Вильфредо Парето

0
2946
Ұлттық салт-дәстүрлерді насихаттаудың тәрбиелік мәні.

Вильфредо Парето (Wіlfredo Pareto) (1848-1923) — итальян экономисі, әлеуметтанушы. 1848 жылы 15 шілдеде Парижде өзінің либералдық және республикалық көзқарастары үшін Генуядан кетуге мәжбүр болған итальян маркизінің отбасында туған. 1858 жылы Паретоның отбасы Италияға оралады. Мұнда ол классикалық гуманитарлық және техникалық білім алады. Туринде политехникалық мектепті бітірген соң 1869 жылы “Қатты денелердегі тепе-теңдіктің іргелі принциптері” деген тақырыпта диссертация қорғайды. Тепе-теңдік ұғымы оның бұдан кейінгі экономикалық және әлеуметтанушылық еңбектерінде маңызды орын алатынын ескерер болсақ, бұл тақырып нысана ретінде қабылданды. Бірнеше жылдар бойы ол темір жол мекемесі мен металлургиялық компанияда маңызды қызметтер атқарды. 90-жылдары ол саясатқа араласуға талпынас жасайды, бірақ онысы сәтсіз болады. Осы кезде ол публицистикамен, классикалық мәтіндерді оқумен және аударумен белсене айналысады. 90-жылдардың бірінші жартысында Парето экономикалық теория және математикалық экономика саласынан бірқатар зерттеулер шығарады. 1893 жылдан өмірінің соңына дейін ол Швейцарияда Лозанна университетінде атақты экономист Леон Вальрасты алмастырып, саяси экономия профессоры болды. В.Парето өмірінің соңғы жылында Италияда фашистік режим орнайды. Бұл режимнің кейбір қайраткерлері өздерін лозанндық профессордың шәкіртіміз деп есептеді. Осыған байланысты 1923 жылы оған Италия сенаторы атағы беріледі. Парето бұл режимге ұстамды қолдау көрсете отырып, оны либералды болуға және академиялық еркіндіктерді шектемеуге шақырды. Парето 1923 жылы 19 тамызда өмірінің соңғы жылдарын өткізген Селиньяда (Швейцарияда) қайтыс болды.

Паретоның алғашқы ғылыми еңбектері экономикаға арналған. Экономист ретінде ол ғылым тарихында елеулі орын алады. Ол монополистік нарықты, табыстарды бөлуді, эконометрияның қалыптасуына маңызды үлес қосты. Алайда ол біртіндеп homo economіcus ретіндегі адам туралы түсініктердің жеткіліксіз және дәл еместігін түсінеді. Өз кезегінде бұл түсіну оның адамның рационалистік тұжырымдамасына теріс көзқарасымен байланысты. Адамның дәл және толық үлгісін іздестіру барысында Парето әлеуметтануға жүгінеді. Бұл жүгінуді ол салыстырмалы түрде айтқанда кешірек, яғни белгілі ғалым болған кезде қолға алды. Бұл Паретоның жанр бойынша әлеуметтануға жатпайтын еңбектерінен байқалады, олар мыналар: “Саяси экономия курсы” (1896 — 1897), “Социалистік жүйелер” (1902) және “Саяси экономия оқулығы” (1906). Паретоның әлеуметтану тұжырымдамалары бейнеленген ең ірі шығармасы – “Жалпы әлеуметтану трактаты” (1907-1912).

Паретоның әлеуметтанудағы дүниетаным бастаулары жан-жақты. Экономикалық тепе-теңдік теориясының авторы Леон Вальрастан басқа Н.Маккиавеллидің әлеуметтік дарвинизмі мен түйсік психоло-гиясын, Г.Лебен мен Г.Тардтың итальяндық қылмыстық мектебін, француз философы Жорж Сорель мен оның зорлық пен әлеуметтік миф теориясын, итальяндық саяси ойшыл Гаэтано Москаның қоғамды басқарушылар мен бағынушыларға бөлу теориясын атап айтуға болады.

Паретоның ғылыми шығармашылығын зерттеушілер бір ауыздан оның әлеуметтану көзқарастарының қалыптасуына оның құндылықты бағалау бағдарының түбегейлі өзгеруінің ықпалын ерекше атап көрсетеді. Алғашында ол демократиялық, либералды және гуманистік көзқарастардың жақтаушысы болған. Бірақ кейін, шамамен 1900 жылдары өз заманындағы Италияның саяси өмірін бақылай отырып, Парето өзінің жас кезіндегі мұраттарынан көңілі қалады. Парето үнемі түрлі саяси, моральдық, метафизикалық ілімдерді сынай отырып, өз заманының демократия (ол оны “плутодемократия” деп атайды), еркіндік, гуманизм, ынтымақ, прогресс, теңдік, әділеттілік сияқты сан алуан әлеуметтік мұраттарын “әшкерелейді”. Әлеуметтану ғылымының өзі Парето үшін әлеуметтік мұраттарды әшкерелеу құралы болды. Әлеуметтік ғылымның алатын орнына осындай көзқарас Паретоны Маркс, Гобино немесе Гумплович сияқты ойшылдарға жақындата түседі. Оларда, әдетте, “әдемі сөздің артында ажарсыз шындық жасырынғанын” дәлелдеуге ұмтылды.

