Жыр арнадым еліме… атты мүшайра

0
2078
ұйымдастырылған оқу қызметінің конспектісі

Тақырыбы: Жыр арнадым еліме…

(Төлебаева Ақұлман апай атындағы жабық жыр мүшайрасы)

Мақсаты:

Tуған жерге деген перзенттік парыз, сағыныш сезімдерін өлең арқылы көрсетуге мүмкіндік беру. Туған үйден туған отан басталатынын, туған өлке тарихын тану, таразылау бүгінгі ұрпақ парызы екенін ұғындыру. Туған ауылға, туған өлкеге, туған жерге, туған-туысқа, ауыл-аймаққа деген перзенттік парыз бен перзенттік сүйіспеншілікке тәрбиелеу.

Әдісі: мүшайра

Көрнекілігі: Ж.Аймауытовтың «Қартқожа» романынан үзінді.

Барысы: І.) Ұйымдастыру кезеңі.

ІІ. Басталуы:

Сахнаға екі оқушы (Н.Әділов, Д.Қабылов) шығып,

Ж.Аймауытовтың «Қартқожа» романынан үзінді оқиды.
  1. … Туғaн жердің қадірін туғалы түзге шықпаған елдегі адам қайдан білсін?
  2. Туғaн жердің қадірін алыс жерге ұзатқан, ұзатқанына әлде талай жыл өткен қыз білмесе, кім білсін?
  3. Туған жердің қымбатын ғылым іздеп, шет жайлап, кітап қарап сарылып, көзінің майын тауысқан, көшенің шаңын көп жұтқан шәкірт білмесе,

кім білсін?..

  1. Tуған жердің артығын, жазатайым іс етіп, күштілерге күш етіп, еріксіз елден айрылған, шеттен дәмі бұйырған, жаттан сыйлау көрмеген ер білмесе, кім білсін?
  2. Туған жердің асылын қараңғы үйге қамалып, қара нан мен қара шай жүрегін кесіп жатқанда, қазы-қарта, сары қымыз көзінен ұшып жоғалған, есіл елін сағынған, бір көруге зар болған тұтқын білмесе, кім білсін?
  3. Tуған жердің қадірін әлеумет ісіне басын байлап жегілген, кеңседе қағаз кемірген, күйіп-пісіп, көбеп боп, еңбегінің жемісін көрсем-ау деп телмірген, тар көше мен тар үйде бойы бір сергіп көрмеген азамат білмей кім білсін?
  4. Ыстық қой, шіркін, туған жер! Туған жерге жеткенше, қайтіп дәтің шыдайды? Кім сағынбас өз қағын? Кім сүймесін өз жерін?

Сүймесе сүймес зердесіз, шерсіз жүрек, тілеуі бөлек жетесіз…

Жүргізуші:
  1. Туған жердің қадірін,

Туғaн жердің қымбатын,

Туған жердің артығын,

Tуған жердің асылын білген азаматтар алыстан ат арытып, сағыныш сазын сүйіспеншілік сәулесіне орап әкелді…

  1. Мен туған ауыл бар-ды жер бетінде,

Жүз тосқам алғаш сонда желге, күнге.

Жұлдызды заңғарларды межеге алып,

Ұмтылған адам болып ер жетуге,-

«Адам болам!» деген арман арқалап, асқар- асқар асу асқан арманшыл

перзенттерің келді…

  1. Киелі қара топырағыңды, саф таза ауаңды, жусанның жұмсақ та жұмбақ иісін, ауылдың аппақ пейілін аңсап келді перзенттерің…
  2. Қазақ халқы- жаратылысынан шешендігінің үстіне ақын халық. Түйеге мінгеннің «төрт ауыз», атқа мінгеннің «алты ауыз» өлеңі бар. Ендеше Төлебаева Ақұлман апай атындағы жыр мүшайрасына қатысушы жазба ақындарымыздың жазғандарына кезек берсек…

1.«Байжан ағаның рухына арнау»(ауыл тұрғыны,Айдарбекова Күлмайрам апа).

2.«Қазыналы Қарақұм» (Пауешов Талғат, Тоқабай елді мекені, №248 орта мектеп мұғалімі)

3. «Мерейтой бүгін ауылымда..» (Ержанова Ақерке, ауыл тұрғыны).

4. «Тарих тұлға» (Әйтімов Жетес №59 орта мектеп мұғалімі)

5. «Киелі өлкем Қарақұм» (Әйтімова Гүлжанат, «Толқын» газеті тілшісі).

6. «Туған жерім- Қарақұмым киелі» (Нұрышов Наурызбай, Өскемен қаласы,

Д.Серікбаев ат.техникалық унверситеттің ІІІ курс студенті).

