Бәлкім, бүгінде бұл менің замандастарым айтатындай, сәннен қалған таңдау шығар. Достарымның арасында танымал блогерлер де бар. Олар бүгінде журналист болу үшін журналистика факультетіне түсіп, бірнеше жыл оқудың қажеті жоқ деп есептейді. Әлеуметтік желіде парақша ашып, көпшілікке танылсаң болғаны.
Мен достарымның әлеуметтік желідегі парақшаларын мұқият бақыладым. Біреуінің ондаған мың жазылушысы, мыңдаған ұнатуы мен пікірлері бар. Бірақ олардың жарияланымдарының басым бөлігі өз өмірі, жеке жетістіктері, саяхаттары мен әсерлері туралы. Бірі тау шыңын бағындырса, енді бірі парашютпен секіргенін көрсетеді, тағы бірі Жерорта теңізінің жағалауындағы демалысын бөліседі. Көпшілігі белгілі брендтерді, сәнді киімдер мен түрлі аксессуарларды жарнамалайды. Бірақ осының бәрі журналистика ма? Осы сұрақ мені жиі ойландыратын.
Иә, кейбір блогерлер қала немесе ел өміріндегі өзекті мәселелерді көтереді. Алайда мұндай талқылаулардың көбі нақты деректерге емес, естіген әңгімелерге, болжамдар мен қауесеттерге сүйеніп жатады. Кейде олардың жарияланымдары қоғамда үлкен пікірталас туғызады: біреулер қолдайды, енді біреулер сынайды, қарсы пікір білдіреді, тіпті қоқан-лоқы көрсететіндер де кездеседі. Дегенмен замандастарым ренжімес деп ойлаймын: танымал блогердің әрқайсысын кәсіби журналист деп айтуға болмайды.
Журналистика – ең алдымен, кәсіби мамандық. Оның өзіндік кәсіби қағидалары, этикалық нормалары және қоғам алдындағы үлкен жауапкершілігі бар. Нағыз журналист сенімді ақпаратты таба біледі, түрлі көзқарасты тыңдайды, сұхбаттасушысымен дұрыс байланыс орнатады және қандай жағдайда да объективтілік пен кәсіби әдепті сақтайды. Ол адамдармен, ұйымдармен және мемлекеттік мекемелермен тиімді қарым-қатынас жасай алатын, әрбір сөзінің жауапкершілігін сезінетін маман.
Журналистің артында тек өзінің ғана емес, өзі қызмет ететін редакцияның да беделі тұрады. Ол газет, журнал, радио, теледидар немесе интернет-басылым болуы мүмкін. Журналистика терең білімді, үздіксіз ізденісті, мол тәжірибені және тынымсыз еңбекті талап етеді. Бұл – кездейсоқ жетістік немесе қысқа мерзімді танымалдық емес, ұзақ жылдар бойғы оқу мен күнделікті еңбектің нәтижесі.
Сондықтан мен журналистика факультетін таңдадым. Мен өз ісінің шеберлерінен білім алып, сөз өнерінің, микрофонның, камераның және заманауи медианың қыр-сырын меңгергім келеді. Өмірін осы мамандыққа арнаған тәжірибелі журналистерден, оқытушылар мен профессорлардан үйренуді қалаймын. Себебі нағыз кәсіби маман дәл осындай ортада қалыптасады.
Бәлкім, мұндай ойларым кейбіреулерге ескіліктің көзқарасындай көрінер. Алайда мен үшін журналист мамандығы – үлкен жауапкершілік. Бұл – әріптестеріңнің, ұстаздарыңның, редакцияңның, туған оқу орныңның, қалаң мен еліңнің алдындағы жауапкершілік. Осындай жауапкершілікті абыроймен атқару үшін көп оқу, үздіксіз іздену және өзіңді үнемі дамыту қажет деп санаймын.
Аманбай Елдана Бахытқызы


