ҮШТІЛДІЛІК ЖАҢҒЫРУҒА БАҒЫТ АЛУДЫҢ БАСТАМАСЫ

0
3916

Қоғамда өзекті мәселеге айналған, екі жақты пікірдің қалыптасуына түрткі болған үштілділік жөніндегі сөз Елбасымыздың: “Тілдердің үштұғырлығы мәдени жобасын кезеңдеп жүзеге асыруды қолға алуды ұсынамын. Қазақстан бүкіл әлемге халқы үш тілді пайдаланатын мәдениетті ел ретінде танылуға тиіс. Бұлар — қазақ тілі — мемлекеттік тіл, орыс тілі — ұлтаралық қатынас тілі және ағылшын тілі — жаһандық экономикаға ойдағыдай кіру тілі” деген салиқалы үндеуінен бастау алған болатын. Сондай — ақ Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: “мектептерге ағылшын тілінен шетелдік оқытушыларды тарту қажет. Кез келген ортанқол мектептің балаларға ең жоғары деңгейде шет тілін оқып үйренуіне жағдай жасайтындай дәрежеге қол жеткізуіміз міндет” [1] — деп баса айтып өткен еді.

Үштілділік — нақты тұлға, ұжым, халықтың белгілі бір қоғамда қарым-қатынас үдерісінде қажет болған жағдайда үш түрлі тілді алма-кезек қолдану құбылысы.

Әлемдегі дамыған елу елдің қатарына қосылу үшін билік «үш тұғырлы тіл» саясатын қолға алып жатқаны белгілі. Ақпараттық техниканың дамыған заманында тілді үйрену қиындық тудырмайды, қайта көп тіл білгеннің ешбір зияны жоқ. Бірақ Қазақ баласы әуелі отбасында Қазақы рухпен тыныстап, ана тілінің нәрлі уызына қанып, ұлттық рухани тәрбиенің қайнар бұлағынан сусындап өсуі керек. Алғашқы тәрбиені ана тілінде қабылдап, Қазақы қасиетпен жетілген бала кейін қандай ортада жүріп, қанша тіл үйренсе де, өз тілін ұмытпайтын, ұлттық қасиетінен көз жазып адасып қалмайтын болады. Мәселен, Ә. Бөкейханов, А.Байтұрсынов, Қ.Сәтбаев, А.Құнанбайұлы сынды аумалы – төкпелі заманда өмір сүрген қазақ зиялылары туған жерден жырақта жүрсе де, өзге империяның бодандық бұғауында болса да, тұғыры биік ана тілін бәрінен жоғары қойған. Өйткені олардың бәрінің де тілі қазақша шыққан, бірі ауыл молдасынан хат таныса, енді бірі ана тілінде мұғалімдерден тіл сындырған. Яғни, тірек мықты. Тіл ана тілде сайрап тұрғандықтан, ешкім оған балта да шаба алмаған. [2]

Бүгінгі таңда мемлекетімізде үштілділік мәселесін нақты іс түрінде жүзеге асыру керек пе? Әрине, керек. Еліміз бен жерімізге ие болатын жастар үш тілді де қатар меңгеруі тиіс. Бірақ бұл үш тілдің тұғыры бірдей деген сөз емес. Қазақстанда бір ғана тұғырлы тіл бар, ол мемлекеттік тіл – қазақ тілі. Тұғыр сөзі діңгек, қазық деген мағынада қолданылады. Бір шаңырақты көтеру үшін үш діңгек керек емес. Бір діңгекпен көтерген шаңырақтың жан-жағынан уықтар қадалып, оның беріктігін қамтамасыз етеді. Біздің алтын діңгегіміз, тұғырымыз – қазақ тілі, ал жан-жағынан өзге тілдер мемлекеттік тілді қолдап уық секілді қадалады. Бірақ кейбіріміз үштілділік үдерісі

жөнінде басқаша көзқарас танытып жатамыз. Мұның себебі осы бір сөздің мағынасын түсінбеуден келіп шығады. Бірқатары осы бағытты ұстануға оң көзбен қарап, құптаса, енді бірі өз қарсылықтарын білдіруде.

Нақты дәлелдемелерге сүйенер болсақ, саясаттанушы Т.Әбдуәлидің: «Мемлекет басшысы жаһандану жөнінде мәселе көтергенде де өре түрегелдік. Жаһандану дегеніміз қарапайым сөзбен айтқанда жоғары деңгейге жеткен елдермен қарым-қатынасымызды нығайту. Соның бірі — тілдік коммуникация. Бұл үшін халықаралық қатынас тілі болып жүрген ағылшын тілін үйренуге жастарымызды жатпай-тұрмай баулуымыз керек. Оның қажеттілігін уақыт өткен сайын өткір сезініп келеміз» [3] деген ойын оқытушы Т.Тәңірбергенқызы ары қарай жалғастырады: «Ағылшын тілін үйренгеннен біз мәңгүрттенбейміз. Ағылшын тілі қазақ тілін үйренуге ешқандай кедергі жасамайды. Тек соны түсіне білуіміз керек. Себебі, ағылшын тілі мемлекеттік тілмен бәсекелес емес» [4].

