АЛАШ ҚАЙРАТКЕРЛЕРІНІҢ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ МҰРАСЫ

0
2332

Еліміз егемендік алып, тәуелсіз мемлекет ретінде дүние жүзілік қауымдастыққа
танылып, жаңа демократиялық қоғамның дүниеге келуі, Қазақстан педагогика ғылымы
тарихының жаңа мазмұнда сипат алуына кең жол ашып отыр. Соның бір көрінісі ретінде
ұзақ уақыт бойы бір жақты қаралып, ақиқаты айтылмай келген ұлттық педагогика
тарихын қайта ой елегінен өткізіп, шынайы бағасын беруге деген талпынысты айтуға
болады. Оған дәлел бүгінгі таңда жарық көріп отырған Қазақстан Республикасы
Үкіметінің ресми материалдары мен Білім және ғылым министрлігінің нормативті
құжаттары. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев: «өткенді зерделеп,
жақсы мен жаманды, ақ пен қараны айырып, оны бүгінгі күннің кәдесіне жарату – қоғам
алдында тұрған ең өзекті мәселелердің бірі. Өйткені, айта беретін тәуелсіздігіміз,
егемендігіміз осы тарихты тандауға тікелей байланысты: өткенді білмей, болашақты
анықтау мүмкін емес» — деген болатын [ 1]. Біздің пікірімізше, бүгінгі таңдағы педагогика мәселелерін және оның даму тенденцияларын Қазақстан территориясында болған өркениеттегі жинақталған мұраны, көрнекті педагогтар мен ағартушылардың көзқарастарындағы халықтық, мәдениетке сәйкестілік, табиғатқа сәйкестілік принциптерге негізделген идеяларын зерттемей, ұлтымыздың жүріп өткен жолына көз ілмей, тарихымен таныспай жаңағылыми ойларды қалыптастыру мүмкін емес. Сондықтан халқымыздыңтарихын терең қарап, оны жаңа көзқарас ретінде талдаудың қажеттілігі туындап отыр. Ел болып қалыптасу тарихымызда, елдігіміз бен егеменділігімізді сақтау жолына өмірлерін сарп еткен ұлы тұлғалардың есімі, ғылыми еңбектері ерекше орын алады. Ал, Қазақстан педагогика ғылымының әлем халықтары педагогикасы қазына
қорына қосары аз еместігіне біз ешбір күмән келтірмейміз. Керісінше, Қазақстан
педагогика ғылымының әлемдік педагогикалық ой- пікірдің дамуында маңызы өте зор.
Ол өте бай ғылыми – теориялық қайнар көзі ретінде өзінің дамуында үлкен
қиындықтардан өткені мәлім. Олардың ішінде халыққа білім беру жүйесінің
трансформациясы, ғылыми-педагогикалық идеялардың дамуы, мұғалім кадрларын
даярлау т.б мәселелері бар. Оның барлығы Қазақстан педагогика ғылымының талай тар
жол, тайғақ кешулерден өткенін дәлелдейді. Бүгінгі күндегі қоғамның үдемелі дамуы білім беру мен мектеп алдына күрделі міндеттер қойып отыр. Олардың қатарында тарихи компонентті күшейту де бар. Ол міндеттер «Қазақстан Республикасының тарихи сана қалыптасуының тұжырымдамасында» айқын көрсетілген [2]. Себебі қоғамдық сананың ерекше формасы болып есептелетін тарихи сананы қалыптастыратын тек тарих қана. Тарихи сананы қалыптастыру міндетін, Қазақстан педагогикасының тарихи жолдарын анықтау міндетін шешу өткен жолдардағы көрнекті қайраткерлердің педагогикалық мұраларын зерттемей, басшылыққа алып оларға сүйенбей мүмкін емес.
Зерттеуге алынған мәселенің ғылыми маңыздылығын айқындау үшін біздер
философялық, тарихи-педагогикалық әдебиеттерге талдау жасауды жөн көрдік. Себебі,
біздің пікірімізше, теориялық тұрғыдан дәлелдемесін қамтамасыз ететін зерттеулер
бірнеше бағытта жүргізілді.
