Тіл жаның, тіл — қаның, тіл-арың, тіл — әнің (Әдеби ойын – сайыс)

0
1476
Иллюстрация: Freepik.com

Кітапхананың оқу залы тіл туралы ұлағатты сөздер, ребус, мақалмәтелдер, шешендік сөздер және гүл шоқтарымен безендірілген. “Тіл – халық қазынасы” атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, қазақ тілін зерттеушілердің портреттері ілінген.

Кітапханашы: Құрметті көрермендер, оқырмандар, бүгінгі ойынсайысымыз ана тіліне деген сүйіспеншілікті арттырып, таза, шешен сөйлеуге, елін, тарихын, тілін сүюге тәрбиелеу мақсатында өтеді. Ойынсайыс әнұранмен басталады.

Оқырмандар “Қыран”, “Ұлан” топтарына бөлінеді.

“Қыран” тобының ұраны: Ардақтайық, ана тілді!

“Ұлан” тобының ұраны: Менің тілім — мәңгі өлмейтін өлең-жыр

І. Сұрақтар жазылған карточкалар салынған конверттерді топ жетекшілері алып, жауап береді.

Қазақстан қандай мемлекеттермен шектеседі?
(Қазақстан жері ұлан – ғайыр. Солтүстіктен оңтүстікке дейін 1500 шақырым болса, батыстан шығысқа дейін 3000 шақырымды алып жатыр. Оның батысы Каспий теңізімен, шығысы Алтай тауымен, оңтүстігі Қырғызстан, Өзбекстан, Түркіменстан, ал солтүстігі Ресеймен шектеседі).

Еліміздегі ең биік тау шыңы
(Хан тәңірі)

Қызыл кітапқа енген грейг жауқазыны қай қорықтың
эмблемасы болып табылады?
(Ақсу-Жабағылы қорығы)

Менделеев кестесіндегі 105 элементтің қаншасы біздің
еліміздің кен қойнауында бар?
(99)

Қазақ спортшылары арасынан тұңғыш рет Олимпиада
чемпионы атанған кім?
(Балуан Жақсылық Үшкемпіров)

Дүние жүзіндегі ең биік шың – Джомолунгманы (Эверест)
бағындырған (8848м) қазақ альпинисі кім?
(Қазбек Уәлиев)

ІІ. Кітапханашы: 1. Жеті ұғымы. Табиғаттың тылсым сыры көп. Көшпенділер ұғымында күннің көзі 7 бөлікке бөлінеді. Аптада 7 күн. Бір ғажабы, бұл атаулар өзгермейтін өлшем бөліктері. Қазақта 3,5,7 сандары киелі болып есептеледі. Білімдар кісіні “Жеті жұрттың тілін біледі” дейді.

Әз Тәуке ханның “Жеті жарғысы” мен жеті қазына атауларындағы 7-лік санның тектен-тек тумағандығы айқын. “Жеті атасын білмеген жетесіз” деген даналық тұжырым ұрпақ көшінің үзілмеуін тілеген ізгі ниеттен шықты.

1. Жеті жұмбақ сайысы
Жеті жұт.
1. Құрғақшылық
2. Жұт
3. Өрт
4. Оба
5. Соғыс
6. Топан су
7. Зілзала

Жеті қат көк
1. Ай
2. Меркурий (Шоқ жұлдыз)
3. Шолпан
4. Күн
5. Марс (Өмірзая)
6. Муштари (Юпитер)
7. Сатурн

Жеті жетім
Тыңдамаған сөз жетім,
Киюсіз тозған бөз жетім,
Иесіз қалған жер жетім,
Басшысы жоқ ел жетім,
Аққу, қазсыз көл жетім,
Жерінен айырылған ел жетім,
Замандасы қалмаса,
Бәрінен де сол жетім.

