Ұлттық арна ұлағаты. Қазақстан ұлттық телеарнасы

0
2968
\r\n

\r\n

\r\n

\r\n

\r\n

\r\n

2008 жылы 8 наурызда бұқаралық ақпарат құралдарының бір саласы – теле­визия біздің ортамызға табан тірегеніне тура 50 жыл болады. Біз “Қазақстан” республикалық телерадио корпорациясы” акционерлік қоғамындағы, жалпы осы саладағы әріптестерімізді мерекемен құттықтай отырып, оқырмандарға мере­кеге орай әзірленіп жатқан “Ұлттық арнаның ұлағаты” атты кітаптың бірер тарауын ұсынамыз. Кітап әр жылдары мемлекеттік комитет, ұлттық ком­пания, корпорация түрінде жұмыс істеген телевизияны басқарған азаматтардың өміріне арналған. Бұл тұлғалардың бәрі дерлік ұлттық телевизияның қалып­тасуына, өркендеп дамуына үлес қосқандығы сөзсіз. Оларды жақсы білсек те кейбірі туралы қысқа деректермен шектелетініміз бар. Сондықтан да ақпарат құралдарында көп айтылып, көп жазыла қоймаған телевизия басшылары туралы тарауларды назарға ұсынғанды жөн көрдік. “Ұлттық арнаның ұлағаты” атты кітапты баспаға әзірлеген – осы акционерлік қоғам басқарма төрағасының шығармашылық жұмыстар жөніндегі орынбасары Қайнар ОЛЖАЙ.\r\n\r\n \r\n\r\n \r\n\r\n \r\n\r\n“КЕЛІСПЕУШІЛЕРМЕН КЕЛІСЕ АЛМАЙМЫН”\r\n\r\n \r\n\r\nҚанапия Мұстафин Қазақстандағы радио ісі білгірлерінің бірі болғандығына талас жоқ. Ал телевизия басқалармен бірдей ол үшін де тың сала еді. Сондықтан, жаңалықты қабылдауға және онымен жете танысуға тура келді. Бірде Министрлер Кеңесі жанындағы комитет, бірде Мәдениет министрлігі жанындағы бас басқарма түрінде жұмыс істеген радио саласына телеви­зияның қосылуы Мұстафиннің басшылығы тұсында жүзеге асты. 1957 жылы 12 маусымда Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Төрағасы Дінмұхамед Қонаев Қазақстан Компартиясы Орталық комитетіне арнайы хат жолдады. Онда КСРО Министрлер Кеңесінің “КСРО Министр­лер Кеңесі жанынан Радио хабарлары мен телевизия жөніндегі мемлекеттік комитетін құру туралы” қаулысына сәйкес Қазақ КСР Министр­лер Кеңесі республикада осындай Радио хабар­лары мен телевизия жөніндегі мемлекеттік коми­тетті Қазақ КСР Министрлер Кеңесі жанынан құру қажет деп санайтынын жеткізді. Және ко­ми­тет төрағасы етіп Қанапия Мұстафинді бекі­туге ұсыныс енгізді.\r\n\r\nҚонаев қолдаған Мұстафиннің ақпарат, оның ішіндегі радио саласындағы басшылық қызметі бұл кезде республикаға кеңінен таныс. Отызын­шы жылдардың басында Кеңес Одағы енді ұйым­да­сып жатқан ұжымдық шаруашылықтарды басқаруға, жалпы халыққа өз бағыттары бойын­ша тәрбие беруге ауадай қажет жаңа кадрлар даярлауды қолға алған. Сол тұстағы кеңес-партия мектебін бітіргендердің бірі болды. Оның алдын­да тракторшылар курсын оқыған. Бірнеше жыл Солтүстік Қазақстан облысы, Бейнетқор ауданында жер жыртқан.\r\n\r\nКоммунистік журналистика институтын бі­тірген Қанапия Мұстафин қазақ радиосында ре­дак­тор болып қызмет атқарды. Бүкіл республи­када жаппай “халық жаулары” іздестірілген саяси жағынан ең қиын 1937-1938 жылдар еді. Зоба­лаң­­­ның бұлты бұл қайраткердің басына да үйірілген.\r\n\r\nКейін өз қолымен толтырылған өмірбаянын­да Қанапия Мұстафин 1937 жылы 19 қазанда партия қатарынан шығарылғанын жазыпты. Өйткені, оған “Сәбит Мұқановтың сыбайласы” деген айып тағылған. Екеуінің Солтүстік Қазақ­стан облысында дүниеге келгені белгілі. Қанша­лық­ты “сыбайлас” екенін сол кездегі сталиндік үш­тік анықтап үлгермесе керек. Өйткені, жазу­шы Сәбит Мұқанов өзінің тек кеңестік заман мен большевиктік партияны жалау еткенін, жырлап жүргенін дереу дәлелдеп шығады. 1937 жылы 17 қарашада Сәбит Мұқановтың партия­лығы қалпына келтіріледі. Мұқановпен бірге Мұстафиннің да билеті қайта қолға тиген. Мұқа­нов сотталып кеткенде, сөз жоқ, Қазақстандағы телевизия ісінің бірінші басшысы Қанапия емес, басқа адам болар еді…\r\n\r\nҚиын заманның өз талаптары болыпты. Айта­лық, әрбір партиялық қызметкердің жеке іс парақшасына әр жылдары кіммен істес болғаны көрсетіледі. Яғни, ол қызметкерді жақсы танып, сипаттама бере алатын адамдардың аттары атала­ды. Қанапия өзін жақсы біледі деген тұлғалар қатарында отызыншы жылдардың басында Әбдісамат Қазақбаевты, отызыншы жылдардың ортасына Дихан Әбіловті атайды. Қазақбаев өз тұсында Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Прези­диумы­ның төрағасы қызметіне жеткен. Ал қазақ­тың белгілі ақыны Дихан Әбіловті өзіне таныс, етене тұлға деп көрсету арқылы Қанапия Мұста­фин тағы бір рет күйіп кетуі мүмкін еді.