ҰБТ: Қазақстанның мәдениеті (1920-1945 жж.). Білім және ғылым

0
11549

1924 жылғы сəуірде “Сауатсыздықты жою” қоғамы құрылды. Ол еңбекшілердің қолдауымен ерікті мүшелік негізінде жұмыс жүргізді. 1926 жылғы мамырда Халық Комиссарлар Кеңесі “Қазақ АКСР бірыңғай еңбек мектептерінің жарғысын” қабылдады. Үш жылдық жəне төрт жылдық мектептердің үлес салмағын көбейту бағыты ұсталды. Қыздарға арналған мектептер Шымкентте, Алматыда, Түркістанда, Ордада ашылды. 1931 жылғы желтоқсанда “15-50 жас арасындағы сауатсыз халыққа жалпыға бірдей міндетті сауат ашу” енгізілді. Ұлы Отан соғысы алдында еңбекке жарамды халық арасында сауатсыздықты жою аяқталды.

1930-1931 оқу жылында отырықшы аудандарда, 1931 жылдың көктемінде көшпелі аудандарда жалпыға бірдей білім беру енгізілді. Барлық жерде жалпыға бірдей білім беру жөніндегі қоғамдық қорлар құрылды. Білім беру ісіне қамқорлық жасауды Қазақстан комсомолы мойнына алды. Ұлттық зиялы қауым қайраткерлері ана тілінде оқулықтар мен оқу құралдарын жазуға кірісті. 1920-жылдардың ортасында республикада татар, өзбек, ұйғыр, неміс жəне эстон бастауыш мектептері жұмыс істеді.

1930-1932 жылдардағы аштық салдарынан балалар саны күрт азайып, жетімдер көбейді. 1932 жылдың күзінде балалар үйлеріне 68 мың бала орналастырылды. Ұжымшарлар мен кеңшарлардың қаржысына салынған интернаттар желісі ұлғайды. Мұғалімдер саны артты.

Соғыс қарсаңында жүздеген мұғалімдер ордендермен және медальдармен марапатталды.“Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген мұғалімі” атағын алғаш алған ұстаздар — С.Көбеев, С.Ақышев, А.Ақатов, Ш.Сарыбаев, Л.И.Добранская, Н.В.Волков т.б.
Қазақстанда тұңғыш жоғары оқу орны — педагогикалық институт 1928 жылы ашылып,оған кейін Абайдың есімі берілді.1929-1931 жылдары Алматы зоотехникалық — малдəрігерлік, ауылшаруашылығы және медициналық жоғары оқу орындары ашылды. 1931-1932 жылдары Орал жəне Қызылорда педагогикалық институттары ашылды. 1934 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеті ашылды. Қазақ кен-металлургия институтының ашылуы республикада инженер-техник кадрларын даярлаудың негізін қалады. Кейіннен Оралда, Семейде, Петропавлда, Ақтөбеде, Қарағандыда, Қостанайда мұғалімдер инстуттары ашылып, олар педагогика институттары болып қайта құрылды.

Ұлы Отан соғысы қарсаңында 20 жоғары оқу орны, 118 орта арнаулы оқу орны болып, 40 мыңдай адам оқыды. Алайда ғылыми-техникалық кадрлар жетіспеу мәселесі шешімін таппады. Жоғары және орта арнаулы оқу орындарындағы оқыту барысы республиканың шикізат қоры сипатын аңғартты. Жоғары оқу орындарында қазақ жастарының аздығы сезіліп тұрды.1930 жылдары өзге республикалардың жоғарғы оқу орындары мен техникумдарында 20 мыңдай қазақстандық оқыды. Республиканың жоғары білім жүйесінің қалыптасуына көмек көрсеткен қайраткерлер — С.Асфендияров, Т.Жүргенов, С.Сейфуллин, А.Байтұрсынұлы, О.Жандосов, М.Əуезов, Қ.Жұбанов.

1920-1930 жылдар Қазақстан ғылымының қалыптасқан кезеңі. Өлкенің тарихы, этнологиясы, экономикасы зерттеле бастады жəне жаратылыстану ғылымының ірі орталықтары пайда болды. Қазақстанды зерттеу қоғамы құрылды. Оның жұмысына С.Асфендияров, А.Затаевич, Ә.Диваев, Қ.Жұбанов, А.Байтұрсынұлы, Ж.Аймауытов, М.Жолдыбаев, А.Чулошников, А.Якубовский белсене қатысты. Қоғамдық бөлімшелер Петропавл, Көкшетау, Орал, Орда қалаларында жұмыс істеді. Қазақша жазу жетілдірілді, қазақ тіліндегі алғашқы оқулықтар құрастырылды, қазақ халқының тарихы, этнологиясы жөнінде еңбектер басып шығарылды.

1926 жылы М.Массон ежелгі Тараз қаласының орнына қазба жұмыстарын жүргізді. 1926-1927 жылдары КСРО Ғылым академиясының кешенді экспедициясы Қазақстанда статистикалық-экономикалық, топырақ-ботаникалық, геологиялық, гидрогеологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізді. Ащысай қорғасын кеніші, Қарағанды және Екібастұз көмір кеніші, Ембі мұнайлы ауданы зерттелді.

1932 жылы КСРО Ғылым Академиясының Қазақстандағы филиалы құрылды. Алғашқыда оның құрамында зоология жəне ботаника секторлары, Алматыдағы Ботаника бағы болды. 1935 жылы геология жəне тарих секторлары құрылды. Кейін Қазақ ұлттық өнер ғылыми-зерттеу институты қосылды.

Қазақстандағы ғылыми дамудың негізгі бағыттарын белгілеуге КСРО Ғылым академиясының президенттері С.Вавилов, В.Комаров, Қазақстан ғылымының штабын басқарған кеңестік ірі түрколог, академик А.Самойлович, геолог-ғалым, академик А.Архангельский белсене қатысты. Қазақстан ғылымының дамуына Қ.Сәтбаев зор үлес қосты.

1935 жылы С.Асфендияров жазған “Қазақстанның көне заманнан бергі тарихының” 1-бөлімі жарыққа шықты.1920-1930 жылдары С.Сейфуллин, С.Мұқанов, А.Байтұрсынұлы, Қ.Жұбанов қазақ тіл білімі мен əдебиеттану мəселесі жөнінде еңбек жазды.

Ұлы Отан соғысы қарсаңында 57 ғылыми мекемеде 1700-ден астам ғалым еңбек еткен.

Конспект сұрақтар:

1932 жылы балалар үйлеріндегі бала саны:
1935 жылы жарыққа шыққан С.Асфендияровтың еңбегі:
«Мектепте қызмет істейтіндер үшін педагогикалық нұсқаулық» оқулығының авторы:
Қазақстанда Ұлы Отан соғысы кезінде ашылған ЖОО:


ПІКІР ҚАЛДЫРУ