Бұл -ХХ ғасырдың басындағы қазақ зиялыларының мұрасын зерттеуге арналған
еңбектерге талдау жасаумен байланысты:
Олардың ішінде:
— философиялық аспектідегі (С.Өзбекұлы, Б. Бисенов);
— тарихи аспектідегі (М.Қойгелдиев, Д.Аманжолова, К.Нұрпейісова,
Н.Нұрмағамбетова, М.Құл-Мұхамед, М.Қозыбаев);
— филологиялық аспектідегі (Д.Қамзабекұлы, Р.Нұрғали, Д.Досжанов,
Ж.Дадебаев, А.Әбдіманов, Ш.Елеукенов, С.Қирабаев, М.Мағауин, Ш.Сәтбаева,
Ә.Тәжібаев, М.Базарбаев, Ә.Марғұлан);
— тарихи- педагогикалық аспектідегі (А.Тұрсынова, А.Қыдыршаев, К.Ибраева,
Ғ.Базарғалиев, М.Тасболатов, А.Асаубаева, А.Сұлтанова, К.Әбілғазиева) т.б.(3)
Қазіргі кезде әлі де болса жас жеткіншектерді тарихи ірі ойшылдардың мұралары
негізінде, жеке дара тұлғалардың өмірі мен шығармалары арқылы тәрбиелеу өз
деңгейінде емес. Соның ішінде олардың шығармаларындағы тәрбиелеудегі идияларын
меңгермейінше, Республикамыздағы педагогика тарихын толық түсіну мүмкін болмайды
және оның бүгінгі жағдайын зерделеу мен даму болашағын болжау қиындыққа түседі.
Яғни, өткен тарихымыздағы педагогикалық идеялардың зерттелуі мен танылуының
жеткіліксіздігі қазіргі кездегі білім беру жүйесінің тәрбиелік тиімділігін тарихи
сабақтастық принципінің бұзылуына жол береді. Біз осы еңбегімізде Алашорда қайраткерлері шығармаларындағы педагогикалық идеяларына кеңестік саясаттың ықпалыннан тыс, объективті тұрғыда тарихи-педагогикалық талдау негізінде сипаттама беру үшін оларды Әл-Фарабидің, Ж.Баласұғынның М. Қашқари еңбектеріндегі педагогикалық ойлармен сабақтастыра,салыстыра отырып талданады.
Ұлттық педагогикамыздың маңызды бір бөлігі болып есептелінетін азаттық пен
тәуелсіздіктің күрес жолына, ағартушылыққа шақырған ірі қоғам қайраткерлерінің
педагогикалық ойларының өзіндік даму, қалыптасу жолын тұтас та толық, белгілі
жүйемен жинақты түрде зерттеу көкейкесті мәселенің бірі дер едік. Сонымен, ғылыми
әдебиеттерге жасаған талдау, зерттеліп отырған проблемаға байланысты жазылған
бірқатар еңбектердің барына қарамастан, XX ғасырдың бірінші ширегінде өмір сүрген
алаш зиялыларының педагогикалық ой-пікірлері жалпы, жинақты түрде
қарастырылмағандығын айғақтайды. Ал бұл болса, педагогика тарихының теориясы мен
практикасына елеулі үлес қосатын Алашорда қайраткерлерінің мұраларын зерттеу
қажеттілігін туындатады. Осы орайда, біздің еңбегіміз Алашорда қайраткерлерінің
мұраларын зерттеуге қосқан бірегей еңбек деп есептейміз.Алаш қайраткерлерінің
педагогикалық көзқарастарының қалыптасу негіздері мен қайнар бұлақтары халық
педагогикасының інжу-маржандарынан бастау алатыны белгілі.
Қазақ халқының тәлімдік мәні зор ой-толғаныстары бесік жыры мен батырлық
эпостарда, ертегілер мен аңыздарда, шешендік сөздер мен айтыс-термелерде, мақал-
мәтелдерде орын алатыны ақиқат. Халыққа бағытталған жаңылтпаш, жұмбақтар,
мақалдар арқылы тіл дамыту жұмыстарын ұсынған. Жасөспірімдердің психологиялық
жас ерекшеліктерін сауалдар арқылы қорытынды түйіп отырады.
