Балалардағы невроз не себептен пайда болады?

0
324
«Мен осындай баламын» тәрбие сағаты

Кішкентай балаларда әртүрлі әдеттердің пайда болуы сирек емес жағдай. Мысалы, олардың кейбіреулері үнемі тырнақтарын тістеп, шашын шайнап, ал біреулер жыныс мүшелерін ұстайды. Мұндай әдеттер психология тұрғысынан нені білдіретіні туралы психолог Айдана Меделханованың айтуынша, балалардағы әдеттердің пайда болу себебі невроздың бастапқы кезеңінде жатыр. Бала бойындағы әртүрлі әдеттерді байқаған жағдайда ата-аналар бұған дер кезінде назар аударып, балаға көмек көрсетуі керек.

«Энурез (еріксіз зәр шығару), энкопрез (нәжістің ағып кетуі), бақылаусыз жөтелу, тырнақ тістеу және басқа да бір типті қозғалыстардың қайталануы обсессивті қозғалыс деп аталады. Жыныс мүшелерін сипау немесе үнемі тию де осы ауытқуға жатады. Бұлардың барлығы балада әртүрлі жағдайдан кейін пайда болатын невроздың белгілері», — дейді психолог.

Балалардағы невроздың пайда болуының әртүрлі алғышарттары бар:

  • Биологиялық факторлар – перинаталдық зақымданулар немесе генетикалық бейімділік;
  • Әлеуметтік алғышарттар – қолайсыз жағдайларда туылған балаларда обсессивті әрекеттер жиі кездеседі;
  • Психологиялық себептер – бұл үлкен эмоционалдық шок нәтижесінде пайда болатын психикалық жарақаттарды қамтиды;
  • Жұқпалы әсерлер – жұқпалы аурулардың нәтижесінде пайда болатын ауытқулар.

«Балалық невроздың негізгі себебі отбасындағы қолайсыз жағдайларда жатыр. Үнемі балағаттау, ұрыс-керіс, қатты дауыспен сөйлеу, ата-ана арасындағы қарым-қатынастың шиеленісуі. Мұның бәрі күйзеліске, кейіннен неврозға алып келеді», — дейді сарапшы.

Психолог балалардағы невроздың пайда болуына ықпал ететін себептерді де санамалап берді.

  • Эмоцияларды көрсетуге тыйым салу. Мысалы, ата-аналар балаларының жылауына тыйым салады;
  • Баланың қанағаттандырылмаған қажеттіліктері;
  • Жүйке жүйесінің шаршауы;
  • Баланың бос уақытының болмауы. Мысалы, балалар мектептен кейін бірнеше секциялар мен үйірмелерге қатысуы мүмкін;
  • Баланың ернінен үнемі сүйіп тұру;
  • Балаға ыңғайсыз немесе жараспайтын киім таңдау;
  • Баланы өз еркіне қарсы тамақтандыру;
  • Баланың алдында ашуды, агрессияны ұстай алмайтын импульсивті ата-аналар;
  • Гиперактивтілік.

Неврозбен ауыратын балаға қалай көмектесуге болады?

Сарапшы атап өткендей, жұмыс тек баламен ғана емес, сонымен қатар барлық отбасы мүшелерімен де жүргізілуі қажет.

«Невроз адамды өмір бойы мазалайтын ауру, сондықтан балаға дер кезінде көмектесу керек. Бұл жерде психолог маманның көмегі де, отбасы мүшелерінің көмегі де аса қажет. Өйткені психолог, баланың мінез-құлқын түзейтін қажетті бағдарламаны таңдайды. Ал ата-ананың балаға арнайы жаттығулар мен тапсырмаларды орындауға көмектесуі қатты маңызды», — деп бөлісті.

Психолог сонымен қатар ата-аналарға балалық неврозбен жұмыс істеуге көмектесетін жалпы кеңестер бар екенін атап өтті:

  • Тәулік режимі. Ата-аналар үшін күнделікті тәртіпті сақтау және өзін тәртіпке келтіру маңызды. Яғни, баланың түскі ас кезінде ұйықтауы, серуендеуге және ойындарға уақыты болу керек.
  • Күнделікті әдет-ғұрыптарды орындау, тісті тазалау, киімді өзгерту, ойыншықтарды жинау.
  • Уақытылы ұйықтау. Неврозбен ауыратын балаларға кеш ұйықтауға болмайды.
  • Гаджетті басқару. Гаджеттен уақытша бас тарту.
  • Физикалық белсенділік.
  • Стресске қарсы бірнеше ойыншықтардың болуы.
  • Балаға дауыс көтермеу.
  • Агрессивті түрде балаға күш көрсетпеу.
  • Бала мен ана арасындағы байланысты орнатуға көмектесетін жаттығуларды орындау. Мысалы, баланы құшақтап, оны тербету, баланың нәресте кезіндегі суреттерін көрсету, оның қаншалықты маңызды екенін және жақсы көретінін жиі айту.
  • Баламен сапалы уақыт өткізу, бірге ойын ойнау немесе тамақ әзірлеу сапалы қарым-қатынасқа кіреді.

Балалардағы неврозды емдеу аурудың белгілеріне байланысты жеке таңдалады. Көп жағдайда балалар амбулаториялық жағдайда емделеді. Дәрігер бірнеше негізгі компоненттері бар кешенді терапияны тағайындайды. Ең алдымен, неврозды қоздыратын факторлар нақтыланып, содан кейін баламен толыққанды жұмыс жасалады. Осылайша, психолог баланың мінез-құлқы өзгерген жағдайда дереу невропатолог маманмен кеңесу керектігін алға тартты.

 

Аружан Ардаққызы

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенті


ПІКІР ҚАЛДЫРУ