Осы айтылғандардан Паретоның адамзат табиғаты жөнінде жоғары пікірде болмағаны байқалады. Оған өзіне рухани жақын Н.Маккиавеллидің “Билеуші” еңбегінде адамдар жайында айтылған “олар қайырымсыз және тұрақсыз, екіжүзділікке және алдауға бейім, қауіптен қорқады және пайдаға ұмтылады” деген ұстанымы өте жақын болды.

Паретоның философиялық антропологиясы адам өз іс-әрекеттерін ойлап барып жасайды деген ұғымға негізделген адамның рационалистік үлгісіне қарсы бағытталған. Оның көзқарасы бойынша, адам, керісінше, алдымен істейді, кейін, post festum, өзінің істеген әрекеттеріне дәйектемелер ойлап тауып, оларды түсіндіруге, ұтымды етуге тырысады. Бұл ұстаным оны күтпеген жерден З.Фрейдтің психологиялық қорғану механизмінің бірі ретіндегі рационализация тұжырымдамасына жақындата түседі.

Парето өзінің әлеуметтанудағы пайымын бұл бағыттағы қасаң қағидаға қарсы қояды. “Осы уақытқа дейін әлеуметтану қасаң қағида ретінде түсіндіріліп келді. Конттың философиясындағы позитивті атауы бізді адастырмауға тиіс, оның әлеуметтануы Боссюэның “Жалпы тарих жөніндегі ойлары” сияқты қасаң қағидалы болып келеді. Бұлар әр түрлі діндер, дегенмен ол – дін; және діннің осындай түрін біз Спенсердің, де Греефтің, Летурноның және басқа көптеген авторлардың шығармаларынан табамыз. “Қасаң қағидалы”, “гуманитарлық”, “метафизикалық” әлеуметтануға қарама-қарсы тәжірибелік әлеуметтану нағыз шынайы ғылым болып табылады. Мұндай болу үшін әлеуметтану “логикалық-тәжірибелік” көзқарастарға негізделуі керек. Бұл көзқарас ғылыми дәлелдеменің негізін бақылау, тәжірибе және солардан құрылған логикалық ой-қорытындылар дегенді білдіреді. Егер метафизика абсолюттік принциптерден нақты фактілерге қарай ойысса, тәжірибелік ғылым нақты жағдайлардан жалпы принциптерге бағыт алады, сосын бұл ғылым олардың басқаларға, одан да жалпыға тәуелділігін орнықтырады, сөйтіп осы жағдай шексіз жалғаса береді. Бұл ретте жалпы принциптерді жай болжам ретінде қарастыру қажет, “олардың мақсаты — бізге фактілердің синтезін тануды қамтамасыз ету, оларды теория арқылы байланыстырып, қорытынды шығару. Теориялар, олардың принциптері мен дедукциясы түгелдей фактілерге бағынады және бұл арада ақиқаттың фактілерді дұрыс көрсетуден басқа өлшемі жоқ”.

Логикалық-тәжірибелік әдіс заттардың “мәні” жөнінде, олардың арасындағы “қажетті” байланыстар жөнінде білім бермейді. Бұл әдіс тек ықтимал білім береді; мұнда белгіленген заңдар бізге белгілі кеңістіктік-уақыттық аяда қатаң шектелген, кейбір бірыңғай байланыстар болып табылады.

Тіпті формальды логика заңдары да осылай түсіндірілуі керек. Мысалы, белгілі силлогизм: “Барлық адамдар өледі; Сократ адам; демек Сократ та өледі”, — тәжірибелік көзқарас тұрғысынан бұл былай болуға тиіс: “Біз танып-білген адамдардың бәрі қайтыс болды; Сократтың біз анықтаған белгілері арқылы ол осы адамдар санатына жатады; демек Сократтың өлуі әбден мүмкін”. Егер де формальдû логика заңдарының осындай ықтималдық сипаты болады десек, онда мұның әлеуметтану заңдарына да қатысы бар.

Паретоның әлеуметтік мінез-құлық теориясының негізі адамдардың іс-әрекетін логикалық және логикалық емеске бөлуден құралады.

Әлеуметтанушылық талдау бірлігі болып табылатын “іс-әрекет” ұғымына жүгінудің өзі ХІХ-ХХ ғасырлардың әлеуметтануына тән болған. Біз оны Макс Вебердің психологиялық әлеуметтануынан да кездестіреміз. Ол әлеуметтанушылар қызығушылықтарының әлеуметтік макродүниеден әлеуметтік микродүниеге ауысуын білдірді. Парето макроәлеуметтік жүйелердің, жаһандық қоғамдар мен үлкен әлеуметтік топтардың мәселесіне назар аудармай қалған жоқ, бірақ оның әлеуметтану теорияларының негізі адамдар іс-әрекетінің сан-алуан түрлеріне талдау жасаудан бастау алды.

Парето үшін логикалық және логикалық емес іс-әрекеттерді айырудың негізіне олардағы субъективті және объективті жақтардың амалдары мен мақсаттарының ара-қатынасы қызмет етеді. “Мақсатқа сәйкес амалдар болып табылатын және осы мақсатпен логикалық түрде бірігетін әрекеттер бар. Сондай-ақ мұндай белгісі жоқ басқа әрекеттер де бар. Әрекеттердің бұл екі түрі оларды объективті не субъективті жағынан қарастыруымызға байланысты ерекшеленеді. Субъективті жағынан адам әрекеттері бірінші түрге жатады. Мәселен, грек теңізшілері үшін Посейдонға құрбандық шалу мен қайық есу теңізде жүзудің бірдей логикалық амалдары болды”.

