Жасай бер, ана тілім — қазақ тілі (Тақырыптық кеш)

0
2489
Иллюстрация: Freepik.com

Ана тілі бәрінен де биік- ханнан да,      

қарадан да. Саясатшылар келеді,

кетеді, ал ана тілі – мәңгілік.  

Осыны есте ұстайық.                             

                  Марат Қабанбай.

Мақсаты: Оқырмандардың ана тіліне деген сүйіспеншілігін арттыру, ана тілін қастерлеуге баулу.

Дайындық кезеңі: Оқырмандарға ана тіліне арналған өлең шумақтары мен әндер жаттап келуге тапсырма беріледі.

Безендірілуі: «Қазақ тілі – болашағым, ертеңім…” атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, гүл шоқтары қойылады, нақыл сөздер, шарлар, қазақ тілін зерттеуші ғалымдардың портреттері ілінеді.

Сахнаға екі бастаушы шығып, М.Қанафияұлының «Жасай бер, ана тілім!” өлеңін оқиды.

1-бастаушы:        Жылаған алғашқы іңгә үннен тілім,

                            Жөргекте былдыр қағып күлген тілім.

                            Жағымды ана әлдиі, ақ сүтімен,

                            Жүрегіме, қаныма сіңген тілім.

2-бастаушы:        Жанымды жадыратқан бала тілім,

                            Жыр, ертек жаттаттырған сана тілім,

                            Жаралып жермен бірге, күн көзімен,

                            Жасасқан қазақ тілі – ана тілім.

1-бастаушы:        Жарысқан жыл құсымен үнді тілім,

                            Жарасқан дала, малмен сырлы тілім.

                            Жиһанкез желмаялы Асан қайғы,

                            Жер-жерге баға берген сынды тілім.

2-бастаушы:        Жырлатқан қазақтардың қазақтығын,

                            Жырлатқан елдік, ерлік азаттығын.

                            Жұлдызды құдіреттің туы болған,

                            Жауынгер ана тілім – қазақ тілім.

Бірнеше оқырман тіл туралы жазылған қанатты сөздерді оқи отырып, бір-біріне сұрақтар қою арқылы пікір алысады.

1-бала: — Мен саған «осы тіл не үшін керек?” деген сұрақты қойғым келіп отыр.

2-бала: — Досым –ау, тіл бір-бірімізбен сөйлесу, түсінісу үшін қажет қой. Апай «Тіл – қарым-қатынас құралы” деп түсіндірді емес пе?

1-бала. — Жарайды, тіл – қарым-қатынас құралы-ақ болсын, онда адамдардың бәрі бір ғана тілде сөйлеп, түсінісе бермей ме? Ана тілі деп бөлгені несі?

3-бала: — Ой, айтқышбегім-ай. Кез келген адамның өз анасы болатыны сияқты дүние жүзіндегі халықтардың да өз анасы, өз тілі, өз Отаны бар емес пе?

4-бала: — Балалар, ана тілі дегеніміз – ананың ақ сүтімен бойға дарыған  өз анамыздың тілі ғой. Ал ана деген – бәрінен қастерлі, аяулы да асыл жан.

5-бала: — Мен сендерге Әли Әпекұлы деген ақынның ана тілі туралы  мына өлеңін оқып берейін:

  Ана тілім – бала шағым өркенім,

  Ана тілім – болашағым, ертеңім,

Ана тілім – сайын далам, жер, көгім,

 Ана тілім – арман, ойым, өрнегім.

  Ана тілді білмесем,

 Шат-шадыман күлмес ем,

  Жер бетінде сайраңдап,

Қазақ болып жүрмес ем.

6-бала: — Керемет екен. Ал  Әбділда Тәжібаев атамыздың мына өлеңі  естеріңде ме?

   Туған тілім —  тірлігімнің айғағы,

 Тілім барда айтылар сөз ойдағы

Өссе тілім – мен де бірге өсемін,

 Өшсе тілім – мен де бірге өшемін.

7-бала: — Ақын апаларымыз да тіл туралы тамаша өлеңдер шығарған.