Педагогиканың әрбір тармақтарында таптырмас қазына жатыр. Бұдан
байқайтынымыз, қазақ халқы да өзінің келер ұрпағын адамгершілікке, бауырмалдыққа,
имандыққа, эстетикалық тәрбие беруге ерекше назар бөлген.
Сонымен қатар, педагогика ғылымында VІ-ХІІ ғасырлардағы ежелгі түркі
жазбаларындағы тағылымдардың орны ерекше. Осы кезеңнің саяси- қоғамдық әдеби
өмірін баяндайтын жазба ескерткіштердің бірі «Күлтегін», «Білге қаған», «Тоныкөк»
дастандары. Құлпытасқа жазылған осы ескерткіштер Орхон-Енесей жазбасы деп
аталады. Күлтегін — ежелгі түркілердің тамаша ерлік сипаттарын бойына жан-жақты
дарытқан ержүрек батыр, ұлан-ғайыр кең даланы еркін билеген дала халқының қайсар
жауынгері. Ал Тоныкөк болса, талай қанды жорықтардың куәгері, үлкен өнер иесі,
ойшыл философ, халық дипломатиясының білгірі. Тас жазуларда ерлік пен ездік, соғыс
пен бейбітшілік, тәлім-тәрбие, тұрмыс-салт мәселелері, әсем, айшық өрнектерімен,
жанды бейнелерге толы сезім толғаныс-тебіреністермен баяндалады. Мысалы, «қандай
қағанат болмасын, оның халқының арасында пәтуасыз (жалқау, онбаған) табылса, онда
сол халықтың қанша соры бар десеңізші», «Құлақ қойып тыңдаңыздар, тереңнен ойлап
толғаныңыздар… Су ағысы тартылса жас топырақ қурайды, адамдардан күш кетсе — жат
кісіге бағынады. Аштықта тоқтықты түсінбейсің». Құлпы тастарда осы іспеттес жас
жеткіншектерді елін, халқын сүюге, жақсы, ұнамды, әдет-ғұрыптарға баулу, үлкенді
сыйлау, зеректік пен ойшылдыққа, батылдық пен тапқырлыққа, үйретіп, тәрбиелеу
жайындағы мәселелер сөз болады. Халқымыздың кемеңгер ойшылдары Қорқыт ата, Әбу
Насыр әл-Фараби, Ахмет Яссауи, Махмуд Қашқари, Ахмет Игенеки, Сайф Сарай т.б.
шығармаларында тәрбие мәселесі кең орын алған.
Солардың біразына қысқаша тоқталсақ, педагогикалық ой-пікірдің қайнар көздері
мен бұлақтарын айқындаймыз. Тарихқа «алғашқы бақсы» ретінде танылған ғұлама
Қорқыттың өмір мен өлім жөніндегі толғаныстарында адам ғұмырының философиясы
мен мән-маңызы, адамның адамгершілік қасиеттері арқау болған. Оның «Анадан өнеге
көрмеген қыз жаман, атадан тағылым алмаған ұл жаман», «Мен-мен тәкаппар адамды
тәңірі сүймейді», «Ақылсыз балаға ата дәулетінен қайран жоқ» деген нақыл сөздері
үлкеннен ғибрат алуға, жастарды көпшіл, ақылды, қонақжай болуға шақырадыXIX
ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасырдың басында өмір сүрген Ш.Уалиханов,
Ы.Алтынсарин, А.Құнанбаев, С.Торайғыров сынды қазақ ағартушылары ғылыми және
әдеби еңбектерінде халқымыздың болашағына көңілбөлгендері бәрімізге аян. Соның
ішінде жастар тәрбиесіне ерекше назар аударған. Қазақ топырағында ағартушылық
идеяның тууын алғаш көтерген Шоқан Шыңғысұлы Уалиханов өзінің аз ғұмырында баға
жетпес көптеген құнды еңбектер қалдырды. Табиғаттың эстетикалық тәрбиеге ықпал
ететін пайдалы жақтары оның күнделіктерінде, сапарнама ретінде жазғанеңбектерінде