Аталған ерекшелікті түсіну үшін субъективті көзқарас жеткіліксіз, объективті өлшемдер басты мәнге ие. Оларды қалай табуға болады? Парето былай жауап береді: “…Біз “логикалық әрекеттер” деп операцияларды орындайтын субъектіге қатынасы бойынша өз мақсатымен бірігетін операцияларды ғана емес, сонымен бірге кең таным-білімге ие болғандарды да, яғни жоғарыда айтылған субъективті және объективті мағынаға ие болған әрекеттерді атаймыз. Басқа әрекеттер “логикалық емес” деп аталады және “логикаға қарсы” дегенді білдіреді”.

Логикалық іс-әрекеттер саласы — ең алдымен, жаратылыстану ғылымдары, технология, кейбір әскери, саяси, құқықтық әрекеттер мен экономика.

Жалпы логикалық іс-әрекеттер сирек кездеседі, әлеуметтік өмірде логикалық емес әрекеттер басым келеді. Логикалық әрекеттер — пайымдауға, ал логикалық емес әрекеттер сезімге негізделеді. Алайда, соңғысына адамның таза түйсіктік әрекеттерінен өзге пайымдау да кіреді. Оның логикалық емес әрекеттердегі рөлі “логикаландыруда”, яғни осы әрекеттердің ұтымды болуында: себебі адамдар өздерінің логикалық емес әрекеттерін логикалық деп көрсетуге бейім. Бұл мақсатқа әр түрлі метафизикалық, діни, моральдық, саяси, сонымен қатар жалған ғылыми теориялар қызмет етеді. Бұл теориялардың таралуы олардың логикалық құндылығы мен дәйектілігіне тәуелді емес, өйткені олардың санаға емес, сезімге негізделген.

“Сезім” Паретоның әлеуметтану жүйесінде айрықша маңызды рөл атқарады. Оның көзқарасы бойынша, “сезім” адам әрекеттерінің терең негізін құрайды. “Түйсік”, “қызығушылық”, “тәбет”, “талғам” сияқты ұғымдармен қатар, “сезім” адам табиғатының ақылға қонымсыз жақтарына үлкен маңыз береді.

Бірақ мінез-құлықтың терең факторы болғанымен, сезім ұстатпайтын нәрсе: бұл белгілі бір мағынада “өзіндік зат” болып табылады. Логикалық-тәжірибелік әлеуметтану оларды тек белгілі бір сыртқы көріністер арқылы тани алады. Парето ойлап тапқан “тұнба” және “туынды” теориясы осы сезімдерді тану құралы болды.

Адамдар өздерінің логикалық емес әрекеттерін логикалық деп көрсететін теориялар тұрақты және құбылмалы элементтерден тұрады. Парето біріншісін әлеуметтік ғылым үшін оғаштау “тұнба” (итал. “resіduo”, франц. “resіdu”) терминімен, ал екіншісін “туынды” (“деривация”) терминімен белгілейді. Ол “тұнба” мен “туындыны” қарастыруға өз “Трактатының” көп бөлігін арнайды, бұл оның осы құбылыстарға үлкен мән беретінін көрсетеді.

Парето пайдаланылатын терминдерді нақты белгілеуді талап еткенмен, оның еңбегінде “тұнба” терминіне нақты анықтама берілмейді. Бұл терминде химиялық немесе геологиялық үндестік байқалады, бірақ Парето оның этимологиялық және кәдімгі мағынасына мән бермеуге шақырады. Логикалы болмағанымен, тұнбалар адамның негізгі сезімдері мен түйсіктерінің көрінісі. Бұл орайда Парето тұнбаларды өздері сәйкес келетін сезіммен және түйсікпен араластырмау керек, өйткені олар “теорияның” элементтері (неғұрлым тұрақты, айнымас және әмбебап) болып табылады деп атап көрсетті. “Термометр” түтікшелеріндегі сынаптың көтерілуі температура жоғарылауының көрінісі болып табылатыны сияқты, тұнба да осы сезімдер мен түйсіктердің көрінісін білдіреді. Қысқартып айтар болсақ, тұнба тәбет пен қызығушылықтан басқа әлеуметтік тепе-теңдіктің қалыптасуында маңызды орын алады. Сондай-ақ біз су 100 градуста қайнайды деп айтамыз. Паретоның “тұнбалар” жіктелімінің епетейсіз және бұлыңғыр сипатқа ие екенін айта кету қажет. Жалпы, осы “тұнба” және “туынды” ұғымдары мен оның жіктелімін әлеуметтік ғылымда автордың өзінен басқа ешкім қолданбағаны таңдан-дырмайды.

Паретоның өзі “тұнбалар” жіктелімінің бастапқы сипатын мойындаған. Сөйте тұра, ол әр топқа жан-жақты талдау жасайды. Басты маңызды бірінші екі топқа береді. Олардың біреуі үрдістерді әлеуметтік өзгерістерге сіңіретін “комбинациялар түйсігі” болса; екіншісі, “агрегаттарды сақтаудағы табандылықты”, яғни кертартпалықты, әлеуметтік нысандардың тұрақтылығын білдіреді.