Тұрсынхан Әбдірахманова деген әрі ғалым, әрі әнші, әрі ақын апамыз былай депті:

Ана тілім – бәрін сөйлер шежірем,

Тілсіз нені білдіре алам, не білем?!

Тілім барда ғана мынау ғаламның

 Кілтін табар саналысы сезінем.

О, адамдар, қадіріне жетіңдер,

 Ана тілің – анаң, сыйлап өтіңдер!

8-бала: — Дұрыс-ақ, бірақ кейде өзінің ана тілін  сыйламайтын, білгісі  келмейтіндер де  кездесіп қалады. Олар туралы не айтар едіңдер?

9-бала: — Әрине, адамның  бәрі бірдей емес, түсінігі төмен, білімі таяз  кейбір мәңгүрт жандар болатыны рас, ондайлар жайлы қырғыз ақыны Сарноғаев былай деген:

                            Ана тілін білмеген –

                            Ақылы жоқ желік бас.

                            Ана тілін сүймеген –

                            Халқын сүйіп жарытпас.

10-бала: — Ал халқымыздың кемеңгер жазушысы Ғ.Мүсірепов атамыз:

«Ана тілін ұмытқан адам өз халқының өткенінен де, болашағынан да қол үзеді. Ана тілін өгей ұлдар ғана менсінбейді» деген, сондықтан өз тілімізге, өз ұлтымызға өгей болмайық, достар!

11-бала: — Біздің ана тіліміз – қазақ тілі. Ол тек отбасы, ошақ қасының ғана тілі емес, мемлекеттік тіл ғой.

12-бала: — Иә, иә, оның рас. 1995 жылы 30 тамызда қабылданған  жаңа Конституцияда қазақ тілі Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тілі болып бекітілді. Ал  1997 жылы 11 шілдеде «Тіл туралы» Заң қабылданып, оның 4-бабында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі” екені жазылды.

13-бала: — Қазақстан – көп ұлтты мемлекет. Көп ұлтты мемлекет үшін мемлекеттік тіл өте қажет. Мемлекеттік тіл – көп ұлтты елдің барлық халқын саяси-мәдени бірлікке ұйымдастырудың басты құралы.

14-бала: — Олай болса, қазақ тілін жете білу арқылы біздер өнер  мен білімнің, мәдениет пен ғылымның биігіне жетіп, өз халқымыздың өткен-кеткенін зерделеп, оны әлемге таныта аламыз. Өз тілімізді құрметтеу арқылы басқа тілді де үйреніп, мәдениетін қадірлей аламыз.

Бәрі:           Ана тілін қастерлеп, құрметтейік!

Ә.Тінәлиевтің «Ананың тілі” әні

1-бастаушы: — Ал, балалар, енді «Жалғасын тап” ойынын ойнайық.

Ойынның шарты бойынша мақал-мәтелдің, қанатты сөздердің жалғасын табу керек.

  1. Тіл — адам ойының … (айнасы)
  2. Аңдамай сөйлеген … (ауырмай өледі)
  3. Ойнап сөйлесең де… (ойлап сөйле)
  4. Тисе терекке, тимесе … (бұтаққа)
  5. Айтылған сөз, … оқпен тең (атылған)
  6. Бал тамған тілден … тамар (у)
  7. Көп сөз — … (бос сөз)
  8. Көп сөз — күміс, аз сөз — … (алтын)
  9. Жасыңда қылжаң болсаң, өскенде … боласың. (мылжың)
  10. Таза сөйлеу – биік … (мәдениеттілік)

2-бастаушы:    Жанын сап, халқын сүйіп, баққан тілім,

  Жалықпай құпиялар ашқан тілім.

  Жаһанның төрт бұрышы түгел танып,

 Жат жұрттан да достарын тапқан тілім.

1-бастаушы:     Бұл жанды тіл – менің азат тілім,

   Жадымда талмай самғар қанат тілім.

   Жыр-қуат, сөзі – ана уызындай,

Жасай бер, Ана тілім – Қазақ тілім!

