Жаңа оқу жылы қаңтарда басталатын мемлекет

0
1455

Бүгінгі таңда Аустралияда 10 мың мектеп, 300 мемлекеттік колледж және 40 университет бар. Мектептердің 71% мемлекеттік болса, қалғаны жекеменшік мекемелер.

Жекеменшік мектептерде білім сапасы өте жоғары болғандықтан, бағасы да қымбат. Осының салдарынын тек бай балалары ғана оқи алады. Мемлекеттік мектеп оқушылары аустралиялық отбасының үйінде тұруға мәжбүр болса, жекеменшік мектептердің арнайы жатақханасы болады.

Ұлыбританиядағыдай қыздар мен ұлдар араласып және бөлек отырып оқитын мектептер бар.Шетелден келіп оқитын оқушылар өте аз болады. Шамамен 15 мың ғана.

Оқу жылы қаңтардың соңында басталып, желтоқсанның аяғында бітеді. 12 аптадан тұратын тоқсандықтарға бөлінеді.

Мектептің орналасқан штатына байланысты білім жүйесінде ерекшеліктер болады. Оңтүстік Жаңа Уэльс, Виктория, Тасмания сынды аймақтарда орта мектепте 7-10 сыныптар болса, Батыс, Оңтүстік Аустралия, Квинслендте 8-10 сыныптар бар. 10 сыныптан кейін жоғарғы сынып оқушылары болып саналады. Орташа есеппен аустралиялық балалар мектепке 6 жасынан бастап барады. 12 жасқа дейін бірінші, 16 жасқа дейін екінші, 18 жасқа дейін үшінші орта білімнің баспалдағын аттайды. Осылайша 12 жыл оқиды. Ресей аттестатының мойындалмайтын себебі де осы.

Ағылшын тілі, математика, қоғамдық және жаратылыстану ғылымдары, шетел тілі, спорт негізгі пән болып саналады. Мұнымен қатар, жоғарғы сыныпта таңдаған мамандықтарына қатысты қосымша пәндер оқиды. Мектептер оқушының тұлға болып қалыптасуына, спортпен айналысуына көп көңіл бөледі. Шетел тілдерін оқытуға баса назар аударады.

Аустралия соңғы 10 жыл бойы білім беру сапасының артқандығымен ерекшеленіп келеді. Жыл бойы шуақты ауа райы, өмір сапасының жоғарылығы, мемлекеттік тіл ретінде ағылшынды пайдалануы сынды оңтайлы тұстары бар. Осы себептерге байланысты аталған мемлекетке жыл сайын шетелден 160 мыңға жуық студент келеді.

Аустралияның оқу орындары мемлекет тарапынан қатаң бақылауға алынады. Шетелдік студенттерді қабылдайтын ЖОО-лар міндетті түрде «Cricos Code» деп аталатын мемлекеттік аккредитациядан өтуі тиіс. Осылайша оқу орынның әлемдік стандартқа сай келуі қатаң бақылауға алынады.

Аталған мемлекетте білім сапасының жоғары екенін жыл сайын оқуға келетін 150 мың студент санынан-ақ көруге болады. Білім ерте кездерден-ақ Аустралияның экспортына айналған. Мұнымен қатар, шаруашылық өнімдерін экспорттаудан 3-4 орынға ие.

Аустралияға оқуға баратын студент ресми рейтинг жүйесі болмайтындығын да ескергені жөн. Оны Аустралияның Білім министрлігі де қолдаймайды. Есесіне университеттер қонақ үй секілді қызмет көрсету сапасына сәйкес жұлдыз дәрежесін алып отырады. Былайынша жұлдыздың берілуімен рейтинг жүйесін теңестіруге болады. Жұлдызды ЖОО-дағы студенттердің академиялық табысына, ғылыми атағы бар мұғалімдердің санына қарай береді. Бұдан өзге де әсер етуші факторлар бар. Алайда Аустралияның ЖОО-лары әлем рейтингі бойынша алдыңғы қатардан көрінеді. Times рейтінгісіне сәйкес Аустралияның ұлттық университеті сапасы жағынан ЖОО-лардың ішінде 16-орында, Melbourne University 22-орында тұрады. Ал Financial Times рейтінгісіне сәйкес Australian Graduate School of Management бизнес мектебі әлемнің ең үздік 30 оқу орнының құрамына кіреді.

Аустралия эмигранттар мемлекеті болғандықтан, шетелдіктерді «екінші сорттағы» адам ретінде қабылдамайды. Мысалы, бір ғана Сиднейдің өзінде 140-қа жуық ұлт өкілдері өмір сүреді. Мұнымен қатар, адамдарды қай ұлт екеніне қарап бөліп-жармайды.


ПІКІР ҚАЛДЫРУ