\r\n\r\nӨйткені, Ұлы Отан соғысының орта тұсында өзінің Майданбек деген кейіпкерінің ұрыста “қалай кісі өлтіремін” деген гуманистік көзқа­расын дастан түрінде сипаттаған ақын дереу абақтыға қамалған. Және өлім жазасына кесіл­ген. Көрер жарығы бар екен, бұл жаза орын­далмай, одан ақын түпкілікті ақталып шығады. Егер тыңғылықты тергеу болып, Диханды жақсы білетіндер “кім?” деген сұраққа жауап ізделсе, Қанапия Мұстафиннің өз қолымен жазылған өмірбаянында “мені 1934-1937 жылдары Дихан Әбілов жақсы білетін” деген жолдар мойнына тұзақ болып оралуы мүмкін.\r\n\r\nАқын майданда тұтқындалған күндері Мұста­фин Ақтөбе облыстық партия комитетінің кадр­лар жөніндегі хатшысы еді. Ал соғыс аяқталып, өзі Мәскеудегі Жоғары партия мектебін бітіріп келген соң, сол облыстағы үгіт пен насихат жұ­мыс­тарына жауап беретін хатшы қызметіне кіріседі.\r\n\r\nОбалы не керек, Қазақстанның радио хабар­ла­ры мен телевизиясының бірінші басшысына әр кезеңде белгілі мемлекет және партия қайрат­керлері түзу мінездеме береді. Өз қолдарымен мансап биігіне ұсынады. Мұрағат құжаттарына қарағанда жолын ашқан басшылар арасында Жұмабай Шаяхметовтің, Николай Скворцовтың, Геннадий Борковтың, тіпті Мәскеуде отырған Маленковтың қолдары кездеседі. КОКП Орталық комитетінің хатшысы Маленковтың қолы қойылған, сонау 1946 жылы берілген №3116 куәлікке қарағанда Қанапия Мұстафинді жауапты партиялық жұмысқа алуға болады.\r\n\r\nБірақ, арада он жыл өткенде Қазақстанда бұл кандидатура қызметке қабілетті ме, жоқ па дегенде айтарлықтай талас туыпты. Күдік кел­тіргендер кімдер екені құжаттарда сақтал­маған. Ал Қанапияның қабілетті қызметкер екендігін қорғап қалған елуінші жылдары Орталық коми­теттің үгіт-насихат бөлімін басқарған, одан идео­логия хатшысы болған Құманғали Оспанов еді. Екеуі Ақтөбеде біраз жыл қызметтес болған. Біреуі партия комитетінде отырғанда, екіншісі облыстық халыққа білім беру бөлімін басқарған. Алматыда тағдыр қайта тоғыстырған тұста Құрманғали Оспанов Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің екінші хатшысы Иван Яковлевтің атына хат жолдайды. Онда “Мұста­фин­нің радио ақпарат бас басқармасының бастығы болуына келіспеушілермен келісе ал­май­мын” деп кесіп айтады. Одан әрі Қанапияны “тәжірибелі маман, партиялық жұмыстан хабар­дар басшы, баспасөздің барысын білетін, радио ақпараттың сырын білетін және ол салаға жетек­шілікті атқарып кететін қызметкер” деп сипат­тайды. Кешікпей, Мұстафин Қазақ КСР Мәдениет министрлігі жанындағы радио ақпарат бас басқармасының бастығы болып тағайындалған.\r\n\r\nБас басқарма бір жылдан соң Қазақ КСР Ми­нистрлер Кеңесі жанындағы радио хабарлары мен телевизия комитетіне айналғанда республика үкіме­тін басқарып отырған Дінмұхамед Қонаевтың өзі Қанапия Мұстафинді төраға қызметіне ұсынады. Мем­ле­кеттік комитет алдымен Алматы студиясы­ның, одан кейін қатарға қосылған Қарағанды мен Өске­мен студияларының жұмысына басшылық бағыт көрсетті әрі ұдайы бақылады. Хабарларға баға берді. Бірсарынды, суреті сұрғылт, бұлыңғыр, дерек қай­талау кездесетін хабарларға ескерту жасап отырды.\r\n\r\nБірінші төрағаның тұсындағы елеулі оқиға Қазақ КСР-інің өнер және әдебиетінің Мәскеуде өткен онкүндігі еді. Орталық телевизиядан қазақ өнер шеберлерінің бағдарламалары көрсетілді. Жекен Жұмақановтың “Жаңа қоныстанушылар” атты телеқойылымы ең өзекті тақырып – тың игеруге арналды. Келесі телехабарға Құрманғазы атындағы ұлт-аспаптар оркестрі қатысып, концерт берді. Орталық телевизиядағы бағдарламаның ша­рықтау шегі – “Дударай” операсының телеви­зия­лық нұсқасы еді. Оны бүкіл елдің телекөрермендері жақсы қабылдады. Республика басшылығында жүрген Ж.Тәшенов, Д.Қонаев сынды қайраткерлер жас ұжымды табысымен құттықтады.\r\n\r\nОпераны теледидардан көрсету ісінде одан кейін тағы батыл жаңалық болды. 1959 жылы Алматы телестудиясына жылжымалы телеқондырғы берілді. Оның мүмкіндігі арқылы Абай атындағы опера және балет театрында жүріп жатқан спектакль көрсетілді. Ол – Ахмет Жұбанов пен Латиф Хами­дидің “Абай” операсы болды. Үйлерінде теледи­да­ры бар бақытты отбасылар алғаш рет театрға бар­май-ақ қойылымды тамашалауға мүмкіндік алды.