Жеті қазына
1. Сұлу әйел
2. Ер жігіт
3. Қыран бүркіт
4. Берен мылтық
5. Жүйрік ат
6. Құмай тазы
7. Ақыл, білім

Кітапханашы: Осы арада сергіту сәтін пайдаланып, бір оқырман ақын Ермек Өтетілеуұлының жеті ұғымына арналған “Жеті, жеті”өлеңдер топтамасынан үзінді оқып береді.

Жеті саны
Киелі сан «жеті» деген,
Байланысты жетіменен.
Көп ұғымы халқымыздың,
Белгісіндей салтымыздың.

Жеті қат көк жер үсті,
7 қабат жер асты.
Жеті Жарғы – заң жеті,
Қазынамыз бар жеті.
Жеті атамыз – тегі жұрт,
Ағайынды жеті жұт.
Қызықтырар құбыла,
Жеті түсті шұғыла.

Жерде 1- жеті керемет,
Жеті шелпек – берекет.
Сөз, сөйлемдер бағынар,
Жеті септік тағы бар.

Жеті қазына
Жүйрік аты – жігіт қаны, қанаты,
Қыран құсы- қарым күші, қуаты.
Алғыр иті – бастан берік сенімі.
Берен мылтық – сөнбес оты, серігі.
Қақпан-тұзақ – ау-жылымы, әдісі.
Өнер-білім – байлығының мәндісі.
Қазақ-ошақ – берекесі тірліктің.
Осы – жеті қазынасы жігіттің.

Жеті жас
Бір жасымда қаздаң бастым,
“Тұсау” деген таудан астым.

Екі жаста еркін сөйлеп,
Еркеледім менмін деп.

Үш жасымда үлкендердің,
Сөзін ұғып, соңына ердім.

Төрт жасымда талаптанып,
Тақпақ айттым, жаттап алып.

Бес жасымда
“Сүндеттелдім”-
“Мұсылмандық міндет”, — дедім.

Алты жаста атқа міндім,
Шауып желіп, тоқтай білдім.

Жеті жаста мектеп бардым,
Ұқтым білім, еңбек барын.

Жеті күн
Дүйсенбіде – Делиде,
Сейсенбіде – Сеулде,
Сәрсенбіде – Сібірде,
Бейсенбіде – Берлинде,

Жұма күні – Меккеде,
Сенбі күні – Стамбулда,
Жексенбіде – Жайықта
Болдым! – десем,
Айып па?
Күдігіңді ұғамын,
Бірақ, шын бұл, жарқыным, —
“Саяхатқа” шығамын,
Теледидар арқылы.

Жеті түс
Жаңбыр жауып басылды,
Күн де шықты жарқырап.
Аспан шайдай ашылды,
Құлпырды бар атырап.
Түрлі түстер құбыла,
Көк жиекке шашылды.

Алып доға, шұғыла –
Кемпірқосақ асылды.
Қыр гүліндей қызыл түс,
Қоңыр-қызғылт лағыл түс.
Алтын сары асыл түс,
Жапырақтай жасыл түс.

Көл түсі бар – көгілдір,
Аспан түсі – көк мөлдір,
Бозғылт тартқан күлгін түс.
Осы жеті, білгін түс,
Сәнді сұлба салады,
Көздің жауын алады!

Жеті ата
Әлди, әлди, әлди-ай!
Тыңда, бөпем, қалғымай.
Сенің атың – Балғынбай,
Белбаласың сен маған,
Әке болам мен саған.

Әлди, әлди, әлди-ай!
Менің атым – Малдыбай,
Әкем менің – Қалдыбай.
Болады Ата ол саған,
Немересің сен оған.

Ал атаңның Қалдыбай
Әкесі еді – Сандыбай.
Арғы ата ол саған,
Шөбересің сен оған.
Әлди, әлди, әлди-ай!
Арғы атаңның Сандыбай,

Әкесі еді – Жандыбай.
Баба болар ол саған,
Шөпшексің, ал сен оған.
Әлди, әлди, әлди-ай!
Ал, бабаңның Жандыбай
Әкесі еді – Мәндібай.

