Біржан сал Қожағұлұлының шығармашылығы мен әншілік дәстүрі

0
8148


Қазақ даласын әсем әнімен тербеп, артына өлмес мол мұра қалдырған Біржан сал Қожағұлұлы 1834 жылы табиғаты көркем, аты аңызға айналған Бурабай жерінде Көкшетау өлкесінде Жөкей көлінің маңында дүниеге келген. Біржанның өз әкесінің аты – Тұрлыбай Елден ерек өнерімен көзге түскен Біржанды атасы Қожағұл өз тәрбиесіне алған. Біржанның: «Баласы Қожағұлдың Біржан салмын» – деу себебі сондықтан. Біржанның ерекше қабілеті туралы академик А.Жұбанов: «Біржан жасынан өзгеше мінезді, әуесқой, әңгімеге құмар, сезімтал болатын…», – деген. Біржанның шығармашылығындағы ерекше сәт – ұлы ақын Абай ауылына баруы М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясында тамаша суреттелген. Сазгер Біржан Абайдың «Мен көрдім ұзын қайың құлағанын» атты өлеңіне ән шығарған. Біржанның балалық шағын академик Ахмет Жұбанов былай деп сипаттайды: «Біржан жасынан өзгеше мінезді, әуесқой, әңгімеге құмар, сезімтал болатын… Ауылға келген әнші, жыршы, күйші болса, соны жағалайды. Тіпті көрші ауылда бүгін ән салады екен … десе, оған да кетіп қалады». Осы бір қасиетінен-ақ болашақ ақын, алты қырдан ән салатын әнші, айтыс өнерінің дүлдүлі Біржан салдың шырқар биігінің алғашқы баспалдағын көруімізге болады.

Біржанның осыншама әсершіл, сезімтал, зерек болып өсуіне, біріншіден, көзі қарақты, көкірегі ояу, сөйлер сөзге шешен Қожағұл атасының ықпалы болса, екіншіден, ақын-әншінің ұстазы – туған халқы мен Көкше өңірінің көрікті табиғаты десек қателеспейміз.
Көкше – қазақ жеріндегі өнер мен зиялылықтың ұясы. Ол ұядан талай өнер саңлақтары, ғалымдар мен қоғам қайраткерлері шыққан.
Жастайынан-ақ алмас қылыштай жарқылдап өскен Біржанның бір бойында тоғысқан әншілік, айтыскерлік, ақындық өнері мен сал-серілік қасиеті оның атақ-даңқын бүкіл қазақ сахарасының түкпір-түкпіріне жеткізді. Радиосы, техникалық аспабы жоқ алыс өлкелерге Біржан әні таралды. Сал Біржан, әнші Біржанды көруге асық болған халқы «Біржан көрші ауылға келіпті» деген хабарды естісімен-ақ тайлы-таяғы қалмай сол ауылға барып, Біржан әнін өз аузынан естуге құмартқан.
Біржанның шығармашылық өміріндегі маңызды бір оқиға – ұлы ақын Абай ауылына қонақ болып баруы еді. Осы оқиға, яғни Біржанның Абай аулына арнайы ат басын бұруы сахараның айрықша жаңалығы болады. Қарасөздің зергері ұлы Мұхтар Әуезов «Абай жолы» эпопеясында осы бір эпизодты асқан шабытпен суреттейді. Сал Біржанның салтанаты, халықтың ықылас-пейілі, Абайдың Біржанға көрсеткен құрметі бәрі-бәрі қайталанбас көркем үндестікте жырланады. Эпопеяның осы бір тұсы қарасөзбен емес, өлеңмен жазылғандай әсер қалдырады.
Біржанның шығармашылық өміріндегі жарқын күндері-оның Абай ауылына барғаны. Көмейіне ән ұя салған Біржан салға сол сапарда ұлы Абайдың айрықша әсер еткені кәміл. Соның бір айғағы – сазгер Біржан Абайдың «Мен көрдім ұзын қайың құлағынан» атты өлеңіне ән шығаруы. Мұндағы Біржан сазы Абай әндерінен өзгеше, өзіндік үні мен болмыс-бітімін сақтаған.
Әнші Біржанның ақын Абаймен шығармашылық байланысының нәтижесі – бір ғана ән емес, өмірлік сабақ болар, кейінгі ұрпаққа тәрбие болар өнегелік тәлім.
Біржан жастық шақ, жас дәуренін думанды да қызықты өткізеді. Атасы Қожағұлдың дәулетінің арқасында ел аралап, қонақ күтіп, мырзалықпен де ел аузына ілігеді. Жасы егде тартқан шағында денсаулығы нашарлап, үйінен ұзап шықпайтын болады. Ғұмыр бойы елінің алақанында болып, сауық-сайран, той – думанның гүлі болған сал Біржанға бұл жағдай оңай тиген жоқ. Қанаты қырқылған күйге түсті. Ағайын – туыстары алпыстан асқан шағында «қартайдың» дегенді желеу етіп, ауылдан алты қадам аттатпауға тырысты. Тіпті еркіндікке ұмтылған текті өнерпазды текке кінәлап, «жынданды» деп киіз үйдің керегесіне таңып тастаған қасіретті сәттер ақынның ашу – ызасын келтіріп, жаралы жолбарыстай бұлқындырды. Бір кезде – жұрты әз өнерін әспеттен төбесіне көтерген аяулы ақынның тығырыққа тірелген тұста қолынан келер жалғыз үміті – ұл – қыздарына арнап зарлана мұң шағу ғана…

