Жыраулық поэзиядағы тілдік ерекшеліктің ақындық өнермен ұштасуы

0
3379
Әлеуметтік желінің пайдасы мен зияны

Баяндамада жыраулық поэзиядағы тілдік ерекшеліктер мен бейнелік әдістер жайлы баяндалады. Кез-келген жыраулар поэзиясына берілген анықтамаларға көз жіберер болсақ, олардың басты белгілерінің бірі – бейнелілігі екендігі аталып көрсетілген.

Жыраулар поэзиясы тек ұйқасқа құралып қоймайды, сонымен қатар әдеби көркемдеу тәсілдерін де барынша пайдаланады. Бұл жыраулар поэзиясындағы шешендік үлгілерінде де көрініс тапқан. Осы тұрғыдан келгенде жыраулар поэзиясында ең мол қолданылатын ажарлау тәсілі – аллитерация мен ассонанс. Мәселен, Бұқар жыраудың төмендегі нақылдарына назар аударайық:

Арту-арту бел келсе,

Атан тартар бүгіліп.

Алыстан қара көрінсе,

Арғымақ шабар тігіліп.

Алыстан жанжал сөз келсе,

Азулы сөйлер жүгініп[1,101].

деген сөздерінде «а» дыбысы қайталанып келіп, ерекше үйлесімін тауып, үндестік құрған. Демек, дауысты дыбыстардың үндесуі ақын, жырауларға тән көтеріңкі пафосты дәл танытады.

Сондай – ақ, Шалкиіздің 45 жолдан тұратын «Мен көремін» толғауының 41 жолы «а»-дан, 4 жолы «о»-дан басталады.

Сол сияқты дауыссыз дыбыстар да жыраулар поэзиясындағы шешендік сөздерді айрықша ажарлылық сипатқа ие ете алады. Мысалы,  Шалкиіз жыраудың бір туындысынан мысал  келтірейік:

Жағаға жақын қонғанда,

Жайылып сулар алмас па?

Жаманға дос болғанда,

Жазымда басым қалмас па?

Жат туғанды өзі еткен

Жақсының ғұмыры аз-ақ болмас па? [1,44б].

Жалпы, бұл ұяң дауыссыз дыбыстардың үндесуі эмоционалдық бір көңіл-күйді білдіріп тұр.

Сонымен қатар, шешендік сөздерде ең көп қолданылатын көркемдеу тәсілі, ажарлаудың бір түрі – теңеу. Теңеуде «суреткер заттың, құбылыстың ерекше белгілерін көрсетпей-ақ, оны басқа затпен, құбылыспен салыстыра суреттейді. [3, 12б]. Мысалға, Жиембет жыраудың Есім ханға айтқан арнауынан үзінді келтірейік:

Менің ерлігімді сұрасаң,

Жолбарыс пенен аюдай.

Өрлігімді сұрасаң,

Жылқыдағы асау тайындай.

Зорлығымды сұрасаң,

Бекіре менен жайындай.

Беріктігімді сұрасаң,

Қарағай менен қайыңдай [1, 53б],  — деп, теңеудің әдемі де сұлу үлгілерін алға тартқан. Өзінің ерлігі мен өрлігін, зорлығы мен беріктігін табиғаттың тамаша туындыларына теңеп, сол арқылы мықтылығын суреттейді.

Жыраулар поэзиясындағы шешендік үлгілерінде эпитет (айқындау) те өзіндік орын алған. Мысалы Асан қайғыда:

Таңдайға біткен қызыл тіл,

Тірлікте не шайнасаң жұтар ол.

Шалкиіз жырауда:

Қара сия, ақ қағаз,

Дестірге өнер төктірдің[2, 187б] .

Осы мысалдардағы қара сия, ақ қағаз, қызыл тіл сияқты сөз тіркестері ауыз әдебиетінен, әрісі түркі тіл халықтар әдебиетінен етене таныс болуы мүмкін. Бұл екі жағдайды аңғартады. Біріншіден, Ежелгі поэзиямыздың күні бүгінге дейін әрқилы орайда қолданылып келе жатқан бұл тіркестер – дәстүрлі жалғастықтың куәсі. Екіншіден, сан ғасыр ұғымға орнығып қалыптасқан тұрақты айқындаулар.