Түп ата ғой ол саған,
Неменесің сен оған.
Әлди, әлди, әлди-ай!
Түп атаңның Мәндібай
Әкесі еді – Сәндібай.
Тек ата ғой ол саған,
Туажатсың сен оған.

Әлди, әлди, әлди-ай!
Бесік жырым бұл менің:
Жеті атаңды біл дедім.
Күнде айтамын осылай,
Жаттап өскін осыны-ай!
Әлди, әлди, әлди-ай!

Жеті септік
Атау айтты:
— Кім бұл бұзған ережені?
Не зат соққан терезені!

Ілік ілді:
— Кімнің ісі дүрліктірген?
Ненің буы желіктірген?

Барыс білмек:
— Кімге сотқар ерегісті?
Неге қылды дөрекі істі?

Табыс таппақ:
— Кімді бұның басынғаны?
Нені көздеп, тасынғаны?

Жатыс жатыр:
— Кімде кегі келесі? – деп,
Неде кетті есесі? – деп.

Шығыс шықты:
— Кімнен алған үлгісі? –деп,
Неден туған бұл ісі? – деп.

Ал көмектес:
— Кіммен, — деді, — адасып жүр?
Немен оған қарасып жүр?
Жеті септік сұрақтарын
Жатқа білгін, шырақтарым!

Кітапханашы: Келесі ойын-сайысымыз – Тапқырлық.

1. Шешендік өнер. Тарихта Тәуке хан, Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би, Сырым батыр тағы басқа белгілі адамдармен қатар, Жиренше, Досбол, Жидебай, Сауытбек, Қылышбай т.б. шешендердің аты белгілі.

Халық шешендік сөздерді заман өткен сайын әрлеп, әсерлеп ұрпақтанұрпаққа жеткізуде. Би – шешендердің жиналған ортасы.

1-оқырман: Қазақ халқы ежелден-ақ тіл қадірін біліп, аталы сөзге бағына білген. Шешендерден шыққан қара сөздің өзінде өлеңге бергісіз үйлескен ырғақ болады. Сөз бен сөз өзара ұйқасып жатады.

Үш кемеңгер дүлділім,
Сақтаған ел бірлігін!

Қазақта қара қылды қақ бөлген Төле би, Қазыбек би, Әйтеке билердің сөз үлгілеріне зер салайық.

Төле би: Уа, халқым!
Көсіле шабар жерің бар!
Тау көтерген елің бар,
Қол бастайтын ерің бар,
Атадан қалған сара жолың бар
Сөз қадірін біліңдер!

Кітапханашы: Қазыбек есімі қазақ пен қалмақ арасындағы шапқыншылық кезінде екі елдің арасында бітімші болған батыл елші, парасатты тәлімгер ретінде мәлім. Он бес жасында Тайкелтір би бастаған елшілерге еріп барып, қалмақ ханы Қоңтажы тұтқынында жатқан қазақтарды батылдығымен, шешендігімен босатып алады.

Қазыбектің  қалмақ ханы Қоңтажыға айтқаны:
“Біз қазақ деген мал баққан елміз. Бірақ ешкімге соқтықпай, жай жатқан елміз. Елімізден құт-береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау баспасын деп найзаға үкі таққан елміз. Ешбір дұшпан басынбаған елміз, басымыздан сөз асырмаған елміз. Досымызды сақтай білген елміз, дәмтұзымызды ақтай берген елміз. Асқақтаған хан болса, хан ордасын таптай білген елміз.Атадан ұл туса, құл боламын деп тумайды, анадан қыз туса, күң боламын деп тумайды, ұл мен қызды қаматып отыра алмайтын елміз.