2-бастаушы: Қазақ тілі – бай тіл, оралымды, ырғақты теңеу-бейнелеулері ерте туған тіл. Поэзияда Абай, Ілияс, прозада Мұхтар сияқты алыптар туғызған тіл. Осындай тілімізді таза ұстайық!

Ана тіліңді қадірлеу – мемлекетіңді, ұлтыңды, өзіңді қадірлеу. Қазақстан егемендігін баянды етіп, оны әлемдегі озық елдердің қатарына қосу үшін мемлекеттік тілдің жетекші рөл атқаратындығын әсте естен шығармайық.

Әнұран елді  басқа жерде таныстырушы, сондықтан тіліміз әлемнің түкпір–түкпірінде естілуде. Ендеше, кешімізді Әнұранмен аяқтайық!

ТІЛ — БІЗДІҢ ТІРЕГІМІЗ, СОҒЫП ТҰРҒАН ЖҮРЕГІМІЗ

(Әдеби  ертеңгілік)

Дайындық кезеңі: Кітапхананың оқу залы. Тақырыпқа сай кітап көрмесі, гүл шоқтары, нақыл сөздер, шарлар, қазақ тілін зерттеуші ғалымдардың портреттері ілінеді.

Кітапханашы: Ана тілі – атаңның,  анаңның тілі, туған халқыңның тілі. Ана сүтіндей бойымызға біртіндеп сіңіреміз. Өнерлі, білімді, мәдениетті  қоғамның белсенді азаматы болуды біз тіл арқылы үйренеміз.

Жеке  бір адам ұлт тілін жасай алмайды. Тіл бүкіл халықтың игілігі, халықпен  бірге жасап, бірге дамиды. Ол әр халықтың жазуы жоқта кітабы, мектебі жоқта ұстазы болған. Әр азамат өз ойын ана тілінде білдіріп, білімінің жемісін сол тілде таратады, шығармасын ана тілінде жазып қалдырады.Халықтың тарихта қалуы тіліне байланысты. Тіл – халықтың жаны, сәні, дәлірек айтқанда, тұтастай кескін-келбеті. Адамды мұратқа жеткізетін тіл мен ата-дәстүрі. Ана тіліміз туралы М.Мақатаев, Ә.Тәжібаев, Д.Әбілев, М.Шаханов, Ж.Аймауытов сияқты көптеген  ақиық ақындарымыз жырлар жазды.

Ән: «Ананың тілі – аяулы үні”

1-жүргізуші:       Қазақ тілі – туын биік ұстаған,

                            Қазақ тілі – кең далама ұқсаған.

                            Қазақ тілі – мәртебелі, еңселі,

                            Құрметтеп отыр бүгін ел сені!

2-жүргізуші:Қазақ тілі – Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі.

Қазақ тілі – қазақ халқының тілі. Оның негізгі мекені – Қазақстан.

1-жүргізуші:   22 қыркүйек — Қазақстан  Республикасы  халықтарының тілдері күні, халықтық мереке. Тілді қастерлеу — ізгілік пен мәдениеттілік белгісі.

2-жүргізуші: 1997 жылы 11 шілдеде Қазақстан Республикасында «Тіл туралы» жаңа Заң дүниеге келді. Қазақ тілі ұрпақтан-ұрпаққа, атадан-балаға жеткен ұлы мәдени  мұра. Сондықтан да ана тіліміз талай жырға арқау болған.

1-қыз бала:         Сенің әрбір тынысыңмен күн кешем,

         Сен арқылы тіршілікпен тілдесем.

         Ел бетіне қалай түзу қараймын,

         Ана тілім, егер сені білмесем.

2-ұл бала:  Ана тілім, дана тілім, бақ тілім,

         Сенсіз бақыт дүниеден тапты кім?

         Сенсің менің қасіретім, шаттығым,

         Сенсің менің тазалығым, пәктігім.

«Ана тілін сүйеміз”әні

3-қыз бала:         Ең бірінші бақытым – халқым менің,

         Соған берем ойымның алтын кенін.