тұжырымдалған. Шебер манасшылардың «Манас» эпосының шешуші, өзекті тұсы —
«Көкетай ханның өлімі және оның анасын» жазып алды. Ғалымның нақ осы бір үзікті
дәл сезініп жазып алуын, одан орыс тіліне аударып, ауызша ақындық дәстүрдің ең озық
үлгісі — «Манас»эпосын әлемдік мәдениетке таныстыруын ұлылықтың қай қыры деп
бағаласақ екен?» — деп баға береді Ш.Айтматов /4/. Бұл Шоқан еңбегінің құндылығын,
жеткіншектерді тәрбиелеуде өз бағасын жоғалтпайтындығын көрсетеді. Ағартушы
ғалым қазақ халық ауызекі шығармашылығы балалар мен жастар тәрбиесінің әлеуметтік-
тарихи тәжірибесін көрсететін құнды дүние екенін анықтады. «Оңтүстік сібір
губернияларының тарихына анықтамалар», «XVIII ғасыр батырлары туралы тарихи
аңыз-әңгімелер» атты еңбектерінде қазақ халқының тарихи аңыз-әңгімелерінің мәніне
тоқталады. Абылай, Бөгенбай, Жантай, Сырымбет, Жәнібек, Оразымбет, Баян тәрізді
тарихта болған батырлардың, белгілі хандар мен билердің істерін, өмірлерін баяндайды.
Ғалымның негізгі көздеген мақсаты — болашақ ұрпаққа халықтың өткендегі өмірінің
ақиқатын толығырақ, тереңірек түсіндіру, көрнекті адамдардың іс-әрекетін үлгі етіп,
мән-маңызын ашып көрсету. Шоқан өз зерттеу еңбектерінде халықтың арман-тілегін
тұрмыс-қаракетін, көзқарасын баяндады, ұмытылып бара жатқан мәдени дәстүрлерге
көңіл аударып оны тәрбиенің таптырмас құралы, әдіс-тәсілі ретінде пайдаланғанын
көрсетті. Өзінің педагогикалық мұралары арқылы жас жеткіншектерді тәрбиелеу
мәселесіне ерекше көңіл бөлгендердің бірі -Ы.Алтынсарин. Ағартушы-педагогтың
«Қазақ хрестоматиясына» енгізілген әңгімелерінің мазмұны жас жеткіншекті адал,
шыншыл, еңбексүйгіш, өнегелі, өнерлі азамат болып өсуге, зиянды іс-әрекеттен аулақ
болуға шақырады. «Жеміс ағашы» атты әңгімесінде «Тәрбиеде үлкен мән бар. Ақыл-
кеңесті алмасаң, анау тұрған қисық ағашқа ұқсап өсесің» деп, әкесінің баласына айтқан
ақылын келтіру арқылы тәрбие жөніндегі көзқарасын білдіреді. Ы.Алтынсариннің қай
шығармаларын алсақ та, онда жас жеткіншектерді достыққа, шыншылдыққа, ата-ананың
ақыл-кеңесін тыңдай білуге, үлкендерді сыйлап, кішілерге көмектесуге шақырады. Оның
«Таза бұлақ», «Әдеп», «Өрмекші, құмырсқа, қарлығаш», «Жаман жолдас», «Ананың
сүюі», «Асан мен Үсен» т.б. әңгімелерінен тәрбиенің шынайы қайнар көзі көрінеді . Жас
жеткіншектерге тәрбие беруде ұлы ойшыл Абай Құнанбаевтың поэтикалық
шығармалары мен ғақлия сөздерінің маңызы орасан зор. Абай өз шығармаларында
тәрбие мәселесін жоғары бағалап, ар тазалығы үшін күресуді дәріптеген. Ақын:
Ынсап, ұят, ар-намыс, сабыр, талап,
Бұларды керек қылмас ешкім қалап…
Терең ой, терең ғылым іздемейді,
Өтірік пен өсекті жүндей сабап, -деп
кейбір жастардың іс-әрекетіне наразылығын білдіреді.
Бес нәрседен қашық бол,
Бес нәрсеге асық бол,
Адам болам десеңіз.