Теміртас, Асыл, Ақық қалдың зарлап,
Ежелден қалмақ па екен солай сарнап?!
Көз көрген құрбыларға дүғай сәлем,
Дұғасын оқи берсін біздерге арнап…

Теміртас, Ақыл, Ақық балдан тәтті,
Қинауға салады екен адамзатты.
Үкідей желпіндірген, қарақтарым,
Шешсеңші, білегіме арқан батты…
Осылайша атақ – даңқы алты алашқа жайылған өлең мен әннен маржан тізген Сарыарқаның саңлақ ақыны, ақиық әнші, сал Біржан осыншама жан азабына төзе алмай, 1897 жылы 64 жасында қайтыс болады.
           Қазақ ауыз әдебиетінің бір саласы – айтыс өлеңдері. «Айтыс» деген сөздің мағынасына назар аударсақ, екі адамның сөз таластыру, сөз жарастыру, сынасуын, т.б білдіреді. Айтыс өзара сөз түрінде де, өлең түрінде де болған. Әдебиетте сөз болатыны – көбінде өлең түріндегі айтыстар.
Айтыстың бірнеше түрлері бар. «Қыз бен жігіт» айтысы, «Бәдік» айтысы, «Жұмбақ» айтысы және «Ақындар» айтысы.
Осылардың ішінен қазірге дейін жеткені – «Ақындар» айтысы. Ақындар айтысы – айтыс өлеңдерінің ішіндегі ең көркемі көлемдісі.
ХІХ ғасырда ақындар айтысына араласқан жүз елуден аса адамның өмірбаяндық деректері Қазақстан Ғылым Академиясының қолжазба қорында сақтаулы. Бұл деректер ХІХ ғасырда ақындар айтысының ерекше дамығанының дәлелі. ХІХ ғасырда Жанақ, Шөже, Кемпірбай, Тоғжан, Орынбай, Балта, Біржан, Әсет, Рысжан, Майкөт, Сабырбай, Сара, Кеншімбай, Нұрпейіс, т.б.жүзден жүйріктер «айтыс» өнері арқылы ақын атанғандар.
Қазақ халқының айтыс өлеңдерінен ойып орын алатын, көркемдік дәрежесі жоғары айтысы – «Біржан мен Сараның айтысы». Жетісу өңірінде Сара атты әрі әнші, әрі атақты ақын қыздың бар екенін, оның сан жүйріктерді сөзбен буғандығын ақын Біржан естиді. Ал Біржан жайын, оның қандай әнші, ақын екендігін Сара да естіген. Бұлар бір-бірін көрмесе де, сырттай таныс, көрісіп, айтысуды арман етіп жүреді.
Біржан бір жолы қасына шәкірттерін, жолдастарын ертіп, Сараның еліне келеді. Біржан келсе, Сара үйінде жоқ екен. Біржанның алдынан Сараның шешесі мен сіңлісі шығады, олармен бір – екі ауыз сөз қағыстырады. Сараның қажы аулына кеткендігін естіп, оны іздеп сол ауылға тартады.
Бұл кезде Сара жиналған көпшіліктің алдында қажы атасына:
… Қажыеке, сізге айтарлық арызым сол,
Қапамын бастан билік алмағанға, —
деп мұңын шағып отыр екен. Осы тұста Біржан келіп: «Бұл үйде Сара бар ма, шықсын бері», — деп хабар салады, жұрт жиналып қалады, осылайша екі ақынның айтысы да басталып кетеді. Біржанның:
Адымым күні бүгін қалыбында,
Екі жыл отыз беске келгеніме, —
деуіне қарағанда, Біржан Сарамен Отыз жеті жасында айтысқан. Екі ақынның екеуі де жүйрік, алғыр. Біржан:
… Қырандай аспандаймын желді күнгі,
Даусымның көтерілер шықса тері.
Болжаған жер шарасын майталманмын,
Жасымнан маған мәлім қыз не дері.
Алтын менен күмістің нақысындай,
Міні жоқ бізден шығар сөз бедері…
Ақ иық мұзбалықпен жерге түспес,
Кең қолтық арғымақпын алқымы іспес, —
деп, өзін мұзбалық қыранға, жүйрік арғымаққа теңейді.
Ақын қолданған көркемдегіш сөздер сөзді ойнатып, айшықтандыра түседі. Бейне асыл ақ сандығын ашқандай. Біржанның тілі өткір, поэзиясы сомдалған құрыштай жұп-жұмыр. Ақын өлеңінің өткірлігін, әнінің әсемдігі мен әсерлігін аспандағы аққулардың жүз құбылған сыңқылына ұқсатады. Бұл тәрізді бейнелі теңеулерді табан астында табатын шеберлік – ақын талантының куәсі. Айтыс өнерінің шырқау биігіне шығу, әрине, жалғыз Біржан ақындығының қуатына ғана байланысты емес. Ол қарсыласының да мықтылығына байланысты. Айтыс өлеңді оқып отырып, жеңіс Сара жағында болуы тиіс деп отыратын тұстар да бар. Мысалы:

Арыстан, сол Ниязбек іздеп келіп,
Шошынған жүрісімнен танбағанға…
Жанақ та қобызбенен түк қылған жоқ,
Оңай ма сендей сорлы бейшараға… –
дейді. Айтыста осындай өрелі ақындарды жеңген Сара Біржанға дай айрықша айбын танытады. Сараның уытты тілі тиген жерін күйдірердей. Ақын Біржан Сараның әдемілігіне, ақындығына көңіл толып, жоғары бағалайды. Біржан:

Жарайды, жаным Сара, осы сөзің,
Тастүлек түрымтайдай екі көзің…
Шіркін-ай, мұндай жүйрік туармысың,
Сөйлейсің алтындай ғып сөздің жезін.

Қанатын күн шалмаған ақ тұйғынның
Жапалақ иемденер басқан ізін…
Кемітер дұшпан шіркін қай жеріңді,
Адамзат озар емес бір басыңнан, —
деп сүйсіне мақтап, шын бағасын береді.
Айтыскерлердің бар мақсаты – жеңу. Осы қасиеті жағынан айтыс спорт түріне де ұқсайды. Біржан ақын Сараның өнерін ардақтай отырып, осындай сөзге жүйрік ақын қызын елі қалай қадірлейді екен деп, тың тақырып бастап кетеді.
Біржан аяқ астынан Сараға:

Шақыртып, осында алдырт күйеуінді,
Көрейін таңдап қосқан сыңарыңды, —
дейді. Сан жүйрікті сөзбен буған Сараның қауіптенетіні де осы еді… Тағдыры аянышты ақын Сара дәл осы жерде жеңілгенін мойындайды.

… Адамға жол бермеген есіл тілім,
Күн өтпей желпін ұшқан қызыл гүлім.
Сіздерден ұялғаннан жүруші едім,
Есекке қосақтаулы өтті күнім.
Өзі білер деуші едім жақсылардың,
Ақыры қайғы болды енді мұным.
Сіздерге сенетұғын сорлы басым,
Келгенде Жиенқұлға шықпайды үнім… –
деп қатты қамығады, басына теңдік беруін сұрайды. Өзімен теңдес әріптесінің қайғысына Біржан да ортақтасып:

Обалың Есімбек пен Тұрысбекке,
Күйеуің жаман екен, ей, бейшара, —
деп аяушылық білдіреді.
Бүкіл қазақ баласы білетін «Біржан – Сара айтысы» атақты екі ақынның өнер жарысы ғана емес, әлеуметтік теңсіздікті, әйел теңсіздігін көтерген саяси мәні бар өнер туындысы болып саналады.
Елді ардақтап, халқы қадірлеген Біржан салдың сан қырлы өнерінің рухани өмірі ғасырлар бойы жасайды.
Біржан сал үш бірдей өнер иесі – асқақ үнді ақын, сазгер, әнші. Ол – қазақтың әншілік-орындаушылық өнерін дамытып, халық музыкасын өз шығармашылығымен биік белеске көтерген аса дарынды халық композиторы. Біржан салдың лирикалық өлеңдерінде өзі өмір кешкен заманның әлеуметтік, адамгершілік, мәселелері алға тартылып, адам жанының нәзік сезім-күйлері шертіледі, оқушысына эстикалық сұлулық, ұмытылмас эмоциялық әсер сыйлайды.
Біржан салдың «Айтбай», «Ақтентек», «Алтын балдақ», «Ғашығым», «Бірлән» шығармалары өзіндік көркемдік шешімін тапқан тамаша туындылар. Ал «Ләйлім Шырақ» немесе «Көлбай – Жанбай» өлең-әндері қазақ аруларының қайталанбас көркем бейнелерін сомдаған шығармалар.
Біржан әнші, сазгер, орындаушылығымен қатар өте талантты суырыпсалма айтыс ақыны да болған.
«Біржан мен Сара» айтысы-көркемдігі жағынан айтыс үлгілерінің ішіндегі ең таңдаулысы. Біржанның өлеңдері, әндері бірнеше рет кітап болып басылды. Оның жалпы шығармалығы туралы бірқатар зерттеулер жазылды.
Біржан мен Сара айтысының негізінде композитор Мұқан Төлебаев «Біржан–Сара» операсын жазды.


ПІКІР ҚАЛДЫРУ