Жыр алыбы — Жамбыл

0
3945

Жамбыл Жабаев  —  1846 жылы  28 ақпанда  Жамбыл тауының етегінде дүниеге келген. Өзінің ғұлырлық өнегеге толы өмірін 1945 жылы 22 маусымда Алматы қаласында  аяқтайды. Жамбылдың ақындық дарыны жас кезінен ақ таныла бастаған . Ол бозбала шағының өзінде ақ өскен ортасын ән мен жырға кенелтіп, тіптен көршілес қырғыз еліне де даңқы жайылып үлгерген. Осы кезде өрттей жалындап, жұрт аузына іліккен жас Жамбыл Жетісудың дүлдүл ақыны Сүйінбайға жолығып, оның арқалы өнеріне құныға ден қойып батасын алады. Мұнан әрі жал –құйрығы сүзілген жүйріктей арындап, сол кездегі Айкүміс, Бақтыбай, Сары, Сарбас, Досмағанбет, Шашубай, Құланаян Құлманбет сияқты ақындықтың жылжыған жорға, жылмиған жүйріктерімен айтысқа түскен Жамбыл ұдайы шоқтығын асырып отырған. Бұлар ғана емес қырғыздың Балық, Тыныбек, Қалығұл, Найманбай, Қатаған, Арыстанбек, Сағымбек сияқты ақын-жырау, манасшылармен өнер өрелестіріп, қырғыздың көл-көсір поязиясынан тағылым алады, ақындық өнерін одан әрі шыңдай түседі. Жамбыл енді ақындық суырыпсалмалық өнеріне қоса «Көрғұлы», «Шаһмардан» сияқты жыр-дастандарды апталап-айлап жырлап, ақындық жыраулық өнерін соны қырымен таныта бастайды.  Жамбылдың ақын-жырау ретінде қалыптаса бастаған кезі Ресей отаршылдары – бір жағынан, Қоқан хандығы – екінші жағынан, жергілікті жандайшаптар- үшінші жағынан қазақ халқын әлеуметтік саяси қыспаққа алған шақ еді. Жаны сергек, санасы өрелі Жамбыл өзінің «Шағым», «Жылқышы», «Шәбденге», «Сәт сайланарда», «Өстепкеде», «Патша әмәрә тарылды», «Зілді бұйрық» сияқты өлеңдерінде елдің әлеуметтік саяси өмірін ақындық шыншылдықпен азаматтық жауапкершілікпен бедерлейді. Бірде 14-15 жастардағы Жамбыл жарапазан айтуды сылтауратып, Сүйінбай ауылына келеді. Үйінің сыртында ат үстінде тұрып, жарапазанға жалғастыра өз жанынан өлең шығарып, ұзақ жырлайды.
Ардақты үйдің иесі,
Бата бер менің жырыма.
Қуат бітіп үніме,
Көңілін тапсын елімнің.
Жар бол да, өзің жәрдем ет,
Жібер мені бір демеп, –
деп өтінеді жасөспірім ақын. Айтқандарына сүйінген Сүйінбай Жамбылды үйге шақырып, ұзақ отырып, өлеңін зор ықыласпен тыңдайды. Бала ақынның болашағынан үлкен үміт күткен көреген жырау: «Осы шабысыңнан тайма! Өлең-жырыңды дауылдата бер! Жолың болсын! Бақытың ашылсын, балам! Шындықты айт, әділдікті жырла! Кәне, тозығы жеткен жолға түспе, жаңа жол, даңғыл жолға түс! Өлеңің бүкіл халық сүйсініп, көңілімен иіліп тыңдайтын өлең болсын! Сенің көңіліңнің асылы патшаның қазынасынан да бай болсын!» – деп бата береді. Жамбыл да:
Менің пірім – Сүйінбай,
Сөз сөйлемен сиынбай.                     
Сырлы сұлу сөздері
Маған тартқан сыйындай.   
Сүйінбай деп жырласам,
Сөз келеді бұрқырап,
Қара дауыл құйындай, –
деп, Сүйінбайдың өсиетін өмір бойы есінде сақтап, ұстазының есімін ардақтаумен өтеді.
Жамбыл ақындық айтысқа 17-18 жасында араласып, «Көрұғлы», «Өтеген» сияқты дастандарын да сол тұстарда жырлай бастаған.