         Ол бар болса, мен бармын, қор болмаймын.

         Қымбатырақ алтыннан нарқым менің.

         Ал екінші  бақытым – тілім менің,

         Жас жүректі тіліммен тілімдедім.

         Кей-кейде дүниеден түңілсем де,

         Қасиетті тілімнен түңілмедім.

         Бақытым бар үшінші – Отан деген,

         Кім мықты? – десе біреу, — Отан дер ем.

         Оты сөнген жалғанда жан барсың ба?.

         Ойланбай-ақ кел-дағы от ал менен.

«Үш бақытым” (М.Мақатаев)

4-ұл бала:  Тағдырыңды тамырсыздық індетінен қалқала!

         Әр адамда өз анасынан басқа да,

         Демеп жүрер, жебеп жүрер арқада,

         Болу керек құдіретті төрт ана.

         Туған жері – түп қазығы, айбыны,

         Туған тілі – сатылмайтын байлығы.

         Туған дәстүр, салт-санасы, тірегі

         Қадамыңа шуақ шашар үнемі.

         Және туған тарихы,

         Еске алуға қаншама

Ауыр әрі қасіретті болса да.

Құдірет жоқ төрт анаға тең келер.

Онсыз санаң қаңбаққа ұқсап сенделер.

Өзге ананың ұлылығын танымас,

Төрт анасын менсінбеген пенделер.

Төрт анадан сенім таба алмаған,

Тамырсыздық басы қайда қалмаған?!

Төрт анасын сыйламаған халықтың,

Ешқашанда  бақ жұлдызы жанбаған.

Қасиетті бұл төрт ана – тағдырымның тынысы,

Төрт ана үшін болған күрес – күрестердің ұлысы.

«Төрт ана” (М.Шаханов)

5-қыз бала:         Ұйықтасам, ана тілде күбірледім,

                            Оянсам, сөйлеп кеттім, кідірмедім.

                            Анамның ақ сүтімен сіңген тілім,

                            Бітпейді менің одан бұрын демім.

                            Сырласпай адамдармен тұра алмаған,

                            Бұл тілге – жарық күнге жыр арнағам.

                            Жоңғармен шайқасқанда осы тілде,

                            «Ақ жолдап» бабаларым ұрандаған.

Мәңгілік дана сөзбен жасар адам,

Сүйектен өтетін тіл аса қатаң.

Бұл тілде желмаям  жортып келіп,

Кемеңгер кеңес берген Асан атам.

Мәңгі өлмес, мейлі, заулап көшер заман,

Жиреншедей дария шешен бабам.

Қазыбек, Төле, Әйтеке ердің құнын,

Екі ауыз сөзбен шешкен көсем бабам.

«Тілім менің” (Қ.Мырзалиев)

6-ұл бала:                     Тіл сенің –

                                      Ең қайратты арыстаның!

                                      Қорғаның дұшпаныңмен алысқан күн.

                                      Тіл сенің –

                                      Жүректегі жүйрік елшің,

                                      Көк орман, көк арайлы бағыстаның!

                                      Тіл сенің –

                                      Өмірдегі өрнек сырың,

                                      Тіл сенің –

                                      Көмейдегі күміс жырың!

                                      Аспаның,

                                      Айың,

                                      Күнің,

                                      Ауаң,

                                      Демің,

                                      Шат күлкің, тәтті әзілің, тапқыр сының.

                                      Тіл сенің –

                                      Жігіттік, балалығың,

                                      Өмірдегі адамдық даралығың.

                                      Тіл сенің –

                                      Шағын жорғаң шын тайпалар,

                                      Сайысса саңлақ сөзде ер байқалар!

                                      Жүйрік тіл жүректерді тебірентпесе,

                                      Шешен деп, шежіре деп кім айта алар?

                                      Ердің құнын бағалар екі ауыз сөз,

                                      Ел тағдырын шешіпті өткен бір кез.

                                      Досқа – бал,

                                      Дұшпанға – у,

                                     Қайран тілдің,

                                      Достарым, құдіретін осыдан сез!