Ағылшын тілін үйренгеннен біз мәңгүрттенбейміз. Ағылшын тілі — әлемдік бизнес тілі, мемлекеттік тіл – ұлт тілі. Мемлекеттік тілде сөйлеу — әрбір Қазақстан азаматының борышы. Ағылшын тілі қазақ тілін үйренуге ешқандай кедергі жасамайды. Тек соны түсіне білу керек. Мәселен, Қанат Әуесбай: «Ана тіліңмен өзіңді, ағылшын тілімен әлемді танисың» дей келе біршама күрделенген мәселенің түйінін өз тарапынан шешкендей болды.

Қазіргі таңда еліміздің жалынды жастарының біршамасы «Болашақ» атты мемлекеттік бағдарламамен шет елдерде білім алып, тәжірибе алмасуға зор мүмкіндік алып отыр. Мұның өзі дамушы еліміздің ертеңгі күніне деген, сындарлы саясаты мен жаһандану дәуіріне деген ұмтылысы деп ойлаймын. Көбінесе қоғамда қиындық туғызатыны — аталған үш тілді меңгерген мамандардың кездесе бермейтіні. Ендеше, аталған компоненттерден тұратын, яғни қазақ, ағылшын, орыс тілі қатысқан үштілділік сөйлермендерін дайындау кезек күттірмейтін мәселе. Мәселені түбегейлі шешу үшін Қазақстанның жоғары оқу орындарында ағылшын, қазақ тілінен маман болып шыққан қазақтілді қазақ және басқа ұлт өкілдерін үштілділікке ыңғайлап қайта дайындаудан өткізіп, оларға үштілділік маманы деген құжат табыс еткен жөн.

Соңғы деректерге сүйенсек, Қазақстанда 98 амеркандық пен 81 ағылшын тұрады, амеркандықтардың 78-і ағылшынның, 71-і өз ұлтының тілін меңгерген. Бұл күллі тұрғынның 1 пайызын құрайды. Ұлт деңгейінде алсақ, ағылшын тілін меңгергендердің тең жартысын жергілікті қазақтар құрайды. Басқаша айтқанда, ағылшын тілін меңгерген қазақ саны – 53 743, бұл – ұлт арасындағы үлкен көрсеткіш және күллі қазақтың 0,7 пайызы деген сөз. [5]

Әрине, таяқтың екі ұшы болатыны секілді, кез келген мәселелнің де екі жақты тұрпаты болатыны анық, бірақ негізсіз, дәлелсіз күдіктен арылып, бой көтеріп отырған мәселенің маңыздылығының қаншалықты қажет дәрежеде екенін айқындап, нақты зерттеп алғанымыз жөн сияқты.

Егер біз Ахмет Байтұрсынов айтқандай, қазақ тілін дұрыс жұмсай білсек, ол қоғамдағы тілге жүктелетін қажеттілігіміз болса өтеуге жарайтын бай тіл. Мәселе тілдің міндетін дұрыс түсініп, өз міндетімізді атқаруда болып отыр. Ұлттық өркендеп, тіліміз өз еліміздегі және халықаралық дәрежедегі позициясын нығайтқан кезде біздің сөздеріміз де өзге тілдерге енетіндігіне, тіліміздің әлемдік ақпарат кеңістігінен өз орнын иеленетіндігіне күмән келтірмеуге болады. Дәл бүгін де қазақ тілінің әлем тілдерінің ешқасысынан да кем түспейтін, бірнеше ғасырлық даму тарихы бар, ұлттық әдеби тіл деңгейіне дейін дамып жетілген ұлы тіл екендігіне еш күмән жоқ. [6]

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтатын болсақ, дауға салса алмастай қиған, сезімге салса қырандай қалқыған, ойға салса қорғасындай балқыған, өмірдің кез-келген орайында әрі қару, әрі қалқан болған, әрі байырғы, әрі мәңгі жас, отты да ойнақы – Ана тіліміз қашанда мәйекті мәтелдей білімде, тәрбиеде өз дәрежесінен түспесі хақ! Осы орайда өз ойын қара өлеңмен жеткізген Қадыр Мырза Әлиев атамның мына бір шумағы, менің сөзімнің нақты айғағы:

Ана тілің арық бұл,

Ұятың болып тұр бетте.

Өзге тілдің бәрін біл,

Өз тіліңді құрметте!

Ия, баршамыз өзге тілді өз еліміздің өркендеуі мақсатында үйреніп, тұғыры биік тіліміздің маңыздылығын әсте есімізден шығармайық.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
1. 2008Назарбаев Н.Ә. (Қазақстан халқына жолдауы). Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан. – Астана, 2007
2. Хасанұлы Б. Тілдік қатынас негіздері,
3. Әбдуәли Т.Үштұғырлы тілден түңілмейік // Жетісу, №31. 2008
4. Тәңірбердіқызы Т. Ағылшын тілі мемлекеттік тілмен бәсекелес емес // Қазақ әдебиеті, №48. 2008
5. el.kz сайты
6. infourok.ru сайты

 

К.Б.Қанат
Тараз мемлекетті педагогикалық институты,Тараз қ.


ПІКІР ҚАЛДЫРУ