Бұлттық технологиялар туралы толық мәлімет

0
4131
Cloud computing and mobility concept: blue glossy clouds with lot of color application icons isolated on white background

Қазіргі таңда ақпараттық технологиялардың дамуы бүкіл дүниежүзінде ерекше қарқын алып отыр. «Көзді ашып-жұмғанша» жұмыс жасауға мүмкіндік беретін IT технологиялар қолданысын кеңейту, әрине, заман талабы.

Ал оның әлемдегі жедел дамумен ілесіп, ақпараттармен алмасып қана қоймай, көптеген аудиториялармен бір жүйеде жұмыс жасау мүмкіндігі бар, озық үлгілерінің бірі – «бұлттық технологиялар» немесе «бұлттық есептеулер».

Бұлттық технологиялар (ағылш. Cloud technology, яғни Cloud – бұлт,
technology – технология) – цифрлық деректерді өңдеу технологиялары арқылы интернет-пайдаланушыға барлық қызмет түрлері бір аппараттық жүйеде біріктіріліп онлайнсервис ретінде ұсынылуы.

Бұлттық есептеулер (ағылш. Cloud computing, яғни cloud – бұлт, computing – есептеулер) – қажетті конфигурацияланған есептегіш ресурстарға (мысалы, деректерді беру желілеріне, серверлерге, деректерді сақтау құрылғыларына, барлығына
бірдей немесе бөлек-бөлек) талап бойынша ыңғайлы желілік
қолжеткізуді қамтамасыз ету моделі (1-сурет).

Бұл терминдер – компьютерде арнайы программалардың орнатуынсыз, Интернет желіге қосылған жалпыға қолжетімді деректер ортасын өңдеу, жүктеу және сақтау т.с.с. қашықтан басқарудың технологиялық мүмкіндіктерін ұсынатын виртуалды қызмет
түрлерінің жалпыланған атауы.

Маңызды мәлімет. «Бұлттық есептеулер» ұғымы алғаш рет 1970 жылы америкалық
ғалым Джозеф Карл Робнетт Ликлайдердің ARPANET (Advanced Research
Projects Agency Network) желісінің құрылуына жауапты болуынан пайда болған.

Ликлайдердің айтуынша: «Құжаттар, ақпарат көздері бір үлкен виртуалды сервер болып табылатын «бұлтта» сақталады және өңделеді. Жер бетіндегі әрбір адам желіге қосылады, ол тек деректерді ғана емес, сонымен қатар программаларды да алатын болады». Ал «Бұлт­тық есеп­теу­лер» 1960 жылы америкалық ғалым Джон Маккартидің: «Қай уақытта болмасын компьютерлік есептеулер «жалпыхалықтық пайдалану»
арқылы жүзеге асырылатын болады» деген тұжырымнан кейін пайда бола
бастады.

Виртуалды қызмет түрлерін ұсынып, ұйымдастырып, қолайлы жағдай жасап отыратын, кез келген деңгейдегі және кез келген қуатты ақпараттық ресурстарға қолжеткізуді қамтамасыз ететін бұлттық қызмет түрлерін провайдер атқарады.

Бұлттық провайдер (ағылш. Cloud provider – бұлттық сервистерді жеткізуші) – бұлттық есептеулер негізінде қызмет көрсететін компания, ол әртүрлі виртуалды ресурстың (виртуалды серверлер, виртуалды желілер, виртуалды деректерді сақтау
жүйелері) автоматтандырылған басқару түрлерін жеткізуші.

Маңызды мәлімет. 2002 жылы Amazon компаниясы бұлттық веб-сервисті әзірледі. 2006 жылы Amazon «Elastic Compute cloud» (EC2) деп аталатын сервисті іске
қосты. Amazon EC2 және Amazon Simple Storage Service (S3) сервистері
алғашқы қолжетімді және бұлттық есептеулер саласындағы көшбасшылардың бірі болды. Дүниежүзілік нарықта бұлттық технологияларды қолданысқа енгізген
компаниялардың саны көбейді, олар: IBM, Microsoft, Google, HP, Atos, Cap
Gemini, ал Қазақстандық компаниялардан «Қазақтелеком» акционерлік
қоғамы ұсынған Microsoft Hosted Exchange және Microsoft Hosted SharePoint, Қазтелепорт акционерлік қоғамы ұсынған «SmartCloud», KT Cloud Lab компаниясының инфокоммуникациялық кешендері (mycloud.kz) т.б

Бұлттық технологиялардың қызмет көрсету модельдері:

Инфрақұрылым қызметі ретінде (Infrastructurе as a Service, IaaS) –
пайдаланушы өзіне керекті инфраортаны жалға алу мүмкіндігіне ие болады. Мұнда бұлттық провайдер серверді, сақтау қоймасын, желі және виртуалдандыру ресурстарын қамтамасыз етеді, ал пайдаланушы өзінің программалық жасақтамасы мен қосымшаларын жүктейді және баптайды. Бұл қызметті пайдаланушы қымбат
құрылғылар мен программаларды сатып алу қажеттілігінен құтылады да, тек пайдаланған уақытына сәйкес қаражат төлейді. IaaS түрлеріне Amazon EC2, Google Cloud Storage, Microsoft Azure, IBM Smart Cloud, IBM Cloud, Oblako.kz және т.б. жатады. Бұл қызмет түрі арнайы кәсіпорындар, мекемелер, компаниялар үшін компьютерлік инфраортаны жалға алу ортасын құрады.