                                      Тіл сенің –

                                      Тірліктегі жан ләззатың!

                                      Тіл сенің –

                                      Ар,

                                      Арманың,

                                      Махаббатың.

                                      Адамдық бар қасиет тіл мен мида,

                                      Ұғынсақ, сонда мейір, шапағатың!

                                                        «Тіл сенің” (Ә.Әбілов)

7-қыз бала:                   Дәулет деген –

                                      Ұғыңдар!

                                      Кеше болса, бүгін жоқ.

                                      Тілің болса – күнің бар,

                                      Тіл болмаса – түгің жоқ!

                                      Тілім – шипам, дәрім де,

                                      Мәңгүрт болып күн көрем.

                                      Абыройдың бәрін де

                                      Маған осы тіл берген.

                                      Тілсіз келген білімнің,

                                      Түбі нағыз қиғылық.

                                      Көсегесін тілімнің

                                      Көтеремін ту қылып.

                                      Ақын көзі жұмылмас,

                                      Жырдың көзі жұмылмай

                                      Елдің туы жығылмас,

                                      Тілдің туы жығылмай.

«Тілдің туы” (Қ.Мырзалиев)

  «Атамекен” әні

1-жүргізуші:       Тамаша өлең таңдайға татып балдай,

                            Өз тілінде жыр оқу бақыт қандай!

                            Жан-дүниең жарқырап сала берер,

                            Ағарып келе жатқан атып таңдай.

2-жүргізуші:       «Туған тіл – тұғырың, туған тіл –қыдырың” дегендей, туған жер, туған тіл адамға қандай ыстық, қандай қымбат! Оның қасиетін, қадірін бір сөзбен, бір өлең шумағымен айтып жеткізу мүмкін емес.Тіліне зер салыңдар бұрынғының,- дей келіп, бүгінгі тіл мерекесіне Төле би, Қазыбек би, Әйтеке билер келгенін қуанышпен хабарлаймыз. Сол кісілердің ауылдарын аралап, аталы, шешендік сөздерін тыңдайық.

                  «Төле бидің төрелігі”.

Шу өзенінің Балқашқа жақын жайылымына бұдан көп жыл бұрын үйсін мен арғын тайпаларының белді бектері таласыпты. Екі  жақтың да билері бас қосып, кеңесіп, бәтуаласа алмай отырғанда, топқа еріп келген он бес жасар Төле билік айтушылардың бірде-біріне көңілі толмай:

         Ақты ақ деп бағалар,

         О, игі жақсы ағалар.

         Өзегі талса ел біткен,

         Өзен бойын жағалар.

Би:    «Ата тұрып ұл сөйлегеннен без, ана тұрып қыз сөйлегеннен без” деуші еді. Мына бала кім өзі?

Төле: О, би аға, он үште отау иесі демес пе.

                   Кінәлімін бе, келіп қалсам он беске?

                   Сөз сөйледім, бұйыра көрмеңіз айыпқа,

                   Алакөз болу ағайын адамға лайық па?

                   О, игі асқар тауымыз,

                   Әділ ме осы дауымыз?

                   Жар астында тұрғанда,

                   Жасырынып жауымыз.

 Басқа материалдар:

  1. Тіл тағдыры — ел тағдыры (әдеби ойын-сайысы)
  2. Тіл мерекесіне байланысты қызықты материалдар
  3. Тіл мерекесіне арналған іс-шара сценарийі
  4. «Тіл — достық көпірі» ертеңгілік сценарийі
  5. Тіл жаның, тіл — қаның, тіл-арың, тіл — әнің (Әдеби ойын – сайыс)
  6. Жасай бер, Ана тілім — Қазақ тілі! (Тақырыптық кеш)
  7. Тіл — біздің тірегіміз, соғып тұрған жүрегіміз (Әдеби ертеңгілік)
  8. Тіл өнері мен сөз құдіреті туралы мақал-мәтелдер

ПІКІР ҚАЛДЫРУ