27-28 қазан күндері Халықаралық Түркі академиясының ұйымдастыруымен Бейбітшілік және келісім сарайында «Түркі әлемі: тұлғалар тағылымы» атты халықаралық ғылыми конференция өтеді. \r\n\r\nБұл туралы Түркі академиясының баспасөз қызметінен хабарланды.\r\n\r\nТоқтала кететін жайт, Халықаралық Түркі академиясы түркі әлеміне ортақ тұлғаларды ұлықтауға ұдайы көңіл бөліп келеді. Бұған дейін қырғыздың белгілі жыршысы әрі ақыны Тоқтағұл Сатылғановтың 150 жылдық мерейтойына және түрікмен халқының тегеуірінді ақыны Махтымқұлы Пырағының туғанына 290 жыл толуына орай конференциялар өткізгені мәлім. Бұл жолы ұйымдастырылғалы отырған шара түркі әлемінің бірлігі жолында қызмет еткен қайраткерлер — Исмаил Гаспралы, Алибек Хусейнзаде, Мамед Эмин Расулзаде, Тұрар Рысқұлов пен Сұлтанбек Қожановқа арналып отыр.\r\n\r\n«Тілде, пікірде, істе бірлік» идеясын өмірлік ұстаным еткен, түгел түркіге тараған «Тәржіман» газетін шығарған қайраткер, алаш ардақтылары ұстаз тұтқан қырымдық Исмаил Гаспыралының дүниеден озғанына биыл 100 жыл болды. Біріккен Ұлттар Ұйымының Білім, Ғылым және Мәдениет жөніндегі Ұйымы (ЮНЕСКО) 2014 жылды аталған қоғам қайраткері, әйгілі ағартушыны еске алу жылы деп жариялады.\r\n\r\nБиыл сондай-ақ бауырлас әзербайжан халқының көшбасшылары — Алибек Хусейнзаденің туғанына 150 жыл, Мамед Эмин Расулзаденің туғанына 130 жыл толды. Қазақ халқынның біртуар ұлдары — Тұрар Рысқұлов пен Сұлтанбек Қожановтың 120 жылдық мерейтойлары да аталған даталармен тұспа-тұс келіп отыр. \r\n\r\nСондықтан алқалы жиынға Қазақстанмен қатар, Әзербайжан, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан, Ресей, АҚШ, Моңғолия, Жапония және т.б. елдердің ғалымдары, қоғам қайраткерлері мен зиялылары қатысып, түркі әлеміне ортақ тұлғалар туралы баяндамалар жасайды. \r\n\r\nКонференцияның мақсаты — исі түркіге ортақ, ағарту саласында өшпес із қалдырған, азаттық үшін күрескен, түркі халықтарының бірлігін бекемдеу жолына өмірлерін арнаған тау тұлғалардың есімдерін бауырлас халықтар мен жас буынға насихаттау. \r\n\r\n \r\n\r\n \r\n\r\nАвтор: Қанат Мәметқазыұлы\r\n\r\nДерек көзі: ҚазАқпарат