Ақын «Менің өмірім» шығармасында:
Топ десе он жетімде тартынбадым,
Семсердей майдандағы жарқылдадым.
Ақынды ауылға ермек басып озып,             
Жұлдыздай көзге түсіп, жалқындадым, –
дейді.
Ел таныған ақын болу үшін, әрине, сол өңірдің ақындарымен түгел танысып, өнер сынасу керек. Жамбыл да бұл жолды өтіп, ақындық сайыстарда үлкен табыстарға жетеді.
Байдың қойын бағып жүргенде он үштегі кезінде ұйықтап қалып, түсінен ақын болып оянған Сүйінбай ұстазы сияқты, Жамбылға да ақындық түсінде аян беріп қоныпты. Ол туралы Жамбылдың өзі: «Бір күні Жетісай жайлауында жылқы бағып жүріп, түс көріппін. Түсімде ақсақалды қария келіп: «Өлең аласың ба, көген аласың ба?» – деген. Мен: «Өлең!» – деппін. Оянып кетсем, түсім екен, көкірегімді бір толқын кернеп, алқымыма тығылғандай, дереу үйге жетіп, домбыраны ала салдым да, оңды-солды төгіп-төгіп жіберіп едім, кеудем ашылып, орта түскендей болды», – деп еске алады.
Жамбыл жиырма жасында сол кездің атақты ақыны – Жаныспен айтысып, оны жеңеді. Әлгі «Менің пірім – Сүйінбай» деген өлеңін Жамбыл осы Жаныспен айтысқанда айтады. Жамбылдың «Жылқышы», «Пұшықтың ұрыға айтқаны» сияқты белгілі өлеңдері сол шамада шығарылады. Атақты «Айкүміспен айтысы» да осы тұста болады.
Одан кейін «Сәт сайланарда», «Жалғызбын деп жүрмесін», Алматыда Абайдың баласы Әбдірахманның қайтыс болуына байланысты көңіл айтуы, «Өсиет», «Әділдік керек халыққа», «Кәрібайдың төбеті» тәрізді белгілі өлең, толғаулары туады.
Жамбыл 35 жасында, яғни 1881 жылдың күзінде Іле бойында өткен бір үлкен жәрмеңкеде сол кезде орта жастардағы атақты ақын Құлмамбетпен айтысып, жеңіске жетеді. Сөйтіп, Жамбыл осыдан былай Жетісу өңірінін нөмірі бірінші ақынына айналады. Бірақ, айтыстан кейін де екі ақын бірін-бірі құрметтеп, ардақтап өткен. Атақты Бақтыбай ақынмен кездескенде де:
Қаздай қалқып, ерінбей,          
Өлең тердім жасымнан.           
Майкөт ақын, Құлмамбет       
Орын берді қасынан, –
деп, Жамбыл аға ақынның есімін құрметтеп, ардақтай ауызға алады.
“Батаңды маған бер, әке!”
Табиғатынан ақындық дарыған жас талаптың көкірегін өлең кернеп, он төрт-он бес жасында біржолата ақындық жолына түседі. Әрине, жас ақынның алғашқы қадамы өзі қалаған өнердің оң-солын бағамдау, үйрену кезеңінен басталады. Жамбылдың туа бітті алғырлығы, тапқырлығы, өжет-өткірлігі, тілге шеберлігі мен әзіл-оспаққа бейімділігі, сондай-ақ бір естіген өлең-жыр, ұзақ толғауларды есінде сақтағыш зерделілігі ел өмірінің кез келген тақырыбына еркін баруына жол ашады. Сондықтан арынды талант бұрқыратып өлең де шығарып, құйқылжытып күй де тартып, киіп-жарып айтысқа да түседі.
Алғашқы «Шағым», «Әкеме», «Сарыбайға» деген өлеңдері қайсар да батыл Жамбылдың ақындыққа барар жолдағы кедергілерді жеңуге деген жігерлі талпынысын да, ақындық айтқыштығын да танытады. «Шағым» деген өлеңінде «бала келсе сабаққа, жем аңдыған дорбадан», «айтқаны ішке қонбаған», не оқытарын өзі де білмейтін молдадан құтқаруды әкесінен қиыла өтінеді, енді зорлаудан ештеңе шықпайтынын да ескертеді.