Әдетте, бір қоғамның “тұнбасы” екінші қоғамның “тұнбасынан” едәуір ерекшеленеді. Олар тұтастай алғанда жеке бір қоғам шегінде көп өзгере қаймайды. Бірақ оларды әрбір қоғамның өз ішіндегі әр түрлі топтарға бөлу айтарлықтай құбылып отырады.

“Тұнба” — “теорияларда” адамның логикалық емес әрекеттерін “логикаға сәйкестендіретін” тұрақты элемент. Олар көбінесе “сезімдердің” тікелей көрінісі болатын қабатынан табылады.

Парето өзі бөліп қарастырған “тұнбалардың” алты тобы Батыстың тарихында екі мың жыл бойы тұрақты болып келгенін көрсетеді. Сонымен бірге әр топтың ішіндегі шағын топтар онша тұрақты болмайды, олардың кейбіреуінің күшеюі, екінші біреулерінің әлсіреуіне алып келуі мүмкін.

Парето идеяларының өзектілігіне зор үлес қосқан американ әлеуметтанушысы Т.Парсонс “тұнбаның” екі санатын көрсетеді: біріншісі түйсіктен, яғни биологиялық импульстерден туындайтын, екіншілері нормативті “тұнба”, басқаша айтқанда, құндылықты орнықтырушылар. Паретода бұл санаттардың айырмашылықтары көрсетілмейді. Оның «тұнба» түйсіктің (сезімнің және т.б.) көрінісі деген сөзіндегі «көрінісі» «қатысуын көрсетеді» деген мағынаны меңзейді. Ал «тұнба» құндылықты орнықтырушы ретінде «көрінсе», онда бұл «оның ауызша айтылған немесе салт-жоралғылық мінез-құлқын» білдіреді.

Паретоның ойынша, “туынды” немесе “деривациялар” “теорияның” ауыспалы, жеңіл тобын құрайды. Бұл ұғым Сорельдің аңызындағы ұғымға жақын. “Туындылар” “тұнбаларға” және солар арқылы күш алатын “сезімдерге” негізделеді.

Парето “туындылар” “тұнбалардан” шыққанымен, оларға сәйкес келмейтінін атап көрсетеді. Осыдан барып, әлеуметтік ғылымдардың жасалуында басты қиындықтар туындайды, өйткені бізге өздерінің пайда болу негіздері жасырын болатын “туындылар” ғана белгілі.

“Туындылар” адамның қажетін логикада немесе жалған логикада қанағаттандырады. Ол үстірт және өзгермелі топ бола тұрса да, әлеуметтік жүйеде өте маңызды рөл атқарады. Олар “тұнбаларды” интенсивті ете алады, күшейте алады немесе әлсірете алады. Олар “сезімдерге” ықпал ету немесе соларға айналу арқылы әлеуметтік тепе-теңдікке әсерін тигізуге қабілетті. Алайда “туындылар” “сезім” мен “тұнбаға” тәуелді болғанымен, өздері дербес тіршілік етуге, бірін-бірі туындатуға, өздерінің арасында әр түрлі комбинациялар жасауға және “сезімдік-тұнбалық” негізді анықтауға ықпал етуге икемді.

Парето “туындылардың” субъективті жағына назар аударады. Оларды әлеуметтану тұрғысынан зерттеулер бір адамдардың басқа адамдарды өзіне еліктіріп ілестіруде қандай логикалық немесе жалған логикалық әдістерді қолданатынын анықтауға бағытталған. Осыған орай, Парето “туындыларды” төрт топқа бөледі.

Бірінші топ — “қарапайым сендірулер”, олардың формуласы мынадай: “бұл осылай, өйткені осылай болуы керек” немесе “осылай істе, өйткені осылай істеу керек”. Анасы баласына ақыл айтқан кезде осылай дейді.

“Туындылардың” екінші тобы беделге (тұлғаға, әдет-ғұрыпқа, салт-дәстүрге) сүйенетін дәйектер мен пайымдаулардан тұрады, олар “туындыларды” логикалық құндылығына қарамай тиімді етеді.

“Туындылардың” үшінші тобында “дәлелдемелер” әлдебір сезімдерге, жеке-дара немесе ұжымдық мүдделерге, заңдық принциптерге (Құқық, Әділеттілік), метафизикалық мәндерге (Ынтымақ, Прогресс, Демократия, Ізгілік) немесе тылсым мәндерге негізделеді.

“Туындылардың” төртінші тобы “ауызша дәлелдемелердегі” ой-пікірлерден күш алады, яғни «белгісіз, күмәнді, екі жақты мағынасы бар терминдерді қолдануға негізделген және шындыққа жанаспайтын» дәлелдемелер.

Осыдан мынадай қорытынды шығаруға болады. Паретоның түсіндіруіндегі “туындылар” жалпы алғанда белгілі бір “тұнбалар” мен соларға сәйкес “сезімдерге” қатынасында екі қарама-қарсы функция атқарады: біріншіден, олар осы “тұнбалар” мен “сезімдерді” тауып, көрсетіп отырады, екіншіден, туындылар оларды жасырады. Белгілі бір жағдайға байланысты бірінші орынға не алдыңғы, не кейінгі функция шығады.

