БОЛАШАҚ МҰҒАЛІМДЕРДІҢ КӘСІБИ ҚҰЗЫРЕТТІЛІГІН ҚАЛЫПТАСТЫРУДЫҢ ҒЫЛЫМИ — ПЕДАГОГИКАЛЫҚ НЕГІЗДЕРІ

0
8725

Қазақстан Республикасында білім беру жүйесіндегі модернизациялау үдерісі —
білім мазмұны мен сапасын арттыру, білім берудің ұлттық моделін жетілдіру,
ақпараттық технологиялар жөнінде жаңаша педагогикалық көзқарас қалыптастыру
секілді кешенді шараларға тікелей қатысты. Әлем тәжірибесі көрсеткендей, кез-келген
мемлекеттің экономикалық жетістігі сол елдің білім жүйесі мен азаматтарының білім
дәрежесіне байланысты. Өйткені білім арқылы ғана қоғамның интеллектуалдық
капиталы мен инновациялық әлеуеті қалыптасады.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан-2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің
жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында «Білім және кәсіби машық — заманауи білім беру
жүйесінің, кадр даярлау мен қайта даярлаудың негізгі бағдары. Бәсекеге қабілетті
дамыған мемлекет болу үшін біз сауаттылығы жоғары елге айналуымыз керек. Барлық
жеткіншек ұрпақтың функционалдық сауаттылығына да зор көңіл бөлу қажет», — деп
атап көрсетті [1]. Қазіргі замандағы білім берудің негізгі мақсаты: еңбек нарығында бәсекеге қабілетті, құзыретті, өз жұмысын жақсы білетін, жан-жағына бағыт-бағдармен қарайтын, әлемдік стандарт деңгейінде нәтижелі жұмысқа, кәсіби өсуге, әлеуметтік-саяси оңтайлы тез әрекет жасауға, болып жатқан өзгерістерге тез бейімделуге қабілетті білікті маман, индустриалды-инновациялық жағдайды шешуге лайық, өз қалауы мен қоғам талабына сай өзін көрсете білуге бейім, өз ойын еркін айта алатын, жоғары білімді, ұлттық тілді, тарихты жетік меңгерген, отандық және әлемдік мәдениетті бойына қалыптастырған, шығармашыл, оңтайлы кәсіби маман дайындау.
Бұл мақсатты жүзеге асыруда еліміздегі білім беру саласының бағыт-бағдарын
айқындайтын Білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік
бағдарламасы қабылданғаны бәрімізге белгілі.  Бағдарлама бірнеше мақсаттар мен міндеттерден туындап отыр, соның ішінде техникалық және кәсіптік білім берудің мақсаты: қоғамның және экономиканың индустриялық-инновациялық даму сұраныстарына сәйкес техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін жаңғырту, әлемдік білім беру кеңістігіне кірігу, педагог мамандығының беделін көтеру, білімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру [2]. Жоғары оқу орнында дайындықтан өткен мамандардың білімі жоғары дәрежеде  болуы керек. Өйткені, бұл талап әрбір мамандық бойынша білім беру мазмұнын салыстырмалы түрде біртұтас білім саласы ретінде анықтауы керек. Білім берудің күрделі мазмұнын меңгеруде, оқу-тәрбие үрдісін ұйымдастырудың қазіргі кездегі
ұстанымдарын жүзеге асыруда, педагогикалық үрдіс, яғни, оқытушылар мен
студенттердің өзара байланысқан және өзара келісілген іс-әрекеті басты міндет
атқарады. Сондықтан, қазіргі кездегі жоғары білім беру алдында студенттер мен
оқытушылардың жұмыстарының түрлері мен әдістерін жүзеге асыру мәселесі тұр.
Бүгінгі таңда еліміздің білім беру саласында бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеу
үшін маңызды міндеттерді шешуге бағытталған күрделі бетбұрыс жасалуда. Мұғалімнің
кәсіби мүмкіндігі оның бойындағы өзін-өзі дамытып отыру дайындығына тікелей
байланысты. Бұл мәселеге әлеуметтік-педагогикалық тұрғыдан келу үшін мұғалімнің
субьект ретіндегі алдына қойған міндеттерін орындауға деген әзірлік деңгейіне көз
жеткізу қажет. Әрине, оның кәсіби өсуі жеке тұлға ретіндегі ерекшелігіне әбден қатысты.