Шып-шып етіп молданың    
Қолындағы тобылғы,              
Қозғалтпайды жон жағым,          
Талай дүре соғылды.
Торсылдатып танадай,
Жыртар болды тонымды, –
деп шағынады «молдадан» күдер үзген жасөспірім. «Әкеме» деген өлеңде бала Жамбыл әкесіне: «Батаңды бер, ақын боламын», – дей отырып, әкесінің әлденендей іс-әрекетін астарлап сынап та өтеді.                                              
Батаңды маған бер, әке,    
Тіліме менің ер, әке.            
«Жапаның ұлы ақын боп,  
Жақсы істепті» дер, әке.      
Домбыра алып сөйлейін,  
Күнде жасап мереке.         
Мерекелі болған соң           
Елде болар береке.
«Ұрлық түбі – қорлық» деп,        
Болармыз құр келеке.
Екі өлеңдегі де он бес жасар баланың тауып айтқан шеберлігі, сөзінің суреттілігі, өлең құрылысының жатық, әуенділігі сүйсіндіреді. «Торсылдатып танадай» деген теңеу, «Ұрлық түбі – қорлық» – деген нақыл, соғылған дүренің сипаттамасы, «күн ұзаққа боздаған» – деген эпитет, «мереке», «береке», «келеке» – деген ұйқастардың тілге жеңіл әдемілігі болашағы үлкен ақындықтың нышаны іспетті. Ал, он тоғыз жасында шығарған «Сарыбайға» – деген өлеңі ойлы сарынын, жиырма жасында айтқан «Жаныс ақынға» дейтін өлеңі төпеп айтатын арынын танытады.
Сарыбай – Сүйінбай мен Жамбыл шыққан Екей елінің атақты болысы. Кезінде қоқандықтарды жеңген ұрыстарға қатысып, ерлік көрсеткен, кейін ел басқарған абыройлы кісі. Жас жігіттің осындай кісіге тілегін әдемі ойлы өлеңмен білдіріп, кішілік пен кісілікті қатар танытуы «осал ақын» еместігін көрсетеді.
Біреулер малмен бәрін бөктіріп жүр,      
Айтқанды ақыл, нұсқа жек көріп жүр.   
Көтеріп дүниенің кең-қоқырын,               
Апарып қай шұқырға төккелі жүр?  
Көңілі кейбіреудің бұлтта жүр,
Ұстауға күн мен айды жуықтап жүр.
Біреулер қара сөзді қамшы қылып,   
Қуды мініп, құланды құрықтап жүр.
Қайсысын маған соның еп көресіз?
Әкетсем өзім таңдап, өкпелерсіз.
Сүйекемнің сүйгенін ойласаңыз,
Өлең болсын серігің деп берерсіз.
Өлеңнен айналадағы өмір мен адамдар туралы түсінігі айтарлықтай терең, ойының өресі биік, ақындыққа төселген, тілі кестелі өнерпазды тану қиын емес. «Көңілі көкте, басы жердегі – жаман; өзі кішік, ойы биік – жақсы; Ұстауға күн мен айды жуықтау; қара сөзді қамшы қылып, қуды мініп, құланды құрықтау» сияқты нәрлі оралымдар анау-мынау өлеңшінің аузына түспесе керек. «Дүниенің кең-қоқырын апарып қай шұқырға төккелі жүр?» – деген риторикалық сұрақтың философиялық жауабы тіпті тереңде жатыр.

Жамбылдың жастық шағының мұңды да шуақты сырына толы ақындық өнерін танытатын сұлу жыры – Айкүміспен айтысы. Жамбыл Айкүміске «әуелден-ақ, болдың ойда», «құмары басылмаған албырт едім» – дей отырып, өзінің жүрек сырын, іңкәр көңілін астарлап жеткізеді. «Жасшылық ұрындырды талай жарға» – деп, өкінішінен де хабардар ете сөйлейді. Жігіттің арманға, сұлу сезімге бөлеп айтқан сөзіне қыз да:
Асылға арсыдағы қол жетпей ме,
Ақылмен қимылдасаң аспай-саспай, –
деп, Жамбылға жөн, жол сілтей сөйлейді әрі өзінің де ішкі, жүрек тереңінде жатқан асыл сырынан хабар бергендей қалып танытады. Айтыс үстінде Жамбыл бойжеткен қыз тағдырының ауырлығын, бағы ашылмаса, бір жаманға қор болып кете барарын айта келіп:
Сол үшін жатсам, тұрсам арманым көп,
Жем болып кете ме деп жамандарға, –
дегенде, Айкүміс, айтыс салтына орай, әріптесіне тиісе сөйлейді:
Жамбыл-ау, күпсінесің неге сонша,   
Құтқарып қыз біткенді қалған жанша.