Сен қалмақ та, біз қазақ,
Қарысқалы келгенбіз.
Сен темір де, біз көмір
Еріткелі келгенбіз.
Танымайтын жат елге
Табысқалы келгенбіз.

Табысуға келмесең,
Шабысқалы келгенбіз.
Сен қабылан да, біз арыстан
Алысқалы келгенбіз.

Тұтқыр сары желімбіз
Жабысқалы келгенбіз.
Берсең, жөндеп бітіміңді айт,
Не тұрысатын жеріңді айт”.

Кітапханашы: Осы сөзді естіп, баланың өнеріне риза болған Қоңтажы хан: “ Қарағым Қазыбек, сен жаңа үйреткен жас тұлпар екенсің. Сенің айтқан сөзіңе менің буыным шыдамай, сіресіп тұра алмады. Сондықтан саған екі түрлі белгі беремін. Біреуі – сенің дауысың қаздың дауысындай қаңқылдап шығады екен, сондықтан бұдан былай “Қаз
дауысты Қазыбек” болсын. Екінші – тоқсан жеті жүлдені саған арнап байладым. Бұдан былай сен екі сыбағалы бол” депті. Содан бері Қазыбек би атанып кетіпті.

Енді Әйтеке бидің сөзіне құлақ түрейік:
Әйтеке би: Суалмайтын суат жоқ,
Тартылмайтын бұлақ жоқ.

Тамыры суда тұрса да,
Уақыты жеткенде,
Қурамайтын құрақ жоқ…
Тек жақсыдан өлмейтін
сөз қалады … – деген екен.

Кітапханашы: Сөз танығыш жастарға үш бидің біреуі он түрлі сұрақ қояды.

Төле би: Айтсам, он түрлі жұмбағым мынау. Бір, екі, үш, төрт, бес, алты, жеті, сегіз, тоғыз, он.

Қазыбек би: Бір дегеніміз – бірлігі кеткен ел жаман.
Екі дегеніміз – егесіп өткен ер жаман,
Үш дегеніміз – үш бұтаққа бөлінген ағайын жаман,
Төрт дегеніміз – төсектен безген жас жаман,
Бес дегеніміз – белсеніп шапқан жау жаман,

Алты дегеніміз – асқынып кеткен дерт жаман,
Жеті дегеніміз – жесір қалған жас жаман,
Сегіз дегеніміз – серпілмеген қайғы,
Тоғыз дегеніміз — торқалы той, топырақты
өлімге бас көрсетпесе, сол жаман,
Он дегеніміз – оңалмас кәрілікке дауа болмас деген сөзіңіз, – депті.

Кітапханашы: Міне, балалар, ел тірегі болған аталардан қалған асыл сөздердің мән-мағынасын байқадыңдар. Билердің, халық тарихын, әдетғұрып, салт-санасын жете білген ел ақсақалдарының, атақты шешендердің жастарға берер ақылы өсиет болып қалған.

Кітапханашы: Бәйге жарысы. Тіл туралы мақал-мәтелді екі топ ькезекпен жарыса айтады.

Жүйелі сөз – киелі,
Тіл — көңілдің кілті.
Ең тәтті де, ащы да – тіл.

Ең жұмсақ та, қатты да – тіл.
Жақсы байқап сөйлер,
Жаман шайқап сөйлер.

Жүзден біреу – шешен,
Мыңнан біреу – көсем.
Үлгілі сөз білмеген –
Надандықтың белгісі.

Біреудің сөзі әдемі,
Біреудің көзі әдемі.
Қызыл тілдің қадірін,
Тоқтағанда білерсің.

Кітапханашы: Осылайша мақал-мәтел жарысы өткізіліп, кезек жұмбаққа келеді.

Жұмбақ:
Сүйексіз ғып жаратқан,
Жұртты аузына қаратқан.

(Тіл)

Өңшең тістің арасында
Бір патша.

(Тіл)

Сүйектен қаланған қорғанда
Сүйексіз күзетші тұрады.