Паретоның әлеуметтанушы ретінде “туындыларға” көзқарасы екі жақты. Бір жағынан, оларды үнемі сынап, әшкерелеп, логикалық-тәжірибелік көзқарас тұрғысынан қанағаттандырмайтынын көрсетіп отырса, екінші жағынан, олардың басқаша бола алмайтындығын, өйткені олардың қисынға сәйкес келмейтіндігі едәуір дәрежеде әлеуметтік тиімділігін анықтайтынын атап көрсетеді.

Мұндай көзқарас — оның әдіснамасының табиғи салдары, оған сәйкес белгілі бір ілім тәжірибелік көзқарас тұрғысынан қабылданбауы және әлеуметтік пайдалылық көзқарасы тұрғысынан қабылдануы мүмкін.

Алайда әлеуметтанушының көзқарасы “туындыларды” Паретоның еңбектерінде өзіміз кездестіретін кең ауқымды қатты сынауды талап етті ме? Бұл жағдайда ол тек әлеуметтанушы ретінде ғана емес, сыншы, оған ұнамаған әлеуметтік құндылықтарды әшкерелеуші ретінде сөйлейді. Осылайша, логикалық-тәжірибелік көзқарас, оның ниетіне қарамастан, әлеуметтанушының көзқарасы болудан қалып, ғылыми талдау құралынан “бет пердесін ашу” құралына айналады. Сонымен бірге, “туындылардың” қисынсыз және тәжірибелік емес сипаты Паретоның бейнелеуінде әлеуметтік пайдалылық факторы болып табылады. Демек, қандай да бір “теория” неғұрлым мағынасыз болса, ол әлеуметтік көзқарас тұрғысынан соғұрлым  пайдалы. Бірақ адамды таза ақыл-ой иесі деп бейнелейтін аңғал рационализм жорамалдары сияқты мұндай жорамалдарды да дәлелдеу қиын-ақ.

Парето әлеуметтік реализм мен әлеуметтік номинализм дилеммасын шешуден бас тартады: бұл дилемма логикалық-тәжірибелік әлеуметтану үшін мүлдем жоқ нәрсе. Ол қоғамды ерекше нәрсе ретінде қарастырудан бас тартады, алайда қоғамды бірлесудің ерекше түрі ретінде қарастыруды мойындайды. Әлеуметтік жүйенің жеке адамдары, “молекулалары”, құрамдас бөліктер қасиеттерінің жиынтығы болып табылмайтын қасиетке ие “химиялық қосылыстар тәрізді бірлестікті құрайды”.

Парето қоғамды өзара тәуелді бөлшектерден тұратын жүйе ретінде қарастырады. Жүйелік бағыт оның әлеуметтануында басты ерекшелік пен жетістіктердің бірін құрайды. Бұл бағыт әлеуметтану тарихында негізінен екі редукциялық үлгінің ықпалымен қалыптасады: организмдік (қоғам организм ретінде) және механизмдік (қоғам механизм ретінде). Осы екі үлгінің ішінен Парето, мәселен Дюркгеймге қарағанда, екіншісін таңдап алады, бірақ кейде біріншісіне де сүйенеді.

Паретоның ойынша, осы уақыт пен осы жердегі әлеуметтік жүйенің жағдайы мынадай факторлармен анықталады: біріншіден, сыртқы табиғи жағдайлар: топырақ, климат, флора мен фауна, геологиялық жағдайлар және т.б. Екіншіден, осы қоғамға қатысты табиғи емес сипаттағы жағдайлар. Оған қоғамға басқа қоғамның әсер етуі (кеңістік тұрғысынан алғанда, сыртқы жағдайлар) және осы қоғамға алдыңғы жай-күй салдарының әсер етуі (яғни уақыт тұрғысынан алғандағы сыртқы жағдайлар). Үшіншіден, жүйенің ішкі элементтері, олардың ішінде негізгісі нәсіл, “тұнбалар” немесе олардан көрініс табатын “сезімдер”, “туындылар”, ұмтылыстар, мүдделер, пайымдауға, бақылауға деген қабілеттілік, білімнің жай-күйі, т.б. болып табылады.

Парето әлеуметтік жүйенің барлық элементтерінің бір-біріне тәуелділігін үнемі баса көрсетіп отырды. Осы өзара тәуелділіктің салдарынан бір элементте болып жатқан өзгерістер басқа элементтерде қайталанып отырады. Парето әлеуметтік жүйенің жеке элементтерінің арасында бір жақты себеп-салдарлық байланыс орнату әрекетін жоққа шығарады: “Әрекеттер мен қарсы әрекеттер бірінен соң бірі үздіксіз болып отыратынын ұмытпаған жөн…” Монистикалық және редукционистік теорияларға қарсы Парето көпфакторлылық идеясын қорғайды, оның ойынша, бұл идея әлеуметтануда жүйелік бағыттың қажетті алғышартын жасайды. Әлеуметтік жүйенің әр элементі оның басқа элементтеріне қарағанда қандай рөл атқаратынын қарастырудан кейін ғана түсіндіріледі. Қоғамдағы іс-әрекеттер мен қарсы әрекеттер процестері бірін-бірі бейтараптандырып отырады, сондықтан қоғам, әдетте, тепе-теңдік күйінде тұрады.