Қолдағы қаршығаңнан неге айырылдың,
Тұтқасы дүниенің сенде болса?!
Айкүмістің «қолдағы қаршығаң» –
деп отырғаны Жамбылдың сүйген, ғашық болған құрбысы – Бұрым сұлу. Бұрыммен Жамбыл бір тойда танысып, айтысады. Бұрым өте сұлулығының үстіне тамаша әнші де, ақын да екен. Екеуі бұдан кейін де талай кездесіп, айтыса жүріп, бірін-бірі шын сүйіп, ғашық болады. Бұрым өзін айттырып қойған жаққа ұзатылатын күн тақағанда, Жамбылға білдіреді, Жамбыл қызды алып қашып, ағайындарына барып паналайды. Бірақ, екі ел арасы бұзылатын болған соң, Жамбылды өзіне жақын ұстайтын елдің беделді басшысы – Сарыбай болыс ақынды зорлап көндіріп, Бұрымды әкесінің үйіне қайтарады. Айкүміс «қолдағы қаршығаңнан неге айырылдың?» дегенде, осы жағдайды меңзеп отыр. Бірақ, бұл үшін Айкүміс Жамбылды табаламайды, кінәламайды, «тұтқасы дүниенің» Жамбылдың қолында еместігін, жастардың теңіне, сүйгеніне қосыла алмайтын еріксіздігін айтады. Жамбылға: «Дітіңді білтелемей, білдіре айтшы», – деп қалжыңдайды. Жамбылдың ойнақы әзіліне орай
«Жақсы сөз жан семіртер» – деген бар ғой, Әдепті мінездерің жүрсін ойда, –деп, өзі де сыпайы ұстамдылықпен құрбының жан семіртер сөзін айтады. Бұл жауап тебіренткен Жамбыл толғанып:
Айкүміс, амалым жоқ, хош, ендеше,
Кетелік сыр білдірмей жат пендеше.
Атыңды, ақ жүзіңді ұмытпаспын,
Кеудемнен қашан менің от сөнгенше, –
дейді. Жамбыл мен Айкүмістің бұл айтысын екі ақынның салғыласқан нағыз айтысы деуге болмайды. Сол себепті профессор М.Жолдасбеков: «Тіптен Жамбыл мен Айкүміс айтысқаннан гөрі, сырласқанға көбірек ұқсайды. Сондықтан да айтыста драмадан гөрі, лирикалық сыр басым», – дейді.
Аңызға айналған айтыс
Жамбылдың XIX ғасырдың 80-жылдарында жыр сайыстарында талай рет сыналып, арындап тұрған кезі еді. Бұл кезде егде тартқан, Арқаны, Жетісуды, Сыр бойын аралап, талай айтыста жеңіп, атағы шыққан Құланаян Құлмамбет ақын байтақ өлкенің айтыста алдына жан салмайтын жүйрігі саналатын. Жамбыл мен сол құдіретті Құлмамбетті бір айтыстыру қызық құмар елдің елегізе күткен арманындай еді. Ақыры соның сәті түседі. 1881 жылы Іле бойындағы үлкен бір жәрмеңкеде тоғыз ақынды жеңіп: мерейі асқан Құлмамбет: «Әлгі Жамбылдарың қайда, шақыртыңдар» – дейді. Жамбыл табалдырықтан аттай бергенде, домбырасын қолына ала салып:
Болғанда мен ақсұңқар, сен – бір тауық,
Сен – әтеш айғайлағыш ауық-ауық.
Болмаса аты шыққан Сүйінбайың,
Басқасын қою керек жылы жауып.