\r\n\r\n \r\n\r\n“ТАҒЫМДЫ АЛСАҢ ДА, БАҒЫМДЫ АЛҒЫЗБАЙМЫН”\r\n\r\nМылтықсыз майдан іспетті телевизия мен радио саласын басқаруға Орталық комитет тағы бір майдангер журналисті басшылыққа жіберді. Теле-радио комитетінің тарихтағы үшінші төрағасы Кенжеболат Шалабаев еді. Бұл да өмірдің ыстығы мен суығына шыңдалған, оңы мен солын таныған қарымды қайраткер болатын. Солтүстік Қазақстан­ның табиғаты тамылжыған Өрнек ауылының тумасы жоғары білім алып үлгерместен майданға алынды. Сол жақта байланыс қызметін меңгерді. “Шифрлаушы” деген қазақ жігіттері сирек меңгер­ген әскери маман болып шықты. Сондықтан, құпиясы көп әскери бөлімдерде жүрді.\r\n\r\nОсылайша тек 1947 жылы әскер қатарынан босап, енді мамандық алу үшін ФЗО-да екі жыл оқиды. Бірақ, бойындағы таланты мен маңдайдағы бақ шығар, ол қара жұмысшы болу орнына 1948 жыл­дың соңында Солтүстік Қазақстан облыстық “Ленин туы” газетіне қызметке алынған. Міне, содан кейін Жоғары партия мектебіне түседі. Одан әрі қарай Қазақстан Компартиясы Орталық коми­тетіндегі қызметі басталған. Алдымен нұсқаушы болып орналасқан. Кешікпей, Орталық комитеттің үгіт-насихат бөлімі жанынан арнайы орган ашыла­ды. Аты – “Печать Казахстана”. Міндеті – респуб­ликадағы барлық бұқаралық ақпарат құралдарына жол көрсетіп, жоба белгілеу. Осы қызметтен соң Орталық комитеттегі баспасөз секторына меңгеруші болып тағайындалған. Одан бөлім меңгерушісінің орынбасары болып жоғарылайды.\r\n\r\n1962 жылы 6 маусымда бұрынғы бастық Құр­манбек Сағындықов Оңтүстік Қазақстан өлкелік газетіне бас редактор қызметіне жіберілгенде оның орнына Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Теле­визия мен радио хабарлары жөніндегі мемлекеттік ко­митетіне төраға болып Кенжеболат Шалабаев та­ғайындалды. Бекіту жөніндегі бұл құжатқа Дінмұха­мед Қонаев қол қойыпты. “Шалабаев Қазақ КСР Ми­нистрлер Кеңесінің Телевизия мен радиохабар­лары жөніндегі мемлекеттік комитетіне төраға болуға әбден лайық” деген мінездемені Орталық комитет хатшысы Нұрымбек Жанділдин берген.\r\n\r\nШалабаев мемлекеттік комитетті жеті жыл бас­қарды. Ол тұста телевизияның қамту аймағы еселеп өсті. Жаңа студиялар салынды. Балқаш, Орал, Семей, Павлодар қалаларында осындай жаңа сту­дия­лар іске қосылды. Бұрынғы Алматы теле­студиясы Қазақ телевизиясы болып қайта құрылды. Кешікпей Орталық Азия республикалары арасында тұңғыш болып 1-категорияға ілікті. Демек, қыз­меткерлердің жалақысы жақсарды. Он алты қуатты ретранслятор пайдалануға берілді. Оның сыртында 26 қатардағы ретранслятор жұмыс істеп жатты.\r\n\r\n1965 жылы 2 шілдеден бастап “Эфирде Қазақ­стан” атты апталық газет шыға бастады. Онда ра­дио­ның, телевизияның апталық бағдарламаларымен қатар, кейбір ерекше хабарлар туралы ақпараттар жарияланды. Сәлкен Сұхбанбердиннің “Қара молда” пьесасының анонсы да күнілгері газетке берілді. Оның өзі 1965 жылы 15 желтоқсанда 22 сағат 20 минөтте эфирде басталыпты. Ал режиссер Сәлима Естемісова қойған “Майдан” телеспектак­лінің Орталық телевизиядан көрсетілгені туралы материал бүкіл қазақстандықтарды қуанышқа бөледі. Бұл телеқойылым Қазақ телевизиясының шынайы табысына айналды. Ол жазушы Бейімбет Майлиннің осы аттас шығармасы негізінде әзірлен­ді. Телестудияда жүретін спектакльге Сәбира Май­қанова, Мүлік Сүртібаев, Шолпан Жандарбекова сияқты танымал әртістер қатысты. Осы телеқойы­лымда байдың ұлы Жұмағұлды ойнаған Сәбит Оразбаевтың талантын қалың көрермен сонда таныған.\r\n\r\nАл “Эфирде Қазақстан” апталығы шыға баста­ған соң халық теледидарда не көрсетілерін бір апта бұрын біліп отыруға дағдыланды. Бағасы екі тиын­дық газет көпшілікке дереу тарады. Осы басылымда Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Телевизия мен радио хабарлары жөніндегі мемлекеттік комитетінің Қоғамдық пікірді зерттеу институтының анкетасы ұдайы жарияланып тұрды. Онда телекөрерменнен сегіз сұраққа жауап беру сұралды. Оның ішінде ұнаған және ұнамаған хабарларды көрсету сұралды. Ұнаған хабарларды өз кезегінде сегіз топқа бөліпті. Сұрау салу нәтижесінде телевизиялық бағдарла­маларға тиісті түзетулер жасалынғаны даусыз.\r\n\r\n1966 жылы эфирде “Айтыс – асыл қазына” атты хабар пайда болды. Онда әдебиеттанушы ғалым Көбей Сейдеханов қазақтың айтыс өнерін талдады. Және арғы заман емес, Кеңес өкіметі кезін­дегі 20-30 жылдарғы айтыстарға шолу жасады. Телевизияның өзінен көрсетілетін айтыстарға әлі кезек жете қоймаған. Әдеби хабар “Қайнар” деп аталды. Оны танымал ақын Әбділдә Тәжібаев пен жас жазушы Әбіш Кекілбаев жүргізген. Кейін үлкен ғалым, мемлекет қайраткері болатын Мырзатай Жолдасбеков “Құрдастар” шығармашылық бірлес­тігі арқылы 1966 жылдан “Айдын” хабарын эфирге алып шықты. Сол жылдың басында “Қараторғай” телеспектаклі үздік деп танылып, оны эфирге шы­ғарғандарды төрағаның бұйрығымен көтермеледі.