Сондықтан бұл жерде даралық-тұлғалық қалыптасу, іскерлік-әдістемелік жетілдіру,
кәсіптік-пәндік білімін толықтыру компоненттерінен өз қажеттілігін тани алу мүмкіндігі
туады. Бұл жердегі «өз қажеттіктерін сезіну» — кәсіби қызметтің негізі. Өйткені, ол өзінің
әлеуметтік бар мүмкіндігін дамытудың жолдарын білу деген.
Болашақ кәсіби құзіретті маман осы ақпараттық қоғамнан қалыспай, жедел
ойлаушы, жедел шешім қабылдаушы, ерекше ұйымдастырушылық қабілетті, нақты
бағыт — бағдар беруші болып шығуы — бұл қазіргі заманның талабы.
Құзыреттілік қалыптастыру дегеніміздің өзі болашақ кәсіби маманның — қазіргі
студенттердің шығармашылық қабілеттерін дамыта отырып ойлаудың, интеллектуалдық
белсенділіктің жоғары деңгейіне шығу, жаңаны түсіне білуге, білімнің жетіспеушілігін
сезінуге үйрету арқылы ізденуге бағыттауды қалыптастырудағы күтілетін нәтижелер
болып табылмақ.
Студенттердің кәсіби құзыреттілік мәселелері туралы пікірлер кәсіби маман даярлау
мәселелерімен айналысып жүрген отандық және шетелдік ғалымдар, педагогтар,
психологтар еңбектерінде көрініс табуда.
“Құзыреттілік” түсінігі білім беру саласында 1960-1970 жылдардағы шетел
әдебиеттерінде, ал 1980 жылдардың соңында отандық әдебиеттерде кездесті. “Кәсіби
құзыреттілік, жете білушілік” ұғымын енгізудің қажеттілігі оның мазмұнының
кеңдігімен, интегративтік сипатымен, “кәсіптілік”, “біліктілік”, “кәсіби мүмкіндіктер”
және т.б. түсініктерді біріктіреді [3] «Құзірет» және «құзіреттілік» ұғымдарын педагогикалық үрдіске енгізу бағытында ғалымдар зерттеу жұмыстарын арнап, әдіснамалық мәнін ашып, өздерінің әртүрлі түсініктемелерімен сипаттауда. Аталған ұғымдардың табиғи мәніне жетуге байланысты Д.И.Ушаковтың редакциясымен жарық көрген түсіндірме сөздіктің авторлары “құзыреттілік” және “құзырет” сөздерінің арасындағы айырмашылықтарды дәлелдеуге тырысқан. “Құзыреттілік” – хабардар болушылық, абыройлық; “құзырет” –
жеке тұлғаның кәсіби қасиеті және қызметтік сипаттардың нақты жиынтығы деген,
К.В.Шапошников: «Кәсіби құзіреттілік категориясын: қоршаған ортамен өзара әрекет
етуінде адамның кәсіби іс – әрекетін жобалау және жүзеге асыруға мүмкіндік беретін
тұлғалық қасиеттері, білімі, іскерлігі және тәжірибесінің біріккен жиынтығы »,-десе,
И.Н.Алмазова құзірет – адамның іс-әрекеті саласындағы білімі мен іскерлігі, ал
құзіреттілік – маман құзырлық қасиеттерін сапалы қолдана алуы тұрғысында
пайымдайды [4] . Қазақстанда кәсіби құзыреттілікті қалыптастырудың теориялық және
практикалық қырларын Ш.Х.Құрманалина (колледж жағдайында бастауыш сынып
мұғалімдерін кәсіби даярлау), Б.Т.Кенжебеков (жоғары оқу орны жүйесінде болашақ
мамандардың кәсіби құзыреттілігі), Г.Ж.Меңлібекова (болашақ мұғалімнің әлеуметтік
құзыреттілігі), Б.Қасқатаева (болашақ математика мұғалімінің әдістемелік
құзырлылығы), С.И.Ферхо (мұғалімдердің оқу үдерісінде электронды оқу құралдарын
пайдалана білу құзыреттілігі) және т.б. ғалымдар зерттеген.
Маманның кәсіби кұзіреттілік мәселесі күрделі де көп қырлы. Бұл ғылыми
педагогикада, психологияда, әлеуметтануда, кәсіби білім берудің теориясы мен
әдістерінде,гуманитарлық ғылымда әр қырынан қарастырылып жүр.