(Тіс және тіл)

О жағы мәрмәр,
Бұл жағы мәрмәр.
Ортасында,
Сандуғаш сарнар.

(Тістер және тіл)

Сырлы сандықта бір сылым ет.

(Тіл)

Жағалай-жағалай тас қойдым,
Жирен атты бос қойдым.

(Тіс, тіл)

Отыз екісі диірмен тартып,
Бір қапқа салады.

(Тіс және тіл)

Көмкерілген қала,
Төңкерілген қала.
Арасында соның
Қызыл шақа бала.

(Тіл)

Екі әскер соғысып жатыр,
Ортасында бір елші.

(Тіс пен тіл)

Қызыл түлкі інінен шықпайды.

(Тіл)

Әрі сүйексіз,
Әрі тиексіз.

(Тіл)

Ақ тоғайдың ішінде
Кісінейді күрең тай.

(Тіл)

Кітапханашы: Екі ішектің бірін қатты,
Бірін сәл-пәл кем бұра.
Нағыз қазақ қазақ емес,
Нағыз қазақ – домбыра,-  демекші енді екі топ домбырамен күй шертіп, ән айтудан жарысады.

Қорытынды бөлім.

Кітапханашы: Балалар, ана тілімізбен бойымызға дарыған қазақ тілінің құдіреттілігі оның өрлігінде, орасан зор байлығында. Тіл мәселесі қазір ең бір шешуші мәселе болып отыр. Қандай табыстарымыз бар? (Екі топқа кезек-кезек сұрақ тастап, жауап алып отырамыз)

1. Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алған жыл?
1991 жыл

2. Қазақстан Республикасының тұңғыш Конституциясы қашан
қабылданды?
1993 жыл

3. Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі қандай тіл?
Қазақ тілі.

4. Ана тілі үшін, елі үшін құрбан болған азаматтарды атаңдар.

1-оқырман: Ахмет Байтұрсынов, Шәкерім Құдайбердиев, Жүсіпбек Аймауытов…

2-оқырман: Мағжан Жұмабаев, Міржақып Дулатов, Мұстафа Шоқай…

3-оқырман: Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров.

4-оқырман: Қуан, далам!
Қуанатын күн бүгін
Серпіп таста (мұңды)
Мұңды жүрек түндігін

“Тіл туралы”
Заңым енді күшіне
Паш еткендей
Кескен жаңа кіндігін.

5-оқырман: Қуан, бабам!
Қуанатын жөнің бар.
Деген едің –
Тіл бар жерде өмір бар.

Халық жауы атандық-ау,
Сол үшін ғұмырыңды
Құрбан етіп жолында ар.
Барлық оқырмандар: Қуан, анам!
Ұзағынан сүйініп,
Сәтіңде көп
Кейде кеткен түңіліп.

Ақ сүтіңмен
Бойға біткен тілімді
Пір тұтамын,
Мен алдыңда иіліп.
(Барлық оқырмандар бастарын иеді)

Соңында Қазақстан Республикасының Әнұраны орындалады.

Басқа материалдар:

  1. Жасай бер, Ана тілім — Қазақ тілі! (Тақырыптық кеш)
  2. Тіл — біздің тірегіміз, соғып тұрған жүрегіміз (Әдеби ертеңгілік)
  3. «Жас математик» интеллектуалдық сайысы
  4. Математикадан «Ғажайыптар әлемі» сайысы
  5. «Физика» декадасына арналған «ХХI-ші ғасыр көшбасшысы» атты интеллектуалдық сайысы
  6. «Білімді информатик» сайысы
  7. Жасанды интеллект деген не?
  8. Информатика пәніне қатысты глоссарий
  9. Бұлттық технологиялар туралы толық мәлімет
  10. «Заман шындығы» бөлімі бойынша қазақ әдебиетінен тест тапсырмасы

ПІКІР ҚАЛДЫРУ