7. «Киелі өлке, бақ мекенім- Қарақұм» (Ақжанова Айдана №59 орта мектеп мұғалімі)

8. «Қасиетті Қарақұм» Ғалымжан Ақбай (Арал қаласында жеке кәсіпкер)

9. «Қарақұм – ата мекен, ақ бесігім» (Арал қаласының тұрғыны Ақжанова Марал)

Жүргізуші:

Өлең- сөздің патшасы, сөз сарасы,

Қиыннан қиыстырар ер данасы.

Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп,

Теп-тегіс жұмыр келсін айналасы.

Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы,

Сонда да солардың бар таңдамасы.

Іші алтын, сырты күміс сөз жақсысын,

Қазақтың келістірер қай баласы?- деп, өлеңге қойылар талапты Абай атамыз қойған көркемдіктің шарты, өлең кредосы тұрғысынан қарастырылған шешімін жариялар кез келді.

«Алтын бесік, бақ мекенім-Қарақұм» атты Қарақұм кеңшарының құрылғанына 60 жыл толуына орай және осы кеңшардың негізін қалаған Байжан Бижановтың 100 жылдығына байланысты өткізілген «Жыр арнадым еліме…» атты Төлебаева Ақұлман апай атындағы жыр мүшайрасын марапаттау үшін

1.Қазылар алқасы атынан «Толқын» газетінің жауапты хатшысы, Қазақстан журналистер одағының мүшесі, Қарақұмның ақын перзенті Абай Елешті ортаға шақырамыз.

2. Жүлде қорын тігуші Байжан Бижанов ағамыздың ұрпақтары атынан Ғалым Бижанов

3.Байжан ағаның туыстары Көлімбет руы атынан Айдарбеков Жарылқасын аға

4.Қарақұм топырағында 1955 жылы туған перзенттері атынан қызына сөз беріледі

Жүлделер:

«Алтын бесік, бақ мекенім-Қарақұм» атты Қарақұм құрылғанына орай және осы кеңшардың негізін қалаған Байжан Бижановтың 100 жылдығына байланысты өткізілген «Жыр арнадым еліме…» атты Төлебаева Ақұлман апай атындағы жыр мүшайрасы мәресіне жетті. Көмекейінен сөз саулаған шешендер мен кестелі сөз айтқан ақындарды ортаға шақырамыз.

Жүргізуші:

Туған жер- кіндік қанымыз тамған алтын бесік, атақоныс, атажұрт. Ұлы Дала баласының бақыты да осы. Осынау Ұлы Даланың батысы да, шығысы да, орталығы да, солтүстігі мен оңтүстігі де- күллі қазақ баласының панасына айналған атамекені. Туған ауылға, туған өлкеге, туған жерге, туған-туысқа, ауыл-аймаққа деген перзенттік парыз бен перзенттік сүйіспеншілікті серік етіп, атамекенге айналып соғып тұрыңыздар, ардақты ағайын!

Туған жерім- Қарақұмым киелі…

Ел мен жердің тарихы бар тағдырлы,

Құжаттарда қанды ізін қалдырды.

Құрылтай мен көтеріліс қаншама-

Бай тарихын құмнан соғып салдырды.

Құм ішінде орын тепкен ауылым,

Мал өргізген қарапайым қауымың.

Еңбекпенен көзін ашып ержеткен,

Ағалар мен аталарың танығын.

Туған өлке- тұнған тарих, шежіре,

Қасиетіңді таныдық па кешіге.

Кіндік қаны тартқан әрбір перзентің

Сағынышын түйіп келді жүрекке.

Топырағыңда бүгін міне дүбір, той!

Кейінгі ұрпақ түйсе тойдан тобық ой,

Ауылына алып келген соқпақта,

Әрбір жанның ізі қалса, олжа сол.

Байжан аға елдің болды иесі.

Ақұлман апай- отбасының киесі.

Сом алтынның сынығындай екі асыл.

Бақыт қонған шаңыраққа ие еді.

Бақыт қонған шаңырақтың шаттығы,

Үлгі шашты, кім бақытқа асықты.

Өз баласын, ел баласын айырмай,

Ұстаз-ана білім нұрын шашыпты.

Парасат пен ізгіліктен жаралған,

Білім, білік, нұр ақылдан нәр алған.

Елге қызмет өнегесін көрсеткен,

Ата-ана, Байжан менен Ақұлман.

Ауылының болашағын болжады,

Мамандарын оқытуды қолдады.

Нұрыш, Муса, Көбеген мен Қозыке-

Аталарым батасымен оңдады.

Міне, бүгін аға салған дара жол,

Атажұртта Қарақұм тұр пана боп.

Қарақұмның даңқы әлі өрлейді,

Жалғасады дара жолға сара жол.

Қарақұмнан шықты қанша шамшырақ,

Жұлдыздай боп ел көгінде жарқырап.

Туған жерге тартып туар перзенті

Даңқыңды әлі көтереді сан тарап.

Сексенбаева Балагүл Қарсақбайқызы

(№59 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі)

Мүшайрада ІІ орын иеленген өлең.

 


ПІКІР ҚАЛДЫРУ