\r\n\r\nТелехроника түсіретін техника қолға тиді. Енді негативті пленка арқылы түсіріп келген көріністерді асықпай көрсетуге қол жетті. Сол арқылы теле­фильм­дер түсіріле бастады. Қазақ телевизиясының жылдық қуаты екі жүз толық метражды телефильм түсіруге жетті. Бұл республиканың барлық аймақ­тарын қамтып, еңбек адамдары мен өнер қайрат­керлерінің жарқын істерін көрсету жолы еді. Бұл үшін комитетке бағынатын “Қазақтелефильм” өндірістік бірлестігі ұйымдастырылды. Оған жылы­на 327 сағаттық өнім шығаратын техникалық жаб­дық алынды. Негатив лента өте қат және қымбат болатын. Оны Орталықтан алып келуге Шалабаев бар беделін салатын.\r\n\r\nКенен Әзірбаев туралы телефильм көптің есінде қалды. Сол кезде 80 жасқа толған қарт жыраудың ауылдағы өмірі кеңінен қамтылды. Бұл телефильм­нің сценарийін жазуға белгілі әдебиеттанушы Мұ­хамеджан Қаратаев тартылды. “Күйден – симфо­нияға дейін” атты хабарда Құрманғазы, Дәулет­керей, Дина Нұрпейісовадан бастап, алпысыншы жыл­дары жемісті жұмыс істеген қазақ композитор­ла­рының шығармалары ойналды. Осы тұста мем­лекеттік комитет жанында өздерінің симфониялық оркестрі болды. “Телевизиялық поэзия театры” көркем шығармаларды кеңінен насихаттады.\r\n\r\nШалабаевтың тұсында одақтас республикалар арасында телевизиялық фестивальдар өткізу дәстүр­ге енді. 1964 жылы қыркүйек айында және 1966 жылы қазан айында орыс және украин әдебиет мен өнерінің радио-теле фестивалі өтті. Екі респуб­ликаның 160 телефильмі көрсетілді. Одан кейін Қазақ телевизиясы бойынша Грузия, Әзірбайжан, Тәжікстан, Армения, Башқұртстан, Татарстан бағдарламалары берілді.\r\n\r\nҚазақ телевизиясының Орталық телевизияға 1963 жылы 3 желтоқсанда ұсынған бағдарламасы өте жақсы бағаланды. Онда тың игерушілер, кенші­лер, балықшылар мен альпинистер туралы бағдар­ламалар берілген. “Түсіру басталады” атты фильм-концерт те көпке ұнады. Осы сапардағы табысы үшін Кенжеболат Шалабаевқа КСРО Министрлер Кеңесінің Телевизия мен радио хабарлары жөнін­дегі мемлекеттік комитетінің төрағасы М.Харла­мовтың бұйрығымен “алғыс” жарияланды.\r\n\r\nОдақтас республикаларды айтпағанда, мемле­кет­тік комитеттің төрағасы бірнеше шетелде болып қайтты. Польша мен Венгрия ол кезде социалистік одақ елдері саналатын. Ал 1967 жылы Канадаға барып, Монреальдағы Бүкілдүниежүзілік көрмеге қатысу үлкен оқиға еді. Онда алғаш түрлі-түсті форматтағы “Қазақстан-67” фильмі көрсетілді. Одан кейін “Жеңіс” атты келесі телефильм көрмеге қатысушылар назарына ұсынылды. Бұл телетуын­дының режиссері әрі операторы Е.Тынышбаев еді. Сценарийін Т.Мәткәрімов жазған. Телефильм Жеңіс атты жылқышы қыздың даладағы тірлігімен таныстырады. Қыздың қырда жылқы бағып, асау үйретуі Канадаға көрмеге келген шетелдіктерді қатты таңырқатты. Бүркітші туралы телефильмнің де әсері бұдан кем болмады.\r\n\r\nШалабаевтың тұсында шығармашылық ұжым төселді. Өз ісінің шынайы шеберлері шықты. Қазақ радиосында Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген әртіс­тері А.Әсімжанов пен Е. Патрушев бас режиссер қызметтерін атқарды. Қазақ телевизиясының бас режиссері Евгений Прасолов та Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген әртісі атағын алды. Телевизияның көркемдік жетекшісі Сапарғали Шәріпов өзінің қойылымдарымен баршаны мойындатқан маман еді.\r\n\r\nДикторлар құрамына ерекше көңіл бөлді. Бұған дейін тележурналист болып жүрген Совет Мас­ғұтовты қазақша хабарлар оқуға жегіп, алғаш қазақ тіліндегі ер адам диктор болып эфирге шықты. Осы шоғырда Лидия Тюльменко, Владимир Орлов, Всеволод Иванов, Еркін Әбішев, Алевтина Попова, Тыныс Өтебаев, Ләскер Сейітов, Мәриям Айым­бетова болды. Топқа Ләзиза Аймашева жетекшілік етті. Кейін бұл топқа Ләскер Сейітов, содан соң Тыныс Өтебаев басшы болды.\r\n\r\nТелевизия республиканың ең таңдаулы жетістік­терін әлемге танытуда тағы бір қадам жасағанын айта кету керек. Кенжеболат Шалабаев төраға болып тұрған тұста Алматы қаласының түбінде Алатау атты ғалымдар кенті салынып, онда атом реакторы іске қосылды. Қазақстан енді атомдық сала қалыптасқан қуатты республикалар қатарына қосылды. Осы жетістікті көрсету үшін Орталық телевизияға кезекпен әзірленетін “Отанымыздың бір сағаты” атты бағдарлама сәтті пайдаланылды. Реактордың іске қосылғаны туралы репортаж Орталық телевидение арқылы Евровизия мен Интервизия жүйелерінде көрсетілді. Осылайша, Алматы түбінен берілген репортаж Қазақстан тарихында алғаш рет халықаралық эфирге тарады. Бұл 1967 жылдың 1 қарашасы еді. Ғалым Жабағы Тәкібаев көрермендерге атом реакторы қалай жұмыс істейтінін түсіндірді.