Парето жүйе ұғымын да, тепе-теңдік ұғымын да механикадан, химиядан және Л.Вальрастың экономикалық теориясынан алады. Қоғам үнемі эволюция процесінде болатындықтан, әлеуметтік жүйенің тепе-теңдігі серпінді болып келеді. Тепе-теңдікті ұстап тұруда сезім басты маңызға ие.

Парето әлеуметтік дамудың прогрессивті сипатын теріске шығарады. “Прогресс — ол әшкерелеген “теориялардың” бірі. Оның көзқарасы бойынша, әлеуметтік жүйелердің дамуы маятниктік, тербелмелі және тізбектік сипатқа ие. Жалпы әлеуметтік жүйелердегі сияқты, оның экономика, мәдениет, саясат және басқа салаларында үрдістердің бірін-бірі ырғақты ауыстырып отыратыны байқалады. Бұл үрдістердің ауысуы қоғамның тепе-теңдік күйін сақтайды.

Парето әлеуметтік дамудың тізбектік сипаты туралы түсіндірмесін өзінің әлеуметтану жүйесінде басты орын алатын элита теориясында жүзеге асырады.

Оның пайымдауынша, жеке адамдар дене күші, интеллектуалдық, адамгершілік жағынан бірдей болмайды. Сондықтан әлеуметтік теңсіздік те ол үшін табиғи, анық және шынайы жәйт. Қайсыбір іс-әрекет саласында жоғарғы көрсеткіштерді көрсететін адамдар элитаны құрайды. Іс-әрекеттің әр саласында өз элитасы болады.

Парето элитанын екі түрін бөліп көрсетеді: билеуші, яғни саяси билікті жүзеге асыруға қатысатын және билік етпейтін элита. Жалпы, оның теориясында әлеуметтік стратификация екі сатылы пирамида түрінде беріледі: оның жоғарғы бөлігін — саны аз элита (“жоғарғы топ”), ал қалған бөлігін халықтың негізгі бұқарасы (“төменгі топ”) құрайды. Элиталар басқару нысанына қарамастан барлық қоғамда болады.

Парето “элита” терминіне бағалаушы элементін енгізбей, оны таза сипаттамалық тұрғыдан түсіндіруге ұмтылады. Сөйте тұра, ол бұл ұғымды түсіндіруде белгілі бір  қарама-қайшылықтан арыла алмады. Бір жағынан, ол элита өкілдерін табиғи сұрыпталудың нәтижесінен пайда болатын қызметтің белгілі бір түрлеріне неғұрлым қабілеттілер және біліктілер ретінде  сипаттаса, екінші жағынан “Трактатта” адамдардың элитаға сәйкес қасиеттері болмаса да осы “белгіге” ие болатындар бар деген пайымдаулар кездеседі. Бұдан бірінші түсіндірменің екіншісіне қайшы келетінін байқауға болады. Бірінші жағдайда Парето ашық таптық құрылымы және әлеуметтік жинақылықтың “табиғи сұрыпталу” принципіне негізделген жетілдірілген жүйесі бар қоғам туралы айтпақ болған тәрізді. Бұл жағдайда адамның элитарлық қасиеттері мен элитарлық мәртебесі сәйкес келуі керек, алайда бұл тарихта сирек кездесетін жағдай. Дегенмен де, жалпы алғанда, Паретода элита шын мәніндегі тиісті сапаға ие және өзінің жоғары жағдайына лайықты болатын адамдардан құралады деген ұғым басым.

Билеуші элита өкілдеріне тән белгілер: өзін-өзі меңгере білу; өз мақсаттарына жетуде басқа адамдардың әлсіз жақтарын дәл тауып пайдалана білу; адамдардың эмоцияларына сүйене отырып, сендіре білу қабілеті; қажет болған жағдайда күш қолдана білу қабілеті.

Соңғы екі қабілеттің бірін-бірі алмастыратын сипаты бар, басқару не күштеу арқылы, не сендіру арқылы жүзеге асырылады. Егер элита осы әдістердің бірін де қолдана алмаса, онда ол сахнадан кетіп, басқа қабілетті элитаға орын береді. Осыдан Паретоның “Тарих — аристократиялардың зираты” деген тезисі шыққан.

Әдетте, элита мен халықтың негізгі бөлігі арасында үнемі ауысу жүріп отырады: элитаның бір бөлігі төменгі топқа ауысып, ал халықтың арасынан неғұрлым қабілетті бөлігі элитаның құрамын толтырып отырады. Жоғарғы топтың жаңару процесін Парето элиталардың айналымы деп атайды. Айналымның арқасында элита бірте-бірте және үздіксіз жаңару күйінде болады.

Элиталардың айналымы әлеуметтік тепе-теңдікті ұстап тұру үшін  өте қажет. Ол билеуші элитаны басқаруға қажетті қасиеттермен қамтамасыз етеді. Ал егер элита жабық күйде болса, яғни айналым жүрмей немесе тым баяу жүретін болса, онда элита азғындап, құлдырап кетеді. Сонымен бірге төменгі топта басқаруға қажетті қасиеттері бар және билікке жетуде күш қолдануға қабілетті жеке адамдардың саны өседі. Бірақ бұл жаңа элита да төменгі топ өкілдері есебінен жаңарып отырмаса, өзінің басқару қабілетінен айрылады.

