Ұлағатты ұғымның ұлылығы

0
2361

 Ұстаз… Осы бір ұлағатты ұғымның мағынасына терең бойлар болсақ, мұнда үлкен ұлылықтың барына куә болар едік. Кейбір жандар «Ұстаз» деген ұғымды жете түсіне бермейді. Олардың ойынша «ұстаз» мектеп мектеп қабырғасында өз білімімен бөлісетін жандар. Ал менің пікірімше, ұстаз тек білім беріп қана қоймайды. Ұстаз ол – жанашырың, ұстаз – сенің сыншың, ұстаз – бағыт – бағдаршың, ұстаз – ең сенімді жаның, ұстаз – екінші анаң. Ұстаз тәрбиесі – ұрпақ тәрбиесі. Ұстаз алдынан өтпейтін, ұстазға бас имейтін пенде кемде-кем. Кез – келген қабырғасы қатаймаған жас буын алдымен ата – ананың кейін ұстазының тәрбиесін бойына сіңіріп өседі. Демек ұстаз өскелең ұрпақтың бойына Абай атамыздың бес асылын дарытып мәпелеп өсіретін бірден – бір ұлы жан.
Ұстаз туралы ұлы ғұламалар нақыл сөздер жазып, ақын – жазушылар өз жырларына осы тақырыпты арқау етіп талай құнды дүниелерді жарыққа шығарды. Әлемнің Аристотильден кейінгі екінші ұстазы Әл Фараби ұстаздар жайында былай деп сыр шертеді:
Ұстаз… жаратылысынан өзіне айтылғанның бәрін жете түсінген, көрген, естіген және аңғарған нәрселердің бәрін жадында жақсы сақтайтын, ешнәрсені ұмытпайтын… алғыр да аңғарымпаз ақыл иесі…, мейлінше шешен, өнер-білімге құштар, аса қанағатшыл жаны асқақ және ар-намысын ардақтайтын, жақындарына да, жат адамдарына да әділ…, жұрттың бәріне… жақсылық пен ізгілік көрсетіп…қорқыныш пен жасқану дегенді білмейтін батыл, ержүрек болуы керек.
Осындай ғажап ұстаздардың бірі – Бабалиев Әлімжан Абзалбекұлы. Ұстазым маған бала күнімнен бастап жетекшілік етті. Түрлі додаларға, мектепішілік, аудандық, облыстық олимпиадаларға, мәнерлеп оқу байқауларына, ғылыми зерттеу жұмыстарына қатыстырып, сол жерлерден оза шабуыма өз септігін тигізген жақын жанашырым. Мектеп қабырғасында білім алып жүрген шағымда осы бір ұстазыма қатты қызығатынмын, әлі де тамсанып келемін. Бір бойынан бірнеше қасиетті байқауға болады. Менің жеңісіме қуанып, жеңілген кезімде жігерлендіріп, қайраттандыратын осы ұстазымды өмірлік ұстазым десем артық айтқаным емес.
Ұстазымның жеткен жетістіктерімен мен мақтанамын. Дәл осы ұстаздың тәлімін алғанымды, бағыма біткен бақ деп білемін. Ұстазым өз кезегінде
«Жыл мұғалімі» атты байқаудан бас жүлде иеленді. Менің жеңісім ұстазымның жеңісі болса, ұстазымның жеңісі менің мақтанышым.
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев өз жолдауында үнемі ұстаздардың еңбегі жайлы айтып, ұлылығын насихаттап отырады.
Ұлы ақын Абай Құнанбайұлы:
Ақырын жүріп,анық бас,
Еңбегің кетпес далаға.
Ұстаздық қылған жалықпас ,
Үйретуден балаға,- деп ұстаздықтың басты қағидасын өз өлеңінде көрсете білді.

    Мен бүгінде Тараз Мемлекеттік Педагогикалық Институтында «филология» факультетінде 1 курста білім алып жатырмын. Осы ұстаздық ету жолын таңдағанымның бірден – бір себебі өз жетекшім Бабалиев Әлімжан ағайым еді. Ұстазымның өз мамандығына деген махаббатын көргенде дәл осы мамандыққа менде ғашық болдым.Ұстазымның еңбегінің нәтижесінде бүгін мен өз ортамның белсендісі атанып келемін. Өз ойымды еркін жеткізе білуім, әдеби іс – шараларға белсене араласуым бәрі бәрі ұстазымның маған берген өнегесінің нәтижесі.
  Жас шыбық күнімнен бастап мені суарып, күн шуағын маған шашып, мені аламан бәйгелерге қосып, сол бәйгеден оза шабуыма себепкер болды. Ұстазыма алғысым шексіз. Күні бүгінге дейін ұстазымның тәлім – тәрбиесін ойымнан еш шығармай келемін. Айтқан ақыл – кеңестері маған қашанда өмірлік азық. Тәуелсіз елімізде осындай ұстаздардың санының артуы – ұрпағымыздың сауаттылығының кепілі емес пе?!
Көркемжан Қанат


ПІКІР ҚАЛДЫРУ