\r\n\r\nАлғаш рет қазақ тіліндегі спорт хабары 1966 жылы 16 қаңтарда тұсауын кесті. Оны телевизия басшылары республика комсомол ұйымымен бірлесіп шығарды. Бұл хабарды жүргізуге танымал жаттықтырушы Қабден Байдосов тартылды. Бұл редакцияға тұрақты жұмысқа Қазақ радиосының комментаторы Сұлтанғали Қаратаев келді. Орысша хабарларды жүргізу Владимир Толчинскийге тапсырылды. Қазақ тілді маманды бірде Шалабаев өзімен бірге Мәскеуге ала кетті. Сол жерден Орешкин деген операторды тауып беріп, VІ жазғы Бүкілодақтық спартакиадаға қатысып жатқан қазақ спортшыларын түсіртті. Әмин Тұяқов пен Ғұсман Қосановтың, Әбдісалан Нұрмаханов пен Әбілсейіт Айхановтың, Амангелді Ғабсаттаров пен Аманжол Бұғыбаевтың спорттағы жетістіктері мен бейнесі көгілдір экранға солай шықты. Олардан басқа туған елі қазақтан шыққан тұңғыш баскетболшы Апа­таеваның, семсерлесуші Асықбаеваның шебер­ліктеріне тәнті болды. Оператор Орешкин тек түсі­ріп бермеді, төраға Шалабаевтың тапсырмасымен 16 миллиметрлік пленканы жуып, шығарып және монтаждап Сұлтанғали Қаратаевтың қолына ұстатты.\r\n\r\nЕл жетістіктерін дереу жеткізген үлкен істерді ұйымдастыра отырып, төраға еңбек ұжымына ерекше қамқорлықпен қарады. Сол кездегі жас диктор Ләскер Сейітовті өз қолымен үйлендірді. Тіпті, комсомолдық тойына асабалық қызметті жасы мен қызметін бұлдамай өзі атқарды. Кейін еңбек сіңірген әртіс, жоғары категориялы диктор деңгейіне жеткен Ләскер үшін бұл жақсылық мәңгі ұмытылар ма!\r\n\r\nШалабаев қызмет үшін жеке өмірін құрбан­дыққа шалуға бермеген, адамның ізгі сезімі мен жеке өмірі басқасынан жоғары екенін дәлелдеген қайраткер ретінде танылды. Ол Орталық комитетте үлкен қызметте жүргенде дәріханада жолықтырған провизор, кейін белгілі дикторға айналған Ләзиза Аймашеваны өмірлік жар етті.\r\n\r\n \r\n\r\nАУЫР КЕЗЕҢНІҢ ЖҮГІН ЖҮРЕКПЕН КӨТЕРГЕН\r\n\r\nТелевизияға әдебиеттен келген Сағат Әшімбаев алдымен барлығын өзінің кішіпейілдігімен, биязылығымен таңғалдырды. Әсілі, бұл ортада адам өзін танытуы, жол ашуы үшін кеуде керек болуы мүмкін. Ал 1986 жылы мемлекеттік комитет төрағасының орынбасары деп таныстырылған адам соншалықты жұмсақ жүректі болып шықты. Тіпті, оған дейін сырттан келіп “Жүректен қозғайық” пен “Қарыз бен парыз” бағдарламаларын жүргізіп жүрген комментатор мен мына орынбасарды бір адам деуге болмайтындай.\r\n\r\nҚалың көрермендерге бастапқыда Сағат Әшім­баев “Жүректен қозғайық” бағдарламасы арқылы танылды. Бұл — телеклуб түрінде өтетін хабар. Ол оған дейін Дулат Исабеков жүргізген “Әдептен озбайықты” алмастырды. Бір топ білімді, ойы озық, көзі ашық азаматтар ұдайы эфирге шақырылды. Түрлі тақырыптарды талдады. Бағдарламаға телеви­зиядағы жауап беретін Жүрсін Ерманов бастаған шығармашылық топ алғашқы хабарларды Алматы малдәрігерлік және Қазақ ауыл шаруашылығы институттарында өткізді. Түрлі тақырыптарға орай студент жастар мен келетін қонақтар өз көзқа­растарын, байламдарын білдірді. Лұқпан Садықов, Мақаш Тәтімов, Күләш Ақжолтаева, Өтебай Қанахин, Әбдімәлік Нысанбаев, Бақтажар Мекішов сынды түрлі саланың жүйріктері қосыла шапқанда, қалың көрермен айызы қана көрді. “Жүректен қозғайықтың” барлығы 14 саны түсірілді.\r\n\r\nҚазақ тілі мен рухы жан-жағынан қысым көр­ген тұйық қоғамның сеңін бұзуға түрткі түсірген атақты “Қарыз бен парыз” бағдарламасы ұлттық даму жолын іздегендерге шамшырақ сияқты кө­рінді. Өйткені, Сағатпен әңгімелескеннің қайсысы болса да оған ағынан жарылатын. Сағаттың тазалығы мен тәрбиесі студияға шақырылғандардың ешқайсына бұра тартатын жол қалдырмайтын. Көпке ұнаған бұл бағдарлама, бірақ, сол кездегі Компартияға жақпады. Сағат Әшімбаев туралы жұрт өте жылы пікірлер айтып жатқанда, биліктің жүрегі жібімеді. “Парыз бен қарыз” хабарында ұлттық рухтың, тарихтың, тілдің көкейкесті мәсе­лелері неге қозғалады деген сұрақ жоғары жақта жиі қойылып жатты.