Уайымнан арылудың жолдары қандай?

    0
    1283

    Бәріне төреші – уақыт

    Халық даналығы

    Басыңызға түскен жағдай үшін қатты қиналып, күннен-күнге тұңғиыққа батып бара жатқандай болсаңыз, жинақталатын уақыт келді. Өйткені адамның жүйке талшықтары өте нәзік, егер өз-өзіңізді құтқаруға тырыспасаңыз, әрекет жасамасаңыз, санаңыз сыр беруі мүмкін. Қиындықты көтере алмай, бастан ауырып, ішімдікке салынып, өз-өзін құрдымға тастаған адамдар аз емес…

    Америкалық психологиялық ассоциациясы 70 пайыз әйелдің өз уайымын зиян заттар арқылы жеңуге тырысатынын анықтаған. Энергетикалық сусындарды үздіксіз ішу, айналадағы адамдармен ұрсысу, үздіксіз теледидар көру, ішімдікке салынып, темекі тартып кету сияқты өміріңізге зиянын тигізетін әрекеттен аулақ болғаныңыз жөн. Бұлардың қай-қайсысы да сіздің уайымыңызды уақытша ғана жеңілдетеді.

    «Бәрі өткінші, бұл да өтеді». Ең алдымен өз-өзіңізге сеніңіз! Басыңызға түскен сіз үшін қиын жайттың бір шешімі бары анық. Асығыс шешім қабылдаудан аулақ болыңыз. «Мен – мықтымын», «бәрі жақсы болады!» деген сөздерді қайталай беріңіз. Әдетте бұл тәсіл жақсы нәтиже береді.

    Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап,

    Әуре етеді ішіне қулық сақтап…

    Өзіңе сен, өзіңді алып шығар

    Еңбегің мен ақылың екі жақтап, –

    деген Абайдың өлеңі бойтұмарыңыз болсын.

    Ағзаңызға демалыс жариялаңыз. Бір сәт ағзаңыз бен миыңызды тынықтырып, көптен барғыңыз кеп, бара алмай жүрген жерге жол тартып, демалыңыз. Толықтай демалған соң, ми да жаңарып, мәселеңіз оң шешімін табуы мүмкін.

    Тамақтаныңыз. Уайым кезінде тамағымыздан ас өтпей, тәбетіміз қашып кетеді. Бұрын жеп көрмеген тамақ сатып алып не бұрын пісіріп көрмеген асыңызды дайындаңыз. Денсаулық бір бұзылса, оны қалтаңызда қанша қаражат болса да, қайтарып алу оңай емес. Уайымға салынған кезеңде өз-өзіңізден қолыңызда бар ақшаны аямаңыз.

    Өз-өзіңізге деген қарым-қатынасты өзгертіңіз. Шаш үлгісі, киім кию стиліне оң өзгеріс енгізіп, уайымға берілмеңіз.

    Уайымды уақыт қана жеңеді, уайымның шипасы да – сол. Сізге темірдей төзім мен өз-өзіңізді алдарқату керек. Уайымдауға уақыт бермей, бір сағатыңызды да бос қалдырмауға тырысыңыз. Жұмысқа (сабаққа) алданып, жұмыстан кейін мәселен, спортпен шұғылдансаңыз, ағзаңыз шаршап, төсекке құлаған бойда, ұйқы құшағына кететін боласыз… Егер ағзаңыз шаршамаса, уайымға салынып, түнімен дөңбекшіп шығуға тура келеді.

    Қыз бала жараланғыш, нәзік келеді. Десе де сау санаңызды сақтап, ерік-жігеріңізді жасытуға жол бермеңіз. Өмір – тамаша сый. Өмірдің тәтті сәттері аз емес…


    ПІКІР ҚАЛДЫРУ