын жақсарту емес,ана тілін де таза ұстап,дұрыс сөйлеуге тырысу керек қой.»Опаздал қылдым»дегенше кешігіп қалдым демейсіз бе?Басшы бəріне үлгі .Сіз қалай сөйлесеңіз сіздің аузыңызға қарайтын жұрт та солай сөйлейді,таза тілді бұзу осыдан басталады.Егер ағып тұрсаңыз,онда біріңғай орысша сөйлеңіз. Ол тілді мен де бір кісідей ұға аламын.Мен сіздің кешіккеніңізге емес,»опаздал қалдым»деп екі тілден қойыртпақ жасап, ана тілін шұбарлап сөйлегеніңізге ренжіп отырмын,-деген екен.


ПІКІР ҚАЛДЫРУ