Балдыз қалың
Кейде қалындық қайтыс болатын жайлар кездеседі. Мұндайда қалың малын төлеген болса, онда сол үйдің екінші қызын алуға құқы бар.
Егер ер жігіт қалыңдығына ұрын барып, ол үйдің басқа қызы болмаса төлеген малдың жартысы қайтарылады. Егер бұрынғы қалыңдығына ұрын барған күйеу енді балдызын алатын болса, онда бұрынғының үстіне «балдыз қалың» төлеуге тиіс.
Оған түйе бастатқан бір тоғыз қосылады. Күйеу бұрынғы қалыңдығына ұрын келмеген болса, «балдыз қалың» төленбейді.
Киіт Киіт (дәстүр). «Құдалық белгісі — киіт, қоныс белгісі — бейіт» (мақал). Құдалықтың негізгі белгісі — киіт және олардың арасында жүретін, соған лайықталған сый-сияпат, мал, киім, мүлік. Ол құдалар дәрежесіне, дәулетіне байланысты әртүрлі болып келеді.
Мысалы, бұрын құндыз жағалы тон, қасқыр ішік, кілем тағы басқа қымбат бұйымдар мен заттар, жүздеген мал (жылқы, түйе, қой) берілген.
Жоғарыда айтылған Байсақал құдаларына «өздерің жүз болып келмей елу болып келген екенсіңдер» деп әрқайсысына түйеден 50, аттан, тай тұяқ жамбыдан 50, қой тұяқ жамбыдан 50, сиырдан 50, қойдан 50, ешкіден 50, аң терілерінен 50 киіт берген (М. Ж. Көпеев). Қазіргі кезде «қалың мал» төленбесе де, оның киіт кигізу сияқты дәстүрлері, басқа да жол-жоралғылары жасалып жүр.
Құйрық-бауыр «Құйрық бауыр» (салт). «Құйрық-бауыр жедің бе, құда болдым дедің бе» (мәтел). Бұл құдалық дәстүр рәсімі болғанмен, ұлт салт-дәстүрінде орны бөлек жай. Екі жақ келісіп құда болған жағдайда оларға «құйрық-бауыр» арнаулы сый әкеледі. Әкелуші әйел «бауырдай жақын, құйрықтан тәтті болыңдар» деп тілек білдіреді.
Одан барлық кұдалар ауыз тиеді. Құйрық-бауыр қазақ дәстүрінде құда болудың заңды белгісі құжат болып бекітілген. Құдалық дәстүр және оған сәйкес әдет-ғұрыптар әдетте әзіл-калжыңсыз, ойын-сауықсыз өтпейтіндігі әркімге белгілі.
Сондай-ақ осы «Құйрық-бауыр» салтында да қалжын өлеңдер мен қағытпалар да айтылмай қалмайды. Астана қаласында қостанайлық Сәмкен Омаров пен көкшетаулық Қуантай Әбілмәжінұлының құдалығында «Құйрық-бауыр» ұсынғанда Қанапия қызы Орынбасар құдағи осы қазақты салттың ажарын мындай өлеңмен өрнектей түсті. Ол құдаларға қарап, былай деп әндетті:
Құда, құда дейсің-ау, әй, Құйрық-бауыр жейсің-ау, әй. Құйрық-бауыр жемесең. Несіне құда дейсің-ау, әй. Үлкен құда, бас құда, Кіші құда жас құда.
Құйрық-бауыр әкелдім, Ауызыңды аш, құда. Үлкен құда ардақты-ай, Кіші құда салмақты-ай. Құйрық бауыр асатам, Тістеп алма бармақты-ай.
Үлкен құда әнекей-ау, Кіші құда мінекей-ау. Құйрық-бауыр асаттым, Кәделерің кәнекей-ау!
Әр елде, әр ауылда әр салт-дәстүрдің осындай өзіндік әуендері мен ән-жырлары да болған. Ауыз әдебиетіндегі тұрмыс-салт жырлардың мұндай үлгілерінің көпшілігі ұмытылуға айналған. Дегенмен ел ішінен оның бірнеше жақсы түрлерін әлі де табуға болады.
Дереккөз: «Бабалар өсиеті — салт-дәстүріміз» кітабынан