Құзіреттілік – жеке тұлғаның теориялық білімі мен практикалық тәжірибесін
белгілі бір міндеттерді орындауға даярлығы мен қабілеті. Ол жансыз жаттанды білім
түрінде емес, жеке тұлғаның танымға, ойлауға қатысын және әрекетке, белгілі бір
мәселелерді ұсынып, шешім жасауға, оның барысы мен нәтижелерін талдауға, ұдайы
түрде ұтымды түзетулер енгізіп отыруға деген белсенді іс-әрекеттен көрінеді.
Осы ретте еліміздің кәсіби білім беру жүйесі алдында, оның ішінде болашақ
педагог даярлауда ең алдымен педагогтың кәсіби құзыреттілігін қалыптастыру міндеті
тұр. Кәсіби құзыреттілік ұғымын түсіндіруде екі бағыт бар: адамның стандартқа сәйкес
әрекет ету қабілеті; жеке тұлғаның жұмыста нәтижеге жетуіне мүмкіндік беретін
сапалары.  Б.Т. Кенжебеков құзыреттілік жөнінде: «Құзыреттіліктің бар-жоғын адам
еңбегiнiң нәтижесiне қарап пайымдау кажет. Кез — келген қызметкер, өз әрекетiмен
кәсiби iс-әрекеттiң түпкi нәтижесiне сай талаптарға жауап беретiн жұмыстарды орындаса
ғана, кәсiби кұзыреттi болып саналады»-, деп анықтама береді [5].
Еліміздің саяси, экономикалық, мәдени, қоғамдық өміріндегі өзгерістерге сай
жоғары оқу орындарының үлкен жауапкершілікті сезініп, білікті, өз ісінің шебері,
бәсекеге қабілетті, кең ауқымды, жан-жақты дамыған маман дайындауға ұмтылуы, өзінің
әлеуметтік-экономикалық және рухани дамуының мазмұны мен сипаттарының өзгеруіне
және еңбек сапасына талаптың жоғарылуына байланысты өз ісін жетік білетін, кәсіби
білігі мол мамандарды қажет етеді. Сондықтан, кәсіби білімді маманның құзіреттілігі сол маманның жеке тұлға ретіндегі қасиеттерінің және ішкі психикалық жағдайларының күрделі жүйесі, оның кәсіби қызметі мен қабілетін іске асырум болып табылады.
Құзіреттілік – қызмет атқарушының жеке мүмкіншілігі оның квалификациясы
(білімі мен тәжірибесі), шешім кабылдай алуы немесе белгілі бір білім мен дағдыларына
сәйкес шешім қабылдауы.  Құзіреттілік — жеке тұлғаның теориялық білімі мен практикалық тәжірибесін белгілі бір міндеттерді орындауға даярлығы мен қабілеті. Ол жансыз жаттанды білім түрінде емес жеке тұлғаның танымға, ойлауға қатысын және әрекетке, белгілі мәселелерді ұсынып, шешім жасауға, оның барысы мен нәтижелерін талдауға, ұдайы түрде ұтымды түзетулер енгізіп отыруға деген икемділігінің белсенділігінен көрінеді. Құзіреттілік бірінші орынға білімгердің ақпаратты сауаттылығын емес, оның мәселені дұрыс шеше білу қасиетін қояды. Егер болашақ педагогтың құзыреттілігінің қалыптасуын орта кәсіби білім беру жүйесінің аумағында қарастырсақ, онда білім, білік, дағды мүмкіншілігі, яғни, бір сөзбен педагогикалық қызметке маманның қаншалықты дайын екендігі туралы айтуға болады. Кәсіби құзіреттілік деп педагогтың жеке бас сапалары мен оның психологиялық-педагогикалық және теориялық білімінің, кәсіби біліктілігі мен дағдысының, тәжірибесінің бір арнада тоғысуы деуге болады. Болашақ маман өз ісінің шебері, жақсы мұғалім болу үшін мамандығына қажетті қабілеттерді және жалпы әлемдік мәдениетті, өз елінің мәдениетін, қарым-қатынас мәдениетін, тіл мәдениетін игеріп, интеграциялық үрдістерді меңгеріп, әлемдік білім кеңістігінің өресінен шыға алуға талпынуы керек.
Кәсіби құзыреттілікті қалыптастыру жеке шығармашылық қабілетті дамытуды,
педагогикалық инновацияларды дұрыс қабылдауы, күнделікті өзгеріп жататын
педагогикалық ортаға тез бейімделуді қажет етеді.