\r\n\r\nСағаттың кезекті хабарына Камал Смайылов пен академик Төрегелді Шарманов келеді. Эфир басталғанда комментатор қазақ мектебінде оқып, алыс ауылда білім алған адамдардың ешкімнен кем болмағанын айтады. Бұл “ұл-қызымыз қазақша білім алмаса, ортасынан кем қалады” деген қисынсыз пікірге берілген дәл соққы еді. “Міне, менің қасымда екі азамат отыр. Екеуі де сонау Жезқазған даласында, қасиетті Ұлытауда туып-өскен, қазақ мектебін бітірген. Қараңыз­даршы, осылар қазір кімнен кем?” деп Сағат қонақтарды таныстырды. Камал Смайыловтың кейінгі естелігі бойынша: “Өзінің сезімтал білгіш әдетімен біздің білім-тәжірибеміз, атқарған қызметтеріміз туралы қызына айтып, сол жолы қазақ мектебінің намысын, маңызын қорғап жатты”. Міне, осы эфирге қатысып кеткен Смайылов кешікпей өзі қызмет істейтін Орталық комитет Хатшылығының кезекті мәжілісіне келеді. Онда мәжілісте қаралатын бір қаулының жобасына көзі түседі. Қараса, “Мемлекеттік телерадио комитеті төрағасының орынбасары С.Әшімбаев туралы”. Толық оқыса оны қыз­меттен босату туралы шешімнің жобасы екен. Сол отырыста Смайылов бір кезде өзі орынбасар болған, басқарған ұжым басшыларының бірі Әшімбаевты қорғап сөз сөйлейді. Бұл тұжырымға сол кездегі Орталық комитеттің идеология хатшысы Өзбекәлі Жәнібеков те қосылады. Ақыры мәжілісті жүргізген екінші хатшы Сағидолла Құбашев: “Қаулыны түбірінен өзгерту керек, Әшімбаевқа тек сөгіс берумен шек­телейік”, деді.\r\n\r\nСағатты пікірлес қайраткерлер ғана емес, мемлекеттік комитетте қызмет атқаратын барлық мамандар қорғай білді. 1986 жылдан оның “мінездемесін беру” деген науқан басталды. Сағаттың басшылық қызметтегі таза қызметін көрген қызметкерлер тегіс оған жақсы мінездеме берді. Бірінші жолы өздеріне ауадай қажет пікірді ести алмаған Орталық комитеттің өкілдері тағы “Әшімбаевқа мінездеме беру” мәселесіне айналып соқты. Бұл жолы олар ұжымды тіл жағынан екіге жару арқылы зымиян ойларын іске асырмақ болды. Әшімбаевтың қазақ тілі үшін тер төккенін білетін олар енді орыс тілді бағдарламалардың қызметкерлерін, ұлты басқа қызметкерлерді қарсы айдап салуға ниеттенді. Бірақ, жолдары болмады. Жанна Ахметова, Владимир Назаров, Семен Газарх сияқты маман­дар Әшімбаевтың өте дұрыс азамат және білікті басшы екенін нақпа-нақ дәлелдеді.\r\n\r\nБүкіл Қазақстан Желтоқсан көтері­лісін бастан кешкенде Сағат басын бәйгеге тігіп, алаңдағы оқиғаларды шатырдан түсіртіп алды. Ол таспаны режиссер Рубикжан Яхин түсірткен. Сосын әскери-патриоттық тәрбие және спорт редакциясының бас редакторы Рабат Жәнібе­ковке тықтырып қойды. Осы оқиғаның ащы ақиқаты сақталған таспаны қауіпсіздік орган­дарының адамдары айлап іздеді. Сағат ешкімді ұстап бермеді. Тек мезгілі келгенде оны көпші­ліктің көз алдына жеткізу үшін журналистер қолына қайта тапсырған. Жай тапсырмай, Желтоқсан туралы барлық ақиқат айтылған алғашқы бағдарламаны жасатты. Басты бәйгеге тігіп түсірілген әрі сақталған кадрлар өтіп жатқанда “Сағат Әшімбаевтың жеке архивінен” деген жазу дүркін-дүркін өтіп тұрды.\r\n\r\nСексенінші жылдардың соңында жариялы­лық желі жетті. Бұрынғы жалғыз жүкті арқалаған “Қарыз бен парыздың” орнына ондаған жаңа бағдарламалар шығып жатты. Сағат Әшімбаев комитет төрағасы ретінде осы жұмысты жалық­пай ұйымдастыра білді. Қазақстанда айтылмаған ақиқаттарды ашуға Қазақ телевизиясы мен радиосы белсене кірісті. Әсіресе, Семей ядролық полигонын жабу туралы бүкілхалықтық қозғалыс экран бетінен түспеді. Арал теңізі тартылып кеткендіктен, оның маңындағы халықтың судан да у ішіп, ауадан да у жұтып отырғаны туралы ащы шындық апта сайын айтылып, дабыл қағылып жатты.\r\n\r\n1990 жылдың жазында Қазақстанның шығыс өңірінде бірнеше ауданды қиратып өткен зілзала болды. Оны алдында Армениядағы Спитак жер сілкінісі және Тәжікстандағы Ғиссар көшкіні табиғи апаттары кезінде Қазақстан алдымен көмек қолын созған. Бірақ, қазақ жеріндегі зілзала кезінде одақтық үкімет пен одақтас республикалардың көмегі сезілмеді. Бар қиын­дық Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаев­тың иығына түсті. Зайсанда жер сілкінген күні қазақ теледидарына ұлттың ең аузы дуалы кісілері Әбу Сәрсенбаев пен Тұрсынхан Әбдірах­манова шақырылды. Олар барлық адамдарды жер сілкінісі зардаптарын жоюға көмектесуге шақырды. Экран арқылы арнайы ашылған есеп-шот көрсетіліп тұрды. Төраға Сағат Әшім­баев осы орайда арнайы тілшілер қосынын құрды. Құсман Игісінов бастаған журналистер айына екі рет арнайы хабар жасап тұрды. Сол кезде республика басшысы Нұрсұлтан Назар­баев­ты, жауапты министр Макиевскийді Алма­тыдан мың шақырымнан алыс Зайсан мен Тарбағатай аудандарында Қазақ телевидениесінің камерасы қарсы алып тұратын. Бұл да төрағаның халық үшін қандай қызметке де әзір екенін білдіретін бір мысал.