Ажал түртіп жүрмесін аңдамастан,
Оқтаулы ақ перенге қарсы шауып, –
деп, Жамбылды біржолата тұқыртып тастамақ ниетімен тұрпат-тұрқынан бастап, кем-кетігін санамалай жөнеледі. Одан әрі майталман жырау таныс даңғылға түсіп, елінің атқа мінерлерін, бай-манабын мадақтап, Жамбыл жағын жамандап, сөз нөсерін төгеді-ай келіп.
Жамбыл-ау, Албан да ағаң, Дулат та ағаң,
Не қылса да артық тұр сенен бағам.
Қасқарау Нұрқанның жылқысын мен қаптатсам,
Қырылар, Шапырашты, бұзау, танаң.
Бұлбұл қабақ бастанған Екейім-ай,
Жұлып алып басыңды кетейін бе-ай!
Не деп айтқалы отырсың бұл өлеңді,
Түбіңе, таза тақыр, жетейін бе-ай!
Айтыс дәстүрінде мұндай «психологиялық шабуыл» кешірімді, сыйымды саналады. Анық дарынды, алғыр ақын әріптесінің айбатынан қаймықпай, қарсы жауап әзірлеп, алып ұратын сәтін күтеді. Құлмамбет өзінің тегеурінді екпінін байқатқан соң, елінің байлығын тізбелеп мақтауға көшеді.
Мұндайдың талайын көрген өжет те дарынды Жамбыл бойын тез жинап, аға ақын күтпеген, әрбір ақын өз руын мақтайтын үйреншікті, ескі сүрлеуге қарсы жаңа – халықтық сарынға көшеді. Өлеңнің түрі мен ырғағын сан құбылта, құйқылжыта келіп:
Адамдықты айт, ерлікті айт, батырлықты айт,
Ел бірлігін сақтаған татулықты айт.
Қарынбайдай сараңдар толып жатыр,
Оны мақтап әуре болмай жөніңе қайт, –
дейді. Адамдық, батырлық, елдік жоқ жерде адам мен мал басының көптігінде ешқандай қасиет болмайтынын дәлелді, қисынды етіп алға тартады. Осылайша қарсыласын тыңдаушылардың көкейіне қонымды, салмақты уәжбен тұқыртып алған соң, оның мақтаған байлары мен саудагерлеріне қарама-қарсы елдің тәуелсіздігі үшін күрескен Сұраншы, Сауырық батырларды нағыз ерлер, халық қалаулылары етіп көрсетеді.
Батыр Сауырық, Сұраншы жауда өлген,
Халық үшін шайіт болып, жанын берген.
Елді қорғап өлгеннің арманы не,
Қалың қазақ құрметтеп, соңына ерген.
Қажылық қып кетті ме Мақсұт ағаң,
Ағайынмен ұрысып, даудан өлген.
Мақтаған байларыңның оңғаны жоқ,
Төңіректің төрт бұрышын жалмап өлген…
Жамбылдың сынауы мен мадақтауының тағы бір ұтымды артықшылығы – олардың ел-жұртқа, мына тыңдаушылардың бәріне мәлім шындыққа, нақты деректерге негізделуінде. Екі батырдың есімі де, олардың Жетісуды қоқандықтардан азат етудегі басшылық және қаһармандық ерліктері де баршаға белгілі жайт. Бұған қарсы қисынды ештеңе таба алмаған Құлмамбет айтысты доғаруға мәжбүр болады.
Сөйтіп, Жамбылдың Құлмамбетпен айтысы өз кезінің әлеуметтік өткір мәселелерін көтеруімен, халықтық, гуманистік сипатымен, образды өлең өрнегімен, идеялық-мазмұндық жақтан айтыстың жаңа өрісін ашуымен бағалы да мәнді. Жамбыл айтыстарынан оның қиыннан қиыстырып сөз табатын, үлкен қоғамдық мәселелер көтеретін, халық мүддесіне табан тіреген хас шеберлігі сезіледі. Ол айтыстардың әрқайсысы табанда сөз тапқыштық, халықтың көңіліндегі арман, мұратты тауып айтқыштық сияқты сипаттарымен ерекшеленеді.