Болашақ маман дайындау мәселесі оның тұлғалық сапалары мен қасиеттерін
қалыптастырудың мазызын көрсетеді. Тұлғалық-бағдарлық бағытта білім беру нәтижесі
білім, біліктілік және дағды жүйесінде, шығармашылық іс-әрекет тәжірибесіне және
эмоционалды көңіл-күйді көрсете білуге, ерікті қарым-қатынасқа педагогикалық
бейімделген тұлғаны қалыптастыру ретінде түсіндіріледі [5]. Ғалымдардың пікірлерін басшылыққа ала отырып, біз «құзыреттілік» ұғымына – студенттердің жеке тұлғалық психологиялық ерекшеліктеріне байланысты меңгерген
білімдерін, дағдылары мен біліктерін, танымдық және тәжірибелік іскерлігін өмірде
дұрыс қолдануы деген түсінік бере аламыз.
Сонымен педагог-психолог, ғалымдардың пікірі бойынша еңбек нарығында
бәсекеге қабілетті, кәсіби оңтайлы маманнның бойында белгілі бір құзіреттіліктер
қалыптасуы қажет.
Біріншіден, бағдарлы құзіреттілік (азаматтық белсенділік, саяси жүйені түсіну,
баға бере білу, елжандылық, т.б);
Екіншіден, мәдениеттанымдылық құзіреттілік (ұлттық ерекшеліктерді тани білу,
өз халқының мәдениеті мен өзге ұлттар, әлем мәдениетін салыстыру, саралай білу
қабілеті);
Үшіншіден;оқу-танымдық құзіреттілік(өзінің білімділік қабілетін ұйымдастыра
білу, жоспарлай білу, ізденушілік-зерттеушілік әрекет дағдыларын игеру, талдау,
қорытынды жасай білу);
Төртіншіден; коммуникативтік құзіреттілік (адамдармен өзара қарым-қатынас
тәсілдерін білу, мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілінде, халықаралық қатынаста шетел
тілінде қатынас дағдылары болуы);
Бесіншіден, ақпараттық-технологиялық құзіреттілік (ақпараттық
технологиялармен, техникалық обьектілер көмегімен бағдарлай білу, өз бетінше іздей
білу, таңдай, талдай білу, өзгерте білуді жүзеге асыра білу қабілеті);
Алтыншыдан, әлеуметтік- еңбек құзіреттілігі (әлеуметтік-қоғамдық жағдайларға
талдау жасай білу, шешім қабылдай білу, түрлі өмірлік жағдайларда жеке басына және
қоғам мүддесіне сәйкес ықпал ете білу қабілеті);
Жетіншіден, тұлғалық өзін-өзі дамыту құзіреттілігі (отбасылық еңбек,
экономикалық және саяси қоғамдық қатынастар саласындағы белсенді білімі мен
тәжірибесінің болу қабілеті) [6]. Қорыта келе, кәсіби құзыреттілік ең алдымен студенттің функционалдық сауаттылығы мен кез-келген мәселені дұрыс шеше білу қасиетінен көрініс табады.
Студент қоғам талабына сай өзін-өзі үздіксіз жетілдіріп отыратын, кәсіби білімді, жаңа
технологияларды меңгерген, ортамен қарым-қатынасқа тез бейімделе алатын,
ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, тәжірибесі мол, т.б. қасиеттерді жинақтағанда ғана
кәсіби құзыретті маман бола алады. Студенттің кәсіби құзыреттілігі кәсіби және жеке
сапалардан құралады. Кәсіби құзыретті маман деп өзінің педагогикалық әрекетін жоғары
дәрежеде жүргізе алатын, қарым-қатынасқа әрдайым дайын, педагогикалық үдерісте
үнемі оң нәтижелерге қол жеткізіп отыратын маманды атауға болады.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1.Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақстан-2050»
Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына
Жолдауы. –Астана. 14 желтоқсан, 2012.
2. Қазақстан Республикасында 2020 жылға дейінгі білім беруді дамытудың
Мемлекеттік бағдарламасы. -Астана, 2010.
3. Сенкибаева А.Т. Мұғалімнің кәсіби құзырлылығын дамыту.//Білім берудегі
менеджмент, №4.2009
4. Равен Дж. Компетентность в современном обществе: выявление, развитие и
реализация. -Москва., 2002
5. Ш.Х.Құрманалина,Б.Ж.Мұқанова. Педагогика. -Алматы., 2007
6.Омарова Л.Т. Кредиттік оқыту жүйесінде студенттердің кәсіби
құзыреттіліктерін қалыптастырудың педагогикалық шарттары
-Алматы., 2007


ПІКІР ҚАЛДЫРУ