Платформа қызметі ретінде (Platform as a Service, PaaS) – пайдаланушы бұлттық провайдерлермен бірлесіп жұмыс істеу мүмкіндігіне ие болады. Мұнда виртуалдандыру, операциялық жүйелер, серверлер, сақтау қоймалары, желі, программалық
жасақтама бұлттық провайдерлердің міндетіне кіреді. PaaS моделі интеграцияланған бір ортада жасалады, ал пайдаланушы өзі басқару мүмкіндігіне ие болады. Пайдаланушы серверді сатып алуға кететін шығындарды үнемдей алады.
Осы модельдің мысалы ретінде веб-сайттарға арналған хостинг қызметтерін айтуға болады және Amazon Web Services (AWS), Microsoft Azure, Google App Engine, Jelastic, Apache Stratos, OpenShift түрлері жатады.

Коммуникациялық қызметі (Communications as a Service, CaaS) – Интернет желісі немесе кез келген IP-желісі (VoIP) бойынша сигнал беруді, хабарлама (IM) алмасуды, видеоконференцияларды қамтамасыз ететін кәсіпорын үшін бұлтта құрылған коммуникациялық шешім. CaaS үлгісі қосымша төлем жасау арқылы коммуникация құралдары мен қызмет түрлерін ұлғайтуға болады.

Программалық жасақтама қызметі (Software as a Service, SaaS) – қолданушы «бұлттарда орналасқан» бұлттық сервис иелерінің меншігіндегі программалармен жұмыс істеу мүмкіншілігіне ие болатын модель түрі. Қолданушы кез келген жерден
Интернетке қосылған компьютерлік құрылғы арқылы өз дереккөздерімен жұмыс жасай алады. Программаның үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз етіп, кететін шығындарды толығымен бұлттарды ұсынушы қызмет иелері өз мойнына алады да, ал
қолданушы (егер қызмет ақылы болса) тек сол бұлттық сервисті қолданғаны үшін ғана айлық жарна төлеп отырады.

Осылайша, тұтынушы өзіне керекті программаның лицензиясын сатып алуға көп шығындалмайды, ал программа құрастырушылар
өз өнімдерінің заңсыз таралуынан және заңсыз пайдалануынан сақтандырылады.

SaaS моделінің өзгешелігі – тұтынушы белгілі бір программамен ғана емес, программалар жиынтығымен жұмыс істей алуында. Мысалы: Google Apps, Box.net,
icloud.com, Яндекс.Диск, mail.kz және т.б

SaaS моделінің тағы бір логикалық жалғасы ретінде соңғы кезде Desktop as a Service, DaaS моделі қолданылып жүр. DaaS моделін пайдаланғанда тұтынушылар өз қызметіне қажетті толығымен стандартталған «виртуалды жұмыс орнын» ала алады. Әр тұтынушы осы ұсынылған «виртуалды жұмыс орнын» өз қажетіне ыңғайлы етіп өзгерте алады.

Жабдықтарды есептеу қуаты (Hardware as a Service, HaaS) – виртуалдандыру технологиясын пайдалана отырып, жабдықтың есептеу ресурстарын ұсыну (оның уақыты, деректерді сақтау орындарының қуаттылығы, көлемділігі және т.б.).
Әдетте, қызметтер серверлер, супер компьютерлер және т.б. сияқты нақты есептеу жүйелерінің баламасы ретінде ұсынылады.

Жұмыс кеңістігін құру (Workspaceas a Service, WaaS) – жұмыс ортасын
құру және ұсыну қызметі. SaaS сияқты программалық жасақтама қызметін ұсынады, яғни тұтынушыға оңтайлы ортаны қамтамасыз ететін жұмыс ортасын ұйымдастыратын қызмет түрі.

Мониторинг қызметі (Monitoringas a Service, MaaS) – мониторингтеу
және қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін бұлтта программалық қамсыздандырумен қызмет көрсету.

  • Бұлттық технологиялардың артықшылықтары:
  • Интернетке қосылған кез келген құрылғы арқылы (ДК, планшет, смартфон және т.б.) басқарылады;
  • көптеген программалар тегін (немесе қолжетімді бағада) және
    үнемі программалардың ең соңғы нұсқасымен жаңарып отырады;
  • арнайы операциялық жүйелерді талап етпейді;
  • кез келген жерде, кез келген уақытта ақпарат қолжетімді;
  • көптеген қолданушылар үшін бірлескен жұмысты жеңілдетеді;
  • құжат форматтарының үйлесімділігі;
  •  егер құрылғы (ДК, планшет, смартфон және т.б.) істен
    шықса, маңызды ақпарат жоғалмайды, себебі ол құрылғы
    жадында сақталмайды;
  • ақпараттар автоматты түрде бұлтта сақталып отырады және
    резервті көшірме жасайды;
  • әрқашан жаңа және жаңартылған аппараттық өңдеулер
    жүзеге асырылады.

    Бұлттық технологиялардың кемшіліктері:

  • Интернет болмаған жағдайда жұмыс тек құрылғыға жүктелген құжаттармен жұмыс істеумен шектеледі;
  • бұлттық программалардың жұмыс жасау жылдамдығы баяу болады;
  • ақпараттың зақымдалу қаупі бар;
  • көптеген бұлттық сервистер бірнеше гигабайт көлемді ғана тегін ұсынады, ал оны тек қосымша ақы төлеу арқылы кеңейтуге болады;
  • кейбір бұлттық технологиялар отандық және халықаралық стандартқа сай емес.

Дереккөз: Информатика: Жалпы білім беретін мектептің қоғамдық-гуманитарлық бағытының 11-сыныбына арналған оқулық. / Г.И.Салғараева, Л.А.Рсалина, А.Б.Есенкүл

Ұқсас материалдар:

1. Информатика пәні және міндеттері. Ақпараттың анықтамасы

2.Сабақ жоспары: FrontPage редакторының қосымша мүмкіндіктері

3.Механикадағы сақталу заңдары (сабақ жоспары)


ПІКІР ҚАЛДЫРУ