Көркем — Көлсай

0
751

2016 жылдың жазы. Алматының қарбаласын артқа тастап, әсемдігімен көпті таңқалдырған Көлсай көліне бет алдым. Көңілде алабұртқан екі сезім ұштасқандай. Бірі оқушылық өмірді артта қалдырып, студенттік өмірге қадам басқалы отырған қуаныш сезімі болса, екіншісі ҰБТ-дан аз балл жинап қалдым-ау деген өкініш езімі. Көлсай көліне аттануымның басты себебі осы ҰБТ еді. Ата-анам барып сергіп қайт деп жіберген. Әке-шешемнің маған артқан үміттерін ақтай алмай қалдым-ау деген беймаза бір сезім тағы бар. Ол кісілер: «Ештеңе етпейді, бұл өмірдің бір белесі ғана. Сені оқытпағанда кімді оқытамыз» — деп жұбатқан. Неде болса барлығы енді артты қалды. Алда тек жақсылық деген оймен сайын даланың төсіне көз тастаумен келемін. Бірте-бірте қырат-қырат жоталар мен биік жартастардың бейнесі көзге түсе бастады. Жол бойындағы ауылдардан бұзау қуып, атқа мініп жарысқан балаларды да көзім шала бастады.  Не деген керемет деп ойлап келемін. Кәдімгі ауыл тынысы. Осылайша жота артынан жота тастап, 4-5 сағаттық жолды жүріп өтіп көлге де жеттік. Көліктен түсе сала биіктігіне көзің жетпейтін, қарағайлы жартастардың ортасында мөлдіреп жатқан Көлсай бірден өзіне баурап алды. Бейне бір табиғат сұлулығының мекені осы жер іспетті. Сылдырлап аққан мөлдір суы мен әсем әнін сайраған бұлбұлының үні осы табиғатпен үйлесім тапқандай. Осынау көркем табиғаттың сұлулығына көзім тоймай, бір орында қатып тұрып қалғанымды өзім де байқамаппын. Бағанағы бойды кернеген беймаза сезімдер енді ұмытылғандай. Ойымда ештеңе жоқ. Тек осы бір табиғат сұлулығына ары-қарай үңілсем екен деген жаңа ой пайда бола бастағандай.


ПІКІР ҚАЛДЫРУ