Абай адамның жақсы, жаман болуы, ақылды, ақылсыз болуы
тұқымқуалаушылыққа байланысты емес, тәрбиеге байланысты екенін дәлелдейді. Ол
өзінің отыз жетінші қара сөзінде: «Мен егер закон қуаты қолымда бар кісі болсам, адам
мінезін түзеп болмайды деген кісінің тілін кесер едім», дейді[5].
Абай өзінің жетінші қара сөзінде: «Жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен
туады, бірі -ішсем, жесем, екіншісі — білсем, көрсем деп қолына түскен әр затты ұстап,
аузына салып дәмін татып көреді», — дейді.
Осы жолдар арқылы ұлы Абай жастарды жан-жақты ізденуге, біліп-үйренуге
шақырады. Ұлы ойшылдардың тәрбие, әдеп жайлы ой-пікірлері өміршеңдігін танытып,
қазіргі таңда халқымыздың рухани мұраларын одан әрі толықтыра түсуде. Өзінің қысқа
ғұмырында халқына өшпес бай мұра қалдырған жанның бірі — Сұлтанмахмұг
Торайғыров. Ол балалар мен жастардың парызы білім екенін ескертіп, оларды өзінің
қамы үшін емес, халқына қызмет ету үшін оқуға шақырады. Ақын өнер-білімді игеру
арқылы надандықтан арылып, саналы салауатты өмірге бастайтын жол екендігін
ұғындыруға тырысады.
С.Қалиевтің «Қазақтың халықтық тәлім-тәрбиесінің ғылыми-педагогикалық
негіздері» тақырыбына жазылған докторлық диссертациясында халық педагогикасының
мүмкіндіктері айқындалып берілген [5].
Қ.Б.Жарықбаевтың зерттеу еңбегінде қазақ көшпелілері халықтық
педагогикасының өзіндік ерекшеліктері айқындалған, қазақ ойшылдарының мұраларына
талдау жасаған еңбектері де біз үшін құнды дүние болып табылады [6].
Тәрбиенің әр саласы Алаш қайраткерлерінің еңбектерінде кездеседі. Олардың
педагогикалық қайнар бұлақтары мен көздері халық педагогикасынан бастау
алатындығын ерекше атап өткен жөн. Еңбектерін халықтың санасына, ұлттық
болмысына, әдет-ғұрыпына жақындастырады. Сол орайда, халық педагогикасының
інжу-маржандарын пайдаланды. Қазақ халқының бар асылын бойларына сіңірген Алаш
зиялылары өткен ғасырдағы ойшылдарымыздың мұраларынан рухани нәр алды, бірақ
олар ешкімге ұқсамайтын ұлттық педагогика ғылымының ірге тасын қалады. Себебі, біз
байқағанымыздай Алаш зиялыларына дейін педагогика ғылымында айналымға түсетін
ғылыми еңбектер болмады. Ойымыз дәлелді болу үшін Алаш қайраткерлерінің
педагогикалық мұраларына тоқталуды мақсат еттік.
Пайдаланған әдебиеттер тізімі
1. Назарбаев Н.Ә. Менің арманым да, мұратым да Қазақстан халқын бақытқа
жеткізу // Жұлдыз.-2000. — №7.
2.«Алошорда пайда болуының, қызметі мен күйреуінің тарихы» // Социалистік
Қазақстан. -1989. 11 шілде. -2 б.
3. Бурабаев М.С. Общественная мысль Казахстана в 1917-1940г.г.- Алматы:
Ғылым, -1991. -220 б.
4. Қойгелдиев М., Омарбеков Т. 20-30 жылдардағы Алаш қозғалысы // Ақиқат. —
1991. № 11. 2-3 б.
5. Нұрпейісов К. Алаш ҺЭМ Алашорда. -Алматы: Ататек, -1995. -21б
6.Нурмаганбетова Р.К. Проблема Алаш и Алашорды в Казахстанской
историографии 20-90-х годах: автореф. дисс. канд. ист. наук. — Алматы, — 1999. -89с.
      ӘРІПША А.


ПІКІР ҚАЛДЫРУ