\r\n\r\nОдақ тағдыры қыл үстінде тұрды. Қазақ­станның іргелі кәсіпорындарының бәрі бұған дейін одақтық бағыныста болып келген. Олар бүкіл өнімді алып, пайдасын көріп, жергілікті жұрт ауыр экологиялық жағдайда қала беретін. Міне, осы мәселені көтерген Қазақ КСР Прези­денті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа қазақ жеріндегі барлық ақпарат құралдары тірек болды. Оның ішінде көзге көрсете отырып дәлелдейтін телевизияның жөні бөлек.\r\n\r\nПрезиденттің баспасөз хатшысы Ғаділбек Шалахметов пен комитет төрағасы Сағат Әшім­баев келісімімен саяси-қоғамдық редакция ұсын­ған “Президент сағаты” бағдарламасы алғаш эфирге шықты. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев түрлі сауал­дарға орай тыңғылықты жауап беретін бағ­дарлама 45 минөттік еді, бірақ бір сағаттан асып кететін кездері болды.\r\n\r\nТура осындай қауырт жұмыс кезінде 1991 жылғы тамыз айының екінші жартысында ГКЧП, яғни Төтенше жағдай жөніндегі мемле­кеттік комитет оқиғасы басталды. Мәскеуде бір топ жоғары лауазымды қызметкер Орталықтың өктем билігін, коммунистердің елді қызыл қан еткен бағытын жалғастыра беру үшін жанта­ласты. Олар өздерінің шешімдері барлық ақпарат құралдары арқылы таратылуын талап етті. Міне, тура осы оқиға талантты сыншы, білікті басшы Сағат Әшімбаевтың жүрегіне соңғы жүк болып түсті. Кезіндегі Желтоқсан оқиғасында сына түссе де сыр бермеген жүрек мына зомбылыққа шыдамады.\r\n\r\nСәл шыдағанда Сағат Әшімбаев Қазақ­станның арман болған бостандыққа жеткенін көрер еді. Өзі көріп қоймай, жалпақ әлемге жар салар еді. Оны телевизордан күндіз-түні бергізер еді. Амал нешік!\r\n\r\n 

\r\n \r\n\r\n«Қазақстан» ұлттық телерадиокорпорациясының негізгі қос ғимараты да Республика алаңы жанында орналасқан. Көңілде өшпес мұң, жүректерде жазылмас сызат қалдырған 1986 жылдың Желтоқсан оқиғасына сол кездері Қазақ телевизиясында қызмет атқарған бүкіл журналист куәгер. Желтоқсан оқиғасының қалай басталғаны, қалай өткені, қалай аяқталғаны сол жылдардағы қызметкерлер жадынан әлі күнге ұмытылған жоқ.\r\n\r\nҚазақ телевизиясының ғимараты орналасқан жерден алаң алақандағыдай көрінетін. Екі ғасырға бергісіз екі күн бойы алаңнан көз алмаған журналистердің жан дүниесі қандай арпалыста болғанын тілмен жеткізу тым қиын…\r\n\r\nБағымызға орай Кеңестер алып империясының ыдырауына түрткі болған Одақ көлеміндегі социалистік жүйеге қарсы тұңғыш бас көтеру «жабулы қазан жабулы» күйінде қалып қалмай, көп ұзамай шындық бетін бері бұрды. Мәскеудегі Съездер сарайынан депутат Мұхтар Шаханов жасаған үш минуттық Мәлімдеме Желтоқсан оқиғасын түбегейлі зерделеудің бетбұрысы болды. Өздерінің көз алдында өткен оқиғаға қатысты әңгімені қалт жібермей қадағалап жүретін Қазақ телевизиясының журналистері қолдарына түскен мәліметтерді дер мезгілінде көрермен назарына ұсынуға тырысты. Желтоқсан оқиғасы жайлы тұңғыш хабарды Сағат Әшімбаевтың басшылығымен жастар редакциясының журналистері әзірледі. Сол алғашқы хабардағы 1986 жылдың 17 желтоқсанында алаңдағы жастар ереуілінен түсірілген бейнекөріністер эфирден өтіп жатқан сәттері «Бұл кадрлар Сағат Әшімбаевтың жеке архивінен алынды» деген титрдағы жазуды оқыған кез келген көрермен көкейінде «түсірген оператор кім?» «қалай сақтап қалған?» сынды ойлардың қылаң бергені анық-тұғын.\r\n\r\n \r\n\r\nҮмбет ӘБНАЗАРОВ, зейнеткер-журналист:\r\n\r\n– Сағаттың басын өлімге тіккен көзсіз ерлігіне осы күні таң қаламын. Таңертеңгілік эфирден өтер жаңалықтарға жауапты редактор едім сол күні. Телетайппен келген «ҚазТАГ-тың» материалдары ішіндегі «қазақ ұлтшылдығы, нашақорлар» деген сөзді сызып тастап, эфирге жібермегенім үшін түске дейін мәселемді дирекцияда, түс қайта коллегияда қарап, «Қызмет бабын асыра пайдаланғаным үшін» 248-бап бойынша жұмыстан шығарды. Коллегияда Сағат Әшімбаев «тұтас бір халыққа қара күйе жағу, тұтас бір ұлтты кінәлау қиянат, мұның бүткіл халыққа жабылған жала» екенін ашына айтты. Ойын нығырлап, дәлелдеді. Өзі сын үстінде тұрғанына қарамастан, мені ақтап сөйлеп, жазамның жеңілдеуіне ықпал еткен азаматтың сол жолы ерлігіне куә болған бір мен емес. Сағат араша түспегенде, кемінде 4-5 жылды арқалап кетуім де әбден мүмкін еді.