Жырауларда бір сөз жол аяғында екі-үш рет қана емес, біренеше  рет, тіпті бүкіл шумақ бойында қайталаулар болады. Қайталаулардың бірнеше түрі қарастырылған.

  1. Жыраулар басты назар аударған нәрсенің не болмыстың, яки оның басты қасиетінің өлең жолы аяғында бірнеше рет қайталанып келуі, мәселен Асан қайғыда:

Тақырлауға қонған қаз-тырна,

Таң маңынан ұшар ол.

Тауық неше шақырса,

Таң болжалдан атар ол.

Қызыл изен, боз жусан,

Сарыарқаға бітер ол.

Таңдайға батқан қызыл тіл,

Жаққа біткен отыз тіс,

Тірлікте не шайнасаң жұтар ол [2, 218б].

Өлеңнің алғашқы тармақтарынан , яғни тармақтағы сөз тіркестерінен жырау нысанға алған негізгі объекті айқын танылады. Бірақ  жырау басты әрекеті мен қимыл, қасиетін «ол» деген сілтеу есімдігін қайталау арқылы жинақтай көрсетеді.

  1. Есімшенің «ар», «ер» жұрнақтары арқылы жасалған болжамды келер жақ түріндегі сөздердің қайталанып келуі, мысалы, Шалкиіз жыраудың толғауынан үзінді келтірейік:

Шағырмақ бұлт жай тастар,

Ағытқан қойды жол бастар.

Ақ желкенді жел бастар,

Ғаділ төре ел бастар…

Бір жақсымен дос болсаң,

Азбас-тозбас мүлкі етер.

Бір жаманмен дос болсаң,

Күндердің күні болғанда,

Жүмле ғаламға күлкі етер [2, 220б].

  1. Риторикалық сұраумен келетін қайталаулар. Мысалы Ақтамберді жыраудың шығармасынан мысал келтірейік:

Мінезді болса алғаның,

Одан артық жар бар ма?!

Екі жаман қосылса,

Күнде жанжал, күнде шу,

Ұяларлық ар бар ма?! [2, 223б].

Осылайша көптеген жыраулардың шығармаларында эпикалық қайталау сұрау түрінде келіп, жыраулардың замана халін, өмір сырын білдірер негізгі ойын айқын танытуға қызмет етеді.

  1. Бұйрық рай түрінде келетін эпифоралық қайталаулар, мысалы Шалкиізде:

Алып, алып, ал сақын,

Аңдып жүрген дұспаныңнан мың сақын.

Күле кіре күңіреніп

Шыққан достан мың сақын[2, 223б].

  1. Істің, заттың, құбылыстың, оқиғаның себеп-салдарын, мақсаты мен шартын білдіретін эпифоралық қайталаулар, мәселен Асан қайғыда:

Әділдіктің белгісі-

Біле тұра бұрмаса,

Ақылдының белгісі-

Өткен істі қумаса [2, 224б].

Жырау «белгісі» сөзін қайталап, өмірдегі жақсылық, жамандық түрін ашық түсіндіре суреттейді.

Шешендік сөздерде ауыстыру (метафора) мол қолданылады. Ауыстыру алынып отырған заттың не құбылыстың мағыналас, мәндес басқа ұғымдардың орнында пайдаланып, ойды ықшамды, суретті, айқын, қысқа жеткізуге негізделеді. Қажым Жұмалиев «Абай поэзиясының тілі» атты еңбегінде құбылысы жағынан алғанда Абайға дейінгі поэзиясында метафораның 5 түрін ажыратқан [3, 216б].

Мысалы Ақтамберді жыраудан үзінді келтірейік:

Сыртым —  құрыш, жүзім – болат,

Тасқа салсаң майырылман [2, 193б].