Жамбыл Қазан төңкерісінен кейінгі елдің саяси-әлеуметтік өміріндегі тарихи өзгерістерге үлкен үмітпен ден қояды. Оның «Туған елім» атты толғауы 1936 жылы жарық көріп, онан соң орыс тіліне аударылған нұсқасы «Правда» газетінде жарияланып, қарт ақынның даңқы бүкіл әлемге жайылды. Халқына қадірі артып, даңқы өрлеген Жамбыл, шабыт тұғырына қонған Алатаудың ақ иық қыранындай, жыр нөсерін селдетеді. Оның 1936-1945 жылдар аралығында шығарған жырлары 13 мың тармақтан асады екен.
Ол ел өміріндегі табыс пен жаңғыруларды, жеңіс пен ерлік істерді ерекше шабытпен жырлайды. Шағын жыр-толғаулар ғана емес, оның қарт көкірегінен «Өтеген батыр», «Сұраншы батыр» сияқты эпикалық туындылар қайта жаңғырып ақтарылады. Жамбыл — әрі эпик, әрі айтыс ақыны; абыз жырау әрі жауынгер жыршы. Ол шын мағынасындағы биік парасатты өнерпаз, азаматтық саяси поэзияны қалыптастырушы. Жамбылдың ұлылығы оның тек ақындық шеберлігімен ғана емес, сонымен бірге халық поэзиясының бұтақ жайған жаңа бір бәйтерегі болуымен, басқаша айтқанда , халық ақындарының жасампаздық рухтағы жаңа ұлы көшін бастаған даралығымен де өлшенеді. Оның сөздері ұранға айналып, өзі халық поэзиясының атасы аталды. Ол жыраулардың байтақ эпикалық дәстүрін, қазақ сөз өнеріндегі ғажайып импровизациялық үрдісті бүтіндей жаңа арнаға бұрып, оған жаңа мазмұн дарытты. Жамбыл – ізгілік жолындағы азатшыл азаматты нәсіліне, ұлтына бөлмеген шын мәніндегі интернационалист ақын. «Жамбыл жырлары теңіз түбінде шашылып жатқан маржан секілді. Оны жинап алып халқының қолына беру – біздің әрқайсымыздың азаматтық борышымыз» — деген еді Сәкен Сейфуллин. Жамбыл — жырдың толассыз бұлағы, өшпес өнегесі, тозбайтын асылы. Ол жасампаз ұрпақпен сырласындай, қимасындай мәңгі бірге жасай береді.
Жамбылдың қанатты шабытпен дүниеге келген шығармалары әлемнің ондаған тіліне аударылып дүние жүзіне тарады. Жамбыл көзінің тірісінде ақ КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атағын алып, өзінің де, халқының да даңқын дүйім дүниеге паш етті. Жамбыл бейнесі қазақ өнерінің барлық түрінде, барша жанрында шабытпен бедерленіп, ұлттың рухы биік ұлы тұлғасы екенін әйгіледі. Жамбыл – жыршылық өнердің де асқан шебері. оның үздік шығармалары қырықтан астам шет елдер тілдеріне аударылды. Ромен Роллан, Мартин Андерсен нексе, катарина сусанна причард сияқты атақты суреткерлер жамбыл поэзиясына өте жоғары баға берді. Жамбыл туралы жүздеген өлең-жырлар жазылды. 20-ғасырдағы халық ақындарына жамбылдың әсері өте зор болды. Бұл қатарда Кенен Әзірбаев, Үмбетәлі Кәрібаев, Нартай Бекежанов, Доскей Әлімбаев, т.б. белгілі суырып-салма ақындар бар. Қазақтың ұлттық мәдениеті мен әдебиетіне сіңірген еңбегі үшін Жамбыл Ленин, Еңбек Қызыл ту, “Құрмет белгісі” ордендерімен марапатталды. 1941 ж. Сталиндік сыйлықтың лауреаты атанды. Жамбылдың есімі Қазақстанның бір облысына, бірнеше ауданға, бірқатар елді мекендерге, мекемелер мен оқу орындарына, өнер ордаларына берілді. Қазақ халқы Жамбылдың 100 жылдық, 125 жылдық, 150 жылдық тойларын халықаралық деңгейде салтанатты түрде атап өтті.


ПІКІР ҚАЛДЫРУ