\r\n\r\n \r\n\r\nШолпан БАЙМОЛДИНА, режиссер:\r\n\r\n– Сол күндер еске түссе, жанарыма еріксіз жас үйіріледі. Желтоқсан оқиғасы аяқталысымен, іле-шала желтоқсанның 21-і күні АСБ-1-дегі үлкен студияда ұжымның қатысуымен жиналыс өтті. Бұрын көрмеген бөтен адамдар өте көп болды. Олардың кімдер екенін де ішіміз сезді. Сол жиналыста әрбір сөзін абайлап, халықтар арасындағы ұлы достық дегенді желеулетіп, жастарды кінәламақ ниетпен сөйлегендер секілді Сағат Әшімбаев екіжүзділік танытпады. Жарты сағат тоқтамай, бір деммен ойындағысын айтып шыққан кезде көкейдегісін естіген көпшілік ду қол шапалақтады. Сол сәт есімнен еш шықпайды. Еңсесі түскен жұрт бір көтеріліп қалған-ды.\r\n\r\n \r\n\r\nШәрбану БЕЙСЕНОВА, жазушы, Сағат ағаның зайыбы:\r\n\r\n– Сағат қатты күйзелді. Орталық партия комитетінің идеология бөліміне алаңға жиналып жатқан жастарды бейбіт жолмен тарату қажеттігін айтып телефон соққанында, ондағылар «жұмысың болмасын, өз ісіңді біл» деп келте жауап қайтарғандарына күйініп келді. «Арты қырғын болмаса болды. Жастарға обал» деп әбден қиналды. Сол аласапыран күндері түптің түбінде керек болар деп бейнетаспаға түсіруге тапсырма беріпті. Кімге, қандай жағдайда тапсырылды, одан бейхабармын. Кейін таспаны Рабат Жәнібеков әкеліп бергенде оның осы уақытқа шейін жасырып келгенін білдім. Қазір сол таспа Сағаттың архивінде сақтаулы. Сағат ауыр күндерді бастан өткерді. «Үлкен ұлдарың желтоқсанда алаңға барыпты» деген желеумен қатаң ескерту де алды. Ұжымында бір емес, екі аттестациядан өтті.\r\n\r\n \r\n\r\nРабат ЖӘНІБЕКОВ, спорт журналисі:\r\n\r\n– Қатты қудалауға түсті. Бір күні хатшы қыз: «Сізді Сағат аға шақырып жатыр» деген соң бардым. «Сізге сеніп бір іс тапсырғалы отырмын. Басқа амалым жоқ. Амандық болса, кейін қажет кезінде қайтарарсыз. Мынау – Желтоқсан оқиғасы түсірілген таспа. Жастарымызды нашақорлар, маскүнемдер деп жатыр. Жала екенін көзбен көрген біз білеміз. Ешкімге білдірмеңіз. Жасырыңыз. Күндердің күнінде желтоқсандықтарға қатысты оларды ақтауға керекті таптырмас айғақ» деді. Алайда кім түсіргенін, оператордың аты-жөнін айтпады. Орталық партия комитеті өкілінің корпорацияда өткен аттестацияда «Сағат Әшімбаевқа қатысты арнайы дайындаған тек бір жақты қаралаудан тұратын мінездемені телефильм, телеорталық, Қазақ радиосы, Қазақ телевизиясында өткен ашық жиналыстарда бірауыздан қабылданған» деп көпшілікті сендірмек болған ниеті іске аспады. Жоғары жақ ұйымдастырған аттестацияда конференц-залға адам сыймай кетті ғой. Жұдырықтай жұмылған ұжым абзал азаматты бір кісідей жазықсыз жабылған жаладан арашалап қалды емес пе?! Ол күндерде, міне, енді тарих қойнауына ысырылды.\r\n\r\n \r\n\r\nРубикжан ЯХИН, режиссер:\r\n\r\n– Ақпарат редакциясы болған соң бар жаңалықтың бел ортасында жүретініміз аян. Сол күні таңертеңгісін Сағат аға үйге телефон соқты. «Рубикжан, алаңға жастар жиналып жатыр, керек болар, түсіру керек» деді. Жұмысқа келсем, операторлар келе қоймаған екен. Содан бейнекамераны өзім алып, алаңға бет алдым. Бір сағат шамасында оқиға ортасында болдым. Ұзағырақ түсіруге КГБ өкілдері кедергі келтірді. Түсіргендерімді оларға көрсету үшін кассетаны аппаратқа қосып жатқан кездері «керек боп қалар» деген Сағат аға сөзі ойыма сап ете қалды. Жалма-жан таспаның айналдырып болған жартысына жуығын кесіп алып, қойныма тықтым. Алуын алғанмен, бойымды үрей биледі. Ұстап алса, оңдырмайтынын білемін. Жан тәтті ғой. Кабинетке келіп, күдіктеніп іздеген болса, таба алмасын деген оймен сейфтің ішіне емес, астына тықтым. Содан бір күн өткесін, Сағат ағаның қолына аман-есен тапсырдым.\r\n\r\n \r\n\r\nP.S. Желтоқсанның кез келгеніміз үшін тағылым алар тұсы зиялы қауым өкілдерінің 37-жылғыдай жаппай бірін-бірі сатпағаны, мүмкіндігінше бірін-бірі қолдап, қорғап отырғаны. Сағат аға мысалы – соның бірі ғана. Рухы мықты, иманы кәміл елдің сағын сындыру қиын. Рухани қамалы берік елді ешқандай күш бағындыра алмасына тарих дәлел. Жалпы, 1986 жылғы Желтоқ- санда бойында көшпенді елдің қызу қаны ойнаған, еркіндікті пір тұтқан қазақ деген өр халықтың, ер халықтың ұрпағы иіле берудің, бұға берудің шегі жеткенін айдай әлемге паш етті.\r\n\r\nЖелтоқсанға құрмет – ел намысы сынға түскен шақта қаймықпаған, қайтпаған жастар ерлігіне тағзым.\r\n\r\nЖелтоқсанға құрмет – халық намысының тұншығып, табан астында тапталып қалмай ел үшін сын сағатта өре түрегелер лайықты ұрпақ ерлігіне тағзым.


ПІКІР ҚАЛДЫРУ