Паретоның теориясына сәйкес, саяси революциялар не элита айналымының баяу жүруінен не жоғарғы топта төмен қасиеттердің жиналып қалуы салдарынан туындайды. Революцияның өзі элита айналымын толықтырушы балама ретінде көрсетіледі. Белгілі бір мағынада революцияның мәні билеуші элитаның құрамын күштеп ауыстыруды білдіреді. Бұл орайда, әдетте, революция барысында төменгі топтан шыққан жеке адамдарды жоғарғы топтың жеке адамдары басқарады, өйткені оларда күресуге қажетті интеллек-туалдық қасиеттер болады.

Тарихи дамуда элиталардың жоғарылауы мен төмендеуі үнемі байқалып отырады. Олардың алмасуы — адамзат қоғамының тіршілік ету заңдылығы. Бірақ элиталардың құрамы ғана ауысып қоймайды, сонымен қатар олардың контингенті де, элиталардың түрлері де алмасып отырады. Мұндай ауысудың себебі элиталарда  бірінші және екінші топтағы “тұнбалардың”, яғни “комбинациялар түйсігі” мен “агрегаттарды сақтаудағы табандылықтың” кезектесіп келуінде жатыр.

Элитаның “комбинациялар түйсігіне” ие болған бірінші түрі халықты сендіру, сатып алу, алдау, тікелей ақымақ ету арқылы басқарады. “Тұнбаның” бірінші тобының күшеюі мен екіншісінің әлсіреуі билеуші элитаның болашаққа емес, осы шаққа көп көңіл бөлуіне алып келеді. Жақын арадағы болашақтың мүдделері алыстағы болашақ мүдделерінен басым болады; материалдық мүдделер – мұрат еткен мүдделерден; жеке адам мүддесі — отбасы, басқа да әлеуметтік топтың, ұлттың мүддесінен басым болады.

Уақыт өте келе билеуші тапта “комбинациялар түйсігі” дамыды, ал бағынушы тапта, керісінше, “агрегатты сақтаудағы табандылық” түйсігі күшейеді. Бұл бөліну қатты күшейген кезде революция болып, билікке “тұнбаның” екінші тобына ие болған элитаның басқа түрі келеді. Элитаның бұл санатына агрессияшылдық, авторитарлық, тоңмойындық, ымыраға келмеушілік, әрекетке және бәтуаға келуге күдікпен қарау тән болады.

Билеуші элитаның бірінші түрін Парето — “түлкілер”, екінші түрін “арыстандар” деп атайды. Экономика саласында бұл екі түрге “алыпсатар” және “рантье” санаттары сәйкес келеді: олардың біріншісінде бірінші топты “тұнбалар” басым болса, екіншісінде екінші топ басым болады. “Пайдакүнемдер” экономикалық комбинациялар саласында жақсы қабілеттерге ие бола отырып, азын-аулақ табыстарға қанағаттанбай, көп пайда табуға ұмтылады. Екі санаттың әрқайсысы қоғамда тиімді функциялар орындайды. “Пайдакүнемдер” экономикалық та, әлеуметтік те прогрестің өзгеруіне себеп болса, Рантье керісінше, күшті тұрақтылық факторын құрайды. Рантье басым болған қоғам қозғалмайтын күйде қалып, тоқырауға бейім келеді; ал “пайдакүнемдер” басым қоғам тұрақтылықтан айрылып, тұрақсыз тепе-теңдік күйінде болады, оның сырттан немесе іштен оңай бұзылуы мүмкін.

Паретоның әлеуметтану классиктерінің санатына кіретіні баршаға мәлім. Ол қоғамның жүйе ретіндегі ұғымының қалыптасуына үлкен үлес қосты. Оған тепе-теңдік тұжырымдамасы, әлеуметтік жүйенің барлық элементтерінің өзара әрекет етуі мен өзара тәуелділігі, элементтер арасындағы бір жақты және әмбебап себеп-салдарлық байланысты терістеуі және әр элементтің әлеуметтік жүйеде басқа элементтерге қатынасындағы алатын орны бойынша түсіндіру жағдайы кіреді. Соңғысы Паретоны әлеуметтануда құрылымдық-функционалдық талдаудың негізін салушылардың бірі ретінде көрсетеді.

Парето еңбектерінде адам іс-әрекеттері мен олардың себептерін талдауды жүзеге асырудың ғылыми мәні зор болды. “Логикалық” және “логикалық емес әрекеттер”, “тұнба” және “деривация” терминдері кейін әлеуметтануда іс жүзінде қолданылған жоқ. Дегенмен осы терминдермен берілген құбылыстарға талдау жасау әлеуметтанушылар үшін әлеуметтік мінез-құлықтың иррационалды және эмоционалды факторларының “идеологияларда”, теорияларда”, наным-сенімдерде және т.б. саналы және санасыз түрде қолданылатын әр түрлі таптаурындардың, нұсқамалардың және басқалардың рөлін едәуір ашып берді. Осындай эмоционалдық факторлардың қисынды дәлелдемелерімен салыстырғанда анағұрлым тиімді болуы адамды және бұқараны белсенді әрекеттерге бастайтыны, қазіргі кезде саясаттануда, насихат пен бұқаралық коммуникация теориясында да кеңінен танымал болып отыр.