Бұл мысалда бір нәрсені екінші нәрсеге балау арқылы жасалынған метафораның жалғаусыз, жұрнақсыз жай түрі.

–мын, -бын, -пын, -сын жіктік жалғаулары, не -м, -ң, -ы, (-сы) тәуелдік жалғауларының көмегімен жасалған метафоралар кездеседі. Мысалы, Бұқарда:

Сен бұзау терісі шөншіксің,

Мен өгіз терісі талыспын [1, 194б].

Бұқар жырау жырларындағы ауыстырулардың тағы бір түрі, «едің» көмекші етістігі арқылы жасалады. Мысалы:

Отыз бес жасқа келгенде,

Қара судың бетінде,

Сығылып аққан сен едің.

Қырық жасқа келгенде,

Алтынды тонның жеңі едің [2, 194б].

«Едім» көмекші етістігі көмегімен жасалатын ауыстырулар жыраулардың өз аттарынан айтылатын толғау, теңеулерде, лирикалық герой атынан берілетін монологтерде, «едің» көмекші етістігі көмегімен жасалатын ауыстырулар, әсіресе, арнау өлеңдерде көп ұшырасады.

Жыраулар поэзиясында шендестіруде молынан қолданылады. Мысалы:

Жаманнан туған жақсы бар,

Адам айтса нанғысыз.

Жақсыдан туған жаман бар,

Күндердің күні болғанда

Бір аяқ асқа алғысыз [1, 44б] , — деп жаман мен жақсыны шендестірген.

Толғауларда, арнауларда құбылтудың ауыстырудан өзге кездесетін түрлерінің бірі – шендестіру. Мысалы, Бұқар жыраудың:

Күлдір — күлдір кісінетіп,

Күреңді мінген жиырма бес.

Күрек тісің қасқайтып,

Сұлуды құшқан жиырма бес [2, 202б]   , бұл жырда күрең – сайгүлік, сұлу – ару, қыз деген мағынада қолданылып тұр.

Жыраулар суреттеген құбылыстарға ерекше рең, ажар беріп, айтпақ ойларын аша түсуге мейлінше елеулі ықпал ететін көркемдік тәсілдердің бірі  — меңзеу(синекдоха). Ақтамберді жыраудың шығармасынан мысал:

Білімдіге бағынсаң,

Халық жүдеп іші азбас [2, 204б], адамның бір ғана мүшесі – ішті меңзеу арқылы білімдіге бағынған елдің бірлік, берекесі нығайып, ортасы олқы түспес, «іші азбас» деген ойлы пікір толғайды.

Түйіндеп айтқанда, шешендік сөздерде қолданылатын бейнелеу тәсілдерінің барлығы да жыраулар шығармашылығында да болатындығына көз жеткіздік, ол өз кезегінде ақындық поэзияға да терең әсер еткен. Жоғарыда келтірілген мысалдардың өздерінен – ақ бейнелеу тәсілдерінің жыраулар поэзиясындағы шешендік сөздердің қуаттылығын арттыруда, әсемдік, әуезділік дарытуда қаншалықты маңызды екендігін аңғаруға болады деп ойлаймыз.

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Бес ғасыр жырлайды: XV ғасырдан XX ғасырдың бас кезіне дейінгі қазақ ақын-жырауларының шығармалары,//Құрас.:Мағауин М., Байділдаев М. Екі томдық. Алматы: Жазушы, 1989. – 384 б.
  2. Алдаспан. XV-XVIII ғасырлардағы қазақ ақын, жырауларының шығармалар жинағы,//Құрас.:Мағауин М, Алматы: Жазушы, 1971. -278 б.
  3. Әдебиеттану терминдер сөздігі. /Құрас.:З.Ахметов,Т.Шаңбаев/ Семей-Новосибирск: Талер-Пресс, 2006. -398 б.

 

Әсем Қошан

Нұр-Сұлтан қаласы, №27 мектеп-лицейі, қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі

 

Басқа материалдар


ПІКІР ҚАЛДЫРУ