Парето алғаш рет элитаның жан-жақты теориясын жасады. Ол элиталық топтың кейбір әлеуметтік-психикалық мінезін және халықтың авторитарлық, шыдамсыздық және неофобия сияқты қасиеттерін сипаттап берді. Өзінің элиталар айналымы тұжырымда-масында ол әлеуметтік тепе-теңдікті ұстап тұру мен әлеуметтік жүйелердің тиімді функциялар атқаруы үшін әлеуметтік жинақылықтың қажеттілігін негіздеді.

Бір ғажабы, элита теориясының жасалуы Паретоның өзіне ұнамайтын демократия ұғымының тереңдеуі мен нақтылануына жәрдемдесті. Қоғамдағы элитаның шынайы орнын түсіну “нағыз” демократияның халық билігі ретіндегі, халықтың өзін-өзі басқаруы ретіндегі бұлыңғыр және мағынасыз ұғымынан демократия туралы, атап айтқанда, элита айналымының ерекше ашық жүйесі туралы, қоғамдағы билік пен бедел үшін тең жағдайда өзара бәсекелесу туралы ұғымға өтуге мүмкіндік туғызды.

Рас, Паретоның элита теориясының кейде оның жүйелік бағытымен қарама-қайшылыққа келіп қалатын тұстары бар. Ол элита ерекшеліктерін әлеуметтік жүйелерден шығаруға бейім емес, керісінше, әлеуметтік жүйелерді элиталық топтардың іс-әрекеті мен психикалық белгілерінің салдары ретінде қарастырады. Сонымен қатар, элиталардың қызмет атқаруы мен оларды алмастыру тәсілдері — өзіндік бар құбылыстар мен процестер емес. Олар түрлі әлеуметтік жүйелердегі процестерге байланысты әр түрлі болып келеді; әлеуметтік пирамиданың төбесі оның негізімен, бүкіл болмысымен анықталады.

Паретоның әлеуметтану идеяларының әлеуметтік-тәжірибелік ықпалын оның басқа да көптеген публицистикалық еңбектерінің ықпалынан бөліп көрсету өте қиын. Ол үнемі барлық ескі нанымдардан арылуға ұмтылды, бұл ғылыми ақиқатты іздеуде қажетті шарт болды. Бірақ мұндай ізденіс міндетті түрде одан демократия, еркіндік, ізгілік сияқты “наным-сенімдерді” қатаң сынауды талап еткен жоқ. Керісінше, тарихи тәжірибе көрсеткендей, қоғамда мұндай құндылықтар бекімейінше ешбір “логикалық-тәжірибелік ғылымның” өмір сүруі мүмкін емес. Парето жөнінде Карл Поппер былай деген: “Егер ол өзінің теріс ұғым мен теріс емес ұғым арасында емес, тек ізгілік тұрғысынан қате түсінік пен ізгілікке қарсы қате ұғым арасынан таңдап отырғанын іс жүзінде байқаған болса, онда ол өзінің артықшылығын аз сезінген болар еді”.

Өзі айтқандай, “барлық діндердің атеисі бола отырып, Парето фашизм өсіп шыққан наным-сенімдерден құтылуға тырысады. Өзінің «Трактатында» ол ұлтшылдық, империализм, нәсілшілдік, антисемитизм сияқты идеологияларды сынайды. Бірақ басты назарын өзінің заманында үстемдік еткен либералдық демократия идеологиясын “әшкерелеуге” аударады: нәтижесінде Парето мен Муссолини екеуінде бір ғана ортақ жау болып шықты. Парето кейін фашизм іс жүзінде басып тастаған тоталитаризмге қарсы құндылықтарды теориялық тұрғыдан ғана түсіндірді.

Парето Италияда өзі қайтыс болар алдында орнаған фашистік режимге ұстамды қолдау көрсетті. Бұл орайда жаңа режимнің Италияда жағымсыз жақтарын бірден көрсете қоймағанын айта кету маңызды, сондықтан кейбір либералды интеллигенция өкілдері алғаш мұны елді дағдарыстан шығаратын күш деп білді. Мәселен, фашизмге қарсы либералды оппозиция лидерлерінің бірі болған белгілі итальян философы Венедетто Кроче де алғашында жаңа режимге қолдау көрсеткен болатын.

Егер Парето фашизм тұсында ұзақ өмір сүргенде оған көп нәрсе ұнамаған болар еді. Жаңа режим тұсында жазылған мақалалардың бірінде ол фашизм әскери авантюра, баспасөз бостандығы мен білім жүйесіндегі бостандықты шектеу сияқты қоғам үшін қауіпті болып табылатын құбылыстардан аулақ болуы тиіс деп көрсетеді. Бұл ескертулер фашизмнің табиғатын Паретоның жете түсінбегендігін көрсетеді: себебі ол фашизмді оның мәні болып табылатын және онсыз өмір сүре алмайтын нәрселерден сақтандырып отыр. Мұндай сақтандырулар әлеуметтанушының өз еңбектерінде көп жазған “қисынсыз әрекеттердің” нақты мысалы болып табылады.

Басқа да материалдар Мұғалімдерге Ашық сабақтар Сабақ Жспарлары Оқушыларға Рефераттар ҰБТ Шығармалар СӨЖ